Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қазақстанның табысты қадамдары

Қазақстанның табысты қадамдары
Ашық дереккөз
2024 жылғы UN E-Government Survey есебі бойынша, Қазақстан электронды үкіметті дамыту бойынша әлемдік рейтингте 24-орынға көтерілді. Яғни еліміз алдыңғы жылдардағы көрсеткішпен салыстырғанда 4 сатыға жоғарылаған. Рейтингтегі оң өзгеріс еліміздің цифрландыру саласындағы жетістіктерін және мемлекеттік қызметтердің тиімділігін арттырудағы прогресті айғақтайды.

Бұл – Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы рейтингіне қатысу тарихындағы ең үздік нәтижесінің бірі. Рейтингте БҰҰ сарапшылары электронды қызметтердің дамуын, адам капиталын және телекоммуникациялық инфрақұрылымды бағалауға басымдық берген.

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жасұлан Мәдиев UN E-Government Survey есебі біздің цифрландырудағы және тиімді мемлекеттік басқаруға қол жеткізудегі жетістіктеріміздің дәлелі болатын маңызды көрсеткіш екенін атап өтті.

– БҰҰ рейтингі екі жылда бір рет жасалады, ол 193 елді бағалап, электронды қызметтердің дамуы, адам капиталы мен телекоммуникациялық инфрақұрылым сияқты негізгі аспектілерді ескереді. Жоғары жетістік – бірлескен жұмыстың нәтижесі. Біз қызметтерімізді әрбір отандасымыз үшін қолжетімді, қауіпсіз әрі инновациялық ету үшін жұмысты жалғастыра береміз, – деді Ж.Мәдиев.

БҰҰ-ның E-Government Survey есебінде негізгі көрсеткіштер де аталған. Айталық, Қазақстан өте жоғары EGDI көрсеткіші бар елдер тобына кіріп отыр. Яғни еліміз 24-орынды иеленіп, Израильден кейінгі орынға жайғасқан. Осылайша электронды үкіметті дамыту индексі (EGDI) өте жоғары елдер қатарына енген.

Осы жылдың рейтингінде Қазақстаннан кейінгі орындарда Уругвай (25-орын), Швейцария (26-орын), Түркия (27-орын), Франция (34-орын), Қытай (35-орын), Канада (47-орын) орналасқан.БҰҰ-ның 193 мүше мемлекеті бағаланған биылғы рейтинг 2022-2023 жылдары жиналған деректерге негізделген.Ал онлайн-қызметтер индексі (OSI) бойынша Қазақстан 10-орынға ие болып, әлемдік рейтинг көшбасшылары – Оңтүстік Корея, Дания және Эстониямен қатарласты. Сондай-ақ Қытай, Германия, Аустралия сияқты елдерден озып, осы саладағы алдыңғы қатарлы елдер қатарына кірді. ТМД елдері арасында көшбасшылықты бермей келеді. Қазақстан ТМД елдері арасында Ресей Федерациясынан (43-орын), Армениядан (48-орын), Өзбекстаннан (63-орын), Әзербайжаннан (74-орын) озып тұр.

Теңізге шыға алмайтын елдер арасындағы жоғары жетістіктерге (LLDC) де тоқтала кетсек. Қазақстан – осы санаттағы елдер арасында 0,9009 EGDI индексімен үздіктер топтасқан V3 класындағы 1-орынға ие. Одан кейінгі орындарды өзара бөліскен Моңғолия, Армения, Өзбекстан, Молдова және Әзербайжан елдері биылғы көрсеткіштерінің өте жоғары болуына байланысты EGDI тобына бірінші мәрте қадам басып, осы ортадан табылып отыр.

Теңізге шыға алмайтын, балдары өте жоғары елдердің ішінде EGDI рейтингінде ең үздік қарқынды Моңғолия көрсетті. Моңғолия 28 сатыға көтерілсе, одан кейінгі Армения 16 сатыға көтерілген. Демек, біздің ғана емес, жақын көрші елдердің де EGDI индексі жақсарып келе жатқанын аңғартады. Яғни Қазақстан осы көрсеткіштерден қалып қоймау үшін саладағы жобаларға жан бітіріп, қамшыны барынша басқаны жөн.

Телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту бағыты бойынша да біршама оң нәтиже бар. Еліміз телекоммуникациялық инфрақұрылым индексі (TII) бойынша өз позициясын 23 орынға жақсартып, 41-орынды иеленді.

Сондай-ақ есепте Қазақстан цифрлық инфрақұрылымға белсенді түрде инвестиция салып, жасанды интеллект, блокчейн және заттар интернеті (IoT) сияқты озық технологияларды енгізу арқылы цифрлық трансформация саласында айтарлықтай ілгерілеуге қол жеткізгені атап өтілген. Бұл бастамалар басқаруды және мемлекеттік қызмет көрсетуді түбегейлі өзгертті, оларды қолжетімді әрі ашық етті.Осы ретте Қазақстан, Түркия және Қытаймен бірге Парсы шығанағы елдері де керемет жетістіктерге жеткені аталады. Сондай-ақ мемлекеттік басқару және қызмет көрсету салаларын цифрландыруға деген ұмтылысымыз жоғары екені де есепте ескеріліп, аталған бағыттағы жұмыс цифрлық сауаттылық пен инженерлік-коммуникациялық технологияларға басымдық беретін ұлттық стратегиялармен нығайтылғаны көрсетіліпті.Осылайша аталған елдердегі қарқынды даму олармен көршілес елдерге де көбірек әсер етіп, цифрлық трансформацияның өсуі аймақтық сипатқа ие болды. Яғни Қазақстан жағдайында ұлттық инженерлік-коммуникациялық технология және цифрлық сауаттылықты дамыту стратегиясы, сондай-ақ мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсартуға баса назар аудару еліміздің әлемдік рейтингтерде одан әрі өсуіне және оны әлемдегі цифрлық трансформация көшбасшыларының бірі ретінде нығайтуға ықпал етіп келеді.

Жалпы цифрлық технологияларды дамыту ісінде Қазақстан оңтайлы бастамаларды қолға алғанына біраз жыл өтті. Десе де Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырдағы Жолдауында еліміз цифрландыру саласында қол жеткізген жетістіктерін еселей түсуге тиіс екенін атап өтті. Яғни «Электронды үкімет» платформасына жасанды интеллект технологиясын барынша енгізуіміз қажет.

Мемлекет басшысы: «Қазақстан жасанды интеллектті кеңінен қолданатын және цифрлық технологияларды дамытып жатқан елге айналуға тиіс. Бұл – Үкіметтің басты міндетінің бірі. Парламент депутаттарын осы жұмысқа атсалысуға шақырамын. Келесі жылы Астанада Жасанды интеллект ұлттық орталығын іске қосу керек. Бұл орталық оқушылар, студенттер, ғалымдар және кәсіпкерлер үшін әрдайым ашық болады», – деді.

Бұған қоса Президент цифрлық активтер мен майнингті заңмен реттеп, криптобиржаларды одан әрі дамыту ісін жалғастыру керектігіне де тоқталды. Мемлекет басшысының тапсырмасының талабына үңілсек, оның арғы жағында ақпараттық технологияларды әлі де дамыта түсу міндеті тұр.

Келесі жылы Каспий теңізі арқылы өтетін талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жобасы аяқталғалы отыр. Жолдауда аталған жоба да айтылды. Өйткені оның еліміз үшін маңызы зор екені анық. Себебі байланыс желісі бізге мәліметтердің халықаралық арнасымен, трансшекаралық ағынымен байланысты цифрлық инфрақұрылымды құруға зор септігін тигізбек.

Біз талдаған биылғы UN E-Government Survey есебі Қазақстанның жаһандық деңгейдегі жетістігін көрсетумен қатар, телекоммуникация желілері мен дата орталықтарын жетілдіру, киберқауіпсіздік стандарттарын енгізу және мамандардың біліктілігін арттыру секілді маңызды салаларда жұмыс істеуді жалғастыру қажеттігін ескертеді. 

Технологиялық өзгерістерді игеру – еліміздің цифрлық дамуындағы маңызды қадам. 

Айжан ӨЗБЕКОВА
 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар