Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Малбазардағы интернет сапасы қандай?

Малбазардағы интернет сапасы қандай?
А.Қартабай
Облысымыздағы ірі «Ас-Ер» малбазарында интернеттің болмауы тұрғындардың арқасына аяздай батқан өзекті мәселеге айналып отыр. Интернеттің жоқтығы, әсіресе «Kaspi.kz» сияқты мобильді қосымшалар қызметінің қолжетімсіздігі сауда процесіне айтарлықтай кедергі келтіруде. Бұл туралы редакциямызға базардың саудагерлері арнайы келіп, шағымданған болатын.

Мәселені зерттеу мақсатында «Тараз-Аса» бағытындағы тасжолдың бойында орналасқан «Ас-Ер» малбазарына барып қайттық. Жалпы қандай сауда орны болмасын санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға, эстетикалық талғамдарға сай болуы тиіс. Алайда малбазардың кіреберісіндегі жылқы мен сиырдың мүсіні назарымызды ерекше аударды. Құдды «Хэллоуин» мерекесінің кейіпкерлері секілді ұсқыны қашқан ескерткіштер қорқынышты фильмді еске салғандай болды.

Базар қақпасының маңдайшасындағы жазу да әбден ескіріп, сауда орнының атауы да болар-болмас көрініп тұр.«Сырт келбеті ретке келмеген сауда орнының тым болмаса іші келісті болса» деген ойымыз да ақталмады. Кіре сала сол жақ бетті алып жатқан кафелерге көзіміз түсті. Кәдуілгі лашық секілді 1 бөлмелі дәмхананың әрқайсысының сыртында «канистрды» ортасынан шорт кесіп, қолақпандай ағашқа шегемен қадай салып, қолжуғыш етіп қойған. Санитарлық тазалық жағы бөлек әңгіме.Бұл туралы кейінірек.Ірі қара сататын бастырманы жағалай алдымыздан шыққан саудагерлерді, сатып алушыларды шетінен сөзге тарта бастадық. Бәрінің айтатыны бір әңгіме – интернеттің әлсіздігі.

– Базарда 10 жылдан бері ат әбзелдерін, ноқта-арқан, жүген сатамын. Интертеттің әлсіздігі әбден шаршатты десем де болады. Көбіне сатып алушылар «Kaspi.kz» қосымшасы арқылы төлейді. Егер банк қосымшасы ашпаса, желі іздеп тентіреп кетеміз.Ешқандай нәтиже болмағаннан кейін басшылыққа айтуды да қойдық.Мысалы, тұрған орныма 2 500 теңге төлеймін. Бұдан да көп ақша төлейтіндер бар. Бірақ бізге жағдай жасалмай отырғаны қынжылтады, – дейді саудагер Марат Мейрамбекұлы.

Ауыр жүк көлігімен халықтың малын таситын жүргізуші Ғабит Ергешұлы да жұртшылықтың жүйкесін тоздырған мәселе туралы ашына айтып берді. 

– Интернеттің ұстамайтыны рас. Біреуге ақша аударатын болсақ немесе қоңырау шалуға интернет пен байланыс желісінің нашарлығынан базар аралап, әбден әуре-сарсаңға түсеміз. Базар басшылығы интернет сапасын жақсартып, жағдай жасаса болады ғой, – дейді Ғабит Ергешұлы.

– Жамбыл ауданына қарасты Шоқай ауылында тұрамын. Атакәсіп арқылы ырзығымызды тауып отырған соң апта сайын демалыста базарға келіп, мал сатып алып, сатып, тіршілік кешіп жатқан жайымыз бар. Расын айту керек, интернет мәселесі әбден титықтатты. Әркім-әркімге «Wi-Fi»-ыңды қосшы» деп жалынып жүргенің. Қосса жақсы, қоспаса интернет іздеуге көліктің төбесіне дейін шығып кетеміз. Қазір тарифтердің бағасы да қымбаттап жатыр ғой, – дейді Сағи Қойлыбаев.

Халық айтса айтқандай-ақ, «Kaspi.kz» қосымшасын ашпақ түгіл, қанбазардың ішінде адасып қалған әріптесімізге байланыс желісінің нашарлығынан қоңырау шала алмай әбден қиналдық.Базар ішінде бір-бір телефонды басынан асыра жоғары көтеріп, «сеть» іздеп сенделіп жүрген халықтан көз сүрінеді. Асыра айтқанымыз емес, енді бірі күзетшілер тұратын мұнараға шыға алмай әлекке түсіп жатыр. Саудагерлердің айтуынша, мұнараның үстінде интернет жылдамдығы жоғары екен. Сол мұнараның маңында айран, шұбатын саудалаған Райхан апаның да айтары бар...

– Интернеттің сапасы өте төмен. Халық ақша аудара алмай қиналады. Одан бөлек үйдегі бала-шағаға қоңырау шала алмаймыз. Облыстағы ең үлкен базар. Бір интернет мұнарасын орнатып беруге шамалары жетеді ғой, – дейді Райхан Байбарақова.

Сөйтіп, мәселенің мән-жайын білген соң базар басшылығын іздеуге кірістік. Көпшіліктің жол сілтеуімен «Ас-Ер» малбазарының әкімшісі Антон Жакеновты тауып алып, халықтың базынасын жеткіздік. Базар басшысының айтуынша, сауда орнында интернет те, су да бар екен.

– Базар ашылғалы осында қызмет етемін. Базарда интернет бар. Тек кей жерлерде тартпауы жақын орналасқан түрмеге байланысты болып тұр. Тәртібі қатал жабық мекемеде ұялы байланыс қызметін бұғаттайтын құрылғы орналасқан.Осыған дейін ешкімнен интернет сапасына байланысты шағым түскен жоқ. 5 жыл бұрын интернет сапасын арттыру мақсатында жалға алып, арнайы мұнара қойдырған болатынбыз. Нәтиже болмаған соң қайтадан алдырып тастадық. Дегенмен интернеттің сапасын арттыру мәселесін алдағы уақытта тағы ойластырамыз. Мысалы, қазір телефонымда «Kaspi.kz» қосымшасы еш қиындықсыз ашылып тұр. Суға байланысты да ешқандай мәселе жоқ. Базардың үш жерінде су сарқырап ағып тұр. Алдағы уақытта тағы көбейтпекпіз, – дейді Антон Алпысұлы. 

Расымен, интернет сапасының, байланыс желісінің нашарлығы түрмеге байланысты ма? Осы сауалды облыс әкімдігі цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Руслан Ноқрабековке қойып, анық-қанығына көз жеткіздік. 

– Интернет желісін тартуға болады. Малбазар орналасқан округтің әкімі байланыс инспекциясының атына арыз-шағым түсіруі керек. Округ басшысы бізге хабарласса, арызды кімге, қалай жазу керектігі жөнінде көрсетіп, түсіндіріп береміз, – деген Руслан Москауұлы аталған мәселеге түрменің қатысы жоқ екенін айтты.Ауылдық округ демекші, малбазар Жамбыл ауданы, Көлқайнар ауылдық округінің аумағында орналасқан. Сондықтан ендігі кезекте округ әкімі Асылбек Қонаровты сөзге тарттық. 

– «Ас-Ер» малбазары округке территориялық жағынан қарайды. Яғни округтің ең шетінде, шекарасында орналасқан. Осыған дейін базар басшылығымен жиналыс өткізіп, базарды стандартқа сай өзгерту туралы келіссөз жүргізген болатынбыз. Жұмыстар көктемде қолға алынатын болған. Алайда жаңғырту жұмыстары әзірге тек сөз жүзінде қалып тұр. Ал интернет туралы ешкім ұсыныс айтпады. Жекеменшік нысан болғандықтан кәсіпкердің жұмысына араласа алмаймыз. Егер бізге қайырылса, көмектесуге дайынбыз, – дейді округ әкімі. 

«Бір қайғыны ойласаң, мың қайғыны қозғайды» дегендей, аз-кем сұхбаттасқан саудагерлер базардағы су мәселесін де қозғауымызды өтінді. Себебі 10 гектар аумақты алып жатқан базарда ішкен былай тұрсын, қол жууға суды зорға табасың. 

– Не әжетханада су жоқ, не мал суғаратын су жоқ. Қолымызды қай жерге жуарымызды білмей қаламыз, – дейді алыпсатар Қалбай Сүлейменов.Базарды аралай келе, ұзақ уақыттан бері су ақпай тұрған суағарды таптық. Екіншісі дәл асханалардың ортасында екен. Жағдайы сын көтермейді. Арнайы құбырдан келетін суға «шланганы» орап қойған. Ол жерде екі жігіт аяқтарын, аяқкиімдерін шайып жатты. Кішкентай бір бала ыдысын суға толтырып, сол суды ішіп жатты.Кранның түбіне жиналған қоқыстың күлімсі иісі қолқаны қабады.

Базардың санитарлық тазалығына байланысты облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне сауал жолдадық.Көп ұзамай олардан: «Қазақстан Республикасының «Ветеринария туралы» 2002 жылғы 10 шілдедегі Заңының 8-бабына, 14-бабына, 14-1-бабының 1-тармағының, 1-1) тармақшалары бойынша, Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасын сақтауды жүзеге асыратын жануарларды өсіру, жануарларды, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты дайындау (сою), сақтау, өңдеу және өткізу, сондай-ақ өндіріс ұйымдарында, ветеринариялық препараттарды, жемшөп пен жемшөп қоспаларын сақтау және өткізу жөніндегі ұйымдармен ішкі сауда объектілеріндегі бақылау және қадағалау қызметі ветеринария саласындағы уәкілетті органның құзыретіне кіреді.

Малбазар аумағында жұмыс істейтін тағамдану объектілеріне арыз-шағым тіркелген жағдайда «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шiлдедегi № 360-VI ҚРЗ Кодексіне сай денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік қадағалау осы кодекске және Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жүзеге асырылады.Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің 144-бап 5-тармақ 3-тармақшасына сай Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзушылықтар бойынша сенімді негіздер және растайтын дәлелдемелер (сурет, видео, чек) болған кезде жеке және заңды тұлғалардың жолданымдары бақылау мен қадағалау субъектілерін (объектілерін) жоспардан тыс тексеруге негіз болып табылады», деген жауап келді. Яғни департамент мамандары облыс әкімдігі ветеринария басқармасына қайырылуға кеңес берді.

Облыс әкімдігі ветеринария басқармасы болса, Қазақстан Республикасы Ауылшаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің облыстық аумақтық инспекциясына жолдады.

Ал инспекция басшысының орынбасары Жандар Қоекеев қайтадан облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне сілтеді.Ал Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Ербол Жиенқұлов мәселеден хабардар екенін, ол бойынша тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді. 

– Малбазар 10 жылға жалға алынған. Базар басшылығына модернизациялау бойынша бірнеше рет ұсыныс жасалды. Біз базар басшылығына 1 желтоқсанға дейін стандартқа сай етіп жаңғыртуға уақыт бердік. Осы уақыт аралығында тапсырма іске асырылмаса, базар орны ары қарай жалға берілмейді. Жаңғырту жұмыстары базардың алдындағы автокөлік тұрағын ауыстырудан басталады. Сонымен бірге ары қарай да жалғаса береді. Интернет мәселесі де бізге таныс. Әкімшілік тарапынан жұмыстар атқарылып жатыр. 1 шаршы метр жер қарастырылып отыр. Облыс әкімдігі цифрлық технологиялар басқармасының басшысымен де, «Beeline» компаниясының басшылығымен де хабарласып, келіссөздер жүргіздік, – деді Ербол Жұмабекұлы. 


 

Міне, жағдай – осы. Мәселені шешуге болады. Ендігі кезекте базар басшылығы халықтың талап-тілегіне құлақ түріп, лайықты жағдай жасаса игі.

Айжан ӨЗБЕКОВА,
Жамбыл ауданы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар