Көз алдыма қазақтың сайын даласы келеді. Желмен жарысқан сәйгүліктерге мінген кілең шамдағай жігіттер. Кәдуілгі ертегінің батырларындай, атқа отырысы да, қолына ұстаған садағы да жарасымды оларды сайдың тасындай сайыпқыран нояндар дерсің, түге. Батырлық жыр-дастандарда сол сұрмергендер күміс пен алтын тайтұяқ ілінген жамбыны атып түсірсе, хан қызын берген ғой.
«Қобыланды батыр» жырында:
«Бұлғары садақ, бұқар жай,
Тата алмасам маған серт!
Бел күшіме шыдамай,
Беліңнен кетсең саған серт!» – деп жай айтыла салмаған.
Осынау ұмытыла бастаған ұлттық өнерге Елдосты алып келген өскен ортасы дер едім. Өйткені жастайынан ат құлағында ойнап өсті. Көкпаршы ағасы Қуан Құрамаев бір күні оған: «Елдос, сен мен сияқты күресті де, футболды да көрдің, «Ботбай» командасын құрдың. Облысқа, тіпті республикаға атың шықты. Бірақ сен қызуқанды жігітсің, республикалық Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы жамбы атуды қолға алды. Сен осы өнерге өзіңді бейімдесең қайтеді?» – деген ойын айтты.Елдос сол кезде көкпар тартудан Қазақстан құрамасының бас бапкері болып жүрген, көкпардан әлем чемпионы әрі өзінің ұстазы Қуан Құрамаевтың сөзін жерге тастамады. Сол күннен бастап садақ атудың сан қырлы сырын жатпай-тұрмай үйрене бастады.Бұл 2014 жылдың жадыраған жаз айы болатын. Елдос Меркіден садақшылар командасын жинай бастады.Ең алғашқы семинарға Моңғолиядан Баткирле есімді бапкер келіп, он күн бойы қорамсақ ұстауға икемдеді. Әр облыстан отызға жуық спортшы келді. Қызылордадан Бекқали Үзденбаев, Қарағандыдан Талғат Омарбаев, Алматыдан Алдияр Нұрғазиев нұсқаушы куәлігін алды. Бұл бас бапкер деген атқа ие болды. Сол кезде моңғолиялық бапкер Елдосқа ұлы далада жасалған садақ пен қорамсақты сыйға тартқан. Елдос осынау көненің көзі болған дүниелерді күні бүгінге дейін көзінің қарашығындай сақтап, үйіне қойып қойған екен.
2018 жылы қарапайым ғана қазақ баласы бүкіл әлемді дүр сілкіндірді. Оңтүстік Кореяға барып, дүниежүзінің 23 мемлекетінен келген жамбы атушылармен бірінші рет бақ сынасты. Он төртінші рет өткен әлем біріншілігіне Қазақстан тұңғыш рет қатысты. Елдос Бадашев жарысқа өзінің шәкірті Абзал Тұлыбековпен бірге қатысып, екеуі де әлем чемпионатының Алтын тұғырын кеуделеріне тағып қайтты. Абзал ең кішкентай нысана атудан рекордтық көрсеткіш орнатып, төрт нысананы атып түсірді. Онда да ат үстінде шауып бара жатып, екеуін де жамбыға дәл тигізді.Оңтүстік Корея республикасындағы Дүниежүзілік ат үстінен садақ ату федерациясының президенті Ким Юнг Суп «қазақ стилін» әлем чемпионатының бағдарламасына енгізу туралы ұсыныс жасады. Тіпті Қазақстан Республикасы Ұлттық ат спорты қауымдастығына арнайы сертификат берді. Кореяның Каңвондо провинциясындағы Сокхчо қаласында өткен әлем біріншілігінде чемпион атанған екі мергенімізге де Ким Юнг Суп арнайы орденді табыс етті.
Жас мергендеріміз 2019 жылы да Ресейдің Серпухово қаласында жамбы атудан өткен І Халықаралық жарыста айды аспанға шығарды. Бақдәулет пен Айкөз Ералхан бір алтын және бір қола медаль еншіледі. Ал жарысты ұйымдастырушылар Елдос Бадашевтың омырауына «Қасиетті Георгий» орденін тақты. Сөйтіп, жай ғана суретші Әлмағамбеттің баласы жамбы атудан омырауына «Алтын тұғыр» қадап, Қазақстанның ең үздік спортшысы деген атаққа ие болды.
«Жыл мергені» атанған Елдос Қазақстан Республикасының 25 жылдығы мен Алматы қаласының 1000 жылдығына орай өткен фестивальда жамбы атудан тағы да жұлдызы жарқырады. Ол Иордания каролінің қолынан ең жоғарғы мемлекеттік награда алғанда да өзінің қарапайымдылығын жоғалтқан жоқ. Өйткені анасы Күлман мен әкесі Әлмағамбеттен бұлар екі ұл, екі қыз тараған. Елдос баланың үлкені. Оның да екі қызы, бір ұлы бар. Айту ләзім, Елдостың бір атасы Спанқұл отызыншы жылдары Луговойдағы «Жыландыда» мал баққан. Елді аштық жайлаған кезде жұртқа қамқор болған. Ал екінші атасы Шаданқұл Ленин мемлекеттік асылтұқымды қой зауытын құруға қатысқан. Оның әйелі ауаткомда хатшы болған. Тіпті атасы Нүсіпқұл Луговойда теміржолда істеген екен.
Иә, кілең Олимпиада чемпиондары шыққан Құлан өңіріне Елдос Бадашевтың да жаттығы жоқ екен. Алайда осынау ұмытылып бара жатқан жамбы ату ұлттық ойыны, өкінішке қарай, оңтүстік өңірлерде әлі де өріс ала қоймағаны өкінішті-ақ. Қазақстан Республикасының Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы Елдос Бадашевке және жамбы ату мен бүркіт баптап, құс салудан Азия және әлем чемпионы атанған Абзал Тұлыбеков пен Бабажан Бақдәулетке қыркүйектің 8-13 аралығында өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысуға жолдама берді. Қазір олар өздерінің жаттықтырушысы Елдос Бадашевпен бірге осы жарыстарға қызу дайындалуда. Чемпиондарымызбен телефон арқылы байланысқанымызда олар ауданның ғана емес, бүкіл еліміздің намысын абыроймен қорғайтындарын айтып сендірді. Олай болса, жерлестеріміздің Меркіге жеңіспен оралуына тілектестік білдіреміз.
Сейсен ҚОЖЕКЕ,
журналист