Бүгінде Сарысу ауданы бойынша Жаңатас қаласы мен 9 ауылдық округке қарасты 25 елді мекенде 10 ветеринариялық пункт жұмыс істейді. Брифинг барысында ауылшаруашылығы жануарларының созылмалы инфекцияларымен күресудің бірлескен, жоспарлы іс-шаралары жүргізіліп жатқаны кеңінен сөз болды.
– 2024 жылы мемлекеттік тапсырыс бойынша бекітілген жоспарға сәйкес жануарлардың аса қауіпті ауруларына қарсы бағытталған ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар уақытылы орындалуда. Аса қауіпті ауруларға қарсы егу жұмыстарына жоспар бойынша 1 638 820 манипуляция, 16 аса қауіпті жұқпалы ауруға қарсы екпе жұмыстары жүргізіледі. Жыл басынан бері жоспар бойынша 1 414 170 вакцина егіліп, 278 100 ауылшаруашылық жануарынан қан сынамасы алынып, диагностикалық тексерулерден өтті. 2024 жылға бекітілген жоспар бойынша 10 000 мүйізді ірі қара, 80 000 ұсақ мал, 1 800 жылқы, 750 түйе, 20 шошқа бірдейлендіруден өтуі тиіс.
Ауданда соңғы 60 жыл ішінде Сібір жарасының 13 ошағы тіркелген. Олар тиісті талапқа сай бетондалып, қоршалып, белгі қойылып, атаулары жазылған. Жылына бір рет ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Биыл 3 беккер шұңқырының құрылысын жүргізу жоспарланып отыр,Аудан бойынша тасымалданған 25 399 ауылшаруашылық жануарына 2 395 анықтама берілген – дейді Ақылбек Оспанов.
Сонымен қатар ветеринариялық станса жанынан құрылған жұмысшы топ және әлеуметтік желілер арқылы аудан тұрғындары арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Қала және ауылдық округтердегі ветеринариялық пункт мамандары арқылы тұрғындарға ит-мысықтарды ережеге сәйкес ұстау керектігі түсіндіріліп, жадынамалар таратылған.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ