Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Фин білімі туралы не білесіз?

Фин білімі туралы не білесіз?
Ашық Дереккөз
Финляндия – білім беру жүйесіндегі көшбасшы мемлекеттердің бірі. 1990 жылдардан бастап финляндиялықтар білім саласында жоғары жетістіктерге қол жеткізіп, үздіксіз дамып, бүгінде әлем елдеріне үлгі болып отыр. Ендеше бүгінгі мақаламызда финляндиялық оқыту жүйесінің ерекшеліктеріне, әдіс-тәсілдеріне тоқталғанды жөн көрдік.

«Естімеген елде көп». Финляндиялықтар нәресте дүниеге келген сәттен бастан оған есейген, толыққанды жетілген азамат ретінде көңіл бөледі екен. Тіпті жаңа туған балаға бірден төлқұжат береді. Ал ата-аналарға баласына көпшілік орындарда қол көтермек түгіл, дауыс көтеруге тыйым салынған. Оған себеп, тәрбие тек үйде берілуі шарт. Егер ата-анасы әлденеге ашуланып, баласына қол көтере қалған жағдайда көлемді айыппұл төлейді. Финдердің баламен қарым-қатынасын, ілім-білім, дәстүр, жоралғыларын зерттеу барысында тағы көз жеткізгеніміз, кез келген 10 айлық бала балабақшаға баруға құқылы және ас-ауқатпен тегін қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ басқа балалармен тең деңгейде мүгедектігі бар балаларды балабақшаға қабылдайды. Осылайша мүмкіндігі шектеулі балалар да сау балалармен бірге өмір сүруге икемделіп кетеді екен. Сондай-ақ фин халқы әр баланы «нағыз талантты» деп қабылдайды. Сондықтан мектепке дейін-ақ балалары екі тілді меңгеріп алады. Яғни ата-анасы соған ықпал етеді.Финляндиялықтардың әлем елдерін тәнті еткен білім беру жүйесіндегі ерекшеліктерін атап айтар болсақ: «Барлық бала тең құқылы. Жекеменшік мектеп жоқ. Сабаққа қажет құрал-жабдықтар мен оқулықтар тегін беріледі. Түскі ас тегін. Оқушылардың жол жүру билетінің ақшасын муниципалитет төлейді. Мемлекетте мектеп инспекторлары жоқ. Мұғалімдерге толықтай сенім артады. Табиғатынан кемтар болып туған балалар құрдастарымен қатар отырып білім алады. Ұстаздардың оқушыны басқа мектепке көшіру немесе оқудан шығару сынды құқығы жоқ». Міне, финляндиялықтар осы ережелерге сүйеніп білім береді екен. 

Сонымен қатар 1990 жылдан бастап оқушыларды сыныпқа бөлу ережесінен бас тартыпты. Оқу жылы 190 күннен құралады. Тек күндіз ғана білім алады. Ал сенбі, жексенбі күндері мектепте демалыс. Барлық фин мектебі тек 1 ауысымда жұмыс істейді. Ұстаздардың жұмыс күні сағат 08:00--ден 15:00-ге дейін созылады. Мектепті бітіретін кезде қорытынды емтихан тапсыруға міндетті емес. 

Тараз қаласында да «Кемеңгер» ұлттық мектеп-гимназиясы 400 оқушыға арналған білім ордасын қазан айында ашуды жоспарлап отыр. Жаңа білім ордасының мақсаты – ұлттық құндылықтарды насихаттай отырып, Финляндия елінің білім беру модулі арқылы білім алушыларды жан-жақты дамыту. Мұнда түске дейін оқушылар негізгі білім алса, түстен кейін үйірмеге қатысады. Каратэ, хореография, шахмат, қисса, жылдам оқу, ментальді арифметика үйірмелерімен қатар, финдік бағытта қаржылық сауаттылық пен жаратылыстану сабақтарын да оқиды. 
Сонымен қатар дәстүрлі білім беру жүйесіне Финляндия елінің білім беру модулін ұштастырып, болашақта оқушылардың дұрыс мамандық таңдауы үшін мектеп табалдырығын аттағаннан бастап емес, туғаннан икемділігін байқап, дұрыс тәрбиелеп, жол көрсете білуді басты мақсат санайды. Мектептің тағы бір ерекшелігі – тәрбие сағатын бір жұма сынып жетекшісі өтсе, екінші жұмада міндетті түрде ата-ана өтеді. Бұл тәжірибені қолға алудың себебі, балалар әртүрлі мамандықтар туралы мол мәліметтерге қанығады. Мәселен, әр ата-ана өзінің мамандығы бойынша шынайы мәлімет береді. «Жұмыс режимі қандай, мамандықтың қиындығы неде, айлығы қанша, күнделікті өмір сүруге жете ме, бұл мамандықты таңдау үшін мектепте қай пәндерді басымырақ оқыған жөн?» деген сияқты мәліметтерді көрнекіліктермен кеңінен балаларға түсіндіреді. Бұл әдістің баланың болашақ мамандығын таңдауына ықпалы зор.

Тағы бір ерекшелік – интеграцияланған сабақ тәсілдері. Мысалы, математика пәнін асханада өткізу. Мұндай тәсіл арқылы оқушы 1 бәліш пісіру үшін қанша грамм сүт, сұйықмай, сода, ұн, қанша литр су құю керек, дәл солай 20 бәлішті пісіру үшін қандай мөлшердегі зат керек екенін есептеп шығарады. Сондай-ақ жаратылыстану сабағын зертханалық кабинетте, табиғатта, зауыттарда өтсе, әдебиет пәнін театрда, мұражайда, тарихи орындарда өтеді. 

– «Өз-өзіне сенімді, ерікті таңдау жасай алатын бала мамандығын да дұрыс таңдай алады» дейді психологтар. Баланы бағаға тәуелді етпей, еркіндігін ескере отырып білім беру керек. Мысалы, бір оқушы математика сабағына қатысқысы келмей, қызықпай отырса, ол оқушы музыка, еңбек, тағы сол сияқты өз таңдауындағы пәнге қатысуға жіберіледі. 

Бастысы бала бос отырмайды. Балалар сабақта сурет салуды, ермексазбен кейіпкерлерді суреттеуді, өлең шығаруды, жаңа мәтін жазуды ұсынғанда өзіне ұнайтын әдіс арқылы тапсырмасын орындайды. Сонымен қатар оқушыларымызға цифрлық сауаттандыру пәнімен қоса қаржылық сауаттандыру пәнін оқытамыз. Партаға отырып та, жерде коворкинг әдісі бойынша қазақи кілемше мен құрақ көрпешелерге жатып та және жарық түсетін үстелімізде тұрып та білім ала алады. Яғни балаларымыздың білім алу жолында өз еркіндігі, таңдауы біз үшін маңызды. Себебі мектепте еркін білім алған оқушы болашақта өз мамандығын дұрыс таңдайтынына сенеміз, – дейді «Кемеңгер» ұлттық мектеп-гимназиясының директоры Айгерім Ергешбек.

Осылайша өңірімізде де Финляндияның ілімін игеру тәжірибесі жүргізіліп жатыр. Аталған мемлекет білім саласынан әлемді өзіне қаратардай өзге елдерден оқ бойы озық екенін ескерсек, көп ұзамай үздік нәтижелерге қол жеткізіп қалармыз...

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар