– Құрметті Бақтияр Бейсембайұлы! Ең әуелі, өзіңізді «AR-AI» газетінің қалың оқырмандары атынан асқаралы 60 жасқа толған туған күніңізбен шын жүректен құттықтаймыз. Шерағаның «Алпыс – тал түс» деген сөзі бар еді. Сіздің пайымыңызша, 60 қандай жас екен?
– Негізі қазақ елуден асқан адамды «ел ағасы» деп айтады. Ал 60 жас ақыл-ойдың кемелденіп, адамның кемеңгерлікке, даналыққа бет бұратын шағы. Жас кезімізде 60 жасқа келген адамды көрсек, оның қария, бір елдің ақсақалы, абызы екенін сезінетінбіз. Ал мен өзімді қария сезінбейтінім рас. Өйткені денсаулығым жақсы, қимыл-қозғалысым ширақ. Бәлкім, бұл бұрынғы адамдардың өмір сүру жасының қысқалығынан шығар. Қазір қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығы – 74 жас. Одан бөлек біреуге «Мен алпыс жасқа келдім» десем, бет-әлпетіме қарап, сенбейді. «Сені әлі елу жаста екен деп жүрсем, алпысқа келіп қалдың ба?!» деп таңғалады. Дегенмен ағайынның ақылшысы, әулеттің ақсақалы атанар алпыс жасқа келудің өзі бір ғанибет. Сондықтан мойындасақ та, мойындамасақ та ағалық жастан асып, ақсақалдық жасқа бет бұрдық.
– Енді өткен шаққа шегініс жасасақ. Азаматтың тұлға болып қалыптасуында отбасы мен ортасы үлкен рөл атқарады емес пе? Өзіңіз қайда туып-өстіңіз?
– 1964 жылы Тараз қаласында дүниеге келдім. Әкемнің туып-өскен жері – Жуалы ауданының Амангелді ауылы. Ата-бабам бақуатты өмір сүрген. Атам – Көпбосын, оның әкесі Алпысбай байдың тұқымы болған. Кеңес үкіметінің билігі олардың малын тәркілеп, өздерін итжеккенге айдаған. Сібірге айдалып, сол күйі оралмаған. Атам отбасында жалғыз ұл болғандықтан арғы атам көп ағайынды болсын деген ырыммен есімін Көпбосын қойған екен. Әкем Бейсембай 4 жасында жетім қалған. Ұлы Отан соғысына қатысып, бас құраған. Құдайға шүкір, біз отбасында сегіз ұл-қыз өстік. Мен бұрынғы Жамбыл қаласында тусам, Ақкөл ауылында дүниеге келген аға-әпкелерім бар. Өйткені әкем сол жерде ауылшаруашылық өнімдерін, шикізат және басқа да тауарларды дайындап, жинаумен айналысатын мекеменің басшысы болып еңбек етті. Өзім осы Тараз қаласында оқып, білім алдым.
Анам сегіз баланы бағып-қағып үйде отырды. Біздің сабақты еш алаңсыз оқуымызға жағдай жасап, тәрбие берумен айналысты. Әкенің мақсаты отбасын асырау болса, ананың мақсаты – баланы тәрбиелеу. Әкенің де тәрбиеге қатысы бар, бірақ ол бір сөзбен айтып, ал ана күнделікті, минут сайын тәрбиелейді. Әке қаталдықпен, ана мейіріммен тәлім-тәрбие береді. Үлкен ағам институтты қызыл дипломға бітіріп, қалалық комсомол комитетінің екінші хатшысы болды. Партия қызметінде, өнеркәсіптерде басшылық қызметтерді атқарды. Әттең, небәрі 42 жасында дүниеден өтті. Ол да бізге ағалық қамқорлығын көрсетіп, жөн сілтеді. Қазақта «Алдыңғы арба қайда жүрсе, соңғы арба сонда жүреді» деген сөз бар. Біз де ағам жүрген жолмен жүруге тырыстық. Әпкелерім де жақсы оқыды, олар да біздің тәртібімізге қарайласты. Негізі балалар бірін-бірі тәрбиелейді екен.
Оны өз ұлдарымның бойынан кішкентай кезінде-ақ көргенмін. Мысалы, үлкені кішісіне «өйтуге болмайды, рұқсатсыз ешқайда барма, ата-ананы ренжітпе» деген секілді ақылын айтатын. Баланың бір-бірін тәрбиелеуі деген сөз – осы. Бұл тәрбиелі отбасына ғана тән құбылыс. Әйтпесе қоғамда бірін-бірі тыңдамайтын, әпкесі тұрмақ, әке-шешесіне бағынбайтын балалар бар, бұл жақсы емес.Кейде менен базбіреулер «Осы жетістікке әкеңнің арқасында немесе ағайын-туыстың демеуімен жеткен шығарсың?» деп сұрап жатады. Бірақ әкем жоғары оқу орнының екінші курсында оқып жүргенімде өмірден өтті. Отбасымызда барлығымыз жақсы оқыдық, жетістікке жиған біліміміздің, отбасындағы ұл-қыздардың бауырмалдығының, біріне-бірі көрсеткен қамқорлығының арқасында жеттік.
– Еңбек жолыңызды «Жамбыл ет комбинатында» сараптаушы болып бастаған екенсіз. Осы алғашқы жұмысыңыздан қандай тәжірибе жинадыңыз?
– Аталған ет комбинатына 17 жасымда жұмысқа тұрдым. Қарапайым жұмысшы ретіндегі менің міндетім – балтамен күніне 700 келі ет шабу. Жұмыс өте ауыр еді. Ірі қара, уақ мал болсын, тек қана бір келілеп ет шабатынмын. Менің жасым 18-ге толмағандықтан құжат жүзінде сараптаушы ретінде еңбек еттім. Ет комбинатында шабылған етті сұрыптау, қаптамаларға белгі салу секілді жеңіл жұмысқа қағаз жүзінде жазылғаныммен күніне 700 келі ет шауып, кешке қарай талып түсетінмін. Уақыт өте келе оған да үйрендім. Оның бір пайдасы сол, физикалық тұрғыда өте мықты, дене бітімім келісті, білек күшім қауқарлы болып ержеттім. Десе де еңбек мені ерте есейтті.Осы ұжымда мен адамдармен қауымдасып жұмыс істеуді, тәртіпке бағынуды, қажымауды, мойымауды, ел қатарынан қалмауды үйрендім. Өз-өзімді еңбекте сынап, күш-қуатқа ие болдым.
– 1987 жылы «Инженер-гидротехник» мамандығы бойынша Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтын бітіргеніңізді білеміз. Осы салаға қызығушылығыңыз қалай ауды?
– Мектепте оқып жүргенімде сурет салуға, жетінші сыныпта сызу сызуға өте қатты қызықтым. Есейе келе Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтына оқуға түсемін деп шештім. Ет комбинатында еңбек етіп жүргенімде басшылық маған Мәскеу ет және сүт өнеркәсібі институтында оқуға жолдама бермекші болды. Бірақ мен инженер болуды қалап, бұл қамқорлықтан бас тарттым. Үлкендерден «Инженер-гидротехник» мамандығын бітірген маман сушаруашылығына қатысты барлық саланы игеретінін естігенмін. Расында да оқу орнында жан-жақты білім алдық. Институтта күндізгі сағат 16:00-ге дейін оқитынбыз. Небір білікті профессорлардан дәріс алдық. Жас болып ойын-сауық кешіне, биге бару өте сирек еді. Есіл-дертіміз сабақ оқу болғандықтан кітапханадан шықпайтынбыз.
– «Есіл-дертіміз сабақ оқу еді» дейсіз. Сіздердің кездеріңіздегідей емес, яғни барлық жағдайы жасалған қазіргі студенттерге көңіліңіз тола ма?
– Біздің мекемеден студенттер мұнай-газ саласы бойынша тәжірибеден өтіп тұрады. Оның ішінде кейбірінің «Тәжірибеден өтсем болды, өндіріс басына баруым, оқуым, бір нәрсені білуім қажет емес. Бәрібір бұл мамандықпен еңбек етпеймін, диплом алсам болды» деген сөздерін естіп, ойға шоматыным бар. Біз қайда бара жатырмыз?! Біздің кезімізде бір пәннен үш деген баға алу үшін кемі жарты кітап оқитынбыз. Барлығына бірдей топырақ шашпаймын, десе де арасында білімді керек етпейтін, оқығысы келмейтіндер бар. Студенттердің арасында тәжірибеден өту барысында 40 күннің бір күнінде мекемеге келсе, келесі күні келмейтіндері де кездесті. Тіпті тәжірибеден қағаз жүзінде өтіп, шынтуайтында, мейрамханада даяшы, сауда желілерінде сатушы болуға тырысатындар жетерлік. Ол қыз бала болса, тұрмысқа шығып, үйде баламен отырар, күйеуі асырар. Бірақ ол қырықтан асқаннан кейін не істейді? Жоспар үнемі біз ойлағандай бола бермейді. Кейін ғайыптан тайып жұмыс істеуіне тура келсе, біліксіз маман ешкімге керек болмайды, өкінеді ғой. Осыны айтып кейбір студенттерді арасында әр аптада әр бөлімнен тәжірибеден өткізіп, олардың бірдеңені біліп шығуын қадағалағаным үшін маған рақмет айтқандары болды.
Жапон елінің неге автокөлігі, тұрмыстық техникасы мықты? Өйткені олар әлем бойынша бірінші болуға ұмтылады. Аспаз, етікші, есепші болса да олар өздерін ең мықты аспаз, ең мықты етікші болуға қамшылайды. Осы жолда жатпай-тұрмай ізденеді, оқиды, үйренеді, өз-өзін дамытады. Соның арқасында алтын, күміс, мұнай секілді табиғи байлығы жоқ, жұпыны өмір сүрген Күншығыс елі қазір алдыңғы қатарға шықты.Ертеректе АҚШ студенттерін Еуропа елінде оқытты. Ол студенттердің кейбірі Еуропада қалып қойды, тағы бірі ойын-сауық қуып, білім игермей бетімен кетті. Сол кезде АҚШ-тың үшінші президенті Томас Джефферсон жастарды Еуропада лайықты білім алуға және өз білімімен АҚШ-та қызмет етуге, елді дамытуға үлес қосуға шақырды. Ол Еуропада ғылым мен өнеркәсіптің жоғары деңгейде дамығанын көріп, осы тәжірибені еліне енгізуді көздеген тұлға. АҚШ – әлемдегі дамыған елдердің бірі. Сол секілді біздің жастар шетелде оқыса да, Қазақстанда оқыса да елге қызмет етуді ойлауы керек. Біз сонда ғана алға жылжимыз.
– Тәуелсіздіктің елең-алаңында бизнес құрылымдарда басшылық қызмет атқардыңыз. Бұл салаға қадам басуыңыздың себебі неде?
– Институтты бітіретін жылы дипломды ақпан айында қорғап қойсам, өзге студенттер шілдеде қорғады. Қызыл дипломды ерте қорғағаным ескеріліп, мұғалім болып сол жерге жұмысқа тұрдым. Геодезиядан үш жыл сабақ беріп, комсомол ұйымына жетекшілік еттім. Ленинградта аспирантурада оқуға барайын деп тұрғанда ойымнан айнып, бизнеске бет бұруды жөн санадым. Сол кездерде жеке қауымдастық, яғни компаниялардың, ұйымдардың қоғамда бірлесіп жұмыс істеу үдерісі басталған болатын. Мұндай ұйымдар үшін салынатын салық мөлшері аз еді, өнертапқыштың жаңалығын өндіріске енгізген ұйымнан салық ұстамайтын. Жоғары оқу орнында жүрген соң осы істің жай-жапсарын білетінмін. Сондықтан өнертапқыш азаматтардың жаңалығын өндіріске енгізуді мақсат тұтып, «Зерде» деген атаумен ғылыми ендіруші ұйым ашып, оның директоры болдым. Бір бөлмені жалға алып, бір ғана үстелде отырып жұмыс істедім. Бірте-бірте ісім алға басып, жеке кеңсе сатып алу, көлік алу, баспаналы болу бақытын бастан өткердім. Кейінірек «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі секілді үлкен өндіріс орындарының өнімін Ресейге өткізіп, ол жақтан басқа тауар әкеліп өткізіп жүрдім. Сол кездері ғылыми-зерттеу институттарымен бірге мал емдеуге арналған ветеринариялық препарат ойлап тауып, оның шикізатын Ресейден әкеліп, өнімді кеңшар-ұжымшарларға таратумен айналыстық. Кейін ұшымшарлар таратылып, оларға берген дәрілік заттардың ақшасына қолымыз жетпей қалды, кейбірі малмен есеп айырысты. Ал ол кезде малдың құны жоқ еді. Десе де кәсіппен 1990 жылдан 2005 жылға дейін айналыстым.
– 2006 жылы «АСАР» партиясының облыстық филиалында хатшы болу арқылы саясатқа келдіңіз, оған не түрткі болды?
– Институтта жүргенімде комсомол хатшысы жұмысымен айналыстым, бірақ партия қатарында болған жоқпын. Шынын айтсақ, мүшелікке қабылдаған жоқ. Негізі комсомол хатшылары партияның қатарында болуы керек. Ол уақытта Балтық жағалауы елдері КСРО-дан бөлінуге талпынып, елімізде «Желтоқсан көтерілісі», қазақ тілін қолдау саясаты орын алған кезең еді. Мен де жастар арасында қазақ тілін қолдап, қазақ жастарына артықшылық беруді, партия қатарына қазақ жастарын тартуды, студенттерді оқуын аяқтамай жатып әскер қатарына алып кетуге қарсылық білдіру саясатын ашық жүргізе бастағанмын. Бір күні институттың партия комитетінің жетекшісі шақырып алып, партия қатарына өтуіме ұсыныс жасады. Бірақ ойымды білу үшін әңгімелесті. Мен өз ойымнан бас тартпайтынымды айттым. Ол жақтырмай, партияға өтуіме қарсылық білдірді. Шамамен 1989 жылы 2-курстан кейін студенттерді әскерге әкету КСРО бойынша тоқтатылды. Балтық жағалауы елдері тәуелсіздік алды. Кейін ол мені тағы да шақырып алып, «сенің ойың дұрыс екен» деп басқаша сөйлей бастады. Ол кезде мен бұл партияға өтудің мәні жоқ екенін іштей түйсініп қойған едім.
Өз алдымызға ел болып, күндер зулап өтіп жатқанда «АСАР» партиясы ауық-ауық кәсіпкерлерді жинап, түрлі жиындар өткізіп жүрді. Бұл партияның идеологиялық жұмысы маған ұнайтын. Оның жиындарына белсенді ретінде тұрақты қатысып жүрдім. Партия мүшесі ретінде үлкен съезге де қатыстым. Партияның облыстық филиалының жұмысы қожырап бара жатқандықтан маған оны басқару жөнінде ұсыныс түсті. Өз кәсібім бар екенін айтып, филиалды бір жыл басқарып беруге келістім. Алайда түрлі партиялар белсенді болып бара жатқаннан кейін билік партияларды біріктіруді көздеп, арада алты ай өтер-өтпесте «АСАР» сол кездегі «Отан» партиясымен бірікті. Партия қатарында жүргенде материалдық көмек сұрап талай адам келді. Оларға өзіміз кәсіп иесі болғаннан соң көмек қолын созған кездеріміз болды. Партияның кәсіпкерлерді өз қатарына тартуының бір саясаты осында жатыр. Өйткені партияға қолында қаржысы бар адам керек.
– Жер дауы бағзы заманнан келе жатқан түйткіл екені айқын. Кейінгі жылдары да бұл мәселе қоғамда өткір талқыланып жүр. Сіз облыс деңгейінде осы салаға жауапты басқарманың тізгінін ұстадыңыз. Бұл бағытта қандай жұмыстардың жүзеге асуына ықпал еттіңіз?
– «Нұр Отанда» екі жыл жауапты жұмыстар атқардым, одан кейін «QazaqGaz» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының облыстық филиалы директорының орынбасары болып жұмыс істедім. Екі жылдан кейін Қанат Бозымбаев аймақ басшысы болып келгенде облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары болып қызметке орналастым. Сол кезде Қырғыз Республикасымен арада жер мәселесі бойынша демаркация жұмыстары жүріп жатты. 716-дан астам шақырымды құрайтын шекараны шегендеуде жұмыс тобының құрамына ендім. Менің міндетім – институтта геодезист маманы болғаннан кейін картаға сызылып әкелген жердің қай жері дұрыс, қай жері бұрыс, осыны тексеру. Осындай жұмыс барысында екіге айырылған таудың екеуі де қырғыздар жағына өтіп кете берді. Шекараның кейбір учаскелері таудың үстімен жүретін болғандықтан сол тау қырғыз жақта қалуы керек деген пікірлер болды. Сол кезде екіге айырылған таудың бірін өз жағымызда қалдырып, картаны сызып бердім. Қателіктерді шығарып, бірнеше жүздеген гектар жерді өз шекарамызға алып қалдық. Сол кезде Қазақстан мен Қырғызстанның шекараға байланысты 22 кездесуіне қатысыппын. Екі жақта көптеген даулы мәселе туындап, айырқалпақты ағайындар өз көзқарасын, біз өз көзқарасымызды ұстандық. Біз де, қырғыз да бір гектар жерді алтын берсе де айырбастамау позициясында болдық. Ол елге өтіп бара жатқан автожолды, каналды алып қалдым. Бір жолы қырғыздар Бақтияр деген өздерінде жаман сөз екенін айтты. Мен бұл сөз қазақта жақсы мағына білдіретінін, Ұлы жүздің ұраны екенін айттым. Екі мемлекет арасындағы даулы жағдайдың ұлттық мүддеге сай шешілуіне осылай атсалыстық. Осы жұмыс аяқталғаннан кейін облыс әкімі басқарма басшысы етіп тағайындады. Шекара қызметіне атсалысқаным үшін арнайы медальмен де марапатталдым. Мен шекара шебінде ерлік жасамасам да мұны саяси ерліктің еленуі деп қабылдадым.
– Бір жылдары Меркі, Жуалы аудандарының әкімі болдыңыз. Аудан әкімінің қызметін атқару кезінде жергілікті тұрғындардың қандай мәселесін шештіңіз және сол аудандардың дамуына қосқан үлесіңіз туралы не айтасыз?
– Облыс әкімдігінің жер қатынастары басқармасының басшысы болып жүргенімде аудан әкімдері, басқарма басшылары Астана қаласында сынақтан өтіп, емтихан тапсырды. Сол кезде облыстағы 4 аудан әкімінің орны босады. Сол сынақтан сәтті өткен маған Меркі ауданының әкімі болып баруға ұсыныс түсті. Ол жақта үш жыл, үш күн жұмыс істедім. Өзім газ саласында тәжірибелі болғандықтан ауданды газдандыруға күш салдым. Маусым айында әкім болсам, Сенат депутаты Александр Савченко жұмыс сапарымен келгенде мәселені баяндап, сол арқылы қыркүйек айында 500 миллион теңге бөлгіздім. Облыс әкімі жобалық-сметалық құжаты жоқ істі жыл аяғына дейін бітіріп, қаржыны игере алатыныма сеніңкіремеді. Бірақ тиісті құжатты дайындатып, 5 желтоқсанда 5 лотқа бөліп, мемлекеттік конкурс арқылы бес компания 20 күнде 50 шақырым газ құбырын жүргізді. Бұл 2013 жыл болатын. Келесі жылы елді мекендерді газдандыру үшін 1 миллиард теңге 105 шақырым үшін бөлінді. Сонда түсінгенім, халыққа газ керек екен ғой. Қаржы жоқ демей, тұрғындар есігінің алдынан өткен құбырдан үйме-үй газ кіргізіп алды. Қаланың кейбір шеткі аумағында әлі де газ жоқ. Ал меркіліктер түсінде көрмеген көгілдір отынмен сол кезде қауышты. «Бізге газ керек» деп жүрген тұрғындардың шуы бірден басылды.
Жуалы ауданына әкім болып барғанымда 60-70 шақырымды құрайтын таулы аймаққа дейін газ жүргіздік. Негізі мен газ саласынан алысқа кетпеппін. Жер қатынастары басқармасына қайта басшы болу секілді қызметтерді істеп жүріп, газ саласына қайта келдім. Қазір облыс 91 пайыз газбен қамтылды.Ендігі мақсатым – үш жыл ішінде өңірді 100 пайыз газдандыру. Одан әрі зейнетке шығамын. Әр азамат қызметке келдім, кеттім деп емес, елге пайдасы тиетін шаруа бітіру керек, менің арманым – сол.
– Сіздің тарихқа ерекше қызығатыныңызды білеміз. Тараз қаласының, Жуалы ауданының аумағынан табылған Баркуаб қалашығының тарихына қатысты көптеген зерттеу жүргіздіңіз. Кейінгі кезде «Тоғызат» ойынын жаңғыртуға қатысты да ұтымды ұсыныстар айтып жүрсіз. Мұндай іспен екінің бірі айналыса бермейтіні түсінікті. Сізде мұндай дағды қай кезден бастап қалыптасты?
– 2000 жылдары облыстық «Знамя труда» газетіне 4-5 тарихи мақала жарияладым. Сол кезде тарихшылар Тараз қаласындағы бұрынғы көк базардың астында қала барын айтып, жазып жүрді. Ол уақытта қала әкімдері базарды көшіре алмады. Қаланы көшіру кез келген әкімнің жұмыстан кетуімен тынуы мүмкін еді. Өйткені бұл іс тұрғындар толқуын туындатуы ықтимал болатын. Ол жерден тарихи қаланы аршып алу үшін 20 мыңдай саудагерді көшіру, базарға келімді-кетімді адамдардың мұны түсінуі оңайға соқпады. Сауда арқылы жан бағып жүрген жұртшылық қала астында қала жатқанын білсе де ұғынуға құлқы болмады.
КСРО дәуірінде біз өз тарихымызды оқыған жоқпыз. Сол кездегі саясат коммунистік партияның съездерін оқытатын, ары кетсе қазақ тарихы хандық құрылған жылға барып тірелетін. Көне тарихты ешкім өз бетінше ізденіп оқымайтын. Тарихын білмеген ел құрдымға кетеді. Тарих сөзі арабшадан аударғанда «уақыт, күн, оқиға» деген мағыналарды білдіреді. Ал тарих ғылымының мақсаты – ұлттық құндылық арқылы халықтың рухын көтеру, өз ата-бабаңның кім болғанын білу. Бұл қоғамдық білімге саятын болғандықтан кез келген адам тарихшы болмаса да осы салаға қызығады. Мен де тарихшы емеспін, бірақ тарихқа қызықтым. Одан кейін жер саласында қызмет еткендіктен карта сызылады, тағы басқа мәселе туындайды. Сол кезде жер шын мәнінде кімдікі екенін білуім қажет болды. Сол үшін тарихымызды зерттей бастадым. Біздің Тараз қаласының пайда болғанына екі мың жылдан асып кетті. Бірақ біз әлі күнге «Екі мың жылдық тарихы бар Тараз» деп айтамыз, 2000 жылдан бері 24 жыл өтсе де осылай деп жүрміз. Бұл дұрыс емес. Әлемдегі барлық қаланың өзінің пайда болу датасы бар.
Адам біреудің қысқаша жазған хронологиясынан ештеңе түсінбейді. Сол үшін мен қазақ ұлтының қайдан шыққанын, қандай дәуірлерді бастан өткергенін түп-тұқиянынан бастап ізденіп, оқыдым. Қазақ тарихына қатысты бастапқы дереккөз ретінде танылған Иакинф Бичурин деген тарихшы өткен өмірден. Оның шын аты – Николай Яковлевич Бичурин. Ол Ресейдің Екатерина II патшайымы дәуірінде Қытайдағы тыңшысы әрі монах болған. Бичурин Қытайда 11 жыл өмір сүріп, сол жақтан 12 ат пен түйеге артылған Қытайдың Орта Азияға қатысты тарихи кітаптарын алып келеді. Оның ішінде қазақтың даласы да бар. 6 жыл сол кітаптарды орыс тіліне аударып, қазақ даласының картасын сызады. Осылайша ол Екатерина ІІ патшайымына өз жұмысы туралы баяндап, қазақ географиясы, мәдениеті, тарихы ежелгі заманнан бастау алатынын айтып, хат жазады. Ол жерде қазақтың даласын Қаңлы, Үйсін мемлекеттері мекен еткені, қандай қала бар екені жазылған. Патшайым картаны қайта жасатып, Отырар мен Түркістанды қалдырып, қалған қалаларды сыздырып тастайды. Жаңадан жасалған картада Моңғол, Қытай сияқты мемлекеттер барынша айшықталып, қазақ жеріне келгенде біздің жеріміз өркениеті болмаған, қу мекиен секілді тып-типыл болып қалады.
Екатерина ІІ патшайымның «Қазақтар өз тарихын білсе, әлемді жаулап алады» деген сөзі сол кезде айтылған. Мен сол жаңа картаны көрдім, тарихшының еңбегін де оқыдым. Сол кезде Тараз қаңлылардың қаласы және ол тарихи қала екенін білдім. Ғұн патшасы Тәңірқұтты қытайлар Шише десе, қазақтар Шөже деп атаған. Осы түркітілдес халықтардың билеушісі Қытаймен соғыста бой тасалап, қаңлылардан жер алып, екі жыл ішінде қаңлылардың көмегімен Тараз қаласын тұрғызады. Қол астына маңайындағы елді біріктіре бастағанын естіген қытайлар Тәңірқұт күшейіп кетпес үшін қалың қолмен келіп, басын шапқан. Ол қытай жазбаларында да бар. Сол кездегі қалалар ішінде Баркуаб деген де қала аталады. Ресей тарихшысы Л.Боровкова Битянь қаласын Тараз қаласының маңында болуы мүмкін деп көрсеткен. Сол қаланы көп тарихшылар, археологтар Тараздан, Отырардан іздеді. Мен де сол қаланы іздестірумен болдым. Қолыма Бичуриннің, Боровкованың еңбегі түскенде оның қайда жатқанын топшыладым. Жуалы ауданының әкімі болып тұрғанда археологтарға қазба жұмысын жүргізуді өтіндім. Біреудің үйінің ауласынан алғаш қыш құмыралар табылды. Бір жыл түртінектеп жүріп, келесі жылы бюджеттен қазба жұмысы үшін арнайы қаржы бөлдірдім. Еліміз бойынша қазба жұмысына қаржы бөлген ең алғаш аудан әкімімін. Сол кезде екі қабатты, ағашсыз салынған нысан табылды. Соның ары кетсе 5-10 пайызы ғана топырақтан аршылды. Дегенмен сол көне қаланың Жуалы жерінде жатқанын анықтадық. Бұл тарихты білгенімнің пайдасы.
– Біздің басылым – жастар газеті. Өздеріңіздей аға буын өкілдерінің өмірден түйген ой-тұжырымдары көпке үлгі екендігі сөзсіз. Осы орайда жас толқынға қандай ақыл-кеңес айтар едіңіз?
– Жастар патриот, ұлттық тарихына жетік, білімді, өз ісінің нағыз маманы болуы қажет. Бойында осы қасиеттер болмаған адам тамыры жоқ ағаш сияқты. Әр отбасы қанша бала өмірге әкелсе, оның ішінен біреуін тұлға жасауы керек. Ол үшін жастар уақытын құр ойын-сауыққа арнамай, ұлттық тәрбиеге негізделген біліммен сусындап, ғылым қуу керек.
– Әңгімеңізге рақмет!
Нұрым СЫРҒАБАЕВ