Айдар Әбдіқадыровтың айтуынша, облыстық кәсіпкерлер палатасы жанынан өңір экономикасының негізгі салалары бойынша тұрақты жұмыс істейтін 6 салалық кеңес құрылған. Салалық кеңестердің құрамында 400- ге жуық тұрақты мүше бар екен. Жыл басынан бері барлығы 33 отырыс өткізіліп, 70-тен аса мәселе қаралыпты.
Ал Латиф Әмзеұлы өнеркәсіптің салалық кеңесі 5 мыңнан аса белсенді кәсіпкерлік субъектісінің мүддесін қорғайтынын атап өтті. Кеңес 13 тұрақты мүшеден және 100-ден астам сала өкілдерінен тұрады. Осы салада жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің жалпы санын қамту 1,8 пайызды құрапты. Кеңеске жаңа мүшелерді тарту жұмыстары әлі де жалғасуда екен.
– 2024 жылдың үш айының қорытындысы бойынша кеңес үш отырыс өткізіп, өз құзыреті аясында 10-нан астам салалық мәселені қарады. Кеңестің ақпараттық қолдауы аясында мемлекеттік органдармен және даму институттарымен тығыз байланыста 20-дан астам түсініктеме берілді. Республикалық және өңірлік сипаттағы жүйелі проблемалық мәселелердің тізімі тұрақты түрде қалыптасуда, – деді Латиф Әмзеұлы.
Ал Самат Қалиұлы әмбебап базарларды жаңғырту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
– Еліміздің барлық өңірінде әмбебап базарлар жаңғыртудан өтуде. «Атамакен» ұлттық палатасымен бірлескен жоба 2025 жылдың 1 қаңтарына дейін жалғасады. Осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстарға тоқталсам, «Ауыл Береке» базарының кілем және киім секторларына қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. «Береке» базарының басшысы ауысуына байланысты модернизация жұмыстарына қажетті құжаттар рәсімделуде. Ал «Якка сарай» базарының басшысы модернизация жұмыстарына қажетті құжаттар рәсімдеп жатыр. Модернизациядан өтпеген базарлар жабылады, – деді баяндамашы.
Брифинг барысында түсінгеніміз, көбіне кәсіпкерлерді ғимаратты жалға алу, жер учаскелерін беру, электр қуатына қол жеткізу, өз жобаларын іске асыру сынды мәселелер толғандырады екен.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА