Бүгінгі таңда атом электр стансасын салуды қолдау жөніндегі халықтық штаб құрылып, түрлі форматта кездесулер өткізуде. Сондай кездесудің бірі Тараз қаласындағы «Достық» үйінде өтті. Өңірлік штаб мүшелері облыстық этномәдени бірлестік жетекшілерімен жүздесіп, атом электр стансасының еліміз үшін қаншалықты қажет екенін түсіндірді.
Кездесуде штаб өкілдері, атап өтсек, қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы Сембек Сейдәзімов, «АМАНАТ» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Ерғали Әбуғали, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры Тұрсынай Рыстайқызы, облыстық «Тәжік» этномәдени бірлестігінің төрағасы Махкам Орифов АЭС құрылысына қатысты мол мәліметтер беріп, қатысушылар тарапынан туындаған сауалдарға жауап берді.
Жиын барысында облыстық «Днепро» украин этномәдени орталығының төрағасы Федор Клименко маңызы мол мәселе төңірегінде өзінің ойын ортаға салды.
* * *
Ал Тараз қалалық мансап орталығында «Байтақ» жасылдар партиясы облыстық филиалының төрағасы Серік Қойбақов мекеме ұжымымен кездесті.
Басқосуда Серік Мамыртайұлы «АЭС салу қоршаған ортаға қаншалықты зиян?», «Ел дамуына тигізетін пайдасы қандай?», «Тұрғындарға қаншалықты қауіпті?» деген сауалдарға жауап берді. Баяндамашының айтуынша, АЭС салу ел экономикасының серпінді дамуына үлкен септігін тигізеді.
– Сондай-ақ шетелден сатып алынатын энергия қуатын өз жерімізде өндіріп, көптеген тұрғынды жарықпен және жұмыспен қамтамасыз етеді. Экологияға ешқандай кері әсерін тигізбейді. АЭС қойнауынан шыққан қалдықтар қайта қолданылып, кейіннен арнайы тексерілген жерге көміледі, – деді Серік Мамыртайұлы.
Жиын соңында мекеме ұжымы күн тәртібіндегі мәселе бойынша сауалдарын қойып, толыққанды жауап берілді.
* * *
Сондай-ақ «Жамбыл су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында өткен жиында облыстық «Тәжік» этномәдени бірлестігінің төрағасы Махкам Орифов пен «АМАНАТ» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Ерғали Әбуғали мекеме қызметкерлерімен атом электр стансасының болашағын талқылады.
– АЭС салу – жаһандық дамудың бір көрінісі. Сондықтан құрылыс барысы толық назарға алынады. Қауіпсіздігі толық қамтамасыз етіледі. Қоршаған ортаға ешқандай зиянын тигізбейді. Тіпті Канадада мектептің жанынан АЭС құрылысын бастап жатыр. Демек, АЭС толық зерттеуден, тексерістен өтеді, – деді Махкам Жұманазарұлы.
Ал Ерғали Рүстемұлы өз сөзінде Семей ядролық полигоны пен атом электр стансасын салыстыруға болмайтынын алға тартты. Сонымен қатар электр өндірудегі шығындарға тоқталып, алпауыт мемлекеттердегі АЭС құрылыстарын тілге тиек етті.
* * *
Тараз қаласындағы «Бақытты болашақ» оқушылар сарайында М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Мәдениет және өнер» кафедрасының профессоры Айгүл Қабиева мен аталған оқу орнының «Физика және информатика» кафедрасының доценті Бибара Күшкімбаева педагогтармен кездесіп, сұрақтарына жауап берді.
– Электр энергиясын тұтыну жыл сайын 3 пайызға артуда. Демек, біздің қоғам үшін электр энергиясының маңызы орасан. Табиғатқа ешқандай зиянын тигізбейтін уран арқылы электр энергиясын алу жолының бұл түріне әлемдегі өркениеті озық елдердің көбі дерлік өз келісімдерін берген. Суға, жерге ешқандай залал әкелмейді. Шығарылатын қалдықтар арнайы тексерілген, тұрғындар тіршілік ететін мекеннен алшақ жерге көміледі, – деген Бибара Күшкімбаева АЭС-тің пайдалы тұстары туралы ойын ортаға салды.
* * *
Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында штаб мүшесі Кенжебек Олжабай әлемдегі дамыған бірқатар мемлекетте бірнеше АЭС бар екенін, тұрғындарға ешқандай зияны тиіп жатпағанын айтты.
Сондай-ақ елімізде АЭС салынған жағдайда энергия өндіріліп қана қоймай, тұрақты жұмыс орындары ашылатыны және жылу үшін пайдаланылатын отыннан шығатын зияндылықтардан құтылатынымыз жайында кеңінен түсіндірді.
– Мемлекет тағдырына қатысты кез келген маңызды шешім халықтың қатысуымен және оның пікірін ескере отырып қабылданады. Президентіміз ұстанған саясаттың бұлжымас қағидасы – осы. Бұл – біздің қоғамда жаңа саяси мәдениет қалыптасқанының көрінісі. АЭС құрылысы – бұл Қазақстанның алдағы ұзақ жылдардағы табысты дамуының кепілі болатын серпінді жоба. Бүгінде дүниежүзіндегі озық ойлы тұлғалар атом энергетикасын пайдаланудың тиімділігін түсінеді. Әйтпесе Франциядай дамыған елде, Ресей секілді алпауыт мемлекетте бірнеше атом электр стансасы салынбас еді. Әрине, дәл қазір біздің алдымызда үлкен таңдау тұр. Осы себепті халықтық штабтың міндеті – ел арасында тиісті түсіндірме жұмыстарын жүргізу әрі АЭС туралы дұрыс ақпарат беру, – деді К.Мамашбайұлы.
* * *
Сонымен қатар облыстық халықтық штаб мүшелері «Жамбыл Рем Сервис» кәсіпорнының қызметкерлерімен кездесіп, Президенттің Жолдауында айтылған бағыттарды талқылады.
– Соңғы мәліметтер мен сараптамаларға сүйенсек, жыл өткен сайын еліміздегі энергетикалық сұраныс өсіп келеді. Қазақстанның экономикалық дамуы мен халық санының артуы да осы мәселеге себеп болып отыр. Демек, біздің елде атом электр стансасы салынбаса, экономикалық және экологиялық тұрғыда бірқатар тәуекелге тап болуымыз мүмкін. Ал АЭС тұрақты және сенімді энергия көзі ретінде аталған мәселені шешуде маңызды рөл атқарады. Шын мәнінде, атом энергетикасынан бас тарту Қазақстанның сыртқы энергия көздеріне тәуелділігін молайта түсері сөзсіз. Бұл Ресей мен Қытай секілді көршілес елдерден электр энергиясын импорттауға мәжбүр етуі бек мүмкін. Энергияның негізгі бөлігін сырттан сатып алғандықтан ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төніп, экономикалық тәуелділік арта түсері айтпаса да түсінікті. Олай болса, бәріміз бірге еліміздің прогрессивті даму жолында батыл қадам жасауымыз керек, – деген штаб мүшесі Дәурен Хайруллаұлы жұртшылықты референдумға белсене қатысуға шақырды.
Облыстық жедел жәрдем стансасында өткен «дөңгелек үстел» отырысында штаб мүшелері АЭС-тің тек энергия көзін қамтумен шектелмейтінін, сонымен қатар еліміздің экономикалық, ғылыми және технологиялық әлеуетін нығайтуға зор үлес қосатынын атап өтті.
«Шипажай», «Бөбек» және «Салауат» бастауыш партия ұйымдарының өкілдерімен кездесуде жастар мен келешек ұрпақ үшін бұл жобаның беретін пайдасы зор екені туралы дәйекті ақпаратты кеңінен тарату керектігі баса айтылды.
Сондай-ақ бұл күні облыстық штаб мүшелері Ерғали Әбуғали мен Жанат Төленбаев М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті мен Қ.Сарымолдаев атындағы «Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығында» да кездесулер өткізді. Онда 6 қазан күні өтетін жалпыұлттық референдумда дұрыс шешім қабылдау арқылы Қазақстанның тәуелсіздігін одан әрі нығайтып, еліміздің даму жолындағы маңызды қадам жасау қажеттілігі түсіндірілді. Ал облыс орталығындағы «Ардагерлер үйінде» өткен басқосу барысында штаб мүшелері Еркінбек Солтыбаев пен Асқар Абдуалы атом электр стансасының құрылысы еліміздің бәсекеге қабілетті болуына өз жәрдемін тигізетінін айтты.
* * *
«Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы облыстық филиалы кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Оған партияның облыстық және Тараз қалалық, аудандық мәслихаттарға сайланған депутаттары қатысты. Шалғай аудандағы үйлестірушілері мен кеңес мүшелері, депутаттар онлайн режімде қосылды.
Кеңес отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған еліміздің даму бағыттары талқыланды. Жиында партия филиалы төрағасының орынбасары Сейсекүл Әбдісаттарова Жолдауда басымдық берілген міндеттерге баса тоқталды.
Ол: «Жолдауда банктердің шағын және орта бизнесті қаржыландыру деңгейінің төмендігі іскерлік ортаның белсенді қызмет атқаруына және экономикалық тұрақты дамуын тежеп отырғаны баса айтылды», – дей келе, кәсіпкерлік саласының қарқынды дамуын қамтамасыз ететін бағыттарды да тілге тиек етті.
Елімізде 6 қазанда өтетін АЭС салу мәселесі бойынша өтетін референдум туралы ел арасында кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында халықтық штаб құрылғаны мәлім. Өңірлік деңгейде халықтық штабтың құрамына партия филиалы кеңесінің мүшесі, облыстық мәслихаттың депутаты Дәурен Ахметжаев енген болатын.
Кеңес отырысында Дәурен Ахметжаев партиялар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері АЭС салуды қолдау жөніндегі штабтың атқарып жатқан жұмыстарын айтып өтті.
– АЭС құрылысына қатысты сала мамандарымен кездесіп, нақты талдау-сараптамалармен танысқан соң пікірім өзгерді. Бұл қадам еліміздің алдағы ұзақ жылдардағы табысты дамуына жол ашады, – деген Д.Ахметжаев қазір әлемде энергия тапшылығы күшейіп бара жатқанын сөз етті.
Кеңес отырысында Тараз қалалық мәслихатының депутаттары да өз пікірін білдірді. Мәселен, Бауыржан Найзақұлов АЭС құрылысын салу туралы мәселеге қатысты ойын жеткізді. Депутат Руслан Мырқалықов, кеңес мүшесі Әлмахан Мәдібеков, партияның Жуалы ауданындағы үйлестірушісі Талғат Қуатбеков сұрақтар қойып, өз ойларын ортаға салды.
Жиын соңында С.Әбдісаттарова «Ақ жол» ҚДП Ұлттық кеңесінде партия алдына қойылған міндеттер жайын әңгімелеп, АЭС салуды қолдау партияның ұстанымы екенін атап өтті. Сондай-ақ басқосуда партия филиалының жұмыс жоспары талқыланып, алға қойған міндеттер нақтыланды.
«AR-AI»-дың тілшілер тобы