ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ НЫҒАЮДА
Мәселен, бүгінде шетелмен алыс-беріс жасауда Қытай Қазақстанның ең ірі сауда серіктестерінің бірі. Екі ел арасындағы сауда-саттық қатынастары бірнеше стратегиялық бағытты қамтитынын ескерсек, оның ішінде Қазақстан үшін ең елеулісі – мұнай, газ, ауылшаруашылығы, өнеркәсіптік өнім секілді маңызды тауарлар. Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында Қазақстан Еуразия құрлығының сауда жолдары мен транзиттік хабтарына айналған. Бұл екіжақты қатынастардың одан әрі нығаюына және Қазақстанның Қытай нарығына кеңінен шығуына септігін тигізді. Ал Қытайдан Қазақстанға қағаз-қаламнан бастап ауыр техникаға дейін тасымалдануда. Сонымен қатар Аспанасты елінен тартылатын инвестициялар легі көбейіп, бірлескен өнеркәсіптік жобалар, логистика және инфрақұрылымдық құрылыс салаларында ірі келісімдер жасалуда. Қытайдан Қазақстанға автокөлік, техника, электроника сияқты жоғары технологиялық өнімдер әкелінеді, ал Қазақстан өз кезегінде Қытайға мұнай, газ, металл өнімдерін экспорттайды. Осы арқылы екі ел арасындағы сауда айналымының қарқыны артуда. Одан бөлек Қытайдан қарапайым саудагерлердің тікелей тауар тасуын айтпағанда, жекелеген тұрғындар сыртқы сауданы нығайту нәтижесінде бірқатар электронды коммерция платформалары арқылы қытайлық тауарларға тапсырыс алу мен саудасын дамыту мүмкіндігіне ие болып отыр. Қазақстандықтардың шетелдік танымал онлайн сауда платформалар арқылы өнім өндірушілерден тікелей сапалы өнімдер сатып алуға қол жеткізуі, біріншіден, сыртқы сауда ынтымақтастығының нәтижесі болса, екіншіден, бұл бағаның делдалдар тарапынан өсуіне жол берілмеуін қамтамасыз етуде.
Сол секілді еліміз Қырғыз Республикасымен сауда қатынастарын нығайту ісін Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) аясында жүзеге асыруда. Қырғызстан да Қазақстанның маңызды сауда серіктестерінің бірі. Әсіресе ауылшаруашылығы, оның ішінде егіншаруашылығына тән азық-түлік, сүт және сүт өнімі, картоп, жеңіл өнеркәсіпте киім-кешек, аяқкиім секілді өнімдер бұл елден көптеп ағылуда. Екі ел арасындағы сауда айналымы көбіне экспорт пен импорттан тұрады. Қырғызстаннан Қазақстанға ауыл шаруашылығы өнімдері жеткізіліп, ал елімізден құрылыс материалдары, мұнай өнімдері және осында құрастырылған шетелдік тұрмыстық техникалар импортталады.
Қырғызстанмен сауда қарым-қатынасында логистика және көлік инфрақұрылымы үлкен рөл атқаратыны белгілі. Бүгінде екі ел арасындағы «Қордай», «Ала-тоо» секілді шекара бекеттері арқылы тауарлардың еркін тасымалы жеңілдетілген, бұл да сауда көлемін арттыруға ықпал етуде.
Өзбекстан мен Қазақстанның арасындағы экономикалық және сауда қатынастары соңғы жылдары қарқынды жолға қойылып, аймақтық интеграцияның негізгі бөлігіне айналды. Бұл ынтымақтастық агроөнеркәсіп, мұнай химиясы, энергетика, машина жасау және көлік салаларын қамтиды. Қазақстан Өзбекстанға астық, мұнай өнімдері, металдар мен басқа да тауарлар экспорттаса, Өзбекстаннан азық-түлік, жеміс-жидек, тоқыма өнімдері, құрылыс материалдары импортталады. Өзбекстанмен логистикалық байланыс «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізі арқылы жүзеге асуда. Бұл екі ел аймағындағы сауданы жеңілдетіп, экономикалық байланыстарды күшейтуде маңызды рөл атқарып келеді.
Жалпы елімізде сыртқы сауда саласын дамытуға баса көңіл бөлініп, ауқымды жұмыстар атқарылуда. Сауда және интеграция министрлігі тарапынан әлем елдерімен ынтымақтастықты дамытуда түрлі шарттарға қол қойылып, оңды қадамдар жасалуда. Сондай-ақ «Қай елмен қандай байланыс орнаттық, оның бізге берген нәтижесі қандай?» деген мәселелер әлемдік деңгейде де пысықталып тұрады. Мысалы, жақында Дүниежүзілік сауда ұйымының (ДСҰ) Женевадағы штаб-пәтерінде Қазақстан Республикасының ДСҰ-ға кірген сәтінен бастап сауда саясатына алғашқы шолу өткені есте. Оған Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев бастап барған қазақстандық делегация қатысқан еді. Осы шолу шеңберінде Бразилия, Ұлыбритания, Еуропалық одақ, Үндістан, Қытай, Корея Республикасы, Ресей, Сауд Арабиясы, АҚШ, Түркия, Жапония және басқа да экономика саласында жетекші рөлге ие мемлекеттерді қоса алғанда, ДСҰ-ның 30-дан астам мүшесінің елшілері осы жиында сөз сөйледі. Аталған елдер Қазақстанның сауда саясатын қолдап, еліміздің көпжақты сауда жүйесін нығайтуға қосқан елеулі үлесін атап өткені мемлекетіміздің сыртқы саудада жемісті жұмыс істеп жатқанын білдіреді. Себебі сол кезде Қазақстанның экономиканы әртараптандыру және сауда-экономикалық реформаларды жүргізу, оның ішінде сауда рәсімдерін оңайлату, ашықтықты арттыру, жалпы әлемдік сауданың тұрақтылығы мен болжамдылығын қолдау жөніндегі жұмысына баға берілді. Аталған елдердің тұрақты өкілдері сауда рәсімдерін жеңілдетуге бағытталған Қазақстанның реформаларын жоғары бағалады. Бұл жеткізу тізбегін қалпына келтіру және логистикалық байланыстардағы өзгерістер контексінде шешуші рөл атқарады. ДСҰ-ға мүше елдердің өкілдері Қазақстан ДСҰ-ның сауда рәсімдерін оңайлату туралы келісімі бойынша өз міндеттемелерін 100 пайызға орындағанын сөз еткен-ді. Негізгі жетістіктердің ішінде БҰҰ-ның автоматтандырылған кедендік деректер жүйесі (ASYCUDA) базасында ЮНКТАД-пен серіктестікте әзірленген экспорттық-импорттық операциялар үшін «Бірыңғай терезе» жүйесін және «АСТАНА-1» платформасын енгізуді қоса алғанда, кедендік процестерді толық цифрландыру ерекше көзге түседі. Сондай-ақ Қазақстан «КЕДЕН» жаңа ақпараттық платформасын әзірлей отырып, жаңғыртудың келесі кезеңіне өтуде.
ҚАЗАҚСТАНҒА СЕНІМДІ СЕРІКТЕС КӨП
Сонымен қатар Женевадағы өкілдіктердің басшылары Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенді жаңғыртуға, әсіресе Қазақстан Республикасының 2022- 2026 жылдарға арналған инвестициялық саясат тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде қолайлы инвестициялық ахуал жасауға бағытталған стратегиялық реформаларын да атап өтті. Бұл шаралар Қазақстанның халықаралық сауда жүйесіне кіруіне және оның әлемдік нарықтардағы ұстанымын нығайтуға ықпал ететіні сөзсіз.
ДСҰ-ның көптеген мүшесі екіжақты сауданы нығайтудың және экономиканың түрлі секторларындағы өзара іс-қимылды кеңейтудің маңыздылығына мән берді. Қазақстанмен одан әрі стратегиялық ынтымақтастыққа дайын екендерін білдірді. Бұл мәлімдемелер әлемдік аренада сенімді сауда серіктесі ретінде Қазақстанға деген сенімнің жоғары екенін білдіреді. Тұтастай алғанда, Қазақстанның ДСҰ-дағы сауда саясатына алғашқы шолу елдің ұйымға кіру кезінде қабылдаған міндеттемелерінің орындалуын көрсететін маңызды оқиға болды. Бұл үдеріс Қазақстанның сауда және экономикалық саясатын, оның ашықтығы мен халықаралық стандарттарға сәйкестігін бағалауға бағытталған ДСҰ-ның барлық мүшелері тарапынан ұжымдық мониторинг болып есептеледі. Шолу ағымдағы жетістіктер мен қиындықтарды бағалауға ғана емес, сауда процестерін одан әрі жақсарту үшін ұсыныстар алуға да мол мүмкіндік берді.
Тағы бір мәселе – Миланда «Қазақстан жолындағы сауда және инвестициялық мүмкіндіктер» атты Қазақстан-Италия форумының өтуі. Форумда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылдың қаңтарында Италияға жасаған ресми сапарының қорытындысы бойынша берген тапсырмаларының орындалу барысы талқыланды. Мұны Қазақстан-Италия қарым-қатынасын нығайтудағы маңызды қадам деп есептейміз. Талқыланған негізгі тақырыптарға жаңартылатын энергетика, агроөнеркәсіп кешені, туризм, фармацевтика және технологиялық инновациялар кірді. Сондай-ақ Қазақстанның Еуропа мен Орталық Азия арасындағы экономикалық ынтымақтастықтағы стратегиялық маңыздылығы атап өтілді.
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Италия Қазақстан үшін Еуропалық одақтағы негізгі сауда серіктестерінің бірі екенін және тауар айналымы бойынша үздік үштікке кіретінін тілге тиек етті. Ынтымақтастықты нығайту аясында Қазақстан италиялық компаниялардың қатысуымен бірлескен кәсіпорындарда өндірілген өнімді ілгерілетіп, тауарлардың халықаралық нарықтағы позициясын күшейтетін «Made with Italy» тұжырымдамасын енгізуді ұсынды. «Made in Italy» вице-министрі Валентино Валентини бұл идеяны қолдап, бірлескен жобалар екі елдегі шағын және орта бизнестің дамуын ынталандыратынын сөз етті. Сондай-ақ форумда туризм саласындағы перспективалар талқыланды, онда Италияның Туризм министрі Даниэла Сантанке Астана мен Милан арасында тікелей рейстердің іске қосылуы туристердің қатынауына үлкен үлес қосатынын айтты. Бұл бастаманың маңызды тұсы – қазақстандық өнімнің Қазақстан аумағында ЕО және Италия нарығына жылдам шығуын қамтамасыз ету үшін еуропалық сапа стандарттарына көшу бойынша алдыңғы қатарлы тәжірибе орталықтарын («Excellence Center») құру.
Жалпы өткен жылы Қазақстан мен Италия арасындағы тауар айналымы 7,8 пайызға өсіп, 16,1 миллиард долларды құраған екен. Қазақстан экспорты 14,8 миллиард долларға, импорт 1,2 миллиард долларға жеткен. Осы жылдың 8 айында тауар айналымы 33 пайызға өсіп, 13,8 миллиард долларға жетсе, ал қазақстандық экспорт 36 пайызға ұлғайыпты. (12,9 миллиард доллар). Негізгі тауар айналымының өсуі шикі мұнай (38,1 пайыз), көмір (309,5 есе), зығыр тұқымдары (4,1 миллион доллар), пропилен полимерлері (71,6 есе) және тағы басқа тауарлар есебінен болған.
Жақында Германияның Берлин қаласында өткен ILAC және IAF аккредитациясы бойынша жетекші халықаралық ұйымдардың Бас ассамблеясында Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Ұлттық аккредитация орталығы (ҰАО) мен Ұлыбритания аккредитация қызметі (UKAS), сондай-ақ ҰАО мен Сауд Арабиясының аккредитация орталығы (SAAC) арасында стратегиялық серіктестікті тереңдетуге бағытталған құжаттардың қабылдануы да маңызды оқиға. Кездесулер мен келіссөздердің нәтижесінде ҰАО бас директорының міндетін атқарушы Ержан Қарасаев пен UKAS бас атқарушы директоры Мэтт Гэнтли ҰАО мен UKAS арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған болатын. Сонымен қатар Ержан Қарасаев SAAC басшысы Dr. Adel Alkeaid-пен аккредитация саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Аталған құжаттар аккредитация саласында тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Қол жеткізілген келісімдер Қазақстан мен достас елдердің аккредиттеу органдары арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және практикалық серіктестікті тереңдетуге бағытталған.
Қазақстан мен Қытайдың «жасыл» технологиялар саласындағы бірлескен жобалар үшін өзара түсіністік туралы меморандумға қол қоюы да мемлекетіміз үшін тиімді тетік. ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің айтуынша, Қазақстан-Қытай сауда-экономикалық ынтымақтастығы аясындағы бірлескен жобалар еліміздің экологиялық көрсеткіштерін жақсартады, сауда дәліздерінің тиімділігін арттыру үшін жүк тасымалдауда электромобильдерге көшу және «жасыл» технологияларды пайдалану әлеуетін көтереді. Қазақстан мен Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» стратегиясының негізгі элементіне айналатын «Жасыл жібек жолы» бастамасы Қазақстан мен Қытайдың стратегиялық серіктестігіндегі маңызды қадам болмақ. Бұл орнықты дамуды ілгерілетуге және экологиялық таза қайта құру жөніндегі жаһандық күш-жігерді қолдауға бағытталған. 2023 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 2024 жылдың тамызында өндіруші кәсіпорындардың өнеркәсіп өнімдерінің бағалары 8,4 пайызға қымбаттаған.
ОБЛЫСТЫҢ ЭКСПОРТТЫҚ ӘЛЕУЕТІ ЖОҒАРЫ
Жалпы Қазақстанның сыртқы саудадағы ынтымақтастықты нығайту жұмысы елдің экономикалық дамуын жеделдету, көрші мемлекеттермен тығыз байланыстар орнату және халыққа қолжетімді, сапалы өнімдерді жеткізу бағытында қарқынды жүргізілуде. Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей сияқты елдермен сауда-саттық жасау жолының кеңеюі, логистикалық және электронды коммерцияның дамуы Қазақстанның экономикалық әлеуетін одан әрі арттыруға бағытталған. Сауданың дамуы қазақстандық кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға септігін тигізіп отыр.
Қазақстан негізінде әлемге шикізаттық өнімдерді, әсіресе мұнай, газ , металдарды және астықты экспорттайтын ел ретінде белгілі. Табиғи байлықтың мол қорының арқасында Қазақстанның Қытай, Еуропа одағы, Ресей және Орталық Азия елдерімен сауда байланыстары белсенді дамуда. Осының ішінде шетелмен болатын сауда айналымының импорт бойынша Қазақстан жоғары технологиялық және тұрмыстық заттарды негізінен Қытай, Оңтүстік Корея, Ресей, Түркия сияқты елдерден алады. Бұл сауда қатынастары елдің экономикалық дамуы мен халықтың күнделікті қажеттіліктерін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.
Қазақстанның сыртқы саудасында экспорттық және импорттық тауарлар ауқымы шетелмен арадағы алысберісте ерекше рөл атқаратынын сөз басында айттық. Десе де осыған кеңінен түсіністік бере кетсек, әр елмен арада болатын сауда қатынастарының өзіне тән ерекшеліктері бар. Өйткені Қазақстан негізінен шетелге астықтан алтынға дейінгі шикізат өнімдерін экспорттаса, ішкі нарық сұранысы тұрмыстық және жоғары технологиялық құралдар мен киім-кешек, ойыншық, кеңсе заттары мен басқа да тұрмыстық тауарларға қатысты импорт есебінен қанағаттандырылып отыр. Осының ішінде мұнай және мұнай өнімдері Қазақстанның ең басты экспорттық тауары. Оны тұтынушы негізгі елдер қатарында Қытай, Еуропа одағы құрамындағы Германия, Италия, Нидерланды, Оңтүстік Корея секілді мемлекеттер бар. Мыс, алюминий, болат, ферроқорытпа секілді металға келсек, оны да кең ауқымда Қытай, Ресей, Еуропа одағы құрамындағы елдер тұтынады. Ал астық Орталық Азия елдері ішінде Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Ауғанстан, Таяу Шығыс (Иран) елдеріне жөнелтіледі. Қазақстан – әлемдегі уран өндіруші ірі елдердің бірі. Оны Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай секілді елдер сатып алуда. Химиялық өнімдер, яғни азотты тыңайтқыштар, фосфаттардың сатып алушысы – Ресей, Қытай, Еуропа одағы құрамындағы мемлекеттер. Қазақтың көмірін Ресей, Қытай, Украина тұтынады.
Облысымыздың Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерімен сауда көрсеткіштерін, яғни 2024 жылдың шілде айындағы экспорт пен импорт көлемін сөз етсек, құны 12 861,7 мың АҚШ доллары болатын 193 743,8 тонна көлеміндегі тауарлар экспортталған. Оның ішінде Беларусь еліне 497 тонна тауар экспортталып, оның құны 203 мың АҚШ долларын құрапты. Қырғызстанға 174 347,3 тонна көлеміндегі тауар экспортталса, оның жалпы құны 2 943,1 мың АҚШ долларына тең. Ресейге де 18 899,5 тонна тауар жөнелтіліп, оның жалпы құны 9 715,6 мың АҚШ долларын көрсетіп отыр. Қырғызстанға 20 тонна тауар экспортталып, құны 1,4 мың АҚШ долларын құраған. Жалпы 2024 жылдың қаңтар-шілде айларында облысымыздың Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше елдермен арадағы тауар айналымы туралы айтсақ, Армения облысымыздың тауар айналымында ең аз үлеске ие мемлекет. Бұл ретте көрсеткіш жалпы тауар айналымымен есептегенде 0,2 пайызды ғана көрсетіп отыр. Беларусьпен арадағы жалпы тауар айналымының көлемі – 3 пайыз. Қырғыз Республикасы айтарлықтай үлкен үлесімен жалпы айналымның 30,2 пайызына ие болған. Ресей біздің негізгі сауда серіктесіміз екенін жалпы сауда айналымының 67,1 пайыздық үлесінен аңғаруға болады.
Әулиеата өңірінің аталған едермен арадағы сауда айналымында Беларусь еліне біздің облыстан жалпы экспорттың 1,7 пайызы жөнелтіліпті. Қырғызстанның экспорттағы үлесі – 39,7 пайыз. Ресей қазақ елінің сыртқа кеткен тауарының 58,6 пайызын тұтынған. Ал Армения қаңтар-шілде аралығында Жамбылда жасалған ешқандай тауарды тұтынбаған. Жамбыл облысына әкелінетін тауарлардың 0,3 пайызы Армениядан жеткізіліпті. Беларусьтің импорттағы үлесі – 3 пайыз. Қырғызстан жалпы импорттың 24,8 пайызына ие. Жеті айда шетелден келген тауарлардың 71,9 пайызы Ресей өнімі екен.
Жалпы ЕАЭО елдерімен облысымыздың жалпы сауда айналымы 80 405,0 мың АҚШ долларына жеткен. Оның ішінде осы кезеңде облысқа 80 405,0 мың АҚШ долларының тауары импортталса, оның ішінде тек шілде айындағы импорттың қаржылай көлемі 13 919,9 мың АҚШ долларын құраған. Жеті айда өңірімізден 45 427,0 мың АҚШ долларының тауарлары экспортталыпты. Оның ішінде шілде айындағы экспорт көлемі – 12 861,7 мың АҚШ доллары.
Осы статистикалық мәліметтерге көз жүгіртсек, облысымыздың Ресей мен Қырғызстан сияқты елдермен белсенді сауда жасайтыны аңғарылады. Ал Армениямен арадағы сауда қарым-қатынасы өте төмен деңгейде. Осы орайда облысымыздың экспорты негізінен Ресей мен Қырғызстанға бағытталған, ал импортта тек Ресей басымдыққа ие деген ойға келдік. Экспортқа қарағанда импорттың жалпы көлемі ауқымды. Бұл біздің ішкі нарық шетел өніміне әлі де тәуелді дегенді білдіреді.
Ауылшаруашылығы жануарлары мен құс еті де маңызды орын алып отыр. Бұл жерде нақты дерекпен көбіне облыстың Еуразиялық экономикалық одаққа мүше төрт мемлекетпен арадағы сауда-саттық қарым-қатынасы ғана мысалға алынды. Әйтпесе өзге мемлекеттермен де өңіріміздің сауда саласындағы қарымқатынасы айтарлықтай рөлге ие. Оған осы жылдың 8 айында облысымыздан 110,1 мың тонна ауылшаруашылық өнімінің түрлі мемлекеттерге экспортталуы дәлел бола алады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3 есе көп. Өткен жылы 46 мың тонна ауылшаруашылық тауары сыртқа жөнелтілген екен. Биылғы сыртқы нарыққа жол тартқан ауылшаруашылық өнімдерінің ішінде егіншаруашылығында 80,4 мың тонна өнім экспортталыпты. Оның ішінде 71,2 мың тонна пияз және басқа да ауылшаруашылық өнімдері бар. Малшаруашылығында 1,5 мың тонна өнім экспортталса, оның ішінде 952,4 тоннасы сиыр еті, 477 тоннасы қой еті. Сонымен қатар 28,1 мың тонна өңделген ауылшаруашылық өнімі экспортталған.
Негізінде түрлі мемлекеттер арасындағы экономикалық сауда ынтымақтастығы сол елдердің қарым-қатынасын нығайтып, өзара тиімді сауда-саттық орнатуға зор ықпал етеді. Мұндай ынтымақтастық қандай да бір мемлекеттің экономикалық тұрғыда өсуіне, технологиялық даму деңгейін көтеруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ сауда серіктестігі ретінде кейбір елдердің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, нарық аясын кеңейтеді. Сауда байланыстарының тиімділігі үшін тұрақты құқықтық база, тарифтік және кедендік жеңілдіктер де жүйелі жолға қойылуы мүмкін. Бұл ретте Қазақстан өзіне тиімді миссияны сәтімен орындап келеді.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ