Медицина саласында тынымсыз тер төгіп жүрген дәрігерлердің бірі – облыстық көпсалалы балалар ауруханасының хирургия бөлімінің меңгерушісі Эльбрус Салпағаров. Балалар дәрігері Эльбрус Хаджимахмұтұлының есімі елге етене таныс.
Еліміздің түкпір-түкпірінен келген науқас балалардың дертіне дауа тауып, құлантаза айығуына сеп болған абзал жанға айтылған алғыс та көп. Мамандығымен қатар қоғамдық жұмыста да белсенділік танытып жүрген дәрігер «Архыз» республикалық қоғамдық бірлестігінің Бірлік – қарашай-балқарлардың Жамбыл филиалы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі. Ол өңірдегі этносаралық келісімді нығайтуға бағытталған барлық қоғамдық-мәдени іс-шараға белсенді қатысып, Қазақстан халқы Ассамблеясының қайырымдылық шараларынан тыс қалған емес.Эльбрус Хаджимахмұтұлы жастайынан дәрігер болуды армандап, 1971-1977 жылдары С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетін тәмамдаған. Жас маман ретінде кәсіби біліктілігін шыңдауда мемлекеттік дәрігерлерді жетілдіру институтының бағдарламасы аясында Қазан, Мәскеу, Новокузнецк қалаларында өткен мамандандырылған курстарда балалар хирургиясының өзекті мәселелерін зерттеумен айналысты.
Медицина саласының майталманы 50 жылға жуық уақытын осы салаға арнады. Осы жылдар ішінде өскелең ұрпақтың денсаулығына бейжай қарамай, басы ауырып, балтыры сыздағанның дертіне дауа таба білді. Жетпіс жастағы ардагер дәрігер қарапайымдылығымен, адалдығымен, орнықты мінезімен, еңбексүйгіштігімен көптің құрметіне бөленуде. Салада атқарған талай жылғы еңбегі еленіп «Денсаулық сақтау саласының үздігі», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 20 жыл», «Алтын дәрігер» медальдарымен, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің грамотасымен, облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, облыстық мәслихаттың Құрмет грамотасымен марапатталған.
Елеулі еңбегінің арқасында қадірлі болған ақ халатты абзал жандар қашанда құрметке лайық!
Толғанай АТАБАЙ,
«Қоғамдық келісім» коммуналдық
мемлекеттік мекемесінің жетекші сарапшысы