Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Балықшаруашылығында бетбұрыс байқалады

Балықшаруашылығында бетбұрыс байқалады
Ашық дереккөз
Төрт түлік өсіруді атакәсіп ретінде бағалап келген ауыл халқы қазіргі уақытта балық өсіруге де ден қоя бастады. Бұған балықшаруашылығын дамытуға Мемлекет басшысының тікелей қолдау көрсетуі себеп болып, соның арқасында кейінгі жылдары акваөсіруге баса назар аударыла бастады.

АКВАӨСІРУГЕ ҚОЛДАУ КӨП

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында балықшаруашылығына да ерекше мән беру керектігін айтқан болатын. Сондай-ақ өңірлердегі халықпен кездесу барысында Президент салаға жауаптыларға балықшаруашылығын дамыту бойынша бірқатар нақты тапсырма берді. Сәйкесінше ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау бойынша бірқатар шара қабылдады. Соның бірі – 2021 жылғы сәуірде қабылданған балықшаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы. Былтыр жыл соңында ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Орталық коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихатын өткізіп, Мемлекет басшысының тапсырмасына сай балықшаруашылығын дамыту бойынша жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар жайында баяндаған болатын. Брифинг барысында министр 2030 жылға қарай елімізде жылына 270 мың тонна балық өсіріліп, ішкі тұтыну жылына 134 мың тоннаға дейін ұлғаятынын мәлім етті. Осылайша балықтың табиғи популяциясы 7 пайызға артады деп күтілуде.

– Бағдарлама аясында қабылданған шаралардың нәтижесінде саладағы бизнестің іскерлік белсенділігінің өсуі байқалуда. Мәселен, 2020 жылмен салыстырғанда балық өсіру шаруашылықтарының саны 2 есеге артып, 383-ке жетті. Балық өсіру 9 мың тоннадан 19 мың тоннаға дейін өсті», – деді министр.

Сондай-ақ Ерлан Нұрәліұлы бизнесті субсидиялау және салықтық жеңілдіктер түрінде бастапқы кезеңде қолдау да қолға алынғанын жеткізді. Сәйкесінше бүгінгі таңда балық өсірудің бірқатар бағытын субсидиялау көзделген. Субсидия күрделі салымдарға, техника мен жабдықтарды сатып алуға, сондай-ақ балық өсіруге арналған негізгі құрамдас бөліктерге, атап айтқанда, жем, шабақ және дәрі-дәрмек сатып алуға арналған шығындарды өтеу үшін беріледі. Жалпы салалық бағдарлама аясында жыл сайын субсидиялауға бюджеттен бөлінетін қаражат көлемі ұлғаятын болады. Мәселен, өткен жылы акваөсіруді субсидиялауға 4,1 миллиард теңге бөлінді. Бұл бұрнағы жылмен салыстырғанда 4 есе көп. Сондай-ақ бизнес үшін қолайлы жағдайлар жасалып жатыр. Атап айтқанда, өндірістік және инвестициялық шығындарды субсидиялау түрінде мемлекеттік қолдау шаралары кеңейтіліп, кәсіпшілік суайдындарды балық аулаудан балық өсіруге ауыстыру жеңілдетілді. Балық өсіру шаруашылықтарын су қорғау белдеуіне орналастыру бойынша шектеулер алынып тасталып, балық өсіру тоғандарын жобалықсметалық құжаттамасыз және мемлекеттік сараптамадан өтпей-ақ, тек эскиздік жобалар негізінде салуға мүмкіндік берілді.

– Балық өсірумен айналысатындарға Салық кодексіне сәйкес арнайы режім қолданылады, яғни салық 70 пайызға төмендетілді. Екіншіден, инвестиция салушыларға  салық жеңілдіктері мен преференциялары бар арнайы экономикалық аймақта жер учаскелері беріледі. Бұдан басқа да салаға қатысты көптеген шара қабылданды. Оның ішінде шаруашылық жүргізуде көпжылдық мерзімге шарт жасасу, кейбір артық талаптарды алу, шығындарды өтеуден босату, суайдындарда шаруашылықтарды орналастырудағы шектеулер мен кейбір құқықтардың берілуімен қатар, 0,15 гектардан аспайтын тоған мен балық өсіру бассейнін салуға жобалық-сметалық құжат әзірлеу және мемлекеттік сараптама қорытындысын алу жөніндегі талаптар алынып тасталды. Сондай-ақ балықшаруашылығын одан әрі дамытуға қатысты қолданыстағы заңдар мен кодекстерге түзетулер енгізілген, – дейді Е.Нысанбаев.

Айта кетерлігі, балықшаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы аясында мыңнан астам жаңа шаруашылық құру көзделген, олардың 21-і өте ірі болмақ. Ондағы инвестициялардың жалпы сомасы – шамамен 74 миллиард теңгені құраса, балық өндіру көлемі – 15 мың тонна, жұмыс орнының саны – 200-ден астам. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан осындай қолдаудың арқасында саланың тамырына қан жүгірді. Балықшаруашылығы комитеті таратқан мәліметке сүйенсек, елімізде балықты арнайы өсірумен айналысатын 502 шаруашылық бар. Бөліп қарастырсақ, оның 364-і – көл-тауарлық балықшаруашылығы, 93-і – тоған. Сондай-ақ тізімге 27 тор қоршамада өсіру, 18 тұйықталған және бассейндік балықшаруашылығы кіреді. Былтыр 17,1 мың тонна балық өсірілген. Қолда бағылатын балықтың негізгі түрлері – тұқы (карп), албырттар тұқымдасына жататын ханбалық, яғни ақбалық (форель), бекіре тұқымдас балықтар және африкалық жайын мен асшаяндар.

ОБЛЫСТАҒЫ ЖАҒДАЙ ҚАНДАЙ?

Жамбылдықтар үшін балықшаруашылығымен айналысу бұған дейін табысты кәсіп санатында емес еді. Алайда аталған бағдарлама іске қосылғалы өңірде балық өсіріп, байлыққа кенелемін дейтіндердің қарасы көбейген. Өңірде жыл санап балықшаруашылығының әлеуеті артып келе жатқанын байқаймыз. Оны облыс аумағында көбейіп жатқан суайдындар мен осы салаға бөлініп жатқан субсидия көлемінен де аңғаруға болады. Қазіргі таңда облыста балықшаруашылығына бағытталған 2021-2030 жылдарға арналған даму бағдарламасы жұмыс істеп келеді. Бұл ретте өңірде балық өсірумен айналысатындар көбейіп, өнімдерді шетелге экспорттау мүмкіндігі ұлғаюда. Облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының орманшаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау бөлімінің бас маманы Ерсұлтан Ғалиевтің айтуынша, биыл аймақта жоспар бойынша 1 375,9 тонна балық, оның ішінде 904,6 тонна сазан, 47,3 тонна форель өсіру көзделді. Салыстыру үшін 2022 жылы 483 тонна, 2023 жылы 867,6 тонна, оның ішінде форель 623,6 тонна, сазан 244 тонна болған еді. – О с ы ж ы л д ы ң 6 а й ы н ы ң қорытындысымен өңірде 1 251,6 тонна, оның ішінде Балқаш көлінде 1 224,1 тонна, жергілікті балықшаруашылығы суқоймаларында 27,5 тонна балық ауланды. Қазіргі уақытта облыста жергілікті маңызы бар 131 балықшаруашылығы суайдыны және республикалық маңызы бар Балқаш көлінің 18 учаскесі тіркелген. Жергілікті маңызы бар 97 су объектісі 95 табиғат пайдаланушыға бекітілген. 34 балықшаруашылығы суқоймасы бос тұр. Балық аулауға квота бір жылға беріледі. 2023 жылдың 1 шілдесінен 2024 жылдың 1 шілдесіне дейін лимит 1 772,4 тоннаны құрады. Оның ішінде Балқаш көлі бойынша 1 730 тонна, жергілікті маңызы бар балықшаруашылығы суайдындары бойынша 42,4 тонна лимит бекітілген.

Бүгінде жамбылдықтар сазан өсіруге көбірек қызығушылық танытып отыр. Себебі сазанның тез өсуіне соншалықты ерекше талаптың қажеті жоқ. Шығын аз кетеді. Шамамен екі жасында сазанның салмағы 1,5-2 келіге жетеді, – дейді Е.Ғалиев.

Маман айтқан жергілікті маңызы бар 131 суқойма «Шу-Талас» облысаралық бассейндік балықшаруашылығы инспекциясының теңгерімінде. Инспекция басшысының орынбасары Қанатбек Заурбековтің сөзіне сүйенсек, өсірілетін тауарлы балық көлемі бойынша 2024 жылға 900 тонна жоспар қойылған. – Инспекция негізінен балық өсіру, оны молайту, балықты қорғау, аулау, балықтан дайын өнім шығару ісімен айналысады. Қазіргі таңда 1 101 тоннадан астамы өсірілді. Алда 2030 жылға қарай жоспарды 8 000 мың тоннаға дейін ұлғайту міндеті қойылған. Алайда балық табиғат берген байлық екенін ұмытпаған жөн. Оны заңсыз аулау, табиғатқа зиян келтіру – қылмыс. Осы жылы қаскөйлікке қарсы рейдтік іс-шара жүргізу нәтижесінде барлығы 199 құқықбұзушылық анықталды. Оның ішінде 197 әкімшілік құқықбұзушылық және 2 қылмыстық құқықбұзушылық бар. Оның 55-і сотқа және біреуі құқық қорғау органына жолданды. Салынған айыппұл сомасы 4 988,0 теңгені құрайды, оның ішінде 3 385,6 теңгесі өндірілді. Заңсыз айналымнан 551 келі балық алынды. Табиғат қорғау заңнамасын бұзғаны үшін залалдың мөлшері 2024 жылы 6 036,8 теңгені құраса, оның ішінде 423,5 теңгесі өндірілді.

Биыл «Таза суайдындары» табиғатты қорғау акциясы кезінде балықшаруашылығы субъектілері мен еріктілердің қатысуымен барлығы 120 адам, 33 авто және су көлігі жұмылдырылып, 13 тонна тұрмыстық қалдықтар және 60 данаға жуық ау құралы жиналды, – дейді Қ.Заурбеков.

Облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Олжас Баққараев та өңірде жыл сайын акваөсіру мәдениеті дамып келе жатқанын айтты. – Балық өндірісінің ұлғаюы бизнестің осы салаға қызығушылығының артуына, әсіресе салаға мемлекеттік қолдау көрсетілуіне тік елей байланысты. Балықшаруашылығының салық жүктемесін азайтуға, сондай-ақ инвестиция есебінен өтемақы алуға мүмкіндігі бар. Сондайақ олар жем құнының бір бөлігін және шабақтарды, дәрі-дәрмектерді және бағалы балық түрлерінің аналығын сатып алу құнын жабатын субсидияларға сенім арта алады. Биыл жергілікті бюджеттен субсидиялауға 281 миллион теңге бөлінді. Оның 204,3 миллион теңгесі балық азығын сатып алу шығындарының 30 пайызын субсидиялауға және 76,7 миллион теңгесі балық егістік материалдарын субсидиялауға жұмсалды. Былтыр «Kezekte.kz BALYQSHI» ақпараттық платформасы арқылы 18 тауар өндіруші балық жемі мен асылтұқымды балық сатып алу шығындарын субсидиялауға 45 өтінім берді. Шығындарды өтеуге берілген субсидиялар көлемі 222 миллион 714 мың 69 теңгені құрады.

Осы жылы балықшаруашылығын субсидиялауға жергілікті бюджеттен 200 миллион теңге бөлінді. Оның ішінде балық азығын сатып алуға кеткен шығындардың 30 пайызын өтеуге 130,1 миллион теңге, балықтың тұқымдық материалын сатып алуға 65,9 миллион теңге жұмсалды, – деген Олжас Елебекұлы балықшаруашылығын дамыту бағдарламасы бойынша облыста биыл 13 75,9 тонна, 2025 жылы 3 мың тонна тауарлы балық өндіру жоспарланып отырғанын жеткізді.

САЛАНЫ АЛҒА СҮЙРЕГЕН КӘСІПКЕРЛЕР 

Өңірде балықшаруашылығы қарқын алғанын айттық. Сөзімізге дәлел ретінде бірқатар кәсіпкерлердің тындырымды тірлігі жайында сөз қозғағанды жөн көрдік. Балық өсіруді қолға алғандардың бірі – Жуалы ауданындағы Қызыларық ауылының жас кәсіпкері Адинай Ержанқызы. Кәсіпкер өткен жылы республикалық «Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасына қатысып, 500 мың теңге көлемінде грант ұтып алған. – Былтыр біздің ауылға аудандық жастар ресурстық орталығының директоры мен мамандары келіп, жастармен кездесу өткізіп, «Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасы жайлы кеңінен таныстырды. Аталған жоба бірден қызықтырып, балықшаруашылығында бағымды сынап көрейін деген ойға келдім. Осылайша жолдасым екеуміз бизнес-жоспар жасауға кірісіп кеттік. Қысқасы, тоғанда 10 000 шабақ өсіруге арналған бизнес-жоба дайындадым. Өйткені бір жарым жыл бұрын біз ауылдың шетінен өзіміз қолдан тоған жасаған болатынбыз. Сол суайдынға шабақ жібереміз деп жоспарлағанбыз. Ал мына бизнес-жоба шабақтарды алуыма үлкен көмек болды.

Аудандық жастар ресурстық орталығына құжаттарымды, бизнес- жоспарымды өткізіп, оны ойдағыдай қорғап шығып, грант жеңімпазы атандым. Қолыма қаражатты алып, жолдасым екеуміз сазан және амур балықтарының шабақтарын сатып әкеліп, көлге жібердік. Өздеріңіз білетіндей, сазан балығы басқа балыққа қарағанда тез өседі. Ал амур балығы негізінен екіге бөлінеді, яғни ақ және қара амур балығы. Біз ақ амур балығының шабақтарын алдық. Амур балығы тағамдық құндылығы жағынан жоғары және дәмді. Бұл балықтар да ерекше қоректі қажет етпейді, – деген Адинай Ержанқызы көлдің жанына 300 түп ағаш отырғызып, жарық жүргізгенін жеткізді.

Жас кәсіпкердің болашақта көлдің жанынан ауыл тұрғындары және де басқа жақтан келіп демалатын демалушылар үшін арнайы орын ашсақ деген жоспары бар. Сондай-ақ ол келген қонақтар өздері балықты аулап, аулаған балықтарын дайындайтын орын ашқысы келеді. Мұнымен бірге дәл осындай тағы екі-үш көл жасап, балықтың басқа түрлерін көбейтсек деген ниеттері де көңілімізге қонымды болды. Осы саладағы тағы бір табысты бизнесқұрылымның бірі – Жамбыл ауданы, Гродеково ауылындағы «Сандель» шаруа қожалығы. Бұл шаруашылық отыз жылдан бері шабақ өсірумен айналысады. Бүгінде қожалықтың тәлімбақтарында 5 миллионға дейін шабақ өсіріледі. Ал шаруашылық тоғандарында күтімге алынған балықтардан 60 миллион уылдырық жиналған. Қожалық шабақты 10 миллионға дейін жеткізу мүмкіндігіне ие. Ол үшін тоған салатын тағы да 30-40 гектар жер телімі қажет. Шаруашылықтың бас ихтиологі Нұрлан Молдабековтің бұл кәсіппен айналысып келе жатқанына 40 жылға жуықтаған. 2008 жылға дейін Қарақалпақстан елінде шабақ өсірумен айналысқан кәсіпкер соңғы 14 жылдан бері аталған қожалықта еңбек етуде. Ол өз сөзінде бұл күнде еліміздегі барлық суайдындарда балықтандыру жұмыстары басталғанын жеткізді.

– Бұл қожалық үшін маңызды кезең. Уылдырықтан өсірген шабақты республика бойынша таратамыз. Қазіргі таңда сұраныс Ақмола мен Қарағанды облысының өзен-көлдеріне жауапты мамандардан түсуде. Қожалықтың пайдалануындағы 71 гектар жер телімінде ірілі-ұсақты 18 тоған орналасқан. Біз өңірімізге тез жерсінетін балықтың бес түрін өсіреміз. 2021 жылдан бері ақ амур (амур ақмарқасы), тұқы (карп) мен ақ дөңмаңдай (толстолоб), ханбалық (форель) балықтарын уылдырықтан өсіруді қолға алдық. Жуырда ғана Есіл өзенін балықтандыру мақсатында Есіл облысаралық бассейндік инспекциясының өкілдері 533 мың тұқы шабағын алып кетті. Есілдіктермен арада бизнес байланыс орнатылғалы 10 жылдың көлемі болды. Біздің қазіргі бағытымыз – шабақ өсіру. Өзіміз де бірқатар балық түрін өсіріп, уылдырығынан көбейтудеміз, – дейді Н. Молдабеков.

Шаруашылықта 18 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Балық өсіруші Расул Бекташоглы он бір жылдан бері осында еңбек етеді. – Жұмысым өзіме ұнайды. Шабақтарды өсірудің өзіндік қызығы бар. Уылдырықтан бастап бір жыл толғанша қарап, жемдеп, судың тазалығын бақылап отырамыз. Ж алақымызды уақытылы аламыз. Қазір 12 грамнан асқан бір жылдық шабақтарды балық тасымалдайтын арнайы цистерналарға салып, еліміздің суқоймаларына жөнелтудеміз, – дейді ол. Өзге аудандарда да аквамәдениет табысты дамып келеді. Мәселен, Қордайдағы «KordayFish» ЖШС-ның жанданған жұмысы облысқа белгілі. Бұл балықшаруашылығымен айналасатын фермада ханбалықтың екі түрі өсіріледі. Өнім қуаттылығы жылына 300 тонна болатын фермада балықты өңдеу технологиясы қолға алынуда. Бүгінде «Қондыбай» балықшаруашылығын ашып, еселі еңбек етіп жүрген шулық кәсіпкер Найла Қондыбаева жайлы газетімізге жазған болатынбыз. Байзақта да «Салимова Е», «Дәуітбай» шаруа қожалықтарының тірлігі тындырымды. Талас, Сарысу, Мойынқұм, Т.Рысқұлов аудандарында да саланың көшін өрге сүйреп жүрген кәсіпкерлер жетерлік.

ТОЛҒАНДЫРҒАН ТҮЙТКІЛ ДЕ ЖОҚ ЕМЕС

Саладағы түйткілдің бірі – бізде әлі де тауарлы балық өсірудің кенже қалып тұрғаны. Әлемдік деңгеймен қарасақ, тауарлы балық өсіруде Қытай мемлекеті алда келеді екен. Халқын да қосымша балық өнімімен асырап отыр. Өзбекстанда да қарқынды жұмыстар атқарылып жатыр. Ондағы көл жүйелерінде тауарлы балық өсіру әлдеқашан қолға алынған. Ал бізде жұмыс қарқыны баяу, бірақ тың бастамалар жоқ емес.

– Алдымен елдегі өзен-көлдің балығын қорғауда, оның қорын сақтауда бізде дұрыс заң болуы тиіс. Екіншіден, балық аулаудың бірнеше түрі бар. Бізде өндірістік және әуесқойлық түрде аулау жиі кездеседі. Өндірістік, яғни кәсіпшілік аулау кезінде лимит сақталмайды. Осының салдарынан табиғи судағы балық қоры азайған. Бұл жерде балық пен оның түрлерін сақтауда акваөсіру жұмыстары көп көмек береді. Бұл – балықты тоғанда, шарбақты суда, бассейнде өндіріске керекті балық түрлерін қолдан өсіру деген сөз. Әсіресе тұщы суда өсетін түрлерін дамыту қажет. Жалпы шет мемлекеттерде бұл акваөсіру өте жақсы дамыған. Бізге олардың тәжірибесін тереңдеп зерттеген дұрыс, – дейді ветеринария ғылымдарының кандидаты, доцент Қуаныш Сыздықов.

Екінші мәселе – кадр тапшылығы. Қазақ Ұлттық аграрлық зерттеу университеті, Ғылыми білім беру технологиялық платформасының атқарушы директоры Фараби Ермековтың айтуынша , балықшаруашылығында маман жетіспейді. Яғни балықшаруашылығы комитеті, балық инспекциясы мен әкімдіктердегі ихтиолог мамандар бар, бірақ онда көбінде арнайы дипломы жоқ адамдар жұмыс істеп жатыр.

Негізінде балықшаруашылығы тек табыс көзі ғана емес. Балық – адам денсаулығына да өте пайдалы азық. Оның түрінің көп, бағасының қолжетімді болғаны халыққа да, мемлекетке де үлкен олжа. Сондықтан балықты қолдан өсіріп, халыққа тиімді бағамен ұсынар кәсіпкердің қатары артқанынан ұтарымыз көп.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар