Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Цифрландыру – тұрақты даму тетігі

Цифрландыру – тұрақты даму тетігі
А.Қартабай
Технологиялық жаңалықтар мен цифрлық шешімдер бүгінде қоғамдағы маңызды салаларды дамытудың негізгі құралына айналды. Цифрландыру саласында қолға алынған кешенді жұмыстар еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, халыққа қызмет көрсетудің сапасын жақсартуға бағытталған. Жуырда облыс әкімдігі цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Руслан Ноқрабековпен сұхбаттасып, облысымызда атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысқан едік.

– Руслан Москауұлы, алдымен облысымыздағы цифрлық технологиялардың дамуы туралы айтып берсеңіз. Қандай негізгі жобалар жүзеге асырылуда?

– Мемлеттік қолдаудың арқасында халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға оң әсерін тигізген бірқатар жарқын жобалар жүзеге асырылып, тиімділігін дәлелдеді . Мәселен , «Ақылды қалаларды» құру тұжырымдамасы аясында Тараз қаласында қоғамдық көлік қозғалысын толық бақылауды қамтамасыз ететін және қала тұрғындарына арнайы мобильді қосымша арқылы нақты уақыт режимінде маршруттарды бақылауға мүмкіндік беретін, жол ақысын төлеудің және балансты толықтырудың барлық мүмкін әдістерін қамтитын «TulparCard» электрондық жүйесі енгізілді. Жоба құны 380 миллион теңгені құрады. Жүйе қалалық автобустарды 100 пайыз қамтыды. «TulparCard» картасының бірыңғай, оқушы және әлеуметтік сынды 3 түрі қарастырылған. «Ақылды аялдамалар» жобасы шеңберінде аялдамаларда ақпараттық табло орнату іске асырылды. Бұл таблолар қала тұрғындарына маршруттарды, көліктің келу уақытын және басқа да қажетті ақпаратты алуға көмектеседі.

Жобаның ең маңызды артықшылықтарының бірі – жергілікті IT мамандар жүзеге асырды. Бұл шығындарды азайтуға мүмкіндік беріп қана қоймай, сонымен қатар біздің IT-қауымдастығымыздың дамуына ықпал етті. Аймақтың қажеттіліктерін жақсы түсінетін және қажетті өзгерістерді жедел енгізе алатын жергілікті таланттарды тарту маңызды. Бұл IT қызметтерінің жергілікті нарығын нығайтып, жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал етті. Бүгінгі таңда қоғамдық көліктерде электрондық төлем жасау 98 пайызды құрайды. Ең басты жетістіктердің бірі – қоғамдық көлік жүйесінен түсетін кірістер мен салық түсімдерінің толық ашықтығы. Яғни жоба енгізілгенге дейінгі кезеңмен салыстырғанда кірістің айтарлықтай өсуін байқадық. Нәтижесінде автобус паркі жаңартылып, кеңеюде. Цифрландыру арқылы түскен қаражатқа автобустар сатып алынды. Яғни 2023 жылы автобус паркінің 55 пайызын (430 автобустың 237- сі жаңартылды) жаңартуға мүмкіндік берді. Автобус паркін жаңарту бағытындағы жұмыстар биыл да қарқынды жалғасуда. Сондай-ақ жаңа маршруттар іске қосылды.

Қоғамдық көлікте жол жүру ақысын төлеу мен есептеудің автоматтандырылған жүйесін енгізудің тағы бір артықшылығы – салық түсімдерінің ұлғаюы. Мысалы, жүйе Тараз қаласында іске қосылған сәттен бастап салық алымдарын 5 есеге арттыруға қол жеткізілді. Сонымен қатар облыстың өңірлік геоақпараттық жүйесі (геопортал) әзірленді. Геопортал – облыстың жергілікті атқарушы органдары ұсынатын картографиялық деректердің, мемлекеттік қызметтердің, талдамалық сервистің тұрақты кеңейтілетін тізімі. Геопортал ашық карта, электрондық қызметтер мен сервистер порталы, кезекші карта сынды үш негізгі компоненттен тұрады. Электрондық қызметтер мен сервистер порталы жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттік қызметтер туралы мәліметтерге қол жеткізуін қамтамасыз етеді. Сонымен бірге сәулет және қала құрылысы, жер қатынастары саласында мемлекеттік қызметтер көрсету процестерін оңтайландырады және автоматтандырады. Сәулет және қала құрылысы саласына қатысты 6 мемлекеттік қызмет және жер қатынастары саласы бойынша 8 мемлекеттік қызмет, жалпы 14 мемлекеттік қызмет автоматтандырылып, енгізілді. 2024 жылдың қыркүйек айынан бастап геопортал алаңында Тараз қаласы жер қатынастары бөлімімен «Жер учаскесінің жалдау мерзімін ұзарту» және «Жер учаскесін жекеменшікке ақысын бірден төлеп не бөліп төлеу арқылы сату» мемлекеттік қызметтері көрсетілуде. Қазіргі таңда аталған мемлекеттік қызметтер бойынша 75-ке жуық өтінім қабылданып, жауапты мамандармен өңделуде. Мемлекеттік қызметтің нәтижесінде өтініш беруші тұрғын қала әкімінің электронды қолтаңбасы қойылған шешімі мен келісімшарт құжаттарын жеке кабинеті арқылы ала алады. Алдағы уақытта «Жер учаскесінің бөлінетіндігі мен бөлінбейтіндігін айқындау» мемлекеттік қызметі де геопорталда жүзеге асырылмақ.

Осы тұста жер телімдерін электрондық түрде беру процесі туралы айта кеткен жөн. Геопортал «Электронды үкімет» порталы және «Бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастры» ақпараттық жүйелерімен интеграцияланды. Осыған байланысты геопортал жергілікті атқарушы органға келіп түскен өтініштерді қарастыру жүйесі болып табылады. Өтініш беруші «eGov.kz» арқылы өтінімді беріп, ал мемлекеттік органдар өтінішті өз құзыретінде қарастырып, жауапты электронды түрде береді. Сонымен қатар геопорталда сайлау учаскесін ЖСН арқылы анықтаудың онлайн-сервисі іске асырылды. Сайлаушы тізімде анықталмаған жағдайда Жамбыл облысының бірыңғай коммуналдық диспетчерлік қызметіне (Jambyl109), Тараз қаласы және аудан әкімдіктерінің CALL-орталықтарына хабарласа алады. Ақпарат геопорталда орналастырылған.

Облыс жастарына жеңілдікпен несие беруге арналған «Әулиеата жастары» тұрғын үй бағдарламасына арналған модуль әзірленді. Бағдарламаға қатысу үшін жастар өтінімдерді геопортал арқылы жібереді.

– Бүгінгі күні облысымызда инновациялық шешімдер мен стартаптарды қолдау бойынша қандай іс-шаралар қабылдануда?

– Облыс әкімдігі, Шерхан Мұртаза атындағы халықаралық Тараз инновациялық институтымен және «Astana Hub» халықаралық ІТ-стартаптар технопаркі арасында өңірлік ІТ хабты іске асыру жөніндегі міндеттерді қамтитын ынтымақтастық туралы үшжақты меморандумға қол қойылды. Нәтижесінде 2023 жылдың ақпан айында институт аумағында «Zhambyl Hub» құрылды. «Astana Hub» - пен тығыз ынтымақтастықтың арқасында «инкубация» бағдарламалары арқылы жобаларды бизнес-инкубациялау мүмкіндігі пайда болды. Сондай-ақ оларды «Astana Hub» аумағында одан әрі сүйемелдеуге қол жеткізді.

Биылғы жылдың басынан бері 60-тан астам іс-шара өткізілді. Соның ішінде айта кетерлігі, 29 қаңтарда өткен «Pizza Pitch» іс-шарасында 60 адам қатысып, 10-нан аса жоба таныстырылды. Командалар 5 минут ішінде қазылар алқасы алдында өз жобасын қорғап шықты. Сонымен қатар IT саласындағы трендтерге қатысты 10-нан аса семинар және воркшоптар өтті. Ай сайын өтетін «IT Quiz» іс-шарасына да тұрақты түрде 40 адамнан құралған 7 топ қатысады. Қатысушылардың басым көпшілігі колледж және университет студенттері. 50-ден аса оқушы және студентке «Astana Hub» авторлығындағы оқу курстарына гранттар берілді. Қазір осы грант иегерлерінің арасынан 15 жоба «Astana Hub»-тың «Startup Garage» инкубациялық бағдарламасына тартылып, 5 IT-компания «Astana Hub» резиденттерінің қатарына енді. Бұл іс-шаралар қатысушыларға құнды білім мен дағдыларды алуға, сондай-ақ кең аудиторияға инновациялық идеяларын ұсынуға мүмкіндік бере отырып, аймақтағы ІТ-қауымдастық пен білімнің дамуына ықпал етті. 2024 жылдың 15 наурызында өткен «Pizza Pitch Party»-ға 7 IT жоба қатысты.

«Zhambyl IT Hub» пен Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтымен бірге оқушыларды IT саласына тарту мақсатында 10-11-сынып оқушылары мен колледж және университет студенттері үшін «ZHAMBYL HACKATHON» 24 сағатта жасалып шығатын IT шешімдер сайысын өткізді. 27-28 наурызда өткен бұл жарысқа 4 адамнан құралған 20 команда қатысып, оның 18-і қазылар алқасы алдында өз жобаларын қорғады. Қазіргі таңда «Zhambyl IT Hub» пен М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетімен бірге «DULATY HACKATHON» өткізуде. Халықаралық IT Технопаркі «Astana Hub» өңірлік кеңсесі «Zhambyl Hub» 2024 жылдың 10 мамыры мен 23 мамыры аралығында облыстық «Zhambyl Idea Battle» IT стартап байқауын өткізді.

Ағымдағы жылдың 16 тамызында «Қалай мектеп пен универден көп пайда алуға болады?», «Ірі компания мен стартапта жұмыс істеудің айырмашылығы неде?», «Мобильді қосымшаға стандартты емес көзқарас?» тақырыптарында вебинар өткізілді. Мұндай іс-шаралар үздіксіз өткізіліп тұрады және стартаптар мен студенттерді әрдайым қолдауға дайынбыз.

– Облысымызда биометрия, жасанды интеллект, блокчейн сияқты жаңа технологияларды енгізу жоспары бар ма? Егер бар болса, олардың қандай салаларда қолданылуы жоспарлануда және бұл технологиялар өңірімізге қандай тиімділіктер әкеледі деп ойлайсыз?

– Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің «Жасанды интеллектті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» келісілді. Қазіргі таңда министрлік тарапынан бекітілу жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта осы концепция аясында іс-шаралар мен жоспарларды іске асыруға дайынбыз. 2024-2025 жылдарға арналған цифрлық технологияларды дамыту жоспары аясында маңызды жобалар іске асырылмақ. 2024 жылдың шілдесінде «Smart Data Ukimet» ақпараттық-талдау жүйесі арқылы мемлекеттік деректерге қол жеткізу мүмкіндігі туындады. Қыркүйекте жасанды интеллект бойынша ашық онлайн оқыту курсы ұйымдастырылды. Желтоқсан айында ұлттық жасанды интеллект платформасы құрылып, «ҰАТ» АҚ деректерді өңдеу орталығында жасанды интеллект саласын есептеу қуаттарымен қамтамасыз ету жоспарлануда. Осы мерзімде қазақ тілінде үлкен тіл моделін жасау және цифрлық кодекс жобасын әзірлеу көзделген.

2025 жылдың желтоқсанына қарай жоғары оқу орындарының бірінде «Компьютерлік көру», «Машиналық оқыту» және «Табиғи тілді өңдеу» бағыттары бойынша білім беру бағдарламалары бар жасанды интеллект жоғары мектебі құрылмақ. Жасанды интеллект мемлек еттік басқару, денсаулық сақтау, білім, қаржы, логистика, ауылшаруашылығы және өнеркәсіп салаларына енгізіледі. 2029 жылға дейін мемлекеттік қызметтердің 20 пайызы жасанды интеллект көмегімен көрсетілетін болады. Ал кемінде 80 мың қазақстандық жасанды интеллект бойынша қолжетімді оқыту курсынан өтеді. Ұлттық жасанды интеллект платформасы негізінде кемінде 25 шешім қабылданатын болады.

Тараз қаласындағы №5 қалалық емханада «Smart ECG» жүйесі арқылы жасанды интеллект пациенттердің диагностикалық қорытындыларын қашықтан береді. Биометриялық сәйкестендіру жүйелері бет-әлпет, көз қабықшасы және саусақ іздері сияқты бірегей дербес деректерді өңдейді. Биометрияның артықшылығы – адамның деректерінің қайталанбайтыны және оның сәйкестендірілуінің сенімділігі. Бұл жүйелер қазір бірнеше мемлекеттік мекемеде, сондай-ақ Тараз қаласындағы 46 мектепте, 7 колледжде және 2 денсаулық сақтау мекемесінде қолданылуда. Биометриялық деректерді жинау кезінде адамның немесе оның заңды өкілінің келісімі міндетті түрде алынуы керек.

– Жер қатынастары саласын цифрландыру бойынша қандай жұмыстар атқарылуда? Осы бағыттағы негізгі жобалар мен олардың нәтижелері туралы айтып өтсеңіз. Цифрландыру жер қатынастарының ашықтығы мен тиімділігін арттыруға қалай әсер етеді деп ойлайсыз?

– Жер қатынастары саласы бойынша Қазақстан Республикасы Ауылшаруашылығы министрінің 2020 жылғы 1 қазандағы «Жер қатынастары саласындағы мемлекеттік қызметтерді көрсету жөніндегі қағидаларды бекіту туралы» №301 бұйрығына сәйкес 12 қызмет түрі цифрландырылған. Оның ішінде 8 қызмет геопортал арқылы көрсетіледі. Бизнеске жер учаскелерін таңдау және бөлу рәсімдерін цифрлық форматқа көшіру бағытында облыста «E-Jambyl» доменді атауымен өңірлік геоақпараттық жүйе құрылды. Жүйеде облыстың барлық аудан, ауылдық округ және қала кескінінде бос жер учаскелерін көру мүмкіндігі қарастырылған.

Жаңадан құрылған ақпараттық жүйе жер және құқықтық кадастрлар туралы ақпаратты жинап, жария кадастрлық карта арқылы баршаға қолжетімді болды. Онда жер учаскелері, бас жоспарлар, елді мекендерді орналастыруды жоспарлау жобалары, инженерлік коммуникациялар, жылжымайтын мүлік объектілері және мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өзге де мәліметтері туралы ақпарат қамтылмақ.

– Осы тұста тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында қолға алынған жобаларды айтпай кетсек болмас...

– 2023 жылы «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы шеңберінде геопортал алаңында «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық» модулін енгізу арқылы табиғи монополиялар субъектілері көрсететін 6 саланың 17 қызметі автоматтандырылып, өтініштер қабылдануда. Бұл сервис 17 түрлі коммуналдық қызмет бойынша тұрғындарға бір жерде кеңес алуға және өтінім беруге мүмкіндік береді. Бірнеше ұйымның бөлімшелеріне бармай-ақ онлайн режимде өтінім беру, шарт жасасу және қызмет көрсету сапасын бақылауға болады. Бұл қызмет көрсету сапасын жақсартып, уақытты үнемдеуге ықпал етеді. Геопортал арқылы 6 негізгі ұйым қызмет көрсетеді: «Жамбыл-Жылу», «Жамбыл-Су», «Жамбыл электр жүйелері», «ТаразЭнергоОрталық», «Жасыл ел-Тараз», және «ЖамбылЖарықСауда – 2030». Автоматтандырылатын қызметтерге жеке тұлғалар үшін жылу, су, электр қуаты және қоқыс шығару бойынша шот ашу, тұрғындар саны өзгерген кезде мәліметтерді жаңарту, меншік иесі өзгерген жағдайда қызмет көрсету келісімшарттарын қайта рәсімдеу кіреді.

Бұл процестер әрбір азаматқа коммуналдық қызметтерді алу мен басқаруды жеңілдетіп, онлайн түрде тиімді жүргізуге мүмкіндік береді.

– Киберқауіпсіздікке қатысты қандай бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр?

– Киберқауіпсіздік және оған қатысты терминдер, мысалы, киберкеңістік, киберқорғаныс, кибершабуылдар және тағы да басқа терминдердің халықаралық аренада жалпы қабылданған заңды анықтамасы жоқ. Бірақ БҰҰ деңгейінде Халықаралық электр байланысы одағының жаһандық киберқауіпсіздік бағдарламасы электрондық ақпараттың құпиялылығын, тұтастығын және қолжетімділігін, сондай-ақ негізгі ақпараттық және коммуникациялық инфрақұрылымды қорғауды қамтамасыз ету үшін ақпараттық-коммуникациялық технологияларды ұсынады. Бағдарламалар мен аппараттық құралдардың зиянды әсерлерін болдырмау үшін бағдарлама интернетпен өзара әрекеттеседі. Бағдарламаға енгізілген киберқауіпсіздікті түсіндіру тәсілдері технологияны қауіпсіз пайдалану аспектілерін қамтиды. Дегенмен кибер қауіпсіздік саласы Қазақстан Республикасында қолданушыларды, олардың ақпараттық жүйелерін, желілері мен бағдарламаларын сандық шабуылдардан қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған қызмет. Мемлекеттік органдармен, үкіметтік емес ұйымдармен және бизнеспен бірлесіп жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде біздің еліміз жаһандық киберқауіпсіздік индексінде өз позициясын қарқынды түрде жақсартып келеді. 2023 жылы Қазақстан әлемдік киберқауіпсіздік рейтингінде 31-орында болды. Әрине, жақсы көрсеткіш. Global Cybersecurity Index киберқауіпсіздік рейтингінде жалпы 182 орын бар.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 30 маусымдағы Киберқауіпсіздік тұжырымдамасы электрондық нысандағы ақпараттың және оның өңдеу, сақтау, беру ортасының сыртқы және ішкі қауіп-қатерлерден қорғалу жағдайы, яғни ақпараттандыру саласындағы ақпараттық қауіпсіздік жұмыстарына негізделген. Тұжырымдамаға сәйкес міндеттердің бірі – барлық ұлттық ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымға қатысты ақпараттандыру және байланыс саласындағы ақпараттық қауіпсіздікті мемлекеттік басқарудың жоғары бейімделген және интеграцияланған жүйесін құру. Ақпараттандыру саласындағы заңнамаға сәйкес барлық мемлекеттік ақпараттық жүйелер кибершабуылдардың алдын алу үшін ақпараттық қауіпсіздікке міндетті тексеруден өтеді. «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешендері, геопортал ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне сынақтан өткен.

– Тұрғындарға көрсетілетін қызметтердің цифрландырылуы, сонымен қатар цифрлық технологияларды пайдалануға ынталандыру үшін жасалып жатқан науқандар мен тұрғындардың цифрлық қызметтерге сұранысы туралы не айтасыз?

– Қазіргі кезеңде мемлекеттік қызметті «бір терезеден» алу үдерісі қалыпты болып кетті. Сонымен қатар мемлекеттік қызметтің ашықтығы нығаюда. Мысалы, кез келген азамат тікелей «eOtinish» жүйесі арқылы мемлекеттік органдарға жүгіне алады. «109» қызметі біздің өңірде қарқынды жұмыс істеп, айтарлықтай дамуда. «Ақылды қаланы» құру қағидалары енгізілуде. Жоғарыда айтылған жобалардың барлығы «Ақылды қаланы» құру тұжырымдамасы аясында жасалуда. Мемлекеттік қызмет көрсетудің дәрежесін көтеру бойынша БАҚ-та мақалалар жарияланып, семинарлар, «дөңгелек үстелдер» тұрақты өткізіледі. Мысалы, өңірлік геоақпараттық жүйеде көрсетілетін мемлекеттік қызметтер бойынша қызмет алушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында арнайы ақпараттық стендтер дайындалып, табиғи монополиялар субъектілері мекемелеріне орналастырылды. Онда көрсетілетін қызметтің түрлері, уақыты және тағы да басқа мәліметтер орналастырылған.

Сонымен қатар көрсетілетін мемлекеттік қызметтер туралы мәліметтер облыс әкімінің www.zhambyl.gov.kz ресми сайтында және басқарманың әлеуметтік желідегі парақшаларында орналастырылған.

– Цифрлық технологиялардың дамуын жүзеге асыруда қандай кедергілермен бетпе - бет келіп жатырсыздар?

– Көптеген жоба (тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы жылу және су есептегіштерімен жабдықтау және тағы басқа)республикалық бюджеттен субсидияларды талап етеді. Радиофобия интернетпен қамтамасыз ету жобаларын жүзеге асыруда маңызды мәселе. Адамдардың негізгі алаңдаушылығы радиотолқындар мен электромагниттік сәулеленудің денсаулыққа әсеріне байланысты. Қазіргі ғылыми зерттеулер Wi-Fi және ұялы байланыс сияқты телекоммуникациялық технологияларды қолдану денсаулыққа үлкен қауіп төндірмейтінін көрсетсе де радиофобия жаңа базалық стансалар мен басқа жабдықтардың орнатылуына қарсылық тудыруда.

Осы проблемаларды еңсеру үшін халықпен түсіндіру жұмыстарын жүргізу маңызды. Сондықтан осындай проблемалар туындаған кезде әкімдіктер мен санитарлық-эпидемиологиялық қызметтер (СЭС) өкілдерінің қатысуымен түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар