Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Баға тұрақтылығы – басты назарда

Баға тұрақтылығы –  басты назарда
Ашық дереккөз
Азық-түлік бағасының төмен болуы – қарапайым халық үшін аса маңызды. Сондықтан да елімізде бағаны тұрақтандыруға, негізсіз өсуіне жол бермеуге баса назар аударылып, тиісті жұмыстар атқарылуда.

АЗЫҚ-ТҮЛІК ИНДЕКСІ ТӨМЕНДЕГЕН

Республикалық маңызы бар қалалардың, облыстардың жергілікті атқарушы органдары әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру қоры арқылы ұстап тұруға күш салуда. Нәтижесінде тамыз айының ортасында елімізде әлеуметтік азық-түлік бағасының орташа индексі 0,1 пайызға төмендеп, жылдық өсу қарқыны нөлге тең болды. Жалпы кез келген тауар мен көрсетілетін ақылы қызметтердің қымбаттауына теңге бағамының әлсіреуі, коммуналдық және теміржол тарифтері мен жалақының өсуі себеп болатыны анық. Осы секілді түрлі факторларға қарамастан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының өсу көрсеткіші нөлдік деңгейде тұруы жергілікті атқарушы органдардың атқарып жатқан жүйелі жұмысының нәтижесі. Нақты айтқанда, бағаның тұрақтылығы жергілікті жердегі атқарушы орган мен ҚР Үкіметінің маусымаралық кезеңде азық-түліктің әрбір 19 түріне бағаның ең төменгі өсуінің себептерін жіті талдап, дер кезінде жедел және жүйелі шаралар қабылдауы мүмкіндік беріп отыр.Жалпы жылдық мәнде инфляцияның өсуі бірінші жартыжылдықта 8,6 пайызды құрапты. Оның құрамдас бөліктерінің ішіндегі ең төменгі баға өсімі азық-түлік тауарларында 5,5 пайыз болып тіркелсе, әлеуметтік маңызы бар өнімдердің үлесі – 0,1 пайыз. Азық-түлік емес тауарлардың бағасы 7,3 пайызға, ақылы қызметтер 14,5 пайызға өскен.Шілде айының соңында азық-түлік тауарының 8 түрі арзандаған. Мысалы, жұмыртқа 0,7 пайызға, айран – 0,5, сарымай және қарақұмық жармасы – 0,4, күріш пен ұн – 0,2, қант пен рожки 0,1 пайызға төмендеген. Нан, сүт, сүзбе, сиыр еті және тұз секілді өзге тауарлар бағасының орташа индексі тұрақты.

Сондай-ақ 6 облыс (Ақтөбе, Қарағанды, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Жетісу), 1 қалада (Алматы) баға индексі тұрақты болған. Ал 6 өңірде бағаның төмендеуі байқалады. Ұлытауда баға 0,4 пайызға, Шымкент және Павлодар облыстарында 0,2 пайызға, Атырау, Ақмола және Түркістан облыстарында 0,1 пайызға арзандаған.Маусымаралық кезеңде әлеуметтік көкөністердің бағасын тұрақтандыру үшін өңірлерде 137,9 мың тоннаға келісімшарттар жасалыпты. Аймақтардың басым бөлігі сәбіз мен пиязға, картоп пен қырыққабатқа күзгі-қысқы келісімшартқа отырыпты. Сәбіз бойынша әлеуметтік кәсіпкерлік корпорация келісімшарттары 22,1 мың тоннаны құраған.Бұл ұсынылатын қажеттілік көлемінің 115 пайызы, пияз бойынша – 24,2 мың тонна (қажеттіліктің 169 пайызы), картоп бойынша – 74,3 мың тонна (94 пайыз), қырыққабат бойынша 17,1 мың тоннаға (85 пайыз) келісімшарт жасалған.Күзгі жиын-терінге дейінгі негізгі мақсат – күзгі-қысқы көкөністерге арналған келісімшарт көлемі төмен өңірлерге бағаның өсуіне жол бермеу үшін форвардтық келісімшарттар жасасу жұмысын күшейту. Бұл тұрғыда әр өңірде жұмыстар атқарылуда, оның арасында өз облысымыз да бар.Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының былтыр және 2024 жылдың тамыз айында болған өзгерісіне зер салсақ, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізіміне енген өнімдердің басым бөлігінің бағасы былтырғы жылға қарағанда осы айда да арзандапты.

Бұл мәліметті Сауда және интеграция министрлігінің Сауда комитеті әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының Ұлттық статистика бюросындағы былтырғы және биылғы тамыз айындағы бағаларына талдау жүргізу арқылы ұсынып отыр.Атап айтсақ, елімізде жыл басынан бері өсімдік майының бағасы 15 пайызға арзандаған. Былтыр тамызда күнбағыс майының 1 литрі 781 теңге болса, биыл бұл баға 626 теңгеге дейін арзандаған. Пияздың бағасы былтыр 177 теңгені құраса, биыл дүкен сөрелерінде 129 теңгеден сатылуда. Қырыққабат осыдан 1 жыл бұрын 159 теңгеден сатылса, қазір республика бойынша орташа бағасы 124 теңгені құраған. Өткен жылы қанттың 1 келісі 434 теңгеге дейін жетсе, қазір бағасы 415 теңгеге дейін түскен. Сәбіздің келісін жұртшылық бір жыл бұрын 198 теңгеден сатып алса, биыл баға 10 теңгеге дейін түскен.

Қарақұмық жармасының бағасы былтыр 338 теңге болса, қазір республика бойынша орташа баға – 222 теңге. Бірінші сұрыпты бидай ұнының 1 келісі 2023 жылдың тамызында 232 теңге тұрса, биыл 228 теңгеге түскен. 1 жыл ішінде тұз бен рожки бағасы еш өзгеріссіз қалған. Бұл дерек 2023 жылдың тамыз айының алғашқы аптасы мен 2024 жылдың тамызының бірінші аптасындағы бағаларды салыстыру бойынша анықталғанын айта кетуіміз керек.Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының ішінде қант 0,1 пайызға, сүзбе – 0,3, сәбіз – 1,9, жұмыртқа – 0,3, қарақұмық – 1,8, бірінші сұрыпты ұн 0,1 пайызға ғана өскен. Алматы мен Көкшетауда сиыр етінің өсуі 0,2 пайыздық деңгейде байқалса, Жезқазған, Қонаев және Оралда сарымай осы мөлшерде өскен. Ақтөбе, Қонаев және Қызылордада тауық еті 0,3 пайызға, картоп 1,6 пайызға көтерілсе, осы облыстарда басқа да өнімдердің бағаларының аздап өсуі тіркелген. Жыл басынан бері 14,7 пайызға арзандаған күнбағыс майының өткен аптада бағасы 0,3 пайызға артқан.

Алдын ала анықталған мәліметтер бойынша, орташа индекстің өсуіне осы өнімді өндірушілердің бірі көтерме бағаны арттырғаны әсер етсе керек. Осыған орай тиісті министрлікте кеңес өтіп, онда осы мәселелер қаралып, Қарағанды облысында бірінші сұрыпты ұннан жасалған нанның бағасының 0,2 пайызға өсуіне ерекше назар аударылды. Белгілі болғандай, облыстың бір нан зауыты коммуналдық шығындардың көбеюіне байланысты бағаны 5 теңгеге көтеріпті. Сол кездегі Үкімет аталған өңірде әлеуметтік нан өндіруді арзандату мүмкіндігін қарастырған еді. Ал біздің облыста әлеуметтік нанның бағасы 100 теңгеден аспайды.Негізі еліміздегі егіс алқаптарынан өнім жиналған кезде бағаны төмендетуге мүмкіндік бар.Ауылшаруашылығы министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 1 тамызда оңтүстік аймақтар 226,6 мың тонна картоп, 71,4 мың тонна сәбіз, 368,5 мың тонна қырыққабат, 108 мың тонна пияз өндіріп, солтүстік өңірлерге жөнелткен. Сонымен қатар іс жүзінде барлық өңірлер алдағы маусымаралық кезеңге арналған күзгі көкөніс өнімдерін шарттастырып, қажеттілік бойынша сәбіздің 117 пайызын, пияз бойынша 172 пайыз, картоптан 99 пайыз, қырыққабат бойынша 87 пайыз қамтамасыз етуді көздеуде.Жыл басынан бері Сауда комитетінің өңірлердегі департаменттері сауда заңнамасын бұзғаны үшін 2 357 әкімшілік іс қозғапты. 

НӘТИЖЕСІНДЕ 

2 228 әкімшілік қаулы қабылданып, 381 сауда субъектісіне айыппұл салынса, құқықбұзушылықты алғаш рет жасаған кәсіпкерлік субъектілеріне 1 847 ескерту берілген. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда биылғы жылдың 6 айында мемлекеттік бақылау нәтижелерінің көрсеткіші 2 еседен астам өсіпті. Заңбұзушылықтың басым бөлігі Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 2-бабы бойынша байқалған. Бірі – әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасына сауда үстемін арттыру бойынша болса, екіншісі – баға белгілерінің болмауы немесе әртүрлі бағаларды қолдануға қатысты.Сауда үстемесін арттырғаны үшін республика көлемінде бірнеше филиалы бар «SMALL» және «METRO» ірі сауда желілері, сондай-ақ мегаполистегі аса ірі премиум-кластағы «Esentai Gourmet» гастрономы әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты.

ОБЛЫСТА ЖАҒДАЙ ТҰРАҚТЫ

Облысымызда да бағаны негізсіз көтеруге тырысатын сауда орындары бар екенін айта кетуіміз керек. Мұндай жағдайда облыс бойынша сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті өңірдегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру үшін сауда үстемесін заңмен белгіленген мөлшерден көтеріп сату фактілерімен күрес жүргізеді. Аталған департамент мамандары осы жылдың жартыжылдығында 50 жоспардан тыс тексеріс жүргізіп, сауда үстемесін 15 пайыздан асырғаны үшін сауда субъектілеріне 33 ескерту беріпті. Одан бөлек барлығы 452 270 теңге көлемінде 4 әкімшілік айыппұл салынған екен.

– Қоғамдық бақылау жұмыстары бойынша Тараз қаласынан және аудандардан 27 өтініш түссе, оның ішінде 21 ескерту беріліп, 1 айыппұл салынды. Сауда-саттықпен айналысатын 6 субъектінің электрондық шот- фактураларына сараптама жасалып, сауда үстемесін белгіленген мөлшерден асырғаны үшін 3 субъект ескерту түріндегі әкімшілік жазаға тартылса, ал қалғаны 433 810 теңге көлемінде айыппұл арқалаған. Сондай-ақ сауда сөрелеріндегі баға мен кассадағы бағалардың сәйкессіздігі бойынша 7 субъектіге 1 576 484 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынан.Өңірлік комиссияның жұмысы шеңберінде департамент және уәкілетті органдардың бірлескен жұмысының нәтижесінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын алып-сатумен айналысатын өнімсіз делдалдарды анықтау бойынша 66 факт анықталды. Оның ішінде 40 өнімсіз делдал жойылды. Аталған өнімсіз делдалдар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасының өсуіне әсер ететін негізгі факторлардың бірі болып саналады.

Бағаның тұрақты болуы өңірде көкөніс, жеміс-жидек сақтайтын қоймалардың жеткілікті болуымен де байланысты. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сақтау бойынша департамент мамандары облыс аумағындағы көкөніс сақтау қоймаларының жай-күйін зерделеген болатын. Облыста 239 көкөніс сақтайтын қойма болса, департаменттің жүргізген санағының нәтижесінде облыста 40 тоннадан асатын 209 көкөніс қоймасының бар екені анықталды. Аталған қоймалардың тек алтауы ғана статистика бюросына ресми түрде тіркелген. Осыған орай біз жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жұмыс атқару нәтижесінде 113 көкөніс қоймасын статистика бюросына ресми түрде тіркеуден өткізуге кәсіпкерлік субъектілеріне жәрдемдестік, – дейді облыс бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы Асқар Бейсебаев.

Осы жылдың бірінші жартыжылдығында ішкі сауда көлемі 416,4 миллиард теңгені құрап, нақты көлем индексі 100,3 пайызды көрсеткен. Оның ішінде бөлшек сауда 236,4 миллиард теңгеге жетіп, 2023 жылдың сәйкес кезеңінде 102,9 пайызға артқан. Көтерме сауда 179 миллиард теңгені құраған. Облыстағы сауда кәсіпорындары және мекемелер арқылы 155 миллиард теңгеге сауда жасалған. Көтерме саудада сатылған азық-түлік тауарларының сомасы 73,6 миллиард теңге, азық-түлікке жатпайтын тауарлардың сомасы 105,4 миллиард теңге болған. 2024 жылдың 1 шілдесіне облыстағы көтерме және бөлшек сауда кәсіпорындарында 77,4 миллиард теңгеге тауар қоры сақталған. Оның ішінде бөлшек сауда орындарында құны 29,5 миллиард теңге болатын 42 күнге жететін тауар қоры, көтерме сауда нысандарында 47,9 миллиард теңгеге 109 күнге жететін тауарлар сақталыпты.

2024 жылдың маусым айында облыста жалпы инфляция 7,9 пайызды құрапты. Азық-түлік инфляциясы 5,4 пайызды көрсетсе, азық-түлік емес тауарлар инфляциясы 6,7 пайызға жеткен. Ақылы қызметтер инфляциясы 16,4 пайызды құрап отыр.Облыста да әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарын тұрақтандыру тауарларды форвардтық және тұрақтандыру қорына сатып алу келісімшарты негізінде жүзеге асырылатыны белгілі. Бұл ретте қант 3 260 тоннаны, ұн – 593, күріш – 1038, қарақұмық жармасы – 102, күнбағыс майы – 755 мың литр, тауық жұмыртқасы 5891,5 мың дананы құраған.Азық-түлік бағасын тұрақтандырудың тағы бір негізгі тетігі – өңірлік тұрақтандыру қорынан интервенция жүргізу.

Тұрақтандыру қорынан 7 тауар түрі бойынша 77,1 тонна және 604,9 мың тауарға интервенция жүргізіліпті. Атап айтқанда, қарақұмық жармасы – 5 тонна 41 сауда дүкеніне, күріш – 55 тонна 41 сауда дүкеніне, қырыққабат – 700 келі 3 сауда орнына, тауық жұмыртқасы – 604,9 мың дана 55 сауда дүкеніне, картоп – 1,8 тонна 3 сауда нүктесіне, ұн – 10,3 тонна 40 сауда орнына, сәбіз – 4,3 тонна 18 сауда нүктесіне интервенция жүргізу арқылы тұрақтандыру қорының белгіленген бағалары бойынша сатылуда.Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру тетігінің бірі – артық делдалдық буынды жою. Артық делдалдық буынды жою комиссиясының 39 отырысы өтіп, 61 құқықбұзушылық фактісі анықталған екен. Фактілердің басым бөлігі жарма және көкөніс тауарларын сату ісіне қатысты болған.

ТАЛАС АУДАНЫНДА АЙРАН МЕН КӨКӨНІС ҚЫМБАТ

Талас ауданы әкімдігі кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің бас маманы Ақбота Жігітекованың айтуынша, азық-түлік тауарлары бағасының шекті мәнінен аспауы үшін «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамынан азық-түлік тауарлары алынып, Қаратау қаласында орналасқан «Дәмді себет» және «Фиркан» супермаркеттері арқылы халыққа ұсынылуда. Биыл өңірлік тұрақтандыру қорынан ауданға қажетті азық-түлік бойынша 9 азық-түлік тауарының тізімі жіберіліпті. Бұл бойынша қала және ауылдық округ әкімдеріне хат жолданған. Одан басқа қалада ірі дүкендерге де ұсынылған.

– Қазіргі таңда Қаратау қаласында орналасқан жоғарыда аталған сауда дүкендерінде тұрақтандыру қоры есебінен алынған азық-түлік тауарлары сатылып жатыр. Осы жылдың әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасына үстемеақыны 10-15 пайыздан асырмау мақсатында ауданда орналасқан кәсіпкерлік субъектілерімен 88 меморандум жасалды.Ауданда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары тапшылығын болдырмау үшін 2024 жылға арналған әлеуметтік маңызы бар тауарларды өткізу кезеңіндегі делдалдық буынды жою мақсатында бірқатар шаруа атқарылды. Атап айтқанда, шаруашылық тауар өндірушілер мен дүкендер арасында 25 сауда орнының иелерімен ет, картоп, пияз және сәбіз тауарларына жалпы көлемі 975 тоннаға форвардтық келісімшарт жасалды.

Облыс бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бағаны негізсіз көтергендерге қолданған шарасы да жоқ емес. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына барлық баға тізбегі бойынша делдалдық схемалардың тізбегін анықтау шеңберінде ауданда құрылған арнайы топ мүшелерімен бірге сауда орындарындағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына қосылатын үстемеақыны анықтау мақсатында мониторинг жүргізілді. Мониторинг барысында сауда үстемесін асырған Алтынбек Сарсалиев («Мини-Маркет» дүкенінің иесі) және Нактай Сағынбекова есімді («Томирис» дүкенінің иесі) кәсіпкерлер анықталды.

Топ мүшелерімен бірге сауда үстемесін асырғаны туралы факт нақты дәлелденгеннен кейін сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне арнайы құжаттар жолданды. Нәтижесінде аталған департамент мамандары кәсіпкерлік субъектісінің іс-әрекеттерін заңға қайшы деп тапты. Осыған орай аталған кәсіпкерлер «Сауда қызметін реттеу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабының 1-тармағына және аталған заңбұзушылық ҚР ӘҚтК-ң 204-4-бабының 1-бөлігімен ескерту түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

 

Атқарылған іс-шараларды ақпараттандыру мақсатында «Іnstagram» және «Facebook» әлеуметтік желілерінде арнайы мақалалар жарияланды.Тараз қаласындағы «Империя» дүкенінің иесі П.Талиповқа арнайы «Әлеуметтік дүкен» ашуға Қаратау қаласы, Б.Момышұлы көшесінің бойынан босалқы жер белгіленіп, көлемі 0,05 гектар жер учаскесі уақытша 3 жылға қысқа мерзімге берілді. Құрылыс жұмыстары толығымен басталып, қазіргі таңда іргетасы және қабырғалары тұрғызылды. Әлеуметтік дүкеннің сырт келбетін қаптайтын арнайы құрылыс материалдары Ресей мемлекетінен алыну себебінен жұмыс барысы қазір тоқтап қалды. Ауданда азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында Қаратау қаласында «Дәмді себет», «Фиркан» секілді ірі супермаркет желілерінің филиалдары және «Диас» супермаркеті жұмыс істеп тұр, – дейді Ақбота Алтайқызы.

Бүгінгі күнге дейін Тараз және Қаратау қалаларында 5 ауылшаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылыпты. Одан бөлек сенбі күндері Тараз қаласында, Байзақ, Жуалы, Жамбыл аудандарында сүт, көкөніс өнімдері төмен бағада ұсынылады екен. Талас ауданының ауылшаруашылығы тауар өндірушілері халық тұтынатын ет, сүт өнімдері және тағы басқа азық-түлік тауарларын кең көлемді ассортиментте ауылшаруашылығы жәрмеңкелеріне ұсынуда.Талас ауданындағы тауарлар бөлінісінде жыл басынан бері ең жоғары өсім шекті бағамен 2024 жылғы 
1 тамыздағы баға қорытындысымен алғанда майлылығы 2,5 пайыз 1 литр айран 8,9 пайызға өскен. Айранның осы түрінің үшінші тоқсандағы шекті мәндегі бағасы 436 теңге болса, бөлшек сауда бағасы – 475 теңге, өсім 39 теңгені көрсетіп отыр. Асханалық сәбіз 7,3 пайызға ұлғайған.

Оның үшінші тоқсандағы шекті мәндегі бағасы – 247 теңге. Бөлшек сауда бағасы 265 теңге болса, өсім – 18 теңге. Картоптың үшінші тоқсандағы шекті мәндегі бағасы 196 теңге болса, бөлшек сауда бағасы – 290 теңге. Өсім 94 теңге, баға 48 пайызға артқан. Қалған 15 тауардың бағасы тұрақты деңгейде.Ақбота Жігітекованың сөзіне сүйенсек, бағаның ауданда өсу себебі әлемдік нарықтағы баға жағдайының өзгеруі және импорттық тауардың жеткізілуіне ұлттық валютаның әлсіреуінің әсері тиіп отыр. Маусымдық өзгерулердің әсеріне келсек, жыл сайын қоймаларда өнімнің аздығына байланысты тауарлар бағасы да ауытқып тұруы заңдылық. Бұл бірінші кезекте көкөністер, яғни картоп, сәбіз, жуа, қырыққабат, асханалық қызылшаға қатысты жайттар көрінеді. Жалпы Талас ауданында бағаны тұрақтандыру бойынша жұмыстар тиісті деңгейде атқарылуда.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар