Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Алаңдауға негіз жоқ

Алаңдауға негіз жоқ
Ашық дереккөз
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, елімізге сенімді және экологиялық таза қуат көздері аса қажет. Сондықтан еліміз атом энергетикасын дамытуға баса мән беруі керек. Осы ретте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында елімізде атом электр стансасын салу мәселесіне тағы да оралып, бұған дейін айтылған республикалық референдумның нақты өтетін күнін бекітті.

Халықтық штаб мүшелері биыл 6 қазанда өтетін референдумның маңызын талқылау үшін «QazaqGaz» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы облыстық филиалында ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Жиынға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Мұқаш Ескендіров пен Бақытжан Базарбек, облыстық халықтық штабтың төрағасы Дауыл Бейсенқұлов, облыстық халықтық штаб мүшесі Оралхан Дәуіт қатысты.

– Электр энергетикасын дамыту – бүгінгі күннің басты мәселесі. Қазақстан уран қоры бойынша әлемде екінші орын алады. Бұл біздің атом энергиясына қажетті шикізаттың қайнарына кепілдік береді.Атап айтқанда, еліміздің АЭС салуда басқа елдерге қарағанда әлеуеті әлдеқайда жоғары. «Атом» десе болды, біздің халықтың есіне алдымен екінші дүниежүзілік соғыста атом қаруынан қырылған жапон, одан қала берсе Кеңес өкіметі кезіндегі талай жанның жанын жалмаған Чернобыльдағы жарылыс, Семей полигоны түседі. Біз көбіне оның қауіпті жағын ғана білеміз. Ал екінші жағы – энергия көзі тұрғысынан қарағанда, оның әлдеқайда қауіпсіз екенін, үш ұйықтасаңыз да түсіңізге кірмейтін өнімді энергия қайнары екенін біле бермейтін көрінеміз. АЭС құрылысы аяқталып, іске қосылған жағдайда қоршаған ортаға зиян келтірмейтінін бірі білсе, бірі білмейді.

Мәселен, көмір арқылы электр энергиясын алған кезде жағылған көмірдің 30 пайызы күл болып шығатыны белгілі. Күл болып шыққан көмірдің жарамсыз қалдық ретінде төгіліп жатқанын көз көруде, – деді Мұқаш Зұлқарнайұлы.

Ал Бақытжан Жұмабекұлының айтуынша, атом энергиясын әлемде дамыған елдер ғана пайдаланып жатқан жоқ. Оны біз сияқты дамушы елдер өз игілігіне жаратып отыр. – Әлеуметтік желілерде ел ішіне іріткі салатын алыпқашпа ақпараттар көп жазылуда. АЭС салуды үлкен қауіп көріп отырған азаматтардың мәліметтеріне сенбеуіміз керек. Себебі ел игілігі үшін қолға алынған бастаманы жоққа шығарып, аяқтан шалатындар өте көп.

Түсіндірме жұмыстарын жүргізу барысында тұрғындар тарапынан түрлі сұрақтар қойылуда. Мәселен, «Балқаш көліне зияны тиіп кетпей ме?» деп алаңдаушылық білдіретіндер көп. Жыл сайын Балқаш көлінің белгілі бір мөлшері буға айналып жатқанын ғалымдар дәлелдеп отыр.

Ал АЭС-те электр өндіру барысында аталған мөлшерден 10 есе төмен су қолданылып, қалдық су көлге құйылмайтынын ескерте кетейін. Ендеше болашағымыз үшін қолға алынған игі бастаманы қолдау өзіміздің қолымызда, – деген Бақытжан Жұмабекұлы 6 қазан күні өтетін референдумға бір кісідей қатысуға шақырды. Жиын соңында мекеме қызметкерлері сұрақтарын қойып, штаб мүшелері сауалдарға тиісті жауаптарын берді.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар