Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Агросаланың әлеуеті артып келеді

Агросаланың әлеуеті артып келеді
Ашық Дереккөз
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында ауылшаруашылығы саласындағы өзекті мәселелерді көтеріп, Үкімет пен жергілікті атқарушы органдарға нақты тапсырмалар жүктеді.

ЖАЛҒАН СТАТИСТИКА
 ЖАРҒА ЖЫҒАДЫ

«Бөлінген қаражаттың бәрі тиімді жұмсалуға тиіс. Алайда шындыққа жанаспайтын ақпарат беру, басқаша айтқанда, мәліметтерді бұрмалау ауылшаруашылығындағы шынайы ахуалды бағалауға кедергі келтіріп отыр.

Арнайы комиссия 2 миллион ірі қара және 3 миллионнан астам уақ мал санда бар, санатта жоқ екенін анықтады. Егіншаруашылығы саласында да осындай жайттар бар екені белгілі болды», – деген Президент мемлекеттен субсидия алу үшін көзбояушылыққа барып, заңды белден басқандарды жауапкершілікке тартуды тапсырды.

Кейін ҚР Ауылшаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров та агроөнеркәсіптік кешенде ұзақ уақыт бойы қосып тіркеу тәжірибесі болғанын, бүгінде жоқ мал мен өнімді есептен шығару жөніндегі комиссия жұмысы басталғанын мәлімдеді. 

«Өтірікті шындай, ақсақты тыңдай» етіп жалған статистика беру – облысымыздың ауылшаруашылығы саласындағы өзекті мәселенің бірі. Мәселен, облыс әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабектің айтуынша, Үкіметтің статистикалық деректерді нөлге келтіру туралы тапсырмасына сәйкес аудандарда егістік алқаптарына зерделеу жұмыстары жүргізіліпті. Нәтижесінде өткен жылдары игеріліп жатқан жалпы егістік көлемін және су үнемдеу технологияларын пайдалану алаңдары бойынша есептер ұсынуда сәйкессіздіктер анықталған. 

– Облыстағы бүгінге дейін бар деп келген 4 миллионнан астам малдың 764 000 басы, ал егілген егістіктің 136 000 гектары тек қағаз жүзінде болып шықты. Жыл сайын егін егуге және оруға шығып жүр деп ақпарат беріліп келген техниканың тең жартысы баяғыда істен шыққан екен. Тек базада тіркелген, бірақ жүрмейді. Аты бар, заты жоқ 5000-ға жуық техниканы тіркеуден шығардық. Енді қолымызда қанша техника бар, егін егу мен оруға, шөп шабуға қаншалықты қажет екенін нақты есептеуге мүмкіндік туды. Техникаларды арзан қаржы көздері арқылы жаңалауға да кірісіп кеттік.

«Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде былтыр таратылған 24 миллиард ақшаға алдық деген малдың 90 пайызы бұрыннан бар мал. Тұрған мал ары-бері құжат жүзінде ғана алынған. Жоғарыда келтірілген мал санағының қорытындысының өзі-ақ сөйлеп тұр деп ойлаймын, – деген Әбілхайыр Ғалымұлы жалған статистика жарға жығатынын, сондықтан қосып тіркеуге жол бермеу мақсатында қолға алынған жоспарлы жұмыстар алдағы уақытта қарқынды жалғаса беретінін жеткізді. 

ЕГІН САЙЛЫ,
 КӨҢІЛ ЖАЙЛЫ

Жалпы ауылшаруашылығы саласында бұдан басқа да түйіні шешілмеген мәселелер аз емес. Дегенмен салада ауқымды жұмыстар атқарылып, толағай табыстарға қол жеткізіліп жатқанын айтпай кетуге болмайды. Қордаланған мәселелер де рет-ретімен шешімін табуда. Сөзіміз жалған шықпас үшін нақты деректерге жүгінейік.

2024 жылы ауылшаруашылығы саласын қолдауға 29,9 миллиард теңге қаржы бөлінген. Бүгінге облыстың ауылшаруашылығы тауар өндірушілеріне 17,7 миллиард теңгеден аса субсидия төленіпті. Нәтижесінде салада өндірілген өнім көлемі 4 пайызға артып, 142,6 миллиард теңгені құраған. 

Биыл агроөнеркәсіп кешенінде 14,6 миллиард теңгеге 16 инвестициялық жоба іске асырылып, 345 жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Сонымен қатар Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату жобасы бойынша 8,5 миллиард теңге қаржы қаралыпты. Бөлінген қаржыға 15 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 118 жұмыс орны құрылады. Осы орайда айта кетейік, бір-бірін қайталайтын емес, өңірімізге аса қажет инвестициялық жобаларға басымдық берілген. Мысалы, алдағы уақытта ауылшаруашылық жануарларының жүн-терісін қайта өңдеу арқылы құрама жем мен тыңайтқыштар шығару, тауықтың қиынан биогумус өндіру, алма шырынын өңдеу, картоптан фри жасау, пиязды кептіру, көкөніс сақтау қоймалары және сүт тауарлары фермалары сынды жобалар жүзеге асатын болады. 

Сонымен қатар 2024 жылдың 8 айында 350 мың тонна ауылшаруашылық өнімі экспортталып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 7 есеге артқан. 

– Облысымызда егіншаруашылығын дамытуға да ерекше екпін берілуде. Есептік кезеңде жалпы 531,6 мың гектар жаздық дақылдар жиналып, 1,6 миллион тонна өнім алынды. Жалпы биыл болжаммен 3,2 миллион тонна өнім алу жоспарланып отыр. Егін жинау науқанына облыс бойынша 10 мың ауылшаруашылық техникасы қатысуда. 

Ал күзгі дала жұмыстарына 11,4 мың тонна жанар-жағармай бөлінді. Тарату бағасы литріне 250 теңгені құрады. Операторлар тарапынан облысымызға 4,2 мың тонна жеткізіліп, 2,5 мың тоннасы шаруаларға таратылды. Тарату жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілуде.

Биыл 332,4 мың гектар алқапқа 83,1 мың тонна минералды тыңайтқыштар ендіру жоспарланған. Бүгінгі күнге 959 шаруа тарапынан 51,8 мың тонна тыңайтқыш алынып, 255,2 мың гектар алқапқа енгізілді.

Егер судан тапшылық болмайтын болса, өнімділік жоғары болатыны айтпаса да белгілі. Осы ретте су үнемдеу технологияларын өндірумен айналысатын жалпы құны 65 миллион АҚШ долларын құрайтын 6 ірі инвестициялық жоба іске асырылады деп жоспарланып отыр.Сондай-ақ суды тиімді пайдалану және суармалы судың ысырабын азайту мақсатында су үнемдеу технологиялары 2023 жылы егіс алаңының 40 мың гектарына енгізілген болатын. 2024 жылы бұл көрсеткішті қосымша 14,5 мың гектарға арттырып, жалпы 54,5 мың гектар алқапқа су үнемдеу технологияларын енгізу көзделуде, – дейді Әбілхайыр Ғалымұлы. 


Өңірдің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету және егіс алқаптарын сумен жабдықтау мәселесін шешу мақсатында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі таңда облыстың 6 ауданында 2019 жылдан бастап Халықаралық қаржы институттарының несиесі есебінен сушаруашылығы және гидромелиоративтік жүйелерді қайта құру бойынша 2 жоба жүзеге асырылуда. Жобалардың құны 37,4 миллиард теңгені құрайды. Бүгінгі күнге дейін 27,6 миллиард теңгесі игеріліп, ұзындығы 573,8 шақырымды құрайтын 137 канал жөндеуден өткен. Нәтижесінде 47,5 мың гектар алқаптың ағын сумен қамтылу деңгейі артыпты. 

– Биылғы жылдың вегетациялық кезеңіне облыс аумағында орналасқан суқоймаларда судың жинақталуы кестеге сәйкес жүргізілді. Атап айтқанда, коммуналдық теңгерімдегі 113 суқоймада суару кезеңінің алдында 99,8 миллион текше метр су жиналды. Ал республикалық меншіктегі суқоймаларда жиналған судың көлемі 724 миллион текше метрді құрады.Сонымен қатар Қырғыз Республикасында орналасқан «Киров» суқоймасында 467,7 миллион текше метр, «Орто-Токой» суқоймасында 438 миллион текше метр су жиналды.

Аталған суқоймаларда жинақталған судың көлемі Қазақстан үшін Қырғыз Республикасымен Талас өзені бойынша 380 миллион, Шу өзені бойынша 180 миллион текше метр көлемінде су алу жөніндегі келісімге келуге мүмкіндік берді.Осылайша облыста суару маусымы сәуір айының үшінші онкүндігінде басталып, қазіргі уақытта штаттық кестеге сай өтуде, – дейді Ә.Тамабек. 

ЖАРҚЫН ЖОБАНЫҢ
ЖАҚСЫЛЫҒЫ

Облыста «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде 2023 жылы республикалық және жергілікті бюджеттен жалпы 24,1 миллиард теңге бөлініп, 38 ауылдық округте 4 076 жоба несиелендірілген. Несие қайтарылымы 99,6 пайызды құрап отыр.

Ал 2024 жылға 10,5 миллиард теңге қарастырылып, 1 200-ге жуық жобаны қаржыландыру көзделуде. Жалпы биыл жоба шеңберінде бөлінген қаражат есебінен малшаруашылығын дамытуды қоспағанда ауылшаруашылығы және одан тыс кәсіпкерлікті дамыту, кооперативтерді қаржыландыру жоспарланған. Жобалар толық іске асырылғанда 10 мыңнан аса жаңадан жеке кәсіпкерлер тіркеледі деп күтілуде. Сонымен қатар атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 19 мыңнан аса адамға төмендейді. Нәтижесінде бюджеттік үнемдеу жылына 1 миллиард теңгені құрайды.
Бүгінгі таңда жарқын жоба елді мекендерде сәтті жүзеге асырылып, тұрғындар жеңілдетілген несие алып, кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейтуде. Мәселен, Қордай ауданындағы Кенен ауылының тұрғыны Рысқұлбек Ағыбаев жоба аясында несие алып, бүгінде еңбегінің жемісін көріп отыр. Үйін кепілге қойып, 4 миллион теңге несие алған Рысқұлбек Ағыбаев сатып алған саулықтардан қозы алып, мал санын көбейтіп үлгерген.

– Қорамызда азды-көпті малымыз бар, сиыр ұстаймыз, күзде жылқы, ірі қара бордақылаймыз. Өткен жылы 4 миллион теңге несие алып, 64 бас саулық және жемшөп сатып алдым. Биыл алғашқы төлдерін көрдім. Бәрінен бұрын несие шарттары қызықтырды. Бір жыл демалыс берді, кейіннен жарты жыл сайын 500 мың теңгеден төлеп отырамын. Бұл өте тиімді. Демалыс кезінде малды көбейтіп алу мүмкіндігі бар, – дейді Рысқұлбек Ағыбаев.

Әрине, сегіз айда атқарылған жұмысты бір мақалада толық қамту мүмкін емес. Облыс әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек «Facebook» әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазғандай, «...Бұл ауылшаруашылығы саласында жүйелі түрде басталған шаруалардың бір бөлігі» ғана. Алда ауқымды міндеттер күтіп тұр.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар