ҚР Қылмыстық-процестік кодексiнің 106-бабында прокурордың, қылмыстық қудалау органдарының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және шешімдеріне жасалған шағымдарды сотта қарау тәртібі қарастырылған.
Полиция қызметкерлерінің әрекетсіздігі туралы шағым жоғары тұрған полиция бастығына, сотқа немесе прокуратураға беріледі. Сонымен қатар құжат келесі ақпараттарды қамтуы керек. Жағдайды егжей-тегжейлі сипаттау, өтініш берушінің талаптары, органның атауы, тексеруді бастаған тұлғаның мекенжайы, телефоны, полиция қызметкері бұзды деп ойлайтын заң нормалары, прокуратура органдарына полицияның әрекетсіздігі туралы шағым түссе, онда осы ұйымның орналасқан жері бойынша мекенжайын көрсету талап етіледі. Өтінішке бұзушылықтар фактісін растайтын құжаттар қоса берілуі тиіс. Әр азамат өз құқығының шегінде тергеушінің іс-әрекеттеріне және әрекетсіздігіне байланысты прокуратураға шағымдана алады. Қорғаушылар тергеу барысында сотталушылар мен жәбірленушілерге осы бағытты еске салуға толығымен мүмкіншіліктері бар.
Сот шағымды қараған кезде істегі бар дәлелдемелерге баға бермей, арыз иесі өз шағымында көрсеткен барлық мән-жайларды анықтаушының, тергеушінің, прокурордың тексергенін және ескергенін анықтап, қаулы шығарады. Бұл ретте сот кінәнің дәлелденгені немесе дәлелденбегені, жиналған дәлелдемелердің жол берілетіндігі немесе жол берілмейтіндігі туралы түйін жасамай, іс бойынша шешім қабылдау үшін материалдық-құқықтық және процестік негіздердің бар немесе жоқ екенін тексереді. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 106-бабының 6-бөлігіне сай шағымды тергеу судьясы үш тәулік ішінде сот отырысын өткізбей жеке-дара қарайды. Егер заңды және негізді шешім қабылдау үшін маңызы бар мән-жайларды зерттеу қажет болса, тергеу судьясы шағымды 10 тәулік ішінде жабық сот отырысында тиісті тұлғалар мен прокурордың қатысуымен қарайды. Олардың келмеуі шағымды қарауға кедергі келтірмейді.
Тергеу судьясының өкімі бойынша сот отырысы бейнебайланыс режимінде өткізілуі мүмкін. Сот отырысы барысында хаттама жүргізіледі. Қажет болған кезде тергеу судьясы қосымша материалдарды талап етіп алдырып, тиісті тұлғаларды шақыруға және олардан сұрақ алуға құқылы. Әрекеттеріне немесе әрекетсіздігіне және шешімдеріне шағым жасалып отырған лауазымды адамдар соттың сұрау салуы бойынша үш тәулік ішінде мұндай әрекеттерді не әрекетсіздікті жасауға және шешімдерге негіз болған материалдарды сотқа ұсынуға міндетті.
Сот отырысын өткізу барысында тергеу судьясы қандай шағымның қаралуға жататынын хабарлайды. Егер арыз иесі сот отырысына қатысып отырған болса, ол өз шағымын негіздеп, сотқа жауап береді. Содан соң басқа да сотқа қатысушы адамдар тыңдалады, олар сотқа дәлелдемелер беруге құқылы. Шағым жасалған әрекеттердің не әрекетсіздіктің немесе шешімдердің заңдылығын дәлелдеу ауыртпалығы оларды жасаған немесе қабылдаған тұлғаға жүктеледі.
Тергеу судьясы шағымды қарау нәтижелері бойынша заңсыз деп танылған процестік шешімнің күшін жою туралы, тиісті лауазымды адамның әрекеттерін не әрекетсіздігін заңсыз немесе негізсіз деп және оның жол берілген бұзушылықты жою міндетін тану туралы, прокурорға азаматтың немесе ұйымның құқықтары мен заңды мүдделерінің жол берілген бұзылуын жою міндетін жүктеу туралы және шағымды қанағаттандырусыз қалдыру туралы тиісті шешім шығарады.
Серік ӨЗБЕКОВ,
Т. Рысқұлов аудандық
сотының судьясы
Ұқсас жаңалықтар
Қазақстанның екі үлкен қаласында бет-әлпетті тану жүйесі іске қосылды.
- авторAR-AY
- 20 қараша, 2024