Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

АЭС-тің артықшылығы көп

АЭС-тің артықшылығы көп
Ашық Дереккөз
Қоғамда атом электр стансасын салу мәселесі көп уақыттан бері талқыланып келеді. Станса құрылысына қатысты ел ішінде екіұшты пікір аз емес. Жұртшылықтың кейбірі АЭС-тің қауіпсіздігіне қатысты күрделі сұраққа жауап іздеп қиналса, ал енді бірі стансаның Қазақстанды электр энергиясына деген тәуелділіктен құтқаратынына сенімді.

Қазақстанда үлкен уран қоры бар. Әлемдегі ең ірі уран өндірушілердің қатарына жататын еліміз үшін өз шикізатын пайдалану арқылы энергетикалық тәуелділіктен арылуға мүмкіндік зор. АЭС ауаға улы газ шығармайды. Сондықтан бұл электр энергиясын өндірудің экологиялық таза әдісі саналады екен. 

АЭС салу туралы шешім қабылдау алдында Қазақстан аталған тақырыпты қоғам талқысына салды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев АЭС салу-салмау мәселесін арнайы референдум арқылы шешуді жөн деп тапты. Референдум 6 қазанда өтеді.Осыған орай облыста құрылған штаб мүшелері – М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ректоры Мұхтар Байжұманов, аталған оқу орнының ғылым және цифрландыру жөніндегі проректоры Сейітжан Орынбаев, «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бас директорының орынбасары Еркін Сариев, Энергетика министрлігінің Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің облыс бойынша аумақтық департаментінің басшысы Айдар Қуатбеков, облыстық мәслихаттың депутаты Эльмира Қойлыбаева облыстық статистика департаментінің қызметкерлерімен жүздесіп, АЭС салудың пайдасын түсіндірді.

– Елдегі электр стансаларының 70 пайызының тозығы жеткен. Жыл сайын электр энергиясын тұтыну 3 пайызға өсіп жатқанын ескерсек, бізге жаңа генерациялар қажет. Энергетика министрлігінің жоспарымен 2035 жылға дейін 26,5 ГВт жаңа генерация іске қосылуы керек. Ол тек атом электр стансасы ғана емес, оның ішінде баламалы энергия көздері, газ, көмір пайдаланатын, су электр стансалары бар. Жоспар бойынша қуаты 2,4 ГВт атом электр стансасын салу көзделіп отыр, – деген С.Орынбаев жылу электр стансалары күніне қанша көмір тұтынатынын, ауа қаншалықты ласталатынын, шығындар жайын тарқата айтып берді.

Оның айтуынша, бір жылу электр стансасы жылына 60 тонналық 120 вагон көмірді жағып, ауаны метан, азот қышқылы секілді зиянды заттармен улайды. Шамамен 21 мың тонна қалдық шығарады. 8 миллион тонна оттегіні пайдаланса, ал АЭС ондай жылу өндіру үшін 41 тонна отын жұмсайды және осы көлемдегі отын бір жарым жылға жетеді екен.

Негізінде алдағы уақытта Қазақстанның экономикасы одан әрі дамып, жер-жерде өндіріс орындары, зауыт-фабрикалар көптеп салынса, халықтың саны өссе, энергияға деген сұраныс та артатыны белгілі.Ал еліміздегі жел, күн, су электр стансалары ондай сұранысты қанағаттандыра алмауы мүмкін. Бір айта кетерлігі, атам электр стансасынан болатын апаттар адам мен жан-жануар тұрмақ, бүкіл тіршілік атаулыға қауіп төндіреді. Бұған Украинадағы Чернобыль, Жапон еліндегі Фукусима апаттары дәлел бола алады. Нақ осы апаттардан кейін әлемде ядролық энергияның қауіпсіздігіне деген сенімділік төмендеді. Радиациялық ластану үлкен экологиялық зардап пен адам шығынын әкелетіні анық.Ядролық қалдықтарды сақтау да үлкен мәселе.Ол өте қауіпті, сондай-ақ қалдықты қауіпсіз сақтау көп ресурстар мен технологияларды қажет етеді.

Десе де Сейітжан Орынбаев энергетикалық қажеттілік үшін қолданыстағы стансалар экологияны ластап жатқанын, АЭС-тен ондай зиянды зат тарамайтынын жеткізді. Сонымен қатар халық қолдаса, АЭС-ті Балқаш көлінің маңына салу жоспарланғанын, оның құрылымын, қалай жұмыс істейтінін, қалдықты сақтау мәселесі, қауіпсіздік жайын егжей-тегжейлі баяндады. Сондай-ақ баяндамашы Фукусима апаты зілзала, Чернобыль апаты ондағы жауапты қызметкердің қателігінен болғанын тілге тиек етті.  

Өз кезегінде Айдар Ілесбекұлы да сөз алып, АЭС салудың пайдасы туралы әңгіме өрбітті.

 Ал облыстық статистика департаментінің басшысы Сырым Мәдиев Балқаш көлі маңынан АЭС салынса, оған іргелес жатқан Мойынқұм ауданы көркейе түсетінін, жұрт жұмыспен қамтылып, экономикамыз өркендейтінін сөз арасына қосты.

Мұқтар Қазбекұлы да АЭС туралы пайдалы ақпараттар бере отырып, көпшілікті 6 қазанда өзінің азаматтық пікірін білдіруге шақырды.

АЭС салу үлкен қаржыны талап етеді. Анығын айтқанда, бұл шаруаны іске асыруда жоғары технологиялық құрал-жабдықтар мен қауіпсіздік шаралары өте қымбатқа түседі. Дегенмен бұл тақырып қоғамда қызу қолдау тапса, алдағы уақытта еліміздің энергетикалық болашағы үшін АЭС салынатыны анық.

*     *     *

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің мәжіліс залында АЭС құрылысы бойынша «дөңгелек үстел» форматында жиын өтті. Басқосуға мемлекеттік қызметкерлер, университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер, БАҚ өкілдері қатысты.Жиында М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің басқарма төрағасы – ректор Мұхтар Байжұманов сөз алып, ұлттық экономиканың дамуы энергиямен толық қамтамасыз етілуіне байланысты екенін тілге тиек етті. АЭС-тің экологиялық, экономикалық, технологиялық, әлеуметтік, геосаяси артықшылықтарын сараптап, негізгі басымдықтарына тоқталды.

– Дамыған Еуропа елдері атом электр стансасына әлдеқашан көшіп кетті. Әлем бойынша 31 елде 450-ге жуық реактор жұмыс істеп тұр. Тағы 54-і салынып жатыр. Көш басында АҚШ (92), Франция (56), Қытай (57), Жапония (33), Үндістан (22) елдері тұр. Мысал ретінде Францияны айтуға болады. Франция электр энергиясының шамамен 80 пайызын атом электр стансаларынан алып отыр.

Қазіргі күні экономиканы алға қарай жылжыту үшін бар мәселе электр қуатына байланысты болып тұрғанына әлемнің көзі жеткендей. Сондықтан АЭС еліміздің өркениетті елдер қатарына қосылып, электр жарығына тәуелсіз өмір сүруі үшін өте қажет. Кейбіреулер «АЭС салынған жағдайда жұмысшыны қайдан табамыз?» деп алаңдаушылық білдіруде, – деген Мұхтар Байжұманов 6 қазанда өтетін референдумға бір кісідей атсалысуға шақырды. 

Мұнан соң басқарма мүшесі – ғылым және цифрландыру жөніндегі проректор Сейітжан Орынбаев «Қазақстанның атом саласын дамыту» тақырыбында баяндама жасады. АЭС-тің қоршаған ортаға тигізетін зияны мен пайдасына, радиоактивті қалдықтар және нысанның салынатын орнына, тарифтың маңыздылығына тоқталды.Жиында мамандардың ашық пікірлері сараланып, экономикалық саясатты одан әрі жетілдіру, Президент Жолдауында бұрын қабылданып, бүгінде жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың нәтижесі айтылды. Сондай-ақ қоғамдық-саяси мәдениет, экологиялық тәуекел мен қауіпсіздік, Атом электр стансасын салу туралы жалпыұлттық референдум өткізу мәселелері талқыланды.Кездесу соңында мамандар 6 қазанда өтетін атом электр стансасын салу бойынша маңызды шешім қабылдауға шақырды. Өз кезегінде университеттің профессор-оқытушылар құрамы АЭС-тің керектігін және бұл өзгеріс алда өршуі мүмкін энергетикалық дағдарыстың жалғыз шешімі екенін жеткізді.

*     *     *

2024 жылы 2 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «2024 жылғы 6 қазанда республикалық референдум өткiзу туралы» Жарлыққа қол қойды. Осы орайда референдумның аумақтық және учаскелік сайлау комиссиялары құрылып, түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.

Кеше «Қазақстанның атом саласын дамыту» тақырыбы аясында «АрайСтройМаркет – 2023» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауын түсіндіру бойынша жиналыс өтті. 

Іс-шараға Нарғозы Данаев атындағы орта мектептің директоры Жанна Оңғарбаева және білім, денсаулық саласының қызметкерлері қатысты. 

Алғашқы сөз кезегі Нарғозы Данаев атындағы орта мектептің директоры Жанна Бүркітбайқызына берілді. Өз сөзінде ол еліміздің әлеуметтік дамуы білім саласының өркендеуіне байланысты екендігін айтты. Сонымен қатар АЭС салу еліміздің ғылым және білім саласының дамуына үлкен үлес қосатынын жеткізді.

АЭС-тің елімізге пайдасы мен зияны туралы М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры Жанат Төленбаев баяндама жасады.Профессор АЭС салу барысын, атом қуатын бейбіт мақсатқа қауіпсіз пайдалану жолын қадағалайтын Халықаралық атом энергиясы агенттігінің зерделеуінен толыққанды өткен болса, қауіпсіз болатынын алға тартып отыр.

Келесі кезекте Тараз қалалық мәслихатының депутаты Әсел Әбілханқызы АЭС құрылысы басталса 2 000 адам, іске қосылған уақытта 4 000 адам жұмыспен қамтылатынын айтып өтті.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ,
Айжан ӨЗБЕКОВА,
Мұқағали БАЛТАБАЕВ

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар