КӨШЕЛЕРДІҢ ЖАЙЫ
ЖАҚСАРУДА
Президент аталған Жолдауда: «Біз кейінгі ұрпаққа жоғары сапалы авто және теміржолдарды қалдыруымыз керек. Сондай-ақ тиімді жұмыс істейтін әуе хабтарын, теміржол бекеттері мен теңіз порттарын салуымыз қажет. Бұл ретте бірқатар кешенді мәселені шешкен жөн...Автокөлік жолдарының жай-күйі – өзекті мәселе. Мен бұл туралы осыған дейін де айттым. Биыл елімізде 12 мың шақырымға жуық жол салынып, жөнделіп жатыр. Қазақстанда мұндай ауқымды жұмыс бұрын-соңды болмаған. Астана-Алматы, Ақтөбе-Атырау-Астрахань, Талдықорған-Өскемен бағытындағы күрежолдарды қайта жаңғырту жұмыстары аяқталып қалды. 2,5 мың шақырымға созылатын облысаралық және ауданаралық жолдарды орта деңгейде жөндеуге арналған бағдарламаның мән-маңызы зор. Дәл осы жолдармен жұрт өте жиі жүреді. Сондықтан бағдарламаның ауқымын кеңейтіп, оған кемінде 10 мың шақырым жолды қамтуды тапсырамын.Әрине, мұнда саннан гөрі сапа маңыздырақ. Сол үшін инновациялық заманауи әдіс-тәсілдерді кеңінен қолданған абзал. Бұл жұмысқа қоғамдық бақылауды күшейту үшін бірыңғай цифрлық платформаны іске қосқан жөн. Онда барлық жолды, соның ішінде қала аумағындағы жолдарды салуға және жөндеуге қатысты ақпарат болуы керек», – деді.
Жол жөнделсе жүріс те өнетіні, тұрмыс та түзеліп, туризм де түлейтіні белгілі. Биыл елімізде 12 мың шақырымға жуық жол салынып, жөнделіп жатса, 700-ге жуық шақырымы облысымызға тиесілі. Өңірде жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерінің желісі 10 084 шақырымды құрайды. Оның 6 мың 41 шақырымы жақсы жағдайда (59,9 пайыз), 2 519 шақырымы қанағаттанарлық деңгейде (24,9 пайыз), 1 524 шақырымы нашар жағдайдағы (15,1 пайыз) жолдар.
– Бүгінгі таңда облыста жүзеге асырылып жатқан 357 жоба шеңберінде 690,5 шақырым жолды жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде 671 шақырым жолды орта жөндеу, 1 көпір мен 16,5 шақырым көше жолының құрылысы және 3 шақырым жолды қайта жаңғырту жоспарланған.«ҚР көлік-логистикалық әлеуетін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы» аясында облыстық және аудандық мәні бар 164,2 шақырым жол жөнделеді. Жөндеу жұмыстары толық аяқталған соң жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін 99 пайызға (жақсысы – 65 пайыз, қанағаттанарлығы – 34 пайыз,) жеткізу межеленген.Елді мекен көшелері желісінің жалпы ұзындығы 5 726 шақырымды құраса, 3 321 шақырымы жақсы (59 пайыз), 1 203 шақырымы қанағаттанарлық (20 пайыз) жағдайда. Қанағаттанарлықсыз жағдайдағы жолдың ұзындығы 1 202 шақырымды (21 пайыз) құрайды.
Биыл «Ауыл – ел бесігі» жобасы, «Өңірлерді дамыту», «Моноқалаларды дамыту» бағдарламалары және аудандық және қалалық бюджеттердің есебінен 323 жоба аясында 526,3 шақырым жол жөнделуде. Осы жолдар жөндеуден өткеннен кейін елді мекен көшелері бойынша көрсеткіш 87 пайызға (жақсысы – 67 пайыз, қанағаттанарлығы – 20 пайыз) жетеді, – дейді облыс әкімдігі басқармасының басшысы Мұрат Саурықов.
Мұрат Құттыбайұлының айтуынша, 2025 жылы 189,6 шақырым жергілікті маңызы бар автожол мен 150 шақырым елді мекен көшесін орта жөндеуден өткізу жоспарланыпты. Қазіргі уақытта жөнделіп жатқан жолдардың сапасын келісімшарт негізінде «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» облыстық филиалы қадағалап отыр. Сапа орталығы тарапынан 840 жерге зерделеу жұмыстары жүргізіліп, 2 642 сынама алынған екен. Нәтижесінде 263 (республика – 233; жергілікті – 30) ескерту беріліп, жою жөнінде шаралар қабылданған.
– Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 1 194 шақырымды құрайды. 2020-2025 жылдың жоспарына сәйкес 473 шақырым жолға қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Олар – 266 шақырымды құрайтын «Меркі-Бурылбайтал», 145 шақырымдық «Балқаш-Бурылбайтал», 62 шақырымдағы «Күрті-Бурылбайтал» бағытындағы жолдар. Күрделі жөндеу жұмысы 68,4 шақырымды құрап отыр. Атап айтсақ, «Шу-Қайнар» бағытындағы 56 шақырым, ескі «Күйік» асуының 12,4 шақырымы жөнделуде. Аталған жобалар толық іске асырылып, пайдалануға берілген соң республикалық жолдар бойынша жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 97,3 пайызға жетеді, – дейді М.Саурықов.
ҚҰРЫЛЫС АЛАҢЫНА
АЙНАЛҒАН ҚАЛА
Биыл Тараз қаласында жылу құбырларының ауыстырылып, автожолдардың жөндеуден өтуі шаһарды құрылыс алаңына айналдырғандай кейіпке енгізгені баршаға мәлім. Оның ішінде қаланың қуыс-қуысындағы көшелерге дейін жөндеуден өтуде. Бұл қуанарлық жайт. Дегенмен жол салу барысындағы ескерілуі тиіс талаптар жол қауіпсіздігі ережесіне сай болуы қажет.Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің айтуынша, облыс орталығында 1 445 көше жолы болса, оның 902-сі асфальтталған. 543 көшеге шағал тас төселген.
– Халқымызда «Жол – экономиканың күретамыры» деген жақсы бір сөз бар. Сол үшін де қала аумағындағы жолдардың сапалы жөнделуі жіті назарға алынған. Былтыр 3,6 миллиард теңгеге 87,5 шақырымды құрайтын 145 көшеге асфальт жабындысы төселді. Сондай-ақ Саңырық батыр мен Шостакович көшелері қайта жаңғыртудан өтті. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 61 пайыздан 65 пайызға дейін артты. Биыл жалпы ұзындығы 68,6 шақырымды құрайтын 118 көше және 18 шақырым болатын 7 жаяу жүргінші жолы орташа жөндеуден өтуде. Одан бөлек «Коммунальник», «Лето», «Ветеран», «Химик», «Юбилейный» және «Победа» тұрғын алқаптарындағы жалпы ұзындығы 73,8 шақырымды құрайтын 165 көшедегі шағал жол орташа жөнделуде.
Нәтижесінде қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 65 пайыздан 70 пайызға ұлғайды.Көптен бері өзекті мәселе болып келген «Бурыл-А», «Бурыл-Б», «Бурыл-В» және «Барысхан» тұрғын алқаптарында да жол жөндеу жұмыстары қызу жүруде. «Бурыл» алқабындағы 75 көшенің 13-і былтыр асфальтталса, биыл қалған көшелерге толықтай асфальт жабындысының бірінші қабаты төселеді.«Барысхан» тұрғын алқабында биыл 8 көшеге асфальт жабындысын төсеу жоспарланып отыр. Сондай-ақ қала көшелері мен ықшамаудандардың ішкі жолдарын ағымдағы жөндеуден өткізу жұмыстарына жергілікті бюджеттен 900 миллион теңге қарастырылды. Конкурс нәтижесі бойынша жеңімпаз мердігерлермен келісімшарт жасалып, қазіргі таңда тиісті жұмыстар атқарылуда. Көлік қозғалысын тиімді ұйымдастыру, көлік жолдарындағы жүктемені азайту мақсатында екі бірдей көпір құрылысын салуды жоспарлап отырмыз.
Атап өтсек, Абай даңғылының теміржол үсті арқылы өтетін жол өткелі мен жаяу жүргіншілер өткелі бөлігінің құрылысын салу жобасының құны – 16,9 миллиард теңге. Қазір мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды.Абай даңғылының Сыпатай батыр көшесінен Жамбыл даңғылына дейін Тараз қаласындағы теміржол және өнеркәсіптік аймақ арқылы эстакадамен жалғасын салу жобасының құны 24 миллиард теңге болса, қазір мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды. Аталған қос жобаны 2024-2025 жылдары республикалық бюджеттен қаржыландыру үшін ҚР Ұлттық экономика министрлігіне бюджеттік өтінім ұсынылды, – деді Бақытжан Әмірбекұлы.
Қала әкімінің айтуынша, тұрғындар тарапынан қойылатын сауалдардың дені көшелерді жарықтандыруға байланысты көрінеді. Осы мақсатта былтыр облыс орталығындағы 83 көше жарықтандырылса, биыл 76 көшені жарықтандыру қолға алыныпты.Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес қалалық бюджеттен 368 миллион теңге бөлініп, 10 ықшамауданда орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің ауласын жарықтандыру жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде 353 көпқабатты тұрғын үй ауласы, 79 кіреберіс жол түнгі жарықпен қамтамасыз етіліпті. Бұл жұмыстарды келесі жылы қаланың өзге де аумақтарында іске асыру жоспарланған екен. Бұдан бөлек Сейфуллин көшесінің бойына және Жамбыл даңғылының жаяу жүргіншілер жолына түнгі жарықшамдар орнатылмақ.Бұрын «Түйте» каналын қамыс басып, канал табанындағы күл-қоқыс су ағысына кедергі келтіретін. Қазір осы су жүйесін адам танымастай өзгертуге күш салынып, алдағы уақытта ел бір мезгіл серуендейтін, демалатын орын жасалмақ.Бүгінде қаланың ирригациялық жүйесін жақсартуға барынша ден қойылуда.
Бұл бойынша Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та нақты тапсырмалар жүктегені белгілі. Аталған жұмыстар қаланың шырайын ашып қана қоймай, су тасқыны қатерінің алдын алуға да септігін тигізетіні сөзсіз. Шаһар аумағындағы 6 ирригациялық және 2 дренаж каналын механикалық тазалауға қала бюджетінен қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар қолға алыныпты. Осының нәтижесінде каналдар толығымен тазартылып, жаңа кейіпке енген. Сондай-ақ қазіргі таңда облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің тікелей тапсырмасымен «Сенім Құрылыс Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Түйте» каналының, атап айтқанда, осы су жүйесінің «Ұлы дала» ықшамауданы мен «Бурыл» тұрғын алқабы ортасындағы бір бөлігіне абаттандыру жұмыстарын жүргізуде. Каналдың абаттандырылатын бөлігі 1 738 метрді құрайды екен. Осылайша жаңғырған каналдың бойы тұрғындардың сейілдеуіне таптырмас демалыс орны болмақ. Мұны сөз етіп отырғанымыз, осы «Түйте» каналы арқылы «Ұлы дала» ықшамауданы мен «Бурыл» тұрғын алқабын жалғайтын көлік жолы үшін каналдың әр тұсынан өткел салынады деген жоспар бар. Бұл да халыққа керек дүние.
БИІК БОРДЮРДІҢ
ҚАЖЕТТІЛІГІ ҚАНША?
Алайда «Ұлы дала» ықшамауданындағы көпқабатты үйлердің тұрғындары «Түйте» каналынан өте алмай, қиналып жүрген көрінеді. Бұған дейін жүргіншілер каналдан әрлі-берлі өтіп жүрген өткел қазір бұзылып тасталған. Бұл «Ұлы дала» ықшамауданы тұрғындарының көтеріп отырған мәселесі. Десе де тұрғындар жаңа көпір салынғанша сабырлық танытуы қажет-ақ.Тағы бір назар аударатын жайт – осы каналдың «Ұлы дала» ықшамауданы жағында бұрын салынған жолдың тарлығы. Тар жол көліктердің ары-бері өтуіне қолайсыз болып тұр.
– «Біткен іске сыншы көп» дейді қазақ. Мұндағы Қошке Кемеңгерұлы атындағы көше «Ұлы дала» ықшамауданы салынғанда пайда болды. Әу баста біз бұл көшені жаңадан салынып жатқан нысандарға құрылыс материалдарын жеткізетін көліктер үшін уақытша салынған екен деп ойладық. Өйткені бұл «Ұлы дала» ықшамауданында салынған алғашқы жолдардың бірі. Одан кейін көптеген тұрғын үй пайдалануға берілді. Ықшамауданға қатынайтын жолдар, ішкі көшелері де салынды. Неге екенін қайдам, дәл осы көше сол күйінде қалып қойды. Ені тым тар. Екі көлік қарама-қарсы өткенде жолға әзер сыяды. Осы жол сол күйі қала ма, әлде кеңейтіліп, не болмаса біржолақты бола ма? Нақ осы сұрақ бізді толғандырып отыр. Талай көліктің жолға сыймай айнасы сынды, көліктер бірінен-бірі қашамын деп кейбірі бордюрға соғылып, оның үстіне шығып кетсе, кейбірі арыққа түсіп кеткен кездер де болған. КСРО дәуірінде пайда болған ықшамаудандардағы тұрғын үйлер арасындағы жолдар сол кездегі есеппен салынған. Ол кезде көлік аз болатын, сондықтан бір көлік қана сыяды. Ал мынау мұнда салынған жол ғой. Неге екі жиегін кеңейтпеске?! – дейді қала тұрғыны, жеке көлік жүргізушісі Ақылбек Қалыбеков.
Бүгінде шаһарда жөндеуден өтіп жатқан жолдар жетерлік. Оның ішінде ені тар көшелер де баршылық. Алайда тар көшенің жиегіне бордюр қою, оның биіктігін жолдан 20 сантиметрден астам етіп орнату сәнге айналған. Ал мұндай биіктіктегі бордюрлер жол қауіпсіздігіне кері әсерін тигізбей қоймайды.
– Пушкин, Бектұрғанов, Жүнісәлиев секілді Тараз қаласының бірнеше көшесі жөнделіп жатыр. Ол көшелердің ені тар. Енді сондай көшелердің жиегіне бордюрлердің биіктігін 20 сантиметрден аса биік етіп қою не үшін қажет? Бұрын бордюрлер жолдың жиегінің биіктігімен бірдей болып жататын. Өйткені алдыңнан қарама-қарсы көлік немесе велосипед шығып қалуы мүмкін. Жаяу жүргінші де жолға шығып кетсе, оны таптап өтіп кетпейсің ғой, жолдың жағасына қарай қашасың. Мәселен, жақында ғана Бектұрғанов көшесінде бір көлік екіншісінен қашамын деп бордюрге соғылып, көлігіне зақым келді. Осы тектес оқыс жағдайда 20 сантиметр биіктіктегі бордюр жол-көлік апатының туындауына басты себеп болатыны анық. Себебі жол үстінде түрлі апаттық, төтенше жағдай орын алғанда жүріп келе жатқан көлік жолдың жиегіне шығуы керек.Ертеңгі күні бір көлік осындай жол бойында бұзылып қалуы немесе біреуді күтіп тұруы мүмкін. Сол кезде оның артында келе жатқан көліктің тоқтауына тура келеді. Неге десеңіз, тоқтаған көліктің артындағы көлік оң жақпен айналып өтейін десе, оған бордюр мүмкіндік бермейді. Сол жағымен айналып өтетін болса, алдағы уақытта сол көшенің қақ ортасына бір бағыттағы жолақ (сплошная линия) түседі. Ал ол сызықты кесіп өтпек тұрмақ, басқан көліктің иесі айыпты болады. Бұл – ашығын айтқанда, қолдан мәселе туындату, қолдан апаттық жағдай жасау.
Одан бөлек кез келген көлік көше бойына тоқтайтын кезде оның аялдаған жері мен көшенің қақ ортасындағы бір бағыттағы жолақтың арасы кемі үш метр болуы керек. Ондай қашықтық жоқ жерде көлік қанша жерден бордюрға тақалып тоқтаса да жол ережесіне қайшы болып саналады. Бұл жерде жапа шегетін қарапайым халық. Бұрын бір бағыттағы жолақты қиған көлік жүргізушісіне айыппұл салынған болса, бүгінде мұндай қателікке жол бергендер жүргізуші куәлігінен айырылады.Тағы бір айта кетер жайт, жауын-шашыннан жиналған жолдың үстіндегі су көлшікке айналады. Негізінде жауыннан пайда болған су жолдың жиегіндегі арыққа құйылуы керек. Ал оған тағы да биік бордюр мүмкіндік бермейді.Тапсырыс берушілер неге осыны ескермейді? Бордюр көзге тартымды көрінсін десе, 5-6 сантиметр биіктікте қоюға да болады. Сонда көлік жолдың жиегіне еш кедергісіз шыға алады.Мен осы мәселені қалалық полиция басқармасының техникалық қадағалау бөлімінің мамандарына уәж ретінде айтқанмын. Олар бұл мәселенің орынды екенін құптап, бірақ жолдың жобалық сызбасында не істелу керектігі көрсетілсе, одан аса алмайтыны жайлы айтты. Сонда жоба сызбасын кері қайтаруға, өзгеріс енгізуге болмай ма? Жол жиегіне биік бордюр орнататындай көше жағалауы гүлге оранып тұрса мейлі екен, – дейді ҚР Жүргізушілер одағы облыстық филиалының төрағасы Амантай Досмаханбетұлы.
Сондай-ақ ол жол жөндеу барысында халыққа қолайсыз жағдай тудыратын мердігерлердің ісіне де көңілі толмайтынын жеткізді.
– Осы күні жолдың ой-шұқырын жамайтын компаниялар бірінен соң бірі шұңқырларды қазып тастайды. Одан кейін ол шұңқырлар апталап, айлап жамалмай жатады. Мәселен, Бектұрғанов көшесіндегі шұңқырлар қазылғаннан кейін бір ай жамалмай жатты. Ондай шұңқырға түсіп кетіп, көлігінің доңғалағын жарып алғандар да бар.Бұрынғы уақытта шұңқыр қазылғаннан кейін ол 4-6 сағат ішінде жамалатын. Егер осы тәртіп бұзылса, жол жөндеушілердің мәселесі бюрода қаралатын. Сол себепті КСРО дәуірінде шұңқыр түске дейін қазылса, түстен кейін асфальт жамылғысымен тегістелетін. Қазіргі талап, қазіргі стандарт бойынша қазылған шұңқыр қанша уақыт жатуы керек? – деді А.Досмаханбетұлы.
Біз осы сұрақтардың жауабын қала әкімі Бақытжан Орынбековтің өз аузынан естігенді жөн көрдік. Бақытжан Әмірбекұлының айтуынша, мердігерлерге тек жол жөндеу жұмысы мерзімінен кешіктірілгенде ғана шара қолданылады екен. Ал олар қазылған шұқырды артынша жамап отыра ма, әлде барлығын соңында бір-ақ жамай ма, ол өз еріктері екен. Бастысы нысан межелі уақытында тапсырылса болды.
– Бордюрдің биіктігі – 22 сантиметр, ол стандартқа, талапқа сай. Біріншіден, жауын-шашыннан жиналған су арыққа ағып кететіндей бордюрдің әр тұсынан бір су ағатын орын қалдырылады. Егер біз бордюрді биіктетіп қоймасақ, ертеңгі күні көліктің барлығы жолдың шетіне шығып кетеді. Сіз сөз етіп отырған Пушкин көшесі қазір бұрынғы ескі жолға қарағанда біршама кеңейді. Ол жерде мәселе туындайды деп ойламаймын.Бір айта кетерлігі, біздің қала тұрғындары, оның ішінде жүргізушілер қала ішіндегі көшелерді жоғары жылдамдықпен жүретін «шоссе» секілді көреді. Қала ішіндегі жол – көше, ал «шоссе» – Тараз бен Алматы қаласының арасындағы жол. Қала аумағындағы жолдар көше болып саналатындықтан жүргізушілер жылдамдықты белгіленген шекті жылдамдықтан асырмай, тәртіп сақтап жүруі тиіс. Кептеліс кез келген қалада бар. Оның үстіне шаһарымызда қазір көлік саны күннен-күнге өсіп келе жатыр. Кептеліс туындаған жағдайда жүргізушілер барлық жағдайға түсіністікпен қарап, сабыр сақтауы керек. Менің айтарым, жүргізушілер тәртіп сақтаса, кептеліс болмайды, жол жүру ережесі сақталса, ешқандай мәселе де туындамайды.Жол жиегінде қазір гүл жоқ болса, болашақта осындай жолдардың жағалауына гүлдер егіліп, көгалдандырылады. Қала аумағының көгалдандырылатын жерлерін азайтып, оны көліктер үшін бос қалдыру орынсыз көтерілген мәселе, – деді Б.Орынбеков.
Шаһар ішінде атқарылған жұмыстарды тілге тиек ете отырып, шамамыздың жеткенінше тұрғындар көтерген мәселені де қаузадық, жауабын да алдық.Халықтың да уәжін,әкімнің де жауабын бұрыс дей алмаймыз.Бастысы бір істі тындырып, екіншісін бүлдіріп алмасақ болғаны.Оны алдағы уақыт көрсете жатар.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ