Тараз қаласы Қаратай Тұрысов атындағы № 53 мектеп-гимназияда орналасқан № 50 сайлау учаскесінде 2726 сайлаушы тіркелген. Өз жұмысын таңғы 07.00-де бастаған аталған № 50 сайлау учаскесінің төрағасы Салтанат Төлеудің айтуынша, Биыл жасы 18-ге толуына орай алғаш мәрте дауыс беру құқығына ие болғандардың ішінде екеуі күндізгі сағат 10.00-ге дейін өз таңдауын жасапты
— Мүгедектігі бар 7 азамат болса, оның алтауына үйден дауыс беретіндерге арнайы көлікпен сайлау жәшігін күндізгі сағат 12.00-ден кейін алып барады. Бір мүгедектігі бар азамат өзі келіп дауыс берді. Үйде дауыс беретіндердің арасында денсаулығына байланысты сайлау учаскесіне келе алмайтын 3 зейнеткер бар, – деді Салтанат Ерсағатқызы.
Мұнда келіп дауыс бергендердің арасында облысқа, тіпті республикаға белгілі азаматтар да бар. Соның бірі – медицина ғылымдарының докторы, кардтохирург Сейтхан Жошыбаев. С.Жошыбаев күндізгі сағат 10.25-те өз таңдауын жасады.
— Ең алдымен адамға керегі — денсаулық. Екінші керегі — ақ жаулық. Ақ жаулық дегеніміз отбасы. Әр отбасының жағдайы, тұрмысы түзу болса, Отан да берік болады. Сондықтан әр адам дауыс берерде өзінің ішкі түйсігіне, мәдениетіне, біліміне иек артып, болашақ ұрпақ үшін шешім қабылдауы керек — деді С.Жошыбаев.
Айта кету керек, мұнда бүгін сайлаушылардың құрметіне орай жәрмеңке, спорттық ойындар ұйымдастырылды.