Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жастарға қаржылық сауаттылық керек

Жастарға қаржылық сауаттылық керек
Ашық дереккөз
Техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту орталығының ұйымдастыруымен «AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасын жүзеге асыру аясында Тараз қаласындағы колледждердің педагогтеріне арналған 3 күндік оқыту семинары ұйымдастырылды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Қарызсыз қоғам» жобасының тиімділігін көрсеткенін атап өтті. Сондай-ақ Президент Үкіметке «AMANAT» партиясымен бірлесіп жобаның ауқымын кеңейтуді тапсырған болатын.Колледж студенттерінің қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында ұйымдастырылған семинарда облыс бойынша 72 педагог оқытылды.Семинар барысында Техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту орталығының әдіскері Асима Пернебаева, «AMANAT» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Уәлихан Болатбек, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Қаржы және есеп» кафедрасының меңгерушісі, экономика ғылымдарының доценті Айгүл Молдабекова өз тәжірибелерімен бөлісті.Жиында сөз алған Уәлихан Болатбек білім беру үдерісінде болашақ мамандардың қаржылық сауаттылығын және мәдениетін көтеру бағытында ұйымдастырылып отырған семинардың маңыздылығына тоқталды. 

– Сананы тұрмыс билеген бүгінгідей қоғамда азаматтардың қаржылық сауатты болғаны дұрыс. Сондықтан өткен жылы облыс тұрғындарының қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында «Қарызсыз қоғам» жобасын бастаған болатынбыз. Бастама нәтижесін беруде.Айта кетейік, біз биыл жоба шеңберінде тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында 8 500 адамды оқытуды жоспарлаған болатынбыз. Бүгінге дейін 7 мыңға жуық тұрғынның қаржылық сауаттылығының артуына үлесімізді қостық.Енді жобаның келесі кезеңіне өтетін боламыз. Яғни, оқушылар мен студенттер оқытылады. Осы мақсатта 4 педагог Астана қаласында білімін жетілдіріп келіп, оқу орындарының ұстаздарын оқытуды бастады. Мәселен, оқыту курсы бүгін Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде басталды. Мұнда өңірдегі колледждердің 36 ұстазы білімін жетілдіруде. Бұл мамандар жаңа оқу жылынан білімгерлерге қаржылық сауаттылық курстарын жүргізеді Орайы келгенде баршаңызды «Қарызсыз қоғам» жобасы арқылы тегін оқыту курстарынан өтуге шақырамыз. Жоба арқылы сіздер enbek.kz порталына тіркелу мен жеке кәсіпкерлік ашудан бастап, соттан тыс банкроттықты сүйемелдеу және берешекті өтеу кестесін жасауға дейінгі көптеген сұрақ бойынша кеңес ала аласыздар. Сондай-ақ, заңгерлердің де көмегі беріледі. Олар әр қарыз алушының несиелік тарихын жеке зерттейді және қарыз жүктемесін жеңілдету бойынша кеңес береді, – деді Уәлихан Болатбекұлы. 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, семинардың бірінші кезеңінде 36 адам оқытылса, келесі кезеңінде де сонша педагог білімін жетілдіреді.


– Педагогтер – қоғамдағы жаңа және прогрессивті бастамалардың негізгі нұсқаушысы. Сондықтан педагогтердің қаржылық сауаттылық бойынша жаңа пәннің мәнін түсінуі және жастарды оқытуы маңызды.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында қаржылық сауаттылықты арттыру бойынша «Қарызсыз қоғам» жобасына ерекше назар аударды. Президент Үкіметпен бірлесіп бұл бастаманы жалпыұлттық жобаға айналдыруды және оның ауқымын кеңейтуді тапсырды. Сондықтан біз мұғалімдерді шақырып, қаржылық сауаттылықты арттыру бойынша жұмыс істеуіміз керек.Бүгінгі отандық білім беру жүйесі өскелең ұрпаққа ең қажетті білімді беріп, оларды қазіргі өмірге барынша дайындауы тиіс. Бұл алдыңғы қатарлы шетелдік елдердің тәжірибесі, – дейді Техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту орталығының әдіскері Асима Пернебаева.

Семинарға қатысқан тыңдаушылар белсенді пікір алмасып, өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды. Пікірталас барысында олар жаңа идеялар келгенін жеткізді.

– Қазіргі заманда қаржылық сауаттылықтың маңызы зор. Біз өзімізге, жастарға керекті пайдалы ақпараттарға қанықтық. Енді үйренгенімізді студенттерімізбен бөлісетін боламыз, – дейді Жамбыл индустриалды-технологиялық колледжінің оқу бөлімінің хатшысы Ақбота Сәкен.Жоба аясындағы семинарға қатысушылар өз қаржысын тиімді басқаруды, жалпы шығындарды есептеп, оларды жүйелеуді, алаяқтық әрекеттердің белгілерін және олардан құтылу жолдарын үйреніп, қаржылық сауаттылықтарын арттырды.


Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар