Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қамысты бос ұстасаң, қолыңды кеседі

Қамысты бос ұстасаң, қолыңды кеседі
Ашық дереккөз
Бала – ел болашағы, ұрпақ тәрбиесі – ұлт ертеңі. Ақ пен қараның аражігін ажырата алмас аңғал шақта аңдамай шалыс басып, қатеге ұрынған бала өз тағдырына балта шауып, өмірін өкініш пен өксікке толтыруы мүмкін.Қылмыстың туындауына тосқауыл болу үшін құқықтық тәрбие жұмыстарын жетілдіру, әлеуметтік қиындығы бар отбасылармен тығыз байланыс орнату – бала өмірінің қоғам назарынан тыс қалмауы үшін аса маңызды.

Жуырда Шу қаласындағы №40 мектеп-лицейдің мәжіліс залында аудандық полиция бөлімі басшылығының ұйымдастыруымен қоғамды алаңдатқан осы бір күрделі мәселе кеңінен қаралды. Іс-шараға Шу аудандық полиция бөлімі басшысының міндетін атқарушы Дінмұхамед Лашынбай, ювеналды полиция тобының аға инспекторы, полиция аға лейтенанты Қырықбай Иманбаев, криминалды полиция бөлімшесінің бастығы, жоғары сынып оқушылары мен олардың ата-аналары, мектеп мұғалімдері қатысты.

Жиында бүгінгі қоғамда жиі көрініс беріп отырған жасөспірімдер арасындағы қылмыстық істердің алдын алу, оны болдырмау мәселелері талқыланып, оқушылардың қылмыстық істерге бой алдыруы кезінде оларға заң аясында қандай тәртіптік шаралар қолданылатыны түсіндірілді. Сондай-ақ құқықбұзушылыққа бой алдырған жасөспірімдердің ата-аналарының заң аясында қандай жауапкершілікке тартылатыны да сөз болды.

Бұған дейін осыған ұқсас тақырыптардағы жиындар тек ата-аналармен өткізіліп келген болатын. Бұл жолы оқушылар арнайы шақырылып, қоғамда орын алып жатқан қылмыстық оқиғалар мен оған кінәлі тұлғаларға қандай жаза қолданылатынын тиісті орган өкілдерінің өз аузынан естігені екі жаққа да, яғни құқық қорғау саласы қызметкерлері үшін де, ата-аналар үшін де тиімді болғандай.

Жиында  аудандық полиция бөлімі басшысының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Дінмұхамед Лашынбаев ата-аналарды бала тәрбиесіне селқос қарамауға шақырды.

– Былтыр жыл бойы жасөспірімдер арасындағы электрондық темекі мәселесімен күресіп келдік. Бәлкім, электрондық темекі жаман әдеттің бастамасы шығар. Кейін оны қолданған бала ішімдікке де, есірткіге де бой алдыруы ғажап емес. Белсенді қарсылықтың нәтижесінде Үкімет электрондық темекіні заңға қайшы әрекет ретінде қарастырып, оны сату бойынша заң аясында жауапкершілік енгізді. Енді биыл төбелестен көз ашпадық.Тәрбиенің бастауы – отбасында. Сол себептен ата-аналар  баланы жіті қадағалап, тәртібіне ерекше көңіл бөлген жөн, – деді полиция бөлімі басшысының міндетін атқарушы.

Сондай-ақ осы жиынға өзінің қызметкерлерін балалармен таныстыру үшін арнайы ертіп келгенін айтып, инспекторларды орнынан тұрғызып, көпшілікпен таныстырды. Оқушыларға алдағы уақытта құқық бұзған бала үшін заң тарапынан аяушылық болмайтынын, сол себептен қазірден бұзақылыққа бармау қажеттігін түсіндірді. Егер беймезгіл уақытта немесе бұзақылықпен қолға түскен жағдайда инспекторлар оқушылармен өзара оқу-жаттығу немесе түсіндіру жұмыстарын жүргізбейтінін, бірден темір тордың арғы жағына тоғытатынын ескертті. 

Дінмұхамед Лашынбай өзге де өзекті мәселелерді алға тартты. Солардың бірі – интернет алаяқтық. Айтуынша, банк қызметкері, полиция қызметкері болып хабарласқандарға алданып қалып жатқандар жоқ емес. Арасында түрлі заттар сату, пирамида бойынша да орын алатын алаяқтық әрекеттер бар екен. Сондықтан еш жерде оңай олжа жоқтығын ескеріп, мұндай сәтте бірден «102» нөміріне хабарласуға шақырды. 

Полиция бөлімі қызметкерлерін алаңдатқан тағы бір жаға ұстатарлық мәселе – жасөспірімдер арасындағы ерте жүктілік. Өкінішке қарай, бұған қатысты қылмыстық әрекеттер осы ауданда да кезігіп отыр. Мысалы, соңғы факт бойынша айтар болсақ, 9-сынып оқушысының 28 апталық жүктілігінің анықталуы. 

– Бұл жастағылар жыныстық қатынастың соңы неге апаратынын түсінбеуі де мүмкін. Бірақ қыз бала жыныстық қатынасқа өз келісімі бойынша барғанын айтса да бала алты жыл, сегіз айға сотталып кетті. Мұндай кездесудің мектеп қабырғасында болмайтыны айдан анық. Сондықтан бұл отбасында ата-ана тарапынан қадағалау жоқ деген сөз. Бұл тұста ескеретін жайт, мұндай әрекет ұлдардың зорлығынсыз немесе қыз балаға күш көрсетуінсіз орын алатын болса да жігіт кінәлі адам ретінде заң аясында жауапқа тартылады. Сол себептен отбасында бала тәрбиесіне немқұрайдылық болмауы қажет, – деді Д.Лашынбаев.

Жиынға қатысқан жергілікті прокуратура қызметкері, прокурордың көмекшісі Нұрлыхан Бахадыр да көтерілген мәселе төңірегінде балаларға қажетті кеңесін айтып, саналы азаматтар қатарынан көрініп, соған лайықты қоғам мүшесі болуға үндеді.

Динара Батырхаирова,
журналист,
Шу ауданы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар