Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Базарларды модернизациялауға мән берілуде

Базарларды модернизациялауға мән берілуде
Ашық дереккөз
Ретсіз әрі заңсыз саудамен күрес, базарларды модернизацилау, санитарлық ахуалды жақсарту – бүгінгі күннің басты талабы. Осы мақсатта ҚР Сауда және интеграция министрлігі базарларды жаңғыру жөнінде Жол картасын әзірлеген болатын. Жол картасына сәйкес облысымызда да қарқынды жұмыстар атқарылуда.

Жалпы өңірімізде әмбебап базарларды модернизациялауды 2026 жылға дейін аяқтау жоспарланған. Негізі барлық базар қызметі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылдың 5 ақпанындағы №131 қаулысымен бекітілген «Сауда базарларының қызметін ұйымдастыру» қағидалары шеңберінде реттеледі.Сауда орындарында кәсіпкерлікті заң талаптарына сәйкес жүргізуді қамтамасыз ету мақсатында 2019 жылдың 15 наурызында облыс әкімінің орынбасарымен «Жамбыл облысындағы базарлар мен өзге де сауда орындарын қолданыстағы заңнама талаптарына сай келтіру бойынша кешенді іс-шара жоспары» бекітілген. 2022-2023 жылдары Тараз қаласындағы қаладағы 3 сауда базары мен 1 сауда орталығында модернизация жұмыстары жүргізіліпті.Жол картасына сәйкес атқарылған жұмыстар және алдағы жоспарлар туралы Тараз қаласы әкімдігі кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің маманы Бексұлтан Нұрғалиевпен сөйлестік.

– Тараз қаласында он беске жуық базар болса, оның он екісі әмбебап, үшеуі арнайы мамандандырылған базар. «Жібек жолы» базарында құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда нысанның бірінші қабатында құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілген. «Жібек жолы» және «Арзан» базарларында құрылыс жұмыстарының аяқталу мерзімі – 2024 жылдың желтоқсан айы. «Нұралы» базарында модернизациялаудың екінші кезеңі бойынша жұмыстар атқарылуда. Қ.Сәтбаев көшесінің бойындағы қалған сауда дүңгіршектері толықтай алынып, заманауи сауда орындарын ашу жоспарланып отыр. Жобаның құны 200-250 миллион теңгені құрайды.«Ауыл Береке» базарының кілем және киім секторларына қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. «Береке» базарының басшысы ауысуына байланысты модернизациялау жұмыстарына қажетті құжаттар рәсімделуде. Модернизация жұмыстары 2024 жылдың қыркүйек айында басталады. Ал «Салтанат» базарының екінші блогының эскиздік жобасы бекітілді. Құрылыс жұмыстары 2024 жылдың тамыз айында басталады деп күтілуде. Ал «Якка сарай» базарының басшысы модернизациялау жұмыстарына қажетті құжаттарды рәсімдеуде. Құрылыс жұмыстарын биылғы жылдың тамыз айында бастайды, – дейді Бексұлтан Сағынбекұлы.

2026 жылға дейін модернизациялау жұмыстары жүргізілмеген жағдайда Тараз қаласы әкімдігі кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің мамандарымен базарлардың қызмет көрсетуі тоқтатылатындығы туралы базар басшыларына ескертілген екен. Ал базарлар жабылатын болса, мыңдаған кәсіпкер мен олардың отбасы табыссыз қалуы мүмкін. Сондықтан базар басшылары да модернизациялауға айрықша мән беруде.  

– Базарымыз толықтай жаңғыртудан өтті. Бәрі реттеліп, саудагерлерге де, халыққа да қолайлы жағдай жасалды. Бұрын күн суық кездері саудагерлер далада жаурап тұратын болса, қазір олай емес. Қыста жылы, жазда салқын жерде сауда жасайды.Жалпы базардың көп болғаны жақсы. Халық алысқа сабылмай-ақ үйінің жанындағы сауда нүктелері мен не дүкенге барғанды жақсы көреді. Өйткені бәрінде уақыт тапшы. Әрбір минутымыз есептеулі. Сондықтан халықтың сұранысына сәйкес жұмыс істеп жатырмыз, – дейді «Нұралы» базарының меңгерушісі Әділ Жұмагелді.

Әрине шаһарымыздағы барлық базар талапқа сай деп айта алмаймыз. Мәселен «Қаратау» ықшамауданындағы базардың жағдайы сын көтермейді. Нағыз жабайы сауда орны десек қателеспейміз. «Тұмар» сауда үйінен басталатын жайма базар мамандандырылған №2 өрт сөндіру орталығына дейін жалғасады. Жол бойында көкөніс те, жеміс-жидек те, ұсақ-түйек те саудаланып жатыр.Қала басшылығы базарларды модернизациялаудың бірқатар нақты шарттарын да белгілеген.

Яғни кез келген сауда орындарында стационарлық нысан міндетті түрде салынуы шарт. Оған қоса объектілердің барлығы санитарлық-эпидемиологиялық нормаларға, өрт қауіпсіздігі талаптарына сай келуі тиіс. Базар маңында тұтынушылар үшін барынша қолайлы көлік тұрақтарының болуы да міндеттеледі. Ең бастысы еліміздің салық заңдылығының қатаң сақталуы мен кәсіпкерлердің арнайы тіркеуден өтуі жіті қадағаланады. Сондай-ақ сауда алаңдары аумағында POS-терминалдар мен кассалық аппараттардың болғаны жөн. Ал жоғарыда айтқан жайма базарлар мұндай талаптарды сақтамайды. 

– Негізі базарларды жаңғырту, кейбірін сүру, жаңасын соғу жұмыстары 2013 жылы басталды. Естеріңізде болса, археологиялық қазба жүмыстарын жүргізу мақсатында бірінші болып «Төлебай» базары сүрілді. Шынын айтсақ, осы базар халыққа өте ыңғайлы еді. Қазіргі таңда қаланың жан-жағынан неше түрлі базарлар, сауда орталықтары ашылып кетті. Халық қайсысына барарын білмейді. Әйтеуір әркім өз базарын мақтайды. Бірақ бәрібір ыңғайлы болғандықтан үйіміздің қасындағы сауда орталықтарына барғанды жөн көреміз, үй жанындағы дүкенге жүгіреміз, – дейді Тараз қаласының тұрғыны Асылзат Арынжан.


Сонымен қатар базар басшылары модернизациялау жұмыстарына байланысты кейде көптеген түсініспеушіліктер, келіспеушіліктер де орын алатынын айтады. 

– Айрықша айтып өтер жайт, модернизациялау бағаның өсуіне әсер етпейді. Негізгі мақсат – ыңғайлы жағдай жасау. Модернизациялау ең алдымен тұтынушы мен саудагерлерге тиімді. Барлық жағдай жасалады. Кассалық аппараттардың жұмысы, жалға алу келісімінің тұрақтылығы, одан бөлек көлік тұрағы мәселесі де шешіледі. Халық базарға барғанда батпақ кешіп, үсті-басы малмандай су болып, әуре-сарсаңға түспеуі тиіс. Соған сәйкес бүгінде базарымызда жаңғырту жұмыстары басталып кетті. 

Шынын айтсақ, базарда сауда жасайтындардың көбі – әлеуметтік жағдайы төмен адамдар. Сұрасаңыз бәрінің бір емес, бірнеше несиесі бар. Ешкім еріккеннен күннің аптап ыстығында, қақаған суықта сауда жасап тұрмайды. Саудагерлерге бір күнді саудасыз бос өткізуге болмайды. Базар арқылы нәпақа тауып, балаларын асырап, үйінің ипотекасын төлеп, несиесін жауып, сатуға алған дүниесінің қарызын жауып отыр. Сондықтан көп жағдайда келіспеушіліктер орын алады. Мәселен кілем мен киім секторында жаңғыртуды бастап кеттік. Түсіндіру жұмыстарын жүргізу кезінде бірқатар қиындықтар туындап жатты. Өйткені құрылыс жұмыстарын жүргізу барысында кейбір сауда нүктелерін жаба тұруға тура келеді.

Өйтпесе болмайды. Осы секілді мәселелер аз емес.Кәсіпкерлік басқармасы да бір жағынан «жаңғырту жұмыстарын тезірек аяқтаңдар» деп қыспаққа алып жатады. Қарапайым саудагерлерге кейде түсіндіріп жеткізу мүмкін емес, – дейді «Ауыл Береке» базарының басшысы Талғат Дүйсенов. 

Жалпы, базарларды модернизаиялау, тұтынушыларға заманға сай қызмет көрсету бағытындағы жұмыстар мұнымен шектелмек емес. Алдағы уақытта да жаңғырту жұмыстары жанданатын болады.

 Эльмира Байназарова

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар