Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Меркілік оқушылар ұялы телефоннан бас тартты

Меркілік оқушылар ұялы телефоннан бас тартты
Ашық дереккөз
Ұлт болашағының амандығы, қауіпсіздігі – өзекті мәселе. Жаңа технологиялар мен ақпараттар заманында келешек ұрпақты дұрыс жолға бағыттау, ұлттық тәрбие беру арқылы адами құндылықтарды сақтап қалу, білімнің сапалы берілуін қамтамасыз ету бала өміріне жауапты ата-ана мен білім ошақтарының негізгі мақсатына айналып отыр.

Бүгінгі күні еліміздің білім беру жүйесіндегі негізгі тұлға педагог болғандықтан оқытудың жаңа деңгейіне көшуге байланысты сапалы білім беру міндеті мұғалімге жүктеледі. Ұстаз тек білім беріп қана қоймайды, тұлғаны қалыптастырады, біліктілікті дамытады, болашақ ұрпақты тәрбиелейді.Ал сапалы және қолжетімді білім беруді қамтамасыз ету үшін шұғыл шешімдерді қажет ететін бірқатар күрделі міндет тұр. Осы тұста ең басты міндет бала қауіпсіздігі болмақ. Бала қауіпсізді­гіне байланысты мемлекет тарапы­нан материалдық, әлеуметтік қолдау жасалуда. Ал саналы түрде берілетін адами құндылықтар қаншалықты өз нәтижесін берді десек, қоғамда белең алып жатқан жасөспірімдердің өрескел қателіктері мен балалар арасындағы қылмыс әлі де алаңдатады. Бұл біздің ұлттық болмысымыз бен дәстүрімізге, бабаларымыздан дарыған адамгершілігімізге үлкен сын. Мұндай келеңсіздік балалар арасында әлеуметтік желілерде ашықтық болғаннан бастап пайда болды деп ойлаймын. Себебі қазіргі кезде балалардың ортасы – адамдар емес, әлеуметтік желі. Өйткені ұялы телефонға телмірген оқушылар жас ерекшеліктеріне сай емес ақпараттармен танысуда.

Сабақ үстінде телефонды мақсатсыз қолдану сабақтың мазмұнды берілуіне кедергі келтіру, жасөспірімдер арасында қылмыстың болуы, бопсалау, әлімжеттік секілді әрекеттерге итермелеуде.Жыл басында Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру, тәлімгерлік және балалардың қауіпсіздігі мәселелері бой ынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Маңызды құжаттың негізгі міндеттері – жетім балаларға тәлімгерлік институтын енгізу, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, білім беру ұйымдарының басқару еркіндігін кеңейту. Заңда орта білім беру ұйымдарында смартфондарды пайдалану ережелерін бекіту қарастырылған.Жалпы оқушылардың сабақ кезінде телефон ұстауына шектеу қою дамыған елдердің тәжірибесінде бар. Мысалы, соңғы жылдары Нидерланды, Франция мектептеріне енгізіліп, баланың когнитивті ойлау мүмкіндіктерін ашу, сабақты зейін қойып тыңдауға үйрету мақсаты қойылған. Жаңа ережеге көшкен мектепте оқушылардың бір-бірімен қарым-қатынасы мен әлеуметтену деңгейі жақсарғаны анықталған. Емтихан нәтижелері айтарлықтай жақсарған. 

Ұрпақтың рухани тәрбиесін күшейтіп, денсаулығын жақсарту үшін барлық мектептерге де осындай шектеулерді енгізу қажет деп ойлаймын. Оқушылар мен ұстаздарға сабақ үстінде телефон ұстауға тыйым салу бастамасын қолдаймын. Өйткені телефон баланың ойын бөліп, алаңдатады. Бұл өтіп жатқан тақырыпты дұрыс меңгермеуге әкеліп соғатыны жасырын емес. Дегенмен түбегейлі тыйып тастауға тағы болмайды. Көптеген ата-ана қажет кезінде баласымен байланыса алмай қаламыз деп ойлайды. Егер сабақ барысында қолдану қажеттілігі туындаса, мәселен, оқушы ата-анасымен сөйлесуі керек болса, мұғаліміне ескертіп, пайдалануына болады. Шындығында, шектеу тек сабақ барысында ғана қолданылады.

«Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне апат әкеледі» деп Әл-Фараби тәрбиеге терең баға берген болатын. Иә, бұл дәлелденген қағида. Біздер дәл қазіргі уақытта ұялы телефонға тәуелді болып бара жатқан балаларымызды тек ұлттық тәрбиемізбен ғана бетін қайыра аламыз. Дос пен бауырға, үлкен мен кішіге ізет пен қамқорлық жасау қасиетін бала бойына дарытуымыз қажет екенін ескере отырып, аудандық білім бөліміне қарасты барлық білім беру мекемелерінде оқу процесі барысында «Ұялы телефондарды қолдану» ережелері бекітіліп, мектептің ішкі тәртіп ережесіне енгізілді. Ережелерді ұстану білім сапасы мен оның тиімділігін арттыруға, сонымен қатар жайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік береді. Білім алушылар өз ұялы телефондарын сақтау мақсатында әр оқу кабинетінде жасалған ұялы телефон сақтау қобдиша-жәшіктеріне ерікті түрде өткізеді. 2024 жылдың қыркүйек айынан басталған бұл іс-шара өз нәтижесін көрсетуде.

Атап айтсақ, бұл шешім оқушылардың оқу үлгерімін жақсартуға және мектептегі тәртіпті нығайтуға көп әсерін беруде. Бүгінгі күні оқушылар бұл бастаманы енгізгелі өз сыныптары арасында белсенді қарым-қатынас жасауға, сабақтың мазмұнын жан-жақты меңгеруге оң әсерін тигізгенін айтуда.Бала – біздің байлығымыз, еліміздің ертеңі. Сондықтан болашақтың жарқын болуы үшін саналы, ұлттық құндылықтарымыз бойына дарыған тұлғаны тәрбиелеу мақсатында қолға алынған жұмыстарды бірлесе жүзеге асыруға шақырамын.

Айгерім АЛТЫНБАЕВА, 
Меркі ауданы
 әкімдігі 
білім бөлімінің
 басшысы 

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Еңбегі ерен дәрігер
Алдыңғы мақала
Еңбегі ерен дәрігер

Ұқсас жаңалықтар