Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Қауіпсіз ел» – қауіпсіз болашақ

«Қауіпсіз ел» –  қауіпсіз болашақ
Ашық дереккөз
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен бекітілген «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасы аясында өңірде қолға алынған жүйелі жұмыстар көп. Дегенмен облыстық полиция департаментімен биылғы жылдың 8 айында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша тиісті жұмыстар атқарылып жатқанына қарамастан ахуал әлі де оңалмай тұр. Есепті кезеңде жол-көлік оқиғаларының саны 65,8 пайызға өсіп, дене жарақатын алғандар саны 70,9 пайызға артқан. Ал қаза болғандар саны 6,9 пайызға төмендепті.

ЖОЛ-КӨЛІК ОҚИҒАЛАРЫ
 ҚАЙТСЕ АЗАЯДЫ? 

Талдау көрсеткендей, былтыр республикалық маңызы бар жолдарда, ал биыл елді мекендердегі жергілікті маңызы бар және көше-жол желісінде жол-көлік оқиғалары көп тіркеліпті. Жол маңыздылығы бойынша қарайтын болсақ, республикалық маңызға ие автожолдарда жол-көлік оқиғаларының саны 5,9 пайызға және дене жарақатын алғандар саны 29,2 пайызға ұлғайған. Қаза болғандар саны 14,6 пайызға төмендеген. Сондай-ақ жергілікті маңыздағы автожолдарда жол-көлік оқиғаларының саны 85,7 пайызға және дене жарақатын алғандар саны 95,3 пайызға өскен. Ал қалалар мен елді мекендердегі көше-жол желісінде жол-көлік оқиғаларының саны 93,2 пайызға, қаза болғандар саны 42 пайызға және дене жарақатын алғандар 95,6 пайызға артқан.

Жалпы жол-көлік оқиғалары жүргізушілер тарапынан жылдамдық асыру, қарама-қарсы бағытқа шығу, маневр жасау, жол белгілеріне мән бермеу, жаяу жүргіншілерді қағу, бағдаршам объектілерін елемеу себептерінен орын алуда. Осыған орай қызметтік тергеу жүргізіліп, өздерінің лауазымдық міндеттерін тиісті деңгейде орындамай, жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстарды ұйымдастырмағаны үшін 116 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылған. 

Облыстық полиция департаментінің берген дерегіне сүйенсек, жол-көлік оқиғалары өсуінің негізгі себептерінің бірі – автокөлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздік талаптарын сақтамауы, жол инфрақұрылымы мен автокөліктердің ескіруі, еңбек және демалыс режимінің бұзылуы. 

Департамент тарапынан осы ретте жол апаттарының алдын алу мақсатында «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолымен жүретін көлік құралдарының ағынын ілеспе (сопровождение) алып жүру бойынша жұмыстар күнделікті жүргізілуде. Іс-шараға тәулігіне арнайы 12 автопатруль экипажы бөлінген. Полиция қызметкерлерінің уақытпен санаспай атқарып жатқан жұмысы жүргізушілердің жылдамдық режимін сақтауға және жол-көлік оқиғаларының алдын алуға ықпалын тигізуде.

Сонымен қатар жыл басынан бері қалааралық жолаушылар тасымалымен айналысатын 2 245 көлік құралы («Alphard», «Estima», «Previa», «Honda Odyssey», «Elysion Sienna») тексеріліп, 1 593 әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылған.

Одан бөлек патрульдік полиция батальонының жеке құрамымен таңғы сағат 04:00-ден 06:30-ға дейінгі аралықта көлік құралдары тоқтатылып, ұйқылы-ояу келе жатқан жүргізушілерге түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Ұйқыларын ашып алу үшін беті-қолдарын жууға су беріліп және жүргізушілердің қан қысымы тексеріліп, көтеріңкі болған жағдайда медициналық көмек дер кезінде көрсетіледі. 

Сонымен қатар тағы бір өзекті мәселе – облыс аумағындағы автожолдарда қараусыз жүрген малды қағу деректерінің жиілеуі. Мәселен, жыл басынан бері ауылдық, аудандық жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 408-бабының 1-бөлігі, яғни үй жануарларының жаю қағидаларын бұзу бойынша  1 349 дерек анықталды.

ЖАЯУ ЖҮРГІНШІЛЕРГЕ ДЕ ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖҮКТЕЛЕДІ

Облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Руслан Оразбековтың айтуынша, жыл басынан бері барлығы 503 205 жол ережесін бұзу дерегі анықталыпты. ҚР Қылмыстық кодексінің 346-бабы бойынша көлік құралын басқару құқығынан айырылған адамның масаң күйде көлік құралын басқарғаны үшін 26 қылмыстық іс қозғалған. Әкімшілік қамаққа 498 тұлға алынып, айыптұраққа 3 208 автокөлік қойылыпты. 

Анықталған әкімшілік құқықбұзушылықтар бойынша 6 миллиард 445 миллион теңгеден астам айыппұл салынып, 5 миллиард 27 миллион теңгеден астамы өндіріліпті.

– Жол инфрақұрылымының жағдайы – жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды фактор. 2024 жылдың 8 айында облыстың автомобиль жолдарына 2 370 тексеріс жүргізіліп, нәтижесінде 10 647 кемшілік анықталып, тиісті нұсқамалар берілді. Автомобиль жолдарын күтіп-ұстаудағы кемшіліктер және жол инфрақұрылымын дамыту бойынша жергілікті атқарушы және прокуратура органдарына 1 120 ақпарат жолданды. Анықталған кемшіліктер бойынша автомобиль жолдарын сапасыз күтіп-ұстағаны және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етпегені үшін 307 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Салынған әкімшілік айыппұлдардың жалпы сомасы 70 миллион теңгеден асады.

Облыс бойынша орын алған жол-көлік оқиғаларының жалпы санының 50 пайызы қала аумағында тіркелген. Есепті кезеңде шаһарда жол-көлік оқиғаларының саны 90,5 пайызға және дене жарақатын алғандар саны 89 пайызға өскен, ал қаза болғандар саны 50,0 пайызға төмендеген.

Жаяу жүргіншілердің қатысуымен орын алған жол-көлік оқиғалары азаймай тұр. Жыл басынан бері 1 018 жол-көлік оқиғасы орын алып, 271-і жаяу жүргіншілерді қағумен байланысты болды. Салдарынан 30 адам қайтыс болып, 248 адам дене жарақаттарын алған.

Жаяу жүргіншілердің тәртіпсіздігі, жолдың белгіленген орындарынан емес, кез келген жерден өтуі сынды құқықбұзушылықтар бойынша жыл басынан жаяу жүргіншілерге қатысты 22 мың әкімшілік хаттама толтырылды, – деген Руслан Оразбеков балалардың қатысуымен болатын жол апаттарының алдын алу мақсатында 2024 жылға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес облыс аумағында 22 профилактикалық іс-шара ұйымдастырылғанын жеткізді. 

Нәтижесінде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша 74 564 әкімшілік құқықбұзушылық анықталыпты. Жол қозғалысы ережелерін сақтауды насихаттау мақсатында оқу жылының басталуына байланысты мектеп және мектепке дейінгі мекемелерде 3 мыңнан аса дәріс-сабақтар өткізілген.

– Тараз қаласы бойынша шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселе – жол инфрақұрылымына қатысты. Мысалы, 2023 жылы жол белгілерін орнату және жол таңбаларын сызу бойынша мердігер компания тек қыркүйек айында ғана анықталды. Ал жұмыстар қазан айында басталды. Бағдаршамды күтіп-ұстау және орнату бойынша тіпті конкурс өткізілмеді.

 Осыған ұқсас жағдай биылғы жылы да байқалуда. Жол белгілерін орнату, жол таңбаларын сызу және бағдаршамдарды күтіп-ұстау бойынша мердігер ұйым мамыр айында анықталып, жұмыстарды бастады. Алайда жоспарға сәйкес 16 бағдаршамды реконструкциялау және Тәуке хан, Төле би, Жамбыл көшелеріне «Жол қозғалысты басқарудың автоматтандырылған жүйесін» орнату үшін лоттар ойнатылмады. 

Бұдан бөлек полиция басқармасының қарсылығына қарамастан биыл қажетті «жасанды кедергілер» сатып алынбады. Салдарынан шаһардағы барлығы 23 мектептің алдына «жасанды кедергі» орнатылмады. Жалпы қажеттілік 950 метр болса, сатып алынғаны 200 метр ғана. Оған қоса 815 жол белгісі, 10 бағдаршам жетіспейді.

Бұл мәселенің шешімі – бірден 3 жылға конкурс өткізу. Бұл тәжірибе ұзақ уақыт бойы Астана және Алматы сияқты ірі қалаларда қолданылып келеді.

Сондай-ақ мердігер мекемелердің атқарған жұмыстары көңілден шықпайтынын да айта кету керек. Мысалы, ауа райы құбылып, жел тұрып, қар, жаңбыр жауса, бағдаршамдар істен шығады. Сонымен қатар жыл сайын бөлінетін қаражат тек жол белгілерін орнатуға, бағдаршам шамдарын ауыстыруға және 2-3 бағдаршам орнатуға жеткілікті.

Халықтың саны мен азаматтардың әл-ауқатының артуына байланысты автопарк те ұлғаюда. Бұл Тараз қаласының жол инфрақұрылымын дамыту қажеттілігіне, көлік айрықтарын (развязка), көпірлерді, жол өтпелерін салу, көшелерді кеңейту, бағдаршам нысандарын (КДУ) ауыстыру және бағдаршам объектілерінде «жол қозғалысты басқарудың автоматтандырылған жүйесін» енгізу және жол таңбасын суық пластикпен салу қажеттілігіне алып келеді, – Руслан Оразбеков. 

Айжан ӨЗБЕКОВА
 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар