Бір қуанарлығы, бүгінде кітап оқу мәдениеті дамып келеді. Оны жекелеген кітап дүкендері санының артуынан да байқауға болады. Мысалы, Тараз қаласының өзінде кітап сататын бірнеше сауда орны бар. Соның бірі – «Кітап ал» дүкені. Иесі – кәсіпкер Айдар Байгелов. Бұл нысанның ашылғанына екі жылдан асыпты. Мұндағы сөрелерде бес мыңға жуық кітап қоры жинақталған. Ал кітаптардың көбі – мотивациялық еңбектер.
– «Кітап ал» дүкендер желісінің бас кеңсесі Алматы қаласында. Біздің дүкен – осы құрылымның филиалы. Көбіне қазақ тіліндегі кітаптарды саудалаймыз. Сонымен қатар орыс және ағылшын тіліндегі кітаптар да бар. Сұранысқа сай іздегеніңізді табасыз. Ақын-жазушылардың еңбектері де жеткілікті. Яғни әдеби кітаптар аз емес. Сол сияқты аудармалар және мотивациялық кітаптар да баршылық. Көп сатылатыны да осылар.
«Биік мақсат, зор үміт, ұлы пікірі жоқ өмір хайуан тірлігіне ұқсас» деген екен ұлттың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынов. Қалай жетістікке жетсем екен деп, күш-қайрат пен жігерді кітаптан іздедім. Осылайша «Кітап ал» кітап дүкендері желісін аштым. Бұл мотивациялық кітаптардың құны 5000-20 000 теңге аралығында. Басты орында – әлемдік тәжірибеден өткен Джордж Клейсонның «Вавилондағы ең бай адам», Роберт Киосакидің «Бай әке, жарлы әке», Дейл Карнегидің «Алаңсыз өмір сүру құпиялары», Марк Мэнсонның «Бәріне қолыңды бір сілте» аударма кітаптары. Бұрын қазақша мотивациялық кітаптар жоқтың қасы деп зар илеп жүрсек, бүгінде ол олқылықтың орны толды. Кітап дүкендерін, кітапханаларды қарасаңыз, отандық авторлардың бай болу, қарыздан құтылу туралы немесе үй алу жолдары сынды кітаптары әлемдік бәсекемен тайталасып тұр. Атап айтсақ, Қуаныш Шоңбайдың «Екінші болма», «Құпия», Кәмшат Бекжігітованың «Ойыңды өзгертіп, өміріңді өзгерт», Динара Болаттың «Өмірге шексіз ғашық», Луиза Хейдің «Әйел даналығы», Мәрзия Бекайдардың «Қисық қабырға: нәзік жан», Бағлан Әбдірайымовтың «Ақ пен қара» атты кітаптары біздің дүкеннің сөресінде толып тұр. Тәп-тәуір ақша табамыз. Тараздың өзінде 5 адамды жұмыспен қамтып отырмыз, – деді ол.
«Кітап ал» дүкенінің сатып алушылары – студенттер мен орта жастан асқандар. Сатушы Әсел Байділдаева мұнда кітапты сатып қана қоймай, әлеуметтік желідегі парақшасын да жүргізеді.
– Кітап авторлары көбіне адамның өз-өзіне сенуі, іштей мықтылығын мойындау керектігі туралы ой қозғайды. Маған ұнайтыны – С.Давлатовтың «Мен және ақша» кітабы. Осы кітапханадан қазақша-орысша мотивацияға бай кітаптардың бәрін табамын. Ең өтімді кітап – Марғұлан Сейсембайдың бизнес туралы еңбектері және Қайрат Жолдыбайұлының «Кемел адамы, – деді Ә.Байділдаева.
Елімізде кітап сату бизнесі қызып тұр. Соңғы уақыттарда баспахана да, кітап дүкендері де көбейген. Бұл – жақсы үрдіс. Ең бастысы, сөреде самсып тұрған дүниелер оқырманға олжа сыйласа болғаны.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА