Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Педагогтар құрмет құшағында

Педагогтар құрмет құшағында
Ашық дереккөз
«Көне Тараз» этномәдени кешенінің көрме павильонында облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің қатысуымен «Білім берудегі цифрлық инновациялар» тақырыбында педагогтардың жыл сайынғы облыстық тамыз кеңесі өтті.

Дәстүрлі жиынға «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының басқарма төрайымы Айдана Шілібекова, Қазақстан жасанды интеллект ассоциациасының сарапшысы Айбек Нұртазаев, сондай-ақ ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, облыстық мәслихат депутаттары, аудандар мен Тараз қаласы әкiмдерiнің орынбасарлары, құқық қорғау және атқарушы органдардың, бiлiм бөлімдерінің басшылары, кәсіподақ ұйымдары мен азаматтық қоғам өкілдері, білім саласының ардагерлері мен қызметкерлері қатысты. Жаңа оқу жылына дайындық барысы, білім саласында атқарылып жатқан жұмыстар, өзекті мәселелер талқыланған кеңесті облыстағы 20 мыңнан астам педагог тікелей көрсетілім арқылы тамашалады.Негізгі жиын басталмай тұрып педагогтардың қатысуымен панельдік сессиялар ұйымдастырылып, көпшілікке дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицейдің оқушылары әзірлеген жаңа өнертабыстардың көрмесі ұсынылды.Пленарлық отырыс Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсенбаевтың бейнеқұттықтауымен ашылды. Бұдан соң облыс әкімдігі білім басқармасының құрылғанына 85 жыл толуына орай өңірдің білім беру жүйесінің дамуы туралы және өткен оқу жылында атқарылған жұмыстар мен жетістіктер туралы бейнебаян көрсетілді. 

Жиынды жүргізген облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Рауан Садырқұлов цифрландыру жағдайында білім сапасын қамтамасыз ету жайлы баяндады. Айтуынша, бүгінде облыста 11 білім бөлімі, 1 239 мекеме жұмыс істесе, 587-сі мектепке дейінгі білім беру ұйымы, 42 колледж, 76 қосымша білім беру ұйымы, 25 ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған мекеме болса, сондай-ақ «Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау» орталығы мен «Жасөспірімдер үйі» бар. Жалпы 337 мыңнан аса бала мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік біліммен қамтылып, 40 мыңға жуық педагог қызмет етуде.Облыста «Қазақстан Республикасының мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында», Оқу-ағарту министрлігі мен облыс әкімдігімен бірлескен «Жамбыл облысының 2023-2029 жылдарға арналған білім беру жүйесін дамыту бойынша өңірлік жол картасы мен «Баршаға қолжетімді сапалы білім» ұлттық баяндамасын іске асыру бойынша ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда.2023 жылдың қыркүйек айынан бастап мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы тәрбиешілердің жалақысы 30 пайызға артты. Бұл педагогтардың өз білімін ұдайы жетілдіруге серпіліс берді. Облысымызда білім беру саласына 2023 жылы 280 миллиард теңге бөлінсе, биыл 319,2 миллиард теңге бөлініп, алдағы жылмен салыстырғанда 14 пайызға өсіп отыр. Білім беру балабақша табалдырығынан басталады десек, облыстағы 587 мектепке дейінгі ұйымда 60 мыңнан аса бала тәрбиеленуде. 2-6 жас аралығындағы балалардың 94,2 пайызы, 3-6 жас аралығында 100 пайыз қамтылған. 

Өткен оқу жылында облыстағы 507 орта білім беру ұйымын 248 мыңнан аса оқушы аяқтады. Білім алушыларды қауіпсіз және қолайлы білім беру ортасымен қамтамасыз ету жұмыстары да жүйелі жалғасуда. Жаңа білім беру ұйымдары салынып, үш ауысымды, апатты, оқушы орны тапшылығы бар мектептердің мәселесі кезең-кезеңімен шешілуде, білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базалары нығайтылуда. 2024-2025 жылдары 41 білім нысанының құрылысын жүргізуге қаржы қарастырылған. Ал биыл 19 білім нысанының құрылысы аяқталады деп күтілуде. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2023 жылы басталған 7 мектептің құрылысы осы жылдың соңына дейін аяқталып, бесеуінің құрылысы биыл басталды.Өткен оқу жылы облыс оқушылары мен педагогтарының жетістіктеріне, жеңістеріне толы жемісті жыл болғанын да атап өткен жөн. Дарынды оқушыларымыз халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда 467 медаль иеленген. Оның ішінде 57 медальді халықаралық білім жарыстарында алған. Республикалық ғылыми жобалар жарысында облыс командасы он бесінші жыл қатарынан «Ең үздік команда» атағын иеленді.

Сондай-ақ республикалық олимпиада қорытындысымен биыл «Ең үздік олимпиадалық команда» атанды.Басқосу барысында «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының басқарма төрайымы Айдана Шілібекова «2023-2024 оқу жылының қорытындысы және жаңа 2024-2025 оқу жылына арналған міндеттер», Жамбыл инновациялық жоғары колледжінің арнайы пән оқытушысы Әлішер Жүнісов «Колледждегі оқытуды даралау дәуіріндегі оқытушының жеке көмекшісі ретіндегі жасанды интеллекттің рөлі», Қазақстан жасанды интеллект ассоциациасының сарапшысы Айбек Нұртазаев «Жасанды интеллект негізінде озық талдау технологияларын ұсыну арқылы білім беру ұйымдарында қауіпсіз және жайлы ортаны қамтамасыз ету», ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Дәурен Омаров «Білім саласындағы жемқорлық тәуекелдерін жою» тақырыбында баяндама жасады. Мұнан соң «Адами капиталды дамытудың негізі – ұстаз мәртебесі» тақырыбында баяндама жасаған «Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Ерұлан Мағзымбеков өңірдегі бірыңғай ұжымдық шарт жобасын қазіргі таңда Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстары әлеуметтік әріптестік жүйесіндегі озық үлгі ретінде ішінара өз тәжірибелеріне енгізіп отырғанын атап өтті. 

– Аймақтағы білім, ғылым саласында шоғырланған 65 мыңнан аса еңбек адамын біріктіретін біздің салалық кәсіподақ ұйымы мен білім саласындағы өкілетті орган білім басқармалары мен бөлімдері, тиісінше мекеме басшылары мен бастауыш кәсіподақ ұйымдары арасындағы конструктивті әрі іскерлік қарым-қатынас, шынайы әрі пәрменді әлеуметтік әріптестік жүйесі арқылы көптеген түйткілдің түйіні тарқаған.Республикада соңғы 12 жыл көлемінде баламасы болмаған бірыңғай ұжымдық шарт жасау, әр қызметкерге тегін әрі сапалы заң кеңесін беруге қауқарлы құқықтық қызмет, жұмыс берушілер мен сала өкілдері үшін тұрақты құқықтық семинарлар өткізетін оқу-әдістемелік орталық, республикалық мәртебеде жарық көретін «Еңбекші» салалық газеті, кәсіподақ мүшелерін отандық шипажайлар мен түрлі бағыттағы тарихи-танымдық саяхатпен қамтитын кәсіподақтық туризм қызметі осы бірлескен әріптестік аясында жүзеге асып отырған жобалар.Біздің өңірдегі бірыңғай ұжымдық шарт жобасын қазіргі таңда Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстары әлеуметтік әріптестік жүйесіндегі озық үлгі ретінде ішінара  өз тәжірибесіне енгізіп отыр.Ұжымдық шарттармен көзделген кепілдіктердің барлығы қосымша қаржылық шығындарды қажет ететін нормалар. Мысалы, 2022 жылы облыс бойынша Келісім мен Ұжымдық шарттардың орындалуын қамтамасыз етуге бағытталған бюджет қаражаты 999,1 миллион, ал 2023 жылы бұл көрсеткіш 2,9 миллиард теңгені құрады. Бұл қаражаттың барлығы да кәсіподақ мүшесі болып табылатын сала қызметкерлеріне қосымша табыс ретінде бағытталғанын атап өту керек, – деді Ерұлан Сабенұлы. 

Баяндамашы білім мекемелеріндегі бақылау-қадағалау жөніндегі мемлекеттік құзырлы органдар тарапынан болатын әртүрлі тексерулер бойынша түйткілді мәселелерді де атап өтті.

– Әрине, адам еңбек ететін, жасөсіпірім білім алатын әлеуметтік нысан болғандықтан ондағы санитарлық тазалық, өрт қауіпсіздігі, қоғамдық тамақтандыру, өмір қауіпсіздігі сынды мәселелер маңызды екенінде күмән жоқ. Бірақ сол талаптарға толық сәйкес болуға, материалдық-техникалық жағдайды мінсіз етіп жасауға толыққанды қаржы бөлініп отыр ма?! Мәселенің бір ұшы осында. Сонда мемлекеттік орган талапқа сәйкес-сәйкес еместікті тексеріп, кемшіліктерді анықтап, әкімшілік шара қолданғанда мемлекет мемлекетке айыппұл салып отырған жоқ па?! Сол қажетті жағдайды жасауға қаражат бермей, қосымша айыппұл арқалатып қойғанымыз дұрыс па? Сондай-ақ соңғы кездері әкімшілік жаза ретінде айыппұлды заңды тұлғаға емес, «лауазымды тұлға» ретінде мекеме басшыларына салу тәжірибесі кеңінен қолданылуда. Ал айыппұл мөлшері аз қаражат емес. Ол айыппұлды басшы, жұмсартып айтқанда, «ұжым мүшелерімен» бөлісуге мәжбүр болатыны да жасырын емес.

Бұл мәселенің екінші бір тұсы. Ұсынысымыз – мемлекет қаржыландыратын мекемелерді тексеру барысында бірден айыппұл емес, ескерту, ұсыныс беру, ал ең бастысы қаржы бөлуші «бюджет әкімшісі» деңгейінде осындай түйткілдерді шынайы шешу жолдары қаралып, ескерілсе.Егер білім мекемелемерінде жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруге шын мәнінде қол жеткіземіз десек, білім басқармасы мен бөлімдеріне, мекеме басшылығына тек оқу-әдістемелік процеспен, яғни оқу бағдарламасы, тәрбие бағыты, кадр әлеуетін қалыптастыру, таңдау, іріктеу, оқыту, біліктілігін арттыру, қайта даярлаумен айналысу функциясын ғана қамтып, сол үшін жауапкершілік жүктеп, ал құрылыс, ағымдағы және күрделі жөндеу, материалдық  жабдықтау, инфрақұрылым мен инженерлік жүйенің қалыпты жұмысы, жылу, жарық және тағы сол секілді толыққанды аудандық, қалалық деңгейдегі жергілікті атқарушы орган – әкімдіктерге беру ұтымды болар ма еді?! Құзыреттердің аражігін заңнамалық негізде ажыратқан жөн деп санаймыз. 

Ербол Шырақпайұлы, соңғы бір жыл көлемінде білім саласындағы қаржы-экономикалық қызметкерлерге ұжымдық шарт аясында төленген қосымша ақылардың заңды-заңсыздығы туралы бақылау-тексеру органдарымен жүріп жатқан текетірес, нәтижесінде қызметкерлердің жаппай бұзылған құқықтарын қалпына келтіру мәселесінің әлі күнге дейін соңғы нүктесі қойылмай, келіссөздер, хат алмасулар, сот процестері жалғасып, түпкілікті құқықтық бағасы берлімегенінен хабардарсыз. Бұл проблеманы өзіңізге бірнеше рет баяндаған болатынмын. Сиырқұйымшаққа айналған осы дау салдарынан бүгінде қаржы-шаруашылық саласының қызметкерлері мен басшылар арасындағы әлеуметтік қысым бәсеңдемей, жалақысы мардымсыз, жұмысы мен жауапкершілігі жоғары қаржы-экономикалық қызмет мамандарының тапшылығы бұрынғыдан да еселеніп, босап қалған орындар күн санап артып келеді, – деді Ерұлан Мағзымбеков.

Бұдан соң жиынды қорытындылаған облыс әкімі Ербол Қарашөкеев саладағы атқарылған жұмыстарға, алдағы жоспарларға тоқталды.

– Бүгінде қоғамның қарыштап дамуы мен өркениет көшіне ұмтылысындағы және білім саласындағы заманауи кеңістікті жасанды интеллект, цифрландыру деген ұғымдарсыз елестете алмаймыз. Бұл жай ғана қазіргі заманғы сәнге айналған сөздер емес, біздің өміріміздің бір бөлшегі секілді.Өйткені білім беру саласындағы цифрландыру жас ұрпақты жан-жақты біліммен қарулануға және түрлі ақпараттарға талдау жасауға көмектеседі, ресурстарға жол ашады, заманауи технология мен оқу әдістемесін бірегейлендіруге мүмкіндік береді.Білім беру ісіндегі цифрландыру дамудың жаңа деңгейіне көтеріліп, білімі терең, ойы озық ұрпақ тәрбиелейтін әрбір педагогке үлкен жауапкершілік жүктейді.Қазіргі таңда өңірдің білім саласына айрықша назар аударылып келеді. Биыл білім саласына 319,2 миллиард теңге бөлінді. Бұл облыс бюджетінің 50 пайызынан асады.Саладағы инфрақұрылымды жетілдіру өте маңызды. Ағымдағы жылы 41 білім нысанының құрылысын жүргізуге қаржы қарастырылды. Жыл соңына дейін 15 мектеп пен 4 мектептің жапсарлас құрылысы аяқталады, 2025 жылы 22 нысанның құрылысы бітеді (11 мектеп, оның ішінде 5 «Жайлы мектеп», 11 мектепке жапсарлас құрылыс). 

Бұған қоса 4,3 миллиард теңгеге 10 білім беру нысаны күрделі жөндеуден өтуде (9 мектеп, 1 мектептен тыс мекеме).Сондай-ақ білім беру мекемелерін материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз етуге 1,9 миллиард теңге қаржы қаралды (физика, биология, химия, робототехника, STEM, қыздарға, ұлдарға арналған еңбек кабинеттері, мектеп жиһаздары).Бұл жұмыстардың сапалы әрі мерзімінде орындалуын білім және құрылыс басқармалары мен қала және аудан әкімдеріне тапсырамын. Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту – басты міндет.Әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балаларды тегін тамақпен қамтамасыз етуді жалғастыру үшін биыл жергілікті бюджеттен 635,2 миллион теңге бөлінді.

Мектепке дейінгі ұйымдарда қамтылған нақты бала санын бақылауда ұстау, жан басына шаққандағы қаржыландыруды бөлу кезіндегі ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында Тараз қаласындағы балабақшалар ағымдағы жылдан бастап пилоттық жоба аясында кезең-кезеңімен цифрлық жүйеге енгізіліп отыр.Мектепке дейінгі ұйымдардағы баланың қауіпсіздігі және білікті кадрлармен қамтамасыз ету жұмыстары қатаң бақылауда болуы қажет.Бұл шараларды бақылау білім басқармасы мен білім бөлімдеріне жүктеледі.Көпбалалы және аз қамтылған отбасы балаларын ыстық тамақпен, киім-кешек, жазғы сауықтырумен қамтамасыз етуге жалпыға міндетті білім беру қорынан 5,6 миллиард теңге бөлінді. Киім-кешекке бөлінген қаржы ата-аналардың жеке шоттарына аударылды. Бүгінгі күні «Мектепке жол» жалпы республикалық қайырымдылық акциясы өтуде.

Осы акцияға барлық кәсіпкерлерді, өндіріс орындары мен мемлекеттік орган басшыларын белсенді қатысуға шақырамын.Бұл саладағы тағы айта кететін мәселе – мектептегі ыстық тамақтың сапасы. Дені сау ұрпақ – сапалы ұлттың негізі десек, балалардың құнарлы тамақпен қамтылуына барынша ден қою қажет. Өткен жылдың бірінші қыркүйегінен бастап барлық 1-4-сынып оқушылары бір мезгіл ыстық тамақпен қамтылуда. Биыл оған облыстық бюджеттен 5,6 миллиард теңге бөлінді. Мектеп асханаларындағы күнделікті тамақтану сапасына қоғамдық бақылауды күшейткен жөн. Өңірдегі «Мейірім» жобасы аясында 96 мекеме 137 ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға әлеуметтік қолдау көрсетуде. Жоба аясында «Отбасы банкінде» ашылған 1 256 баланың шоттарына бекітілген мемлекеттік органдар мен ірі кәсіпорындар 71 миллион теңгеге жуық қаржы аударды.  Бұл жобаға қолдау көрсету – жастардың өмірден өз орнын табуға зор септігін тигізері анық, – деді Ербол Шырақпайұлы. 

Сонымен қатар кеңес барысында бірқатар сала қызметкері білім беру жүйесін дамыту мен жетілдіруге қосқан елеулі үлесі және өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі жетістіктері үшін марапатталды. Атап айтқанда, 4 педагог ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен, 6 педагог «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен, 4 педагог «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен және 7 педагог облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, 7 педагог алғыс хатымен марапатталды. Сонымен қатар «Орта білім беретін үздік ұйым – 2024» грантының иегері Меркі ауданындағы Т.Қожакеев атындағы №39 мектеп-гимназияның директорына 68 миллион теңгенің сертификаты тапсырылды. 

«Колледждер лигасының» жеңімпазы атанған Жамбыл инновациялық жоғары колледжіне 10 миллион теңгенің сертификаты табысталды.Сондай-ақ «Білім беру ұйымдары қызметтерінің тиімділігін бағалау» рейтингісінің нәтижесінде ең жоғары көрсеткішке ие болған 6 білім беру ұйымы түрлі номинациялармен марапатталып, ақшалай 1 миллион теңгелік сертификаттарға ие болды.Республикалық «Үздік педагог» байқауында 7 бірдей педагогі «Үздік педагог» атағын иеленген облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Дарын» лицей-интернатының ұжымы «Үздік педагогтар шеберханасы» номинациясымен марапатталып, ақшалай 500 мың теңге сертификат алды.Бұдан бөлек «Мектепке дейінгі білім беру ұйымдары қызметтерінің тиімділігін бағалау» рейтингісінің нәтижесінде ең жоғары көрсеткішке ие болған 3 мектепке дейінгі білім беру ұйымы марапатталып, ақшалай 500 мың теңгелік сертификаттарға ие болды.

Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар