Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Таластық оқушылар талайды таңдандырып жүр

Таластық оқушылар талайды таңдандырып жүр
Ашық дереккөз
Топырағынан талай таланттар шыққан Талас жері әлі де дарынды ұл-қыздарға кенде емес. Өнер мен шығармашылықта, білім мен спорт саласында оза шауып жүрген саңлақтар көп екеніне ауданға сапарымыз барысында көзіміз жете түсті.

Аққұм ауылындағы Барбол Тоқтықожаұлы атындағы орта мектепте талантты жастардың үлкен бір шоғыры өсіп келеді десек, қателеспейміз. Мәселен, 10-сынып оқушысы Балауса Әбілда жасөспірімдер арасында қазақша, дэюдо, самбо күрес түрлері бойынша Қазақстан Республикасы чемпионатының үш дүркін қола жүлдегері. Жеке бапкері – Барбол Жәуіш. Нұрайым Боранбай болса облыстық оқушылар айтысының, облыстық жыр мүшәйраларының жүлдегері. Нұрайым Әбдіхан облыстық «Жарқын болашақ» байқауының үшінші орын иегері. Олжас Сүлейменов болса, ауданға танымал көкпаршы. 

Бостандық ауылындағы Алғабас орта мектебі директорының міндетін атқарушы Ғалия Жақайдың айтуынша, білім ошағында білім, спорт бәсекелерінің жүлдегерлері аз емес. Атап өтсек, мектеп оқушысы Дания Күлімбай мен анасы Шәкизат Мыңбосынова «Анама қарап өсемін» атты байқаудың республикалық кезеңінің бас жүлдесін еншілеген. Анасы мен қызы аталған байқаудың халықаралық кезеңіне жолдама алыпты. 10-сынып оқушысы Жансая Тоқбай Ілияс Жансүгіровке арналған республикалық жыр мүшәйрасында жүлделі орыннан көрініпті. Ғ.Жақай мектеп оқушыларынан құралған волейбол командасы облыстық турнирдің жүлдегері атанып, ауданның, ауылдың абыройын асқақтатқанын мақтанышпен айтып берді. 

Ақкөл ауылындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің оқушылары Жансерік Қуаныш пен Бекзат Жаңабай, Ислам Әбу, Оқтай Нұрбеков, Нұрислам Орынбасар – қазақ күресінен спорт шеберлігінен үміткер. Жетекшілері – Досан Қалаубеков. Аталған мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ерімбет Нұрланұлының шәкірттері де үнемі жетістіктерге жетіп жүр. Атап айтқанда Санавар Рымбердиева – облыстық пәндік олимпиадада жеңімпаз атанса, Аня Әбу мен Жұлдыз Әбдірәсіл – облыстық байқауларда жүлделі орындардан көрінді.

Ал, Ақтоты Амангелді белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевқа арналған аудандық байқаудың бас жүлдесін жеңіп алып, Алматыдағы Қонаев мұражайына саяхат жасап қайтыпты.Ақкөл ауылындағы Ақкөл орта мектебі Алдияр Шадияров есімді оқушымен мақтанады. Алдияр Шадияров республикалық «Ақберен» байқауының көркемсөз оқу аталымы бойынша екінші орын иегері. 

Есет АЛДАБЕРГЕН,
Талас ауданы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар