Жаһандық геосаяси турбуленттілік пен ішкі саяси трансформацияларды ескере отырып, қазіргі қоғамымызға тән негізгі құндылық тұжырымдамаларын қайта қарастыру және дамытуға жаңа серпін беру қажет. Ал Құрылтай болашақ даму векторларын талқылауға, шоғырландыруға және анықтауға мүмкіндік туғызады. Ұлттық Құрылтайтың биылғы «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында әлеуметтік, шаруашылық, идеологиялық және басқа да салалардағы бағдарымыз айқындалды.Жалпы, Президент реформаларының саясат, экономика, идеология бағытындағы басымдықтары, ұлтты ұйыстырған алқалы жиында көтерілген бастамалар өмірімізге ене бастады. Отырыста айтылған өзекті идеологиялық жолдаулар мен шешімдер дәйекті түрде нақты стратегиялық мақсаттарға айналды.
Атап айтқанда, нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған, сондай-ақ Заңсыз ойын бизнесіне және лудоманияға қарсы күрестің 2024-2026 жылдарға арналған кешенді жоспары қабылданды. Бұл бастамалар қазіргі қоғамдық даму жағдайларына жақсы әсер ететіні сөзсіз.Елімізде талантты, білімді, белсенді жастар көп, сондықтан олардың бойына ең асыл, озық қасиеттерді сіңіру маңызды. Осы орайда Мемлекет басшысы жастарды қолдау мәселелеріне үнемі ерекше көңіл бөліп отыр. Атыраудағы басқосуда жергілікті атқарушы органдарға жастарды дамытудың мәдени аспектілеріне баса назар аударуды тапсырды. Бұған қоса шығармашылық салаларда ашылатын жаңа мүмкіндіктерге тоқталды.
– Соңғы жылдары креативті индустрия қарқынды дамып келеді. Қазақстанның мәдени толқыны кең қанат жайып, өрендеріміз аймақтық және жаһандық деңгейде таныла бастағаны кездейсоқтық емес. Ұлтымыздың орасан зор жасампаздық әлеуеті кино, музыка, әдебиет және өнердің басқа да жаңа салаларында айқын көрініс тапқан. Креативті индустрия экономикамызды өркендетуге тың серпін беретініне сенемін. Біз барлық салада цифрлы номадтар өркениетінің озық стандарттарына сай болуымыз керек. Жастарымыздың әлеуеті мен қарым-қабілетіне қарасақ, «Қазақстанның қарышты қадамын» жасауға біздің толық мүмкіндігіміз бар екені байқалады. Басқа-басқа, бірақ дәл осы жерде батыл қимылдап, құлашымызды кең сермеуден қорықпау керек. Әрине, мұның бәрі қатып қалған қағида емес. Алайда ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру жолындағы негізгі бағыт-бағдар бола алады. Еліміздегі әрбір азамат осы басты құндылықтарды берік ұстануы керек, – деді Президент.
Мемлекет басшысы ұсынған «Адал азамат» ұғымы осының бәрін түгел қамтиды. Сондай-ақ Әділетті Қазақстан идеясымен үндесіп жатыр. Осындай іргелі құндылықты ұрпақ санасына сіңіре беруіміз керек. Нақтырақ айтсақ, «Адал азамат» тұжырымын мемлекеттік жастар саясаты жүйесіне енгізу қажет. Өйткені Әділетті Қазақстанды тек саналы азаматтар ғана құра алады. Бұл ұғымдар бір-бірімен тығыз байланысты. Осы ретте жүйе құраушы нормативтік-құқықтық актілерді, қолданыстағы стратегиялық құжаттарды қайта қарап шыққан маңызды.Одан бөлек, Қасым-Жомарт Кемелұлы атап өткендей, төл құндылық-тарымызды бұқаралық ақпарат құралдары мен креативті индустрия, әсіресе, кино, музыка және әдебиет арқылы дәріптеуде салалық ведомство көпшіліктің қызығушылығын туғызатын тың жобалар ұсынуға тиіс. Яғни мемлекеттік аппарат пен қоғамдық күштердің бәрі бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жұмыла жұмыс істеуі керек.Прогрессивті қоғам болу үшін ел болашағы болатын жастардың рөлі жоғары. Олардың дүниетанымы мен құндылықтары жаңа қоғамның іргетасын қалайды. Бұл ретте жастар туралы сөз қозғағанда ең маңызды мәселе – жалпы халық санындағы жастар үлесінің күрт көбейіп кетуі.
МҰНЫҢ САЛДАРЫ ҚАНДАЙ БОЛУЫ МҮМКІН?
Мәселен, түрлі есептеулер бойынша, табиғи қозғалыс пен өлім-жітімді қоспағанда, келесі сайлау циклінде электораттың 40 пайызға жуығын жастар құрамақ. Сондықтан олардың қазіргі сұраныстары мен көзқарастары алдағы саяси науқанның негізі бола алады. Осылайша жастар мемлекеттің алдағы уақыттағы бейнесін анықтайды. Мұны ескеріп, жас ұрпақтың құндылық бағдарлары мен сұраныстарын біліп отырған абзал.Көпке мәлім, «Жастар» ғылыми зерттеу орталығы кейінгі он жылдан астам уақыт бойы жастар арасында жүйелі түрде қоғамдық пікір өлшемдерін жүргізіп келеді. Жыл сайын жастардың құндылық портреті айқындалады. Айталық, кейінгі бес жыл бойы жастар үшін басты құндылық отбасы болып отыр. Мұны азаматтардың 72,6 пайызы растады. Былтырғы өлшем бойынша негізгі құндылық қатарына достық (32,3%) пен денсаулық та (26,9%) кіреді.Ал жастардың болашақ портретіне келсек, көпшілігінде (72,8%) жағымды ой қалыптастырады. Зерттеулер көрсеткендей, олардың 33,5 пайызы болашаққа сеніммен және оптимизммен қарайды екен.
Әуелі, жастар үлесінің күрт көбеюінің алдағы уақыттағы негативті салдарын ескере отырып, мүдделі тараптар жастар үлесінің артуын алдағы бес-он жылға нақты демографиялық призма моделін құруы керек. Яғни «evidence-based» қағидаты орындалып, келешек ұрпақ сапалы білімге қол жеткізіп, әлеуметтік теңдік қалыптасып, лайықты жалақысы бар жұмысқа тұра алуы қажет.Екіншіден, жастар үлесі артып келе жатқанын ескеріп, «Тәуелсіз ұрпақтың бейнесі» кешенді зерттеуін жүргізу орынды. Бұл жерде айта кететін бір жайт, бүгінде зерттеулердің көпшілігі жастарды шетелдік құндылық призмасы негізіндегі «объектпен» қарастырады.Ал шын мәнінде, біз өз көзқарасымызды дамытуымыз керек, ұлттық теориялық және эмпирикалық негіздерімізді қалап, ұлттық ғылыми мектептеріміз үшін институциялық ортаны құруымыз қажет.
«Жастар» ғылыми зерттеу орталығы жас ұрпақ арасындағы, сондай-ақ қоғамдағы түйткілді мәселелерді анықтау бойынша өз әлеуетін іс жүзінде іске асыруға әрдайым дайын. Аталған ұсынымдар Әділетті Қазақстанның ұстанымын одан әрі нығайту үшін жаңа мүмкіндіктер туғызып, «Адал азамат» идеясын жүйелі жүзеге асыруға сеп болады.
Айсұлу ЕРНИЯЗОВА,
«Жастар» ғылыми-зерттеу
орталығының директоры