Министрліктің хабарлауынша, бұл заманауи суару жүйелерін сатып алу, сондай-ақ барлық қажетті инфрақұрылымды қамтамасыз ету шығындарын өтеуге көмектеседі.
«Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін әр өңірге су үнемдеу жүйелері орнатылған егіс алқаптарын ұлғайту бойынша нақты индикаторлар белгілеп, 2030 жылдың соңына дейін кезеңдік жоспар әзірленді. Министрлік 2030 жылдың соңына қарай республикадағы суармалы жерлердің жалпы көлемінің 50 пайыздан астамын су үнемдеу технологияларымен қамту арқылы жылына 2,1 текше шақырымға дейін су үнемдеуді жоспарлап отыр. Ал жаңа Су кодексінде су үнемдеу технологиясын енгізуге байланысты шаруаға субсидия және су беру қызметіне төмендетілген тариф түріндегі мемлекеттік қолдау шаралары көзделген. Сондай-ақ суармалы су тарифтерін дақыл түріне және тұтынатын су көлеміне қарай есептеу ұсынылуда. Осы жерде «Қазсушар» мемлекеттік кәсіпорны суару маусымына дайындық аясында тікелей келісімшарт жасайтынын атап өткіміз келеді. Бұл ортадағы делдалдарсыз жұмыс істеуге мүмкіндік береді, сол арқылы қызмет құны да төмендейді», дейді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Жалпы министрдің айтуынша, елде су тапшылығының алдын алу барысында жерасты суын игеру де маңызды рөл атқарады. Осы орайда министрлік тарапынан бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылуда.
«Гидрогеологиялық жұмыстарды ұйымдастыру және жерасты су ресурсына мемлекеттік бақылау мен мониторинг жүргізуге байланысты Ұлттық гидрогеологиялық қызмет құрылды.
Жерасты суларын мақсатты пайдалануды министрліктің бассейндік инспекциялары да қамтамасыз етеді. Мысалы, былтыр Жамбыл облысының өзінде шағын бизнес нысандарының жерасты суларын заңсыз пайдаланудың 14 жағдайы анықталды. Қоғамдық моншалар, көлік жуу орындары және өзіне-өзі қызмет көрсететін көлік жуу орындары сынды барлық құқық бұзушыларға айыппұл салынып, толығымен өндірілді.
Қазақстан бойынша 55 тексеріс жүргізілді. Нәтижесінде 103 бұзушылық анықталды. Олар – сушаруашылығы құрылысы мен құрылғысын пайдалану тәртібін бұзу, су ұңғымаларын заңсыз бұрғылау және жерасты суының су жинағыштарын салу, суды бастапқы есепке алу, оны пайдалану қағидаларын бұзу, есепке алу деректерін бұрмалау, су нысандарын заңсыз басып алу, белгіленген лимиттерден артық су алу секілді бұзушылықтар әшкере болған.Суға деген үнем трансшекаралық суды ұқыпты пайдалануға да қатысты. Су ресурстары және ирригация министрлігі Халықаралық су ағындарын кеме қатынасынан басқаша пайдалану түрлерінің құқығы туралы конвенция аясында трансшекаралық өзендердің суын пайдалану мәселесін шешуге ниетті. Биыл 25 наурызда Мемлекет басшысы аталған конвенцияны ратификациялау туралы заңға қол қойды.
Конвенция – трансшекаралық өзендердің, көлдердің, олармен байланысты жерасты суының әділ бөлінуін қамтитын, сондай-ақ оларды пайдалануды реттейтін халықаралық құжат. Қазіргі уақытта конвенцияға қатысушы 37 мемлекет бар.Конвенцияға сәйкес мемлекет өз аумағында халықаралық су ағынын пайдалану кезінде басқа мемлекеттерге зиян келтірмеуге қатысты қажетті іс-шаралар қабылдайды. Сондай-ақ су ағыны, су сапасы және тиісті болжамдар туралы қолжетімді деректермен тұрақты түрде бөлісіп отырады. Мұндайда мемлекеттер бір-біріне кеңес береді, жоспарланған іс-шаралардың халықаралық су ағынына әсері туралы келіссөздер жүргізеді.Көрші елдермен ақпарат алмасу мақсатында Қазақстан мен өзге мемлекеттер пайдаланатын трансшекаралық су көлемін өлшейтін арнайы қондырғылар орнату жоспарланды. Бұл мәселе бойынша Өзбекстанмен ортақ келісім бар. Басқа мемлекеттермен де осы бағытта келіссөз жүргізілмек», – дейді Н.Молдиярұлы.
А.БЕКЕНҚЫЗЫ
Шекара шебінде – қырағы күзет
Ұқсас жаңалықтар
Енді eGov Mobile қосымшасы арқылы шетелден тауарға тапсырыс беруге болады
- авторAR-AY
- 13 желтоқсан, 2024