Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Автожолдар құрылысы қадағалануда

Автожолдар құрылысы қадағалануда
А.Қартабай
Жол – экономиканың күретамыры. Өйткені автомобиль жолдарын жөндеу, салу және қоғамдық көлікпен жолаушылар тасымалын ұйымдастыру – кез келген өңірдің инфрақұрылымының дамуы үшін өте маңызды. Бұл бағытта тиімді жұмыстарды жүргізу облыс экономикасын ілгерілетуге айтарлықтай үлес қосып отыр.

Негізі жергілікті жолдардың сапасы мен қолжетімділігі экономикалық қызметті жандандыруда басты рөл атқарады. Инфрақұрылым дамыса, жолаушылар мен тауарлар бір жерден екінші жерге өз уақытында жеткізіледі. Ауыл-аймақтардағы ауылшаруашылық өнімдерінің де нарыққа тез жол тартуына ықпал етеді. Бұл өз кезегінде шағын және орта бизнеске жаңа мүмкіндіктер ашады, өнім өндіру мен сату ісін ұлғайтады. Қауіпсіз, талапқа сай жөндеуден өткен жолмен тұрғындардың жүріп-тұруы да жеңілдейді. Көлік қозғалысы кезінде болатын апаттар саны азаяды. Бұл тұрғыда өңірде айтарлықтай шаруалар атқарылуда. Мысалы, облыста жалпы ұзындығы 10 084 шақырымды құрайтын жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдары мен елді мекен көшелері шетінен жөнделуде. 2024 жылғы соңғы бюджет нақтылауын қосқанда, биыл жергілікті маңызы бар автожолдар мен елді мекен көшелерін жөндеуге 25,5 миллиард теңге бөлініпті. Бөлінген қаражат есебінен 16,5 шақырым көше жолдары мен 1 көпірдің құрылысы мен 3 шақырым жолды қайта жаңғыртудан өткізу және 671 шақырым жолдарға орта жөндеу жүргізілуде.

Биыл барлығы 357 жол жөндеу жобалары іске асырылып, 690,5 шақырым жол құрылыс, қайта жаңғырту, орта жөндеумен қамтылуда. Облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібектің айтуынша, жол жөндеу жобалары бірқатар бағдарлама аясында іске асырылуда. Мысалы, «ҚР көлік-логистикалық әлеуетін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы» аясында облыстық және аудандық мәні бар жолдар бойынша 34 жоба, яғни 164,2 шақырым жол 6,3 миллиард теңгеге жөнделуде. «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша 6,2 миллиард теңгеге 170 жоба аясында 203 шақырым жол жөндеуден өтуде. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы арқылы 5 жоба жүзеге асырылса, 2,6 миллиард теңгеге 18,3 шақырым жөнделіп, 1,8 шақырым жол жаңғыртудан өтіп, 16,5 шақырым жол салынып жатыр, «Моноқалаларды дамыту» бағдарламасы бойынша да 3 жоба қолға алынып, 1,2 шақырым жол 0,2 миллиард теңгеге жөнделуде. Жергілікті бюджеттер есебінен жүзеге асырылып жатқан 145 жоба аясында 303,8 шақырым жол жөнделіп жатса, оған 7,9 миллиард теңге қаралыпты.

Бөлінген қаржының 2,3 миллиарды жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, жергілікті жолдар мен елді мекен көшелерін ағымдағы жөндеу мен күтіп ұстау жұмыстарына бағытталыпты. Сол арқылы 113 874 шаршы метр шұңқыр жамалған. 385 текше метр жол жамылғысындағы толқынды жерлер қалпына келтірілген. Жоспар бойынша 1 761 жаңа жол белгісі орнатылып және ауыстырылып жатса, жол бойына 301 белгі беру бағаны қойылуда. Көлік екпінін бәсеңдету үшін 591 қума метр жасанды тегіссіздік орнатылыпты. 3 817 шақырым жолдың жүріс бөлігі таңбаланса, 101 шаршы метр шулы жолақтар орнатылған. 256 гектарды құрайтын өртке қарсы минералданған жолақтар жыртылған. 2024 жылдың қорытындысымен жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар автожолдардың үлесін 99 пайызға жеткізу көзделген. Ал жол сапасының жақсысы – 65, қанағаттанарлығы 34 пайызға жеткізілмек. Елді мекен көшелері бойынша бұл көрсеткішті 87 пайызға, жақсысын 67 пайызға, қанағаттанарлығын 20 пайызға жеткізу межеленіпті.

Бүгінде жол жөндеу бойынша 357 жобаның 252-сінде жөндеу жұмыстары аяқталған. Атап айтқанда, 505,4 шақырым ел игілігіне ұсынылған. Бұл барлық жол жөндеу жұмысының 73,2 пайызын құрайды. 68 жоба бойынша жұмыстар әлі де жалғасуда. Тараз қаласы мен Байзақ, Жамбыл, Меркі, Талас, Шу аудандарына тиесілі 15 жоба бойынша конкурс рәсімдері жүргізіліп жатқан көрінеді. Қыр астында қыс бұғып жатқанын ескерсек, осындай уақытта жол жөндеуге қатысты конкурстың енді өткізіліп жатқаны адамды ойландырмай қоймайды. Сөйтсек, бұған қаржының соңғы нақтылауларда бөлінуі мен шағым берілуі себеп болған. Ал Таразда – 1, Байзақта – 3, Қордайда – 1, Меркіде – 16, Мойынқұмда 1 жобаның жұмысы әлі басталмапты. Облыстық маңызы бар жолдар бойынша жоспарланған 12 жобаның (87,2 шақырым) бүгінде 10-ы бойынша 86,3 шақырым жол пайдалануға берілген. 2 жобада жұмыстар бекітілген өндірістік кестеге сәйкес жалғасуда. – «Б.Момышұлы-Көлтоған-Қошқарата-Қызтоған» автомобиль жолының 0-15,337 шақырым аралықтарын орта жөндеу» нысаны бойынша 2024 жылғы 20 қыркүйектегі сот ұйғарымына сәйкес жұмыстар тоқтатылды. Егер мәселе 15 қазанға дейін шешілмесе, қарастырылған қаржы 2025 жылға өтпелі «Тараз-Жетібай-Тегістік-Ойық» автомобиль жолының 82,011- 104 шақырым аралықтарын орта жөндеу» нысанындағы орындалған артық жұмыстар есебінен игерілетін болады.

Аудандық маңызы бар жолдар бойынша ұзындығы 77 шақырым болатын 22 жобаны іске асыру жоспарланған. Бүгінде 15 жоба бойынша жұмыстар толық аяқталды. Аяқталған жұмыстар 54,4 шақырымды құрайды. Жуалы, Талас, Шу аудандарында бір-бір жоба, Қордайда екі жобаның жұмысы әлі жүргізілуде. Талас ауданында 1 жобаға қатысты конкурс өткізіліп жатса, Мойынқұм ауданындағы бір жоба бойынша жұмыс әлі басталған жоқ. Бұл ретте аудандық маңызы бар жолдарды жөндеу бойынша проблемалық мәселелер бар екенін айта кетуіміз керек. Қордай ауданындағы «Аудандық маңызы бар «Отар-Сұлутөр-Көктөбе» автожолына 0-16 шақырым орташа жөндеу» жобасы бойынша жұмыстар өндірістік кестеден кешігіп, баяу жүргізілуде. Жұмыстар 2024 жылдың мамырында басталғанымен 16 шақырымның тек 6,7 шақырымына (42 пайыз) ғана асфальт төселген. Жұмыс ұзақтығы 3,7 ай екенін ескерсек, меженің уақытында аяқталмай қалу қаупі бар. Мойынқұм ауданында 2023 жылдан өтпелі болып табылатын «Аудандық маңызы бар «Көкжелек ауылына кіреберіс» автожолына орта жөндеу 4,7 шақырым» жобасы бойынша жұмыстар әлі басталмай отыр. Жобаның аяқталуына жыл басында облыстық бюджеттен 70,2 миллион теңге бөлінген. Нысан құрылысын мердігер «DAUREN BUILD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуі тиіс. Аталған мердігер былтырғы жылы облыста 19 жобада жұмыстарды сапасыз атқарып, көптеген қиыншылық туындатқан еді. Бүгінде тапсырыс беруші тарапынан сотқа талап арыз жолданып, сот процесі басталды. Осылайша аталған жоба жұмыстарының да аяқталмай қалу қаупі туындауда. Қайта жаңғырту, құрылыс нысандары бойынша 8 жоба іске асырылуда. Жұмыстар кестеге сәйкес жүргізілуде. Бүгінде қайта жаңғырту бойынша 2 жобада жұмыстар аяқталды.

Сонымен қатар Мойынқұм ауданындағы «Радай» өзені арқылы өтетін көпірдің құрылысы жүргізілуде. Мердігер – «ЖБИ-С» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. 2024 жылға шарт құны 532,2 миллион теңгені құрайды. 3 жоба Талас ауданының орталығы Қаратау қаласындағы 3 көшені қайта жаңғыртуға қатысты. Бүгінде 3 жобада есепті жылға қаралған қаржы бойынша жұмыстар аяқталған. Дегенмен нысандар 2025 жылға өтпелі. 3 жобаның жалпы шарт құны – 1 057,7 миллион теңге. Бұл ретте 2024 жылға республикалық бюджеттен 3 жобаны бастау үшін тек 150 миллион теңге және бірлесіп қаржыландыруға облыстық бюджеттен 16,7 миллион теңге бөлінгендігіне байланысты нысандар 2025 жылға өтпелі болып отыр, – дейді Қанатбек Қайшыбекұлы.

Елді мекен көшелерін орташа жөндеу бойынша жалпы ұзындығы 506,8 шақырым болатын барлығы 315 жобаны іске асыру жоспарланған екен. Бүгінде 221 жобада жұмыстар аяқталған. 340,6 шақырымды пайдалануға беру арқылы жұмыстың 67,2 пайызы еңсеріліпті. 59 жобада жұмыстар әлі де жүргізілуде, Таразда – 1, Байзақта – 4, Жамбыл ауданында – 4, Шуда – 4, Меркі ауданында 1 жоба бойынша конкурс өткізілуде. Тараз бен Қордайда бір-бір жобаның, Байзақта – 3, Меркіде 16 жобаның жұмысы әлі басталмапты. Тарқата айтқанда, Меркі ауданында жоспарланған 63,8 шақырымдық 54 жобаның 27-сінде жұмыстар аяқталыпты. 10 жобада жұмыстар жүргізіліп жатса, 1 жоба бойынша конкурс өткізілуде, 16 жобаның жұмысы қолға алынбаған. Жұмысы басталмаған 16 жобаның 15-інің жұмысы «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде жүргізілуі тиіс болса, оның ішінде 14 жоба Сарымолдаев ауылында екен. Ондағы нысандардың мердігері – «Қазақ жолы 2050» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. 1 жоба Кеңес ауылында, оның жұмысын жүргізуді «Меркі жолдары» серіктестігі міндетіне алған екен. 1 жобада 5 көше болса, ол жергілікті бюджет есебінен іске асырылып жатыр. «Қазақ жолы 2050» серіктестігі мердігер ретінде танылған. Жоба 2023 жылдан өтпелі, негізінде пробемалық нысан болып саналады. Бұл ретте Меркі ауданы бойынша 2022 жылы 20 көшеде, 2023 жылы 16 көшеде жол жөндеу жұмыстары аяқталмай қалғанын ескерсек, осы жылы да жағдайдың қайталануы ықтимал.

Жол жөндеу жұмыстарының сапасын қамтамасыз ету үшін «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» облыстық филиалына бүгінгі таңда жергілікті бюджеттен 220,8 миллион теңге бөлініп, жобаларды сараптамамен қамту үлесі 100 пайызды құрапты. Жасасқан келісімшарттар шеңберінде жыл басынан бері сапа орталығымен 228 жерге зерделеу жұмыстары жүргізіліп, 962 сынама алынған екен. Нәтижесінде басқармаға қатысты 48, Таразда – 96, Байзақта – 64, Жамбыл ауданында – 8, Жуалыда – 54, Қордайда – 44, Меркіде – 98, Мойынқұмда – 4, Сарысуда – 17, Таласта – 48, Шу ауданынан алынған 58 сынамада сәйкессіздіктер мен кемшіліктер анықталған. Меркі ауданында қабыршықтану, шұңқырлық бойынша үш, Қордайда отырыңқы орын, шұңқырлық бойынша 2 ескерту жасалып, кемшілікті жұмыс тәртібінде жою бойынша шаралар қабылданыпты. Бұл ретте сынамалардағы сәйкессіздіктерді базадан алып тастау бойынша басқарма, Жамбыл және Талас аудандары әкімдіктерінің тарапынан «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» облыстық филиалымен бірлесе жұмыстар атқарылған. Қалған аудандар бұл бағытта шараларды әлі қабылдамай отырса керек. Соның салдарынан «KazRoadLab» зертханалық мәліметтер базасында сәйкессіздіктер мен кемшіліктерді жоймау көрсеткіші жоғары болып тұрған көрінеді. Бұл бағытта кесте бекітіліп, жауапты мекемелер аудандарға шығып, базамен жұмыс істеу тәртібі бойынша бірнеше қажетті семинар өткізіпті. Дегенмен жобалардың басым бөлігінде тапсырыс беруші ауылдық округ әкімдіктері болғандықтан онда жол саласы бойынша мамандардың болмауынан, сәйкесінше біліктіліктің жетіспеуінен жұмыстар тиісті деңгейде атқарылмаған. Осыған байланысты Талас, Сарысу, Мойынқұм, Т.Рысқұлов аудандарында тәжірибеге сәйкес келесі жылы барлық жобалар бойынша аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуалдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімдерін тапсырыс беруші мекеме етіп қарастыру ұсынылыпты.

Автожолдардың мерзімінен бұрын бұзылуынан сақтап қалу ма қсатында көліктік бақылау инспекциясының аумақтық бөлімі өкілдерімен бірге облыс жолдарында рейдтер ұйымдастырылып, тексерулер жүргізу шаралары жалғасуда. 2024 жылдың 8 айында жылжымалы көліктік бақылау бекеттерінде 1 386 әкімшілік хаттама толтырылып, 64,5 миллион теңге айыппұл салынып, жергілікті бюджетке 54 миллион теңге өндірілген екен. Облыста көліктік бақылау инспекциясында жылжымалы бекеттер жетіспеуінің салдарынан атқарылып жатқан шаралар тиісті нәтиже бермей отырғанын айта кетуіміз керек. Бұған ауыр жүк көліктерінің бақылаусыз жүруінен автожолдардың мерзімінен бұрын тозу фактілері дәлел. Жұмыс тиімділігін арттыру мақсатында облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес автожолдарда автоматты өлшеу жүйелерін орнату бойынша аталған инспекциямен бірлесе отырып зерделеу жүргізіліпті. Нәтижесінде жергілікті маңызы бар автожолдарда ауыр салмақты жүк көліктерінің қозғалыс жиілігі жоғары 9 жол телімі анықталған екен. Қосымша облыс орталығына кіреберістегі 11 бағыт зерделенген. Автоматты өлшеу жүйелерін 3 кезеңге бөліп орнату жоспарланыпты. 1 автоматты өлшеу жүйесін орнатуға 138 миллион теңге жұмсалады екен. Сондықтан келесі жылдың облыстық бюджетін қалыптастыру барысында осы автоматты өлшеу жүйелерін орнатуға қаржы бөлу мүмкіндігін қарастыру ұсынылыпты.

Жоспарланған жобаларды іске асыру барысында битум тапшылығын алдын алу мақсатында ай сайын ҚР Энергетика министрлігімен және «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамымен бірлесе жұмыстар жүргізу қолға алынған. Осы жылы іске асырылатын жергілікті жол жөндеу жобаларына жол битумының қажетті қоры 30 мың тоннаны құраған. Қазіргі уақытта облыстағы ірі жол компанияларының битум сақтау қоймаларында 5,3 мың тонна қор жинақталса, жалпы 7 қолда бар битум сақтау қоймасының сыйымдылығы 34,1 мың тоннаны құрайды екен. Сонымен қатар жыл басынан 22,6 мың тонна жол битумы қолданылған. Жол битумы қорының әзірлену мәселесі тұрақты бақылауда ұсталып, құрылыс маусымында оның тапшылығы орын алған жоқ. Жергілікті автомобиль жолдары мен қоғамдық көлік қызметінің жақсартылуы бизнеске де қолайлы жағдай туғызатыны белгілі. Жол жағдайы жақсы, көлік қатынасы келісті өңірге инвесторларды тартуға, жаңа өндірістер мен қызмет көрсету салаларын дамытуға мол мүмкіндік бар. Тиімді көлік қатынасы аймақтардың бір-бірімен байланысын күшейтіп, экономикалық интеграцияны нығайтатынын ойласақ, халыққа қоғамдық көлік, такси қызметін ұсынуда тұрғындарға қолайлы жағдай жасау маңызды.

Облыс бойынша бүгінде 141 автобус бағыты ұйымдастырылса, оның ішінде 13 маршрут облысаралық, 28-і – ауданаралық, 54-і – ауданішілік және ауылішілік, 41-і – қалалық және бесеуі қала маңы бағыттары. Оның ішінде Тараз қаласында жолаушы тасымалдау қызметімен 8 тасымалдаушы мекеме 41 автобус бағыты бойынша 419 автобуспен (күнделікті желіде 370 бірлік) қызмет көрсетеді. Облыста Тараз қаласын қосқанда 371 елді мекен бар. Оның ішінде тұрғын саны 100 адамнан асатын 354 елді мекеннің қоғамдық көлікпен қамтылғаны – 85 пайыз. 2024 жылы 16 жаңа және тоқтап қалған автобус маршруттарын қайта ашу жұмыстары жүргізілген екен. 2023 жылдың қорытындысымен Тараз қаласы және 10 аудан әкімдігі тарапынан жалпы саны 41 жаңа және тоқтап қалған автобус маршрутын қайта ашу жұмыстары атқарылған. Биыл Меркі, Сарысу, Шу аудандарында екі-екіден, Қордайда 3, Таразда 5 бағыт ашылған. Оның ішінде 2 ауданаралық, 9 ауданішілік және 5 қалалық бағыт бар. Атап айтқанда, «Игілік – Саудакент – Тараз» және «Бөлтірік шешен – Тараз» бағыттары ауданаралық болса, 9-ы Меркі, Қордай, Шу, Сарысудағы ауданішілік бағыттар. Қалалық бағыттарға келетін болсақ, осы жылы №13, 18, 41, 50 және 57 бағыттар ашылып, іске қосылыпты. Сонымен қатар 2025 жылы аудан әкімдіктері тарапынан 29 елді мекенді қоғамдық көлікпен қамтитын 10 автобус бағытын және Тараз қаласында қосымша 5 бағыт ашу жоспарланыпты. Тарқата айтсақ, Таласта 2 бағыт 5 елді мекенді, Қордайда 3 бағыт 9 елді мекенді, Шуда 2 бағыт 5 елді мекенді, Меркіде 3 маршрут 10 елді мекенді қамтитын болады.

Тараз қаласында 2025 жылы 5 маршрут жаңа автобустарды жеткізу арқылы ашылған жағдайда шамамен 500-700 миллион теңге субсидияны қажет етеді екен. Автопарктердегі жылжымалы құрамдарды жаңарту жұмыстары бойынша осы жылы Тараз қаласына жалпы 112 жаңа автобус жеткізіліп, жылдың аяғына дейін 45 жаңа автобус жеткізу жоспарланыпты. «СапарТранс-2012» ЖШС – 20, «Smart City Servise» ЖШС – 14, «Автобусный парк-2020» ЖШС – 31, «ӘулиеатаТрансПасс» ЖШС – 15, «RashLau» ЖШС – 20, «ТаразТрансМоторс» ЖШС 12 автобус сатып алған. Сонымен қатар «Өнеркәсіпті дамыту қоры» акционерлік қоғамы арқылы лизингтік қаржыландыру бағдарламасы негізінде Шу ауданына 7, Меркіге 6 жаңа автобус жеткізіліпті. Лизингке автобус алу ісін қаржыландыру мерзімі 7 жылға дейін, бастапқы жарна 0 пайыз, жылдық сыйақы жарнасы 0,01 пайыз шарттарымен жүзеге асырылыпты. 2019 жылдан бастап 154 автобус сатып алынған. Оның ішінде 2019 жылы – 70, 2020 жылы – 15, 2021 жылы – 32, 2022 жылы – 37, 2023 жылы 73 жаңа автобус әкелінген.
– Бүгінде Қазақстан Республикасының «Автомобиль көлігі туралы» Заңы бойынша жүргізушінің тынығу режимін сақтамай, рейс алдында медициналық және механикалық тексерусіз, міндетті сақтандырусыз жолаушылар тасымалдауына тыйым салынған. Қазіргі таңда осы талаптарды сақтамай, яғни жолаушы тасымалымен заңсыз айналысатын жүргізушілер тарапынан жасалған көлік апаттарының салдарынан жолаушылардың қаза табу фактілері күн сайын артуда. Олардың елеулі саны елімізде «InDriver», «Яндекс» онлайн такси қызметін ұсынушы компаниялардың мобильді қосымшасына жүргізушілердің тіркелу арқылы жолаушылар тасымалдау барысында орын алады. Яғни ол азаматтар ҚР Ұлттық стандартындағы (ҚР СТ 2272-2012, 5.2) такси тасымалдаушыларына және қызмет көрсететін такси автокөліктеріне қойылатын талаптарына сәйкес келмейтін автокөліктермен жолаушылар тасымалдап жүр. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органға такси қызметін бастағаны жөнінде хабарлама жолдамай, басқару құрылғылары оң жақта орналасқан, пайдалану мерзімі 15 жылдан асатын және автокөлік жүрісі 500 мың шақырымнан асатын, тіпті басқа мемлекетте тіркелген (нерезидент) автокөліктермен де жолаушылар тасымалдап жүргендер көп.

Осыған орай 2024 жылдың мамыр айында Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі, Ішкі істер министрлігі мен «ІnDriver», «Яндекс» такси қосымшаларының басшылығы арасында өзара меморандум жасалған болатын. Меморандумға сәйкес 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап «ІnDriver» такси қосымшасына басқа мемлекетте тіркелген (нерезидент), басқару құрылғылары оң жақта орналасқан және ҚР Заңнамасын жиі бұзатын автокөліктерге тіркелуге шектеу қойылады, яғни онда көліктер такси ретінде тіркеле алмайтын болады. Бұл шаралар алдағы уақытта өзінің оң нәтижесін береді деп сенеміз, – дейді Қ.Мәдібек.

Жалпы 2024 жылға арналған «Заңсыз жолаушылар тасымалы мен стихиялық тұрақтарды жою» бойынша құзырлы органдармен бірлескен іс-шара жоспары бекітілген. Бүгінде осы іс-шара жоспарына сай 14 рейдтік жұмыс ұйымдастырылып, 128 автокөлік тоқтатылып, тексеріліпті. Бұл ретте ҚР ӘҚБК бойынша жалпы 385 хаттама толтырылып 3,5 миллион теңге айыппұл салынған екен. Қазіргі уақытта аталған рейдтік іс-шаралар өз жалғасын табуда.

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар