Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Шаттығы шалқыған шаңырақ

Шаттығы шалқыған шаңырақ
ашық дереккөз
Шаттығы шалқыған шаңырақ
Байзақ ауданының Қызыл жұлдыз ауылы. Уақытында талай таланттарды тудырған, шаруаға ебі барларды «Еңбек ері» атандырған берекелі елді мекен. Тәуелсіздік тұсынан бері осы ауылды мекен етіп келе жатқан өнегелі шаңырақтың бірі – Ермахан Әбдірәлиевтің отбасы. Е.Әбдірәлиев пен Фарзана Наурызбаеваның бірін-бірі көңілі қалап, екеуінің отау тігіп, шаңырақ көтергендеріне де жарты ғасыр болыпты. Бұл әрине, жарасымды жұп үшін нағыз мерейлі мереке. Өйткені осыншама уақыт өмірдің ыстық-суығына бірге төзіп, біріне-бірі сүйеу бола білу көрінгеннің қолынан келе бермейтін іс. Иә, өмір, жылдар, тағдырлар... Бәрі де күні кеше секілді еді-ау! Күйбең тірлік соңында жүріп, уақыттың қалай зымырап өткені де байқалмай қалыпты. Фарзана ананың келін атанып, киелі ақ босағаны аттағанына да тұп-тура 50 жыл! Иіргенде тәйке тұрар құлжаның асығындай сарабдал болмысы мен сөйлеп кетсе көктемгі самалдай есіле түсетін Ермахан атты азаматпен тағдырын жолықтырғанына ақ әженің шүкіршіліктен басқа айтары жоқ. Көңілдері жарасқан екі жас сонау 1972 жылы шаңырақ көтеріпті. Екеуіне ортақ ерекше қасиет – үнсіз ұғынысу. Осы қасиет арада 50 жыл өтсе де екеуінің де бойынан жоғалған жоқ. Отағасы Ермахан Әбдірәлиев Жамбыл ауданы, «Бесжылдық» ауылында өмірге келген. Ал Фарзана нағыз қаланың қызы. Тоғызыншы сыныпқа көшкен жылы ағамыз Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласына келіп оқиды. Жаңа мектепте өмірлік махаббатын кездестіреді. Алғашқы жылдары екеуі жақын дос болып араласып жүреді. Мектепті тәмамдаған соң Ермахан аға сол кездегі Жамбыл гидромелиоративті-құрылыс институтына, ал Фарзана апа Жамбыл педагогикалық институтына ағылшын тілі пәні мұғалімі мамандығына оқуға түседі. Студенттік жылдары екі жастың бір-біріне деген іңкәр сезімдері арта түседі. Қазіргідей «сүйем-күйем» деп ашық айту жоқ. бірін-бірі үнсіз түсініп, жүрекпен тілдесті. Құдды бір «Махаббат, қызық мол жылдар» романының кейіпкерлеріндей хат арқылы сөйлесті, қол ұстасып киноға барды. Кітаптағыдай ортақ достарымен бірге қыдырып, бірге жүрді. Маңайындағы дос-жарандар да екі ғашықтың махаббатына қызыға қараушы еді. – Бірге оқыған достарымыз біздің махаббаттымызды әлі күнге сөз етіп отырады. Бәрі бізге қызыға, тамсана қарайтын. Оқу бітіргеннен соң отау құрдық. Отбасылық өмірдің алғашқы жылдары жолдасымның туған ауылы Бесжылдықта тұрдық. Қаланың қызымын. Ауылдың тұрмыстық жағдайына, өміріне үйренісіп кету, сиыр сауу, самаурынға шай қою, пешке тамақ пісіру оңай емес еді. Еңбектене берудің арқасында нағыз ауылдың келіні болып шықтым. Енем марқұм Зет өте ақылды, дана кісі болатын. Бірақ мен келін болып түскен жылдары денсаулығы сыр беріп, ауырып жүрді. Атам Әбдірәлі болса – Ұлы Отан соғысының ардагері, облысқа құрметті азамат еді. Үш абысыным бар. Ол кісілермен тату-тәтті болдық. Еш шәй дескен кезіміз болған емес. Атамның бір туған бауырлары біздің үймен көрші тұрды. Күніге біздің үйге келіп шай ішіп кететін. Жаңа түскен келіннің қолынан шай ішу ол кісілерге де қызық қой. Түрлі тамақ әзірлеп беремін. Бір жолы ол кісілер тамақтанып отырып «Әй, мына келін пысық, білмейтіні жоқ екен. Бізге сыпыртқының басын пісіріп берді. Бірақ жұмсақ әрі дәмді екен» деп айтқаны есімде. «Сыпыртқының басы» деп тұрғаны қарақұмық (гречка) болатын. Қарақұмықты ол заманда көбісі біле бермейтін. Бір жылдан соң отағасының қызметі Асаға ауысты да біз сонда көштік. Ол кезде тұңғышым Ерлан өмірге келген. Партияның бұйрығы бойынша жұмысқа шығуым керек. Ал баламды қарайтын адам жоқ. Амалсыз ауылға барамыз. Қайын атам енемнің денсаулығы сыр беріп жүргенін, қарай алмай баланы жазым етіп алуы мүмкін екендігін айтып алып кетуімді өтінді. Қайтадан кері алып қайттым. Келе жатқанда «алып қалатын болды» деп егіліп барсам, кері жолда «алып қалмады» деп жылап қайттым. Қайсыбірін айтайын, қызығы мен шыжығы мол отбасылық өміріміз осылай басталған еді, – дейді Фарзана анамыз өткен күндерін еске алып. Бұл әулеттің үлкені, Әбдірәлі Тілеубердиев 104 жасқа келіп өмірден өткен. Келіні Фарзана мен ұлы Ермахан өз әңгімелерінде әкелері жайлы ерекше толғаныспен баяндады. Ол кісілердің айтуынша, Ұлы Отан соғысының ардагері Әбдірәлі қария қамшы өрудің нағыз шебері болыпты. Біраз уақыт бұрын Фарзана анамыз қатты науқастанғанда, атамның бұйымы аяқ асты қалмасын, қор болмасын деп қамшылары мен өзге де мұраларын облыстық мұражайға апарып тапсырған екен. – Әкемнің қылшылдап тұрған кезі. Ауылда мал бақты, шөп шапты. Тыныштықтың қаймағы бұзылмай тұрып, қазіргі Байзақ ауданы әскери комиссариатынан шақырту алып, әскерге аттанды. Не керек, соғыс оты тұтанғанда Мәскеу түбіндегі шайқаста неміс фашистеріне тойтарыс беруге қатысады. Ә дегенде, зеңбірекшілер ортасында байланысшы болып жүрді. Қиян-кескі ұрыс басталып, оқ қардай борағанда батальон командирінің полк басшыларымен арадағы байланысы үзіліп қалады. Батальон командирі Әбдірәліге «байланысты тез арада жалға» деп бұйрық береді. Сымды бойлап жүгіріп келе жатып, құлақ түбінен снаряд жарылып, екі қолына бірдей жарықшақ тиеді. Жүрегі шайлықпаған сарбаз күшін бойына жинап, сымның үзілген жерін тауып жалғайды. Байланыс орнағаннан кейін иек астына жақындап қалған жау танкілеріне снаряд оғы жаудырылып, тойтарыс беріледі. Сол оқиғадан кейін батальон командирі оны зеңбірек көздеушісі етіп қояды. Оттың бел ортасында жүрген әкеміздің жорық жолындағы қиын сәттері аз болмаған. Ол Днепр үшін шайқаста аянып қалмады. Ұрыс үстінде шапшаң қимылдап, жау техникаларына атқан әрбір оғы дөп тиіп жатты. Жер бауырлаған басқыншы фашистердің төбелерінен күтпеген құқайды көрсетті. Осы ерлігі үшін қатардағы жауынгер Әбдірәлі Тілеубердиев «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Ол І Украина, ІІ Украина майдандарында Кутузов орденді Қызыл тулы №208 гвардиялық полктің, №59 ауыр артиллерия бригадасының сапында Шептовка, Тернополь, Ярославль, Кенигсберг қалаларын азат етуге қатысады. Еуропаның ұрыс даласынан өтіп, Берлинге де жеткен. Рейхстагқа қолтаңбасын қалдырған. Екінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен, «Ерлігі үшін», «Сталинградты қорғағаны үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін» тағы басқа тоғыз медальмен марапатталып, Жоғарғы қолбасшы Сталиннен Алғыс хат алған. Біз жауынгер әкемізбен мақтанамыз. Немерелерімізге де үлкен аталарының ерлігін әрдайым айтып отырамыз, – дейді олар. Марқұм аналары Зет әжей де айналасын шұғылалы шуаққа шомылдырып жүретін, жүрегі ізгілікке, пейілі мейірімге толы жан болыпты жарықтық. «Ырыстың көзі – дәулетте, бақыттың көзі – әулетте» екендігін ғибратты ғұмырында терең ұғындырып кетті», – дейді Ермахан Әбдірәлиев. Отағасы Ермахан Жамбыл, Байзақ аудандарына белгілі, шебер архитекторлардың бірі, беделді партиялық қызметкер болған. Еңбек жолы 1972 жылы «Бесжылдық» кеңшарында құрылыс шебері болудан басталған. 1974 жылы халық депутаттары аудандық Кеңесі атқару комитетінің шешімімен атқару комитеті жанындағы аудандық сәулетшілік қызметке ауысты. Кейіпкеріміздің тікелей қатысуымен Жамбыл ауданының орталығы Аса ауылының бас жобасы жасалды. Іскер маман орталық алаңның және осындағы зәулім ғимараттың салынуына атсалысты. 1976 жылы Мәскеуде өткен КСРО сәулетшілер одағының, VI съезіне ауданнан Е.Әбдірәлиев делегат болып қатысты. Ол сол жылы Қазақстан халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінде дипломант атанды. Еліне сыйлы болған ағамыз 1983-1984 жылдары аралығында Жамбыл аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінде нұсқаушы, мұнан кейін партия комитетінің хатшысы қызметтерінде болды. Бұл қызметті ол 1987 жылға дейін атқарды. Осы жылдан бастап аудандық автожол бөлімін басқарды. 1999 жылдан «Отан» Республикалық партиясы аудандық филиалының атқарушы директоры болды. Отанасы Фарзана жолдасы қайда болса сонда жүрді. Үйдегі жарының түздегісін сай етіп, қас-қабағына қарап, бар жағдайын жасады. Өзі болса ағылшын тілінің маманы, талай білімді шәкірт тәрбиелеген ардагер ұстаз. Білім саласының үздігі. Анамыз тату-тәтті отбасының құпиясы ерлі-зайыптылардың арасындағы түсіністікте жатыр дейді. – Бақыт пен махаббат. Бұл екі ұғым қай уақытта болмасын қатар жүреді. Олар бар жерде сүйіспеншілік, сыйластық пен шаттыққа толы отбасы болады. Бәлкім, нағыз жанұяның басты сыры да осы шығар. Осы уақытқа дейін біз екеуміздің арамызда ешқашан ұрыс-керіс, жанжал болған емес. Бірімізді-біріміз тыңдай білеміз, сыйлай білеміз. Құдайға шүкір деймін екі ұл, екі қызды өсіріп жетілдірдік. Немерелеріміз оқуларында озат, кішіпейіл. Бибінұр Назарбаев зияткерлік университетінде оқыса, Еуразия ұлттық университетінде білім алып жүрген немерем Ақерке қазіргі таңда Испанияда іс-тәжірибеден өтіп жүр. Ал Ер-Әлі әншілігімен көзге түсіп жүрген жас талант. Әрдайым жолы ақ болсын, осы жамандарымыз аман болсын, – дейді шаңырақ иелері. Өткеніне өкпесі жоқ, бүгініне шүкіршілік ететін, болашағына да ұрпағымен үлкен үмітпен ұмтылатын бұл үйде әрдайым өзара түсіністік, керемет сыйластық бар. Отағасы да, отанасы да ағайынның ауызбіршілігін ойлайды, өмірден өз жолдарын тапқан ұл-қызының әр оңды ісіне қуанады. Ержеткен немерелерінің алғашқы сәтті қадамдарына сүйініп, ақылын айтып, ақ жол тілеуден жалықпайды. Кішкенелеріне үлкендік үлгісімен, өрісті өнегесімен тәлім-тәрбие беруді маңызды, мәнді міндеті санайды. Әйтеуір, түтіні түзу шыққан, шаттықтың шамы жанған шаңырақтың әр күні адамдық туын асқақ көтерген алуан істерге, жанға жағатын жақсы тірлікке толы. Тегінде, шын мәніндегі отбасылық бақыт дегеніміз осы шығар. Азаматтықтан абызға дейінгі жолда сүрінбеген абыройлы ата-әжеге «Алтын тойларыңыз» құтты болсын, алдағы алтын таңдарыңыз арайлап ата берсін дейміз.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар