Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Үлгілі отбасылар марапатталды

Үлгілі отбасылар марапатталды
Ашық Дереккөз
Отбасы күні мерекесі қарсаңында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасының «Адал азамат тәрбиелеген отбасы» бағыты аясында «Алтын шаңырақ» және «Күміс кереге» номинациялары бойынша облысымыздағы үлгілі отбасылар марапатталды.

«Достық» үйінде өткен мерекелік іс-шарада облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Мамашев және республикалық «Дүнгендер» этномәдени бірлестігі аналар кеңесінің төрағасы Сара Даузова отбасылық құндылықтарды сақтап, нығайтуға үлес қосып жүрген жеңімпаз отбасыларды марапаттап, ізгі тілектерін білдірді.Атап өтер болсақ, өмір жолы кейінгі ұрпаққа өнеге болған, 53 жыл отасқан Алдаберді Мақашев пен Әсия Исмаилова «Алтын шаңырақ» номинациясының иегері атанса, 38 жыл отасқан жуалылық Сейфатдин Алекпаров пен Лалазар Алекпарова «Күміс кереге» номинациясын иеленді.

Ал Сарысу ауданынан келген Жансерік Базаров пен Жеңісай Искакова және Т.Рысқұлов ауданының атынан қатысқан Жандос Болатбеков пен Гүлжан Күлегешова «Үлгілі отбасы» номинациясы бойынша марапатталды.Сонымен қатар Отбасы күні мерекесіне орай «Қоғамдық келісім» мекемесі «Менің отбасымның дәстүрлері» онлайн байқауын ұйымдастырды. 2024 жылдың 11 қыркүйегінде байқау қорытындысы жарияланып, марапаттау рәсімі өтті. 

Дәстүрлі байқауға қатысуға биыл 8 отбасы ниет білдіріпті. Отбасылық құндылықтарды насихаттап, дәстүрді дәріптеген сайыста қатысушылар өнерлерін ортаға салып, бейнероликтерін мекеменің әлеуметтік желідегі парақшаларына орналастырды.Үміткерлердің жұмыстары көп лүпіл (лайк) пен пікір жинау арқылы сарапқа салынды. Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлерін «Қоғамдық келісім» мекемесі басшысының орынбасары Сәуле Құрманқұлова марапаттады.Байқау қорытындысымен тараздық Исатаевтар отбасы жеңімпаз атанды.

Ал шаңырақтағы береке мен бірліктің жарқын үлгісін көрсеткен Камбаровтар әулеті жүлделі II орынға ие болса, Металимовтар мен Таукеновтар отбасына III орын бұйырды. 
Сондай-ақ Таласбаевтар, Кучалиевтер, Искендировтар, Амоевтер отбасы арнайы алғыс хаттармен марапатталып, барлық қатысушылар сый-сияпаттарға ие болды. 
Мерекелік іс-шара соңында көрермендерге өңірлік этномәдени бірлестіктердің концерттік бағдарламасы ұсынылды.

«AR-AI»-ақпарат
 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар