Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Өміріңізді сақтандырдыңыз ба?

Өміріңізді сақтандырдыңыз ба?
Ашық дереккөз
Әке-шешеміз осы уақытқа дейін өмірін сақтандыру дегенді білмепті. Сұрасаң «Ой, тоба, өмірімді не үшін сақтандырамын? Алла берген жасты сүрермін, қалаған күні мәңгілік мекеніме кетермін» деп күледі. Ал қазіргі ХХІ ғасырда алдағы күніңді ойлап, өміріңізді сақтандырып қоюға болады. Ендеше өмірді сақтандыру дегеніміз не? Не үшін өмірімізді сақтандыруымыз керек? Кімнен, неден сақтану қажет? Осы туралы тереңірек ой қозғасақ, артық болмас.

Әр нәрсе – өз уақытымен. Адам баласы басына бір іс түскенде ғана «е, осылай екен ғой» деп өмірде көргенін көкейіне түйіп жатады. 2023 жылы қараша айында күйеуім оқыстан қаза тапқанда бұрын алған несиесі де қоса мұрагерлікке қалды. Осындай күрделі жағдайда екінші деңгейлі банктен алған сақтандырылған несиелер кешірілді де, сақтандырылмаған микронесиелерді өзім төлеуім керек болды. Ал сақтандырылған 1 500 000 теңге несиені «Қазақстан халық банкінің өмірді сақтандыру бойынша «Халық Life» еншілес компаниясы» акционерлік қоғамы төлеп берді. Қалған 500 мың теңгедей микронесиелер сақтандырылмағандықтан шетінен еңбекақымнан ұсталды.

Осы кезде ғана кез келген нәрсені де, әсіресе өмірімізді, алған несиемізге дейін сақтандырып қоюымыз керектігін түсіндім.Жалпы кез келген адам қаржылай қауіпсіз болғаны дұрыс. Яғни болашаққа деп жиған-тергені, жұмыссыз қалғанда, зейнеткерлікке шыққанда, оқыс жағдайларда пайдаланатын артық ақшасы болғаны жөн. Әдемі қарттықты аңсамайтын адам жоқ. Қартайғанда әлпештеп өсірген балаң бағып-қаға ма, жоқ па, бір Алла біледі.

Сондықтан әрбіріміздің ертеңгі болашағымыз үшін жинаған қаражатымыз болуы тиіс. Сақтандыру – өзіңді, денсаулығыңды, пәтер секілді дүние-мүлкіңді түрлі жағдайлардан қорғау мүмкіндігі. Уақыт өткен сайын әлем бойынша сақтандыру компаниялары қызметінің танымалдылығы артып келеді. Ал «Халық Life» сақтандыру компаниясының Тараз қалалық филиалының директоры Лейла Зупинованың айтуынша, елімізде өмірді сақтандыру кенжелеп тұр. Дүниежүзілік банк дерегі бойынша, еліміз өмірді сақтандыру сыйлықақыларының ішкі жалпы өнімдегі үлесі бойынша 49-орында.

– «Қазақстан халық банкінің өмірді сақтандыру бойынша «Халық Life» еншілес компаниясы» акционерлік қоғамы 2005 жылы құрылған. Компанияның меншікті капиталы 43 миллиард теңгені құрайды. «Халық Life» сақтандырудың бірнеше түрін ұсынады.Адамдар қызмет ететін саласына қарай сақтандыру бағдарламасын дұрыс таңдай білгені жөн. Мәселен, үнемі жолға шығатын азамат жол-көлік оқиғасына орай өтемақы беретін бағдарламаны, биіктікте жұмыс істейтін азамат оқыс оқиғадан зардап шегу өнімдерін таңдағаны дұрыс болмақ. «Жаман айтпай, жақсы жоқ». Алда-жалда өмірі сақтандырылған адамға қатер төне қалса, сақтандыру компаниясы көмек қолын созады. Бір ескертіп айтатыным, шетелге іссапармен шықсаңыз да өміріңізді сақтандырғаныңыз дұрыс. Себебі демалуға не жұмыспен барсаңыз да шет мемлекетте ауырып, медециналық көмек қажет болғанда сізді ешкім қарамайды, – дейді Л.Зупинова.

Қарапайым ғана мысал келтірейік. Бәріміздің басымызда қос-қостан несие бар екені рас. Егер несие парағына дұрыстап қарасаңыз, несиелік сақтандыру қосылғанын байқайсыз. Яғни алда-жалда қарыз алушы еңбекке қабілеттілігін жоғалтқан жағдайда немесе қайтыс болса, қарызды сақтандыру компаниясы өтеп береді. Сондықтан сақтандырудан бас тартпағаныңыз жөн.Қазіргі таңда «Халық-Life» АҚ-ның 1,3 миллионнан астам клиенті бар екен. Компания өкілдерінің айтуынша, акционерлік қоғамның басты мақсаты – ел арасында қаржылық сауаттылықты арттыру және жинақтаушы сақтандыру бағдарламаларын дамытуға күш салу. Дегенмен көпшілігіміз өмірді сақтандыруды артық шығын деп ойлаймыз. Өкінішке қарай, жаңашылдыққа әлі үйрене алмай келе жатырмыз. Осы орайда Л.Зупинова баланың болашағы үшін сақтандыру компаниясынан депозит ашып қоюға да болатынын айтады. 

– Біздің компания ұсынған «Bilim-Life» жобасы – жоғары білім алуға арналған сақтандыру полисі. Жобаның артықшылығы – кез келген ата-ана баласын елдегі немесе шетелдегі жоғары оқу орнында оқытуға қажетті соманы жинақтауға мүмкіндік алады. Кепілдендірілген кіріс, жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы, жинақтау мерзімінде өмірді сақтандыру секілді артықшылық тағы бар. Әрине, «Bilim-Life» – сақтандыру нарығындағы бірегей сақтандыру өнімі екені даусыз. Оның пайда болуы еліміздегі сақтандыру саласындағы нағыз серпіліс болғаны анық. Өйткені бүгінге дейін Қазақстанда бірде-бір сақтандыру қызметі мемлекет тарапынан сыйақы алған жоқ, – дейді Лейла Саитқызы. 

Өмірді сақтандырудың негізгі әлеуметтік функциясы – клиент пен оның жақындарын күтпеген жағдайлардың салдарынан материалдық тұрғыда қорғау. Мысалы, жазатайым оқиға немесе ауру-сырқау адамның жұмыс істеуіне кедергі келтіруі мүмкін. Бұл отбасы бюджетіне үлкен соққы болады. Төтенше жағдайларда, асыраушысы қайтыс болған кезде отбасы қаржылық қиындықтармен бетпе-бет келуі мүмкін. Сақтандыру полисінің міндеті – қолайсыз оқиғалар кезінде отбасына төлем жасау, егер табыс тоқтатылған жағдайда оны ақшамен қамтамасыз ету.

Эльмира БАЙНАЗАРОВА 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар