«Ақбұлақ» ықшамауданында «Тұмар» атты шағын дүкен орналасқан. Шағын болса да сәнді, жинақы. Дүкен сөрелерінде халық күнделікті тұтынатын өнімдер, түрлі тұрмыстық керек-жарақтар самсап тұр.
Дүкен иесі Сослан Марзоев өзге ұлт өкілі болса да қазақшаға судай. Мақалдың майын тамызып сөйлегенде кез келген қазақты сүріндіреді. Талас ауданы, Қаратау қаласында дүниеге келген Сослан Магамедұлының қазақы ортада өсуі, тәрбиеленуі және мектептегі ұстазы Гүлнар Бекбосынқызының арқасында қазақ тілін жетік меңгерген.
Сослан азық-түлік фирмасында сауда өкілі болып істеп жүріп жеке кәсібін ашуды ойластырады. Түркиялық фирмада жүріп қарапайым сауда өкілінен бөлім басшысына дейін көтеріліп, мол тәжірибе жинақтайды. Кейінірек өзгеге емес, өзіне жұмыс істегеннің тиімді екенін ұққан С.Магамедұлы ақыры көздеп жүрген жерінен дүкен ашады.
– Дүкен ашқанда айналасында гипермаркеттер, суперматкеттер, дүкендер желісі болмауы қажет. Ең бірінші осыған мән бердім. Егер дүкендер желісі болса, сатып алушылар міндетті түрде сонда кіреді. Себебі олар тауарды көтермелеп алады. Арзан алғандықтан елге арзан сатады. Біз секілді шағын дүкендер шағын бизнес өкілі ретінде қанттың 25 келісін 9 250 теңгеге аламыз. Ал алып сауда дүкендері тікелей зауытпен жұмыс істейді. Олар тонналап зауыт бағасымен 8 500 теңгеге алады. Сондықтан да олар сәл арзандау сатады. Біз де көп қоспаймыз. Қарапайым адамдар кейде түсінбей жатады. «Сендерде неге баға қымбат? деген секілді шағым айтады. Қайсыбіріне түсіндіре береміз, – дейді Сослан Марзоев.
Қазақ тіліне құрметі ерекше, кішіпейілділігі мен адамгершілігі де бір төбе Сослан Магамедұлының кәсібіне табыс, сәттілік тіледік.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА