Серік Жақсылықұлы алдымен өңірлік коммуникациялар қызметінің жұмысымен танысты. Мекеме басшысы Алмат Садуақас өзі жетекшілік етіп отырған ұжымның атқарған жұмысы, алдағы жоба-жоспарлары туралы айтып берді. Серік Сәлемов келесі кезекте «AULIEATA-MEDIA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне арнайы бас сұқты. Серіктестіктің бас директоры Данияр Асқарұлы медиахолдинг құрамына кіретін облыстық «Aq jol», «Знамя труда», «AR-AI» газеттері редакцияларының бүгінгі жай-күйі жайлы баяндады.Аталған басылымдардың бас редакторлары да шығармашылық топтың тынысы туралы аз-кем ақпарат беріп, пікірлері мен ұсыныстарын айтты. Мәселен, облыстық «AR-AI» жастар газетінің бас редакторы Тұрсынбек Сұлтанбековтің: «Біз бүгінде жазылым мәселесі бойынша аймақтағы жергілікті атқарушы органдармен, мекеме-кәсіпорындармен тығыз байланыста жұмыс істеп жатырмыз.
Жастар газеті болған соң оқырмандар қатарына студенттерді көбірек тартсақ деген ойымыз бар. Әсіресе, облыстағы жоғары және арнаулы орта оқу орындарында грант жүйесімен оқитын жастар арасында мерзімді басылымдарды оқу мәдениетін қалыптастырсақ жөн болар еді» деген ұсынысын Серік Жақсылықұлы қолдайтынын білдірді.Кездесуде Данияр Асқарұлы газетке жарияланған мақалаларды әлеуметтік желі арқылы оқырман назарына ұсыну мақсатында құрылған цифрлық контент орталығының жұмысын ерекше атап өтті. Одан бөлек, медиахолдингке қарасты «Jambylinfo.kz» агенттігінің республика бойынша рейтингте үздік жүздікте тұрғанын айтып, ақпараттарды таратуда кәсіби мамандардан құралған команда бар күшін салып жатқанына да тоқталды. Қорытындылай келе, қазіргі таңда медиахолдингте ешқандай күрмеулі мәселе жоқтығын, тек жалғыз түйткіл журналистер жалақысының аздығына, соның салдарынан кадр тапшылығы қатты сезілетініне назар аудартты.
– Ақпарат саласы қоғамдық пікірге әсер етуші, идеологияның негізгі тетігі. Сондықтан да қалам иелерінің мәселесіне жіті мән беру керек. жалақыны көтеру тетіктерін саралаймыз. Мәселені назардан тыс қалдырмаймыз, – деді Серік Жақсылықұлы.
Айжан ӨЗБЕКОВА