Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Ауыл аманаты» халықтың әл-ауқатын арттыруда

«Ауыл аманаты» халықтың әл-ауқатын арттыруда
Ашық дереккөз
Облысымыздан бастау алып, бүгінде ел деңгейінде жүзеге асып жатқан «Ауыл аманаты» жобасы аз уақытта-ақ тиімділігін дәлелдеп үлгерді. Мыңдаған қазақстандық жарқын жоба шеңберінде жеңілдетілген несие алып, кәсіп бастап, тұрмысын түзеуге мүмкіндік алды.

Өткен жылы облысымызда «Ауыл аманаты» жобасымен 51 ауылдық округ қамтылыпты. Яғни 25,5 миллиард теңгеге 4 076 жоба қаржыландырылып, 152,2 мың мал мен 65 ауылшаруашылық техникасы сатып алыныпты. Ал биыл 10,5 миллиард теңгеге 1 200 жобаны қаржыландыру жоспарланып отыр. Осылайша 2025 жылы 10 мыңнан астам өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, жұмыссыздар жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, ауылдық елді мекендерде 500-ден астам шағын кәсіпорын ашылады деп болжануда.Мәселен Шу ауданындағы Қорағаты ауылының тұрғыны Нұрғали Жексенбиев – «Ауыл аманаты» жобасының жемісін көріп отырған тұрғындардың бірі. Нұрғали 2018 жылы туған жері Шу ауданы, Төле би ауылынан «Нұршуақ» балабақшалар желісін ашып, ауылдағы кішкентай бөбектердің жағдайын жасаған. Балабақша ашқан жылдары ауыл тұрғындары, ақсақалдары кәсіпкерге тігін цехын ашу туралы өтініштерін айтыпты. Әрі мектеп оқушыларын түрлі тегін үйірмемен қамтуды да сұрапты. Елдің өтінішін жерге тастамай, сұранысты былтыр қанағаттандырыпты. Бірінші «Даму бала» жобасымен ауыл балаларын сан түрлі үйірмелермен қамтыған. Кейін «Нұршуақ» тігін шеберханасын ашқан. Бүгінде шеберханада 4 адам жұмыс істейді. Алдағы уақытта тағы 40 адам жұмыспен қамтылады.  – 2023 жылы желтоқсан айында «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде 6 миллион теңге алдым. Сөйтіп, Сәкен Сейфуллин көшесінің бойындағы ғимаратты жалға алып, тігін цехының жұмысын бастап кеттік. 40 тігін машинасын сатып алдық.

Бүгінгі таңда цехта әртүрлі дизайнда құрақ көрпе, сыпыралар, төсек жабдықтары, сөмкелер, балабақша жаялықтары, той қоржындары тігілуде. Өнімдерімізге сұраныс жоғары. Ауданымыздағы балабақшалар көп тапсырыс береді. 

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова, облыс әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек, ауыл әкімдері цехымызға келіп, тыныс-тіршілігімен танысып, жұмысымызға оң бағасын беріп кетті. Дегенмен жетістікке тоқмейілсімей, кәсібіміздің көкжиегін кеңейту бағытында жұмысымызды жалғастыра береміз. Осы орайда кәсібімізді дамытуға қолбайлау болып тұрған бір мәселе бар екенін айтпай кетуге болмайды. Яғни тігінші табуда қиындықтар туындап отыр. Егер мемлекет тарапынан жұмысшылардың жалақысының жартысы төленсе, 40 адамды тұрақты жұмыспен қамтитын едік, – дейді кәсіпкер. 

Осы орайда айта кетейік, вице-премьер Тамара Дүйсенқызы «Нұршуақ» тігін шеберханасына барғанда туындаған мәселелерді шешу бойынша мемлекеттік қолдау көрсетілетінін жеткізді.

 – Қазіргі таңда «Күміс жас» бағдарламасы жүзеге асуда. Одан бөлек мемлекет тарапынан субсидияланатын әлеуметтік жұмыс орындары тетігі бар. «Жастар практикасы» жобасын да қарастыру қажет. Жалпы айтқанда, ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартуға бағытталған қолдау шаралары аз емес. Олар туралы кеңінен насихаттау қажет, – деп атап өтті Тамара Дүйсенова.

Ал Байзақ ауданы, Мәдімар ауылының тұрғыны Жамбыл Тілешов жаңқаға жан, темірге тіл бітірген қолөнер шебері. Он саусағынан өнер тамған ұста көнеден үзілмей келе жатқан кәсіпті «Ауыл аманаты» жобасы арқылы дамытып, көпке үлгі көрсетіп отыр. 

– Жеке кәсібімді бастағанға дейін басқалардың қол астында жұмыс істедім. Бір күні «Қолымнан келетін ісімді дамытып, неге жеке кәсібімді ашпасқа?» деген ой келді. Сөйтіп, ойлана келе, мемлекеттің берген мүмкіндігін тиімді пайдаланайын деген шешім қабылдап, «Ауыл аманаты» жобасымен 4 миллион теңге несие алдым. Алдымен ағаш кесетін құрал-жабдықтарды сатып алдым. Арнайы жонатын, кесетін, бояйтын станоктар өте қымбат тұрады. Сондықтан қолданылғандарын сатып алдым. Бүгінгі таңда үйімнің ауласында шағын кәсібімді дөңгелетіп отырған жайым бар. Күз түсіп, құрылыс жұмыстары саябырсып қалды. Сол себепті тапсырыс та аз. Дегенмен қол қусырып қарап отырған жоқпын. Ауыл тұрғындарынан, таныстардан түрлі тапсырыстар түсіп жатады.Болашақта басқа да керекті құрал-жабдықтарды сатып алып, жұмыс ауқымын ұлғайтуды жоспарлап отырмын. Дегенмен жаңа станоктар өте қымбат тұрады. Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Азаматтар, әсіресе ауыл тұрғындары заңды түрде табысты жұмыс істеп, болашағының қамын өзі ойлауы керек. Оларды осыған ынталандыру – мемлекеттің басты міндетінің бірі.

Былтыр «Ауыл аманаты» жобасы басталды. Нәтижесі жаман емес. Енді осы жоба аясында тағы бір жаңа тәсілді, яғни «тауар несиесін» беру мәселесін қарастыру қажет», – деді. 

Егер тауар несиесін беру тезірек шешілетін болса, біз секілді кәсібін енді бастаған кәсіпкерлерге үлкен қолдау болатын еді, – дейді ұста. 

Жуалы ауданы, Көлбастау ауылының тұрғыны Зауытбай Тажетдинов та жоба шеңберінде 8 миллион теңге несие алып, көлік жөндеу орталығын ашқан. 

– Қазір әр үйде кемінде бір көлік бар десек, еш қате емес. Сондықтан көлік жөндеу орталықтарына сұраныс өте жоғары. Күніне талай көлік келеді. Үлгергенімше жөндеп беремін. Тіпті көлігін жөндету үшін Тараз қаласынан арнайы келетін тұрақты клиенттерім де баршылық. Көліктің қай жері бұзылғанына байланысты 30 мыңнан бастап ақысы көтеріле береді.

Қалалық жерде көлік жөндейтін қай орталыққа барсаңыз да көбіне өзге ұлт өкілдерінің уақытпен санаспай жұмыс істеп жатқанын көресіз. Сондайда «Неге менің замандастарым бұл жұмысты істей алмайды? Жоқ әлде шынымен қолдарынан келмей ме?» деген ой мазалайтын. Сөйтіп, оқыған мамандығымды ысырып қойып, көлік жөндеу көшін өзім бастауға бел будым. «Ерінбеген етікші болады» дегендей, өз саламның нағыз маманымын, – дейді Зауытбай мырза.

Осылайша «Ауыл аманаты» жобасы арқылы қоғамдағы жұмыссыздық секілді көптеген өзекті мәселе оң шешім табуда. Жергілікті ауылшаруашылық тауарын өндірушілерді жан-жақты қолдауға және ауыл халқын кәсіпкерлікке тартуға бағытталған жоба жаңа жұмыс орындарын ашып, ауыл халқының табыс көзіне айналды.

Эльмира БАЙНАЗАРОВА 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар