Нысанның ашылу рәсіміне Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков арнайы қатысып, кәсіпорынның құсшаруашылығына тың серпін беретінін айрықша атап өтті.
– Кез келген мемлекеттің әлеуеті артуы үшін ең бірінші өндіріс өркендеуі қажет. Сондай-ақ экономикалық өсімді тұрақты қамтамасыз ету үшін де жаңа өндіріс орындарын ашып, экономиканың нақты секторына инвестиция тартуымыз керек. Бұл – мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі. Мемлекеттің жан-жақты қолдауының нәтижесінде облыс орталығы Тараз қаласы да инвестиция игілігін сезініп келеді. Бүгінде осы бағытта қаламызда құны 35 миллиард теңгені құрайтын 6 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Жобалар іске асырылғанда 944 жаңа жұмыс орны ашылады деп көзделуде. Сонымен қатар құны 48 миллиард теңгені құрайтын 3 инвестициялық жобаны іске асыру бойынша арнайы келіссөздер жүргізілуде. Осы ретте бүгін өз жұмысын бастаған «Алель Агро» акционерлік қоғамының облыстық филиалы қаламыздағы кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейтіп, дамудың жаңа белесіне бастайды деген сенімдемін, – деген Бақытжан Әмірбекұлы шаһардың өндірісін өрк ендет у бағытындағы жұмыстар мұнымен тоқтап қалмайтынын жеткізді.
Жылына 38 миллионға жуық балапан шығаруға қауқарлы өндіріс орны 50 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды. Құны 2 миллиард 689 миллион теңгені құрайтын өндірістік инкубатор заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Сондай-ақ инкубаторға қажет шикізаттар компанияның өз өндірісі арқылы жүзеге асырылады. Ал өнімдерді негізгі өткізу көздері – «Алель Агро» АҚ-ның меншігіндегі құс фабрикалары мен фермерлік қожалықтары.
«AR-AI»-ақпарат