Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ұзақ жасау өз қолымызда

Ұзақ жасау өз қолымызда
Ашық дереккөз
Ғалымдар қазіргі таңда Жер шарындағы халықтың орташа өмір сүру ұзақтығы 70-80 жас аралығы екенін айтады. Себебі әр мемлекетте орташа жас мөлшері әртүрлі. Демек, азап шекпей ұзақ өмір сүруге болады. Бірақ ол әр адамның көңіл күйіне және де салауатты өмір сүруіне, ойлау қабілетінің дұрыс болуына байланысты. Профессор Генри Шурман жануарлардың ұзақ өмір сүруін барлық қажетті элементтері бар қоректі заттарды қолдану арқылы ұзартуға болатынын мәлімдеген. Адамдар бұрын өз организмдері жөнінде білімдері жеткіліксіз болғандықтан, оны қанағаттандыра алмаудың нәтижесінде ауыр сырқаттарға жиі шалдығып, өлімге ерте ұшырап отырған

Кейбір деректерге сүйенетін болсақ, Мафусаил ұзақ өмір сүру шегіне жеткен, яғни 969 жасында өмірден озған. Иосиф – 110, Сара – 127, Аврам – 175, Моисей 120 жыл өмір сүрген. Ертедегі гректер: «Жетпіс жаста өлу – нәресте шақта өлумен тең» деген екен. Сенесіз бе, сенбейсіз бе?Алланың өмірді əділ етіп жаратқанының тағы бір белгісі, адамның бəріне бірдей асқазанның берілуі. Бай адам қанша жерден бай болса да, тонналап тамақ жей алмайды. Бəлкім, ең қымбат, ең дəмді тамақты жеп, ең қымбат тəтті сусынды ішетін шығар. Бірақ оның өзі шартты түрде. Өйткені бұл жерде бар мəселе адамның дəм сезу қабілетінде. Мəселен әлемнің ең бай адамы Билл Гейтс фастфуд өнімдерін ұнататындығын айтады.Ал біздің қазақ үшін буы бұрқыраған еттен артық дəмді тағам жоқ. Сондай-ақ Алла тағала адамзаттың бəріне шартты түрде мөлшерлі жас берген. Сол жастың ұзақтығы мен қысқалығы да көп жағдайда адамның өзіне байланысты екен.Əлемдегі ең үлкен «Стандарт ойл» компаниясын құрушы Джон Рокфеллер аурушаң болып, салдарынан компаниясын басқара алмай, зейнет жасына жетпестен директорлар кеңесінің төрағасы қызметінен кетеді. Бірақ ұзақ жасайды. Жүзге таяп барып қайтыс болады. Журналистер одан мұның сырын сұрағанда ол өзінің ұзақ жасауының үш түрлі сырын айтады. Бірінші сыры – өмірі тойып тамақтанбаған. Сонда қараңыз, байлық жинау жөнінен əлемде əлі күнге дейін ешкім теңесе алмай келе жатқан атақты Джон Рокфеллер бұл өмірден қарны тоймай өткен екен. 

«Ауру – астан» дейді дана халқымыз. Бұл текке айтылған емес. Бұл ретте Алматыдағы Қазақ тағамтану академиясының президенті, академик Төрегелді Шармановтың зиянды тағамдар жайлы пiкiрiн қолдаймыз. Аурудың көбi қазiр iшiп-жеген асымыздан болып тұрғаны белгiлi. Жас балалардың газды сусындарды көп пайдалануы асқазан-өңеш клапандарының қызметін нашарлатып, рефлюкстік ауруларға ұшыратуда. Олар келе-келе жас баланың денсаулығын бұзып, тіпті уақыт келе ота жасатуға мәжбүр болады. Отадан кейін қатарға қосылып кетсе жақсы, базбірі өмір бойы мүгедек болып қалатыны өкінішті.Сондай-ақ, қазір адамдар арасында жиі ұшырасатын семіздік туралы жанайқайға да көңіл аударғанымыз жөн.Бұл күндері дүниежүзінде семіздік пен артық салмақ қосқан адамдардың саны 2 миллиардқа жетті. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары 2000 жылмен салыстырғанда 2025 жылы семіздікке шалдыққан адамдар санының екі есе артатындығын болжауда. Бұл сан АҚШ халқының 55-60 пайызын, Австралия мен Англияда 30-40 пайызды құрап, Бразилияда 20 пайыздан асады деп күтілуде.Дамыған елдерде семіздікке шалдыққан ауруларды емдеуге кететін қаржы көлемі денсаулық сақтау саласының барлық шығындарының 10 пайызын құрауда, ал тікелей жұмсалатын қаржы барлық шығынның 3-5 пайызын құрайды.Соңғы мәліметтер бойынша, Қазақстанда 4 миллионнан аса адам семіздікке шалдыққан.

Әсіресе, балалар мен жасөспірімдер арасында артық салмақ қосу көбеюде. Бұл алаңдататын жағдай. Халық арасында артық салмақ иелерінің артуы – жөн-жосықсыз, талғамай, дұрыс тамақтанбаудан. Семіздік деген ұлт пен ұлысқа, жасқа қарамайтын, шекараны білмейтін дертке, яғни пандемияға айналды. Балалардың мектеп қабырғасында жүріп фастфуд өнімдерін жеп, тәтті сусындарды ішуі өсіп келе жатқан ағзаға кері әсер етіп, оның семіздікке шалдығуына әкеліп соғуда. Әрине, семіздіктің факторларына аз қозғалу, физикалық салмақ түсіретін қол жұмыстардың жоқтығы да жатады.Энергетикалық сусындар да адам бойындағы заттардың алмасу процесін бұзып, көмірқышқылдардың, майдың организмде көп мөлшерде жиналуына әсері бар. Сонымен қатар, ағзадағы тұз-электролиттік баланстың ауытқуына, қан құрамында холестериннің көбеюіне де себеп болады. Себебі түрлі энергетикалық сусындардың құрамында сумен қатар қант (сахароза), ароматизаторлар (дәм шығарғыштыр), кофеин мен көмірқышқылдар пайдаланылады. Сол себептен газды сусындарды көп мөлшерде қолданатын адамдар арасында жүрек-қантамыр аурулары жиі ұшырасады. Бұл әсіресе балалар денсаулығына айтулы әсер етеді. Олардың ұйқысы бұзылып, ойлау, еңбек ету қабілетін күрт төмендетеді. Денсаулыққа кері әсер ету жайына келсек, шырын суды жиі пайдаланатындар арасында семіздік, қант диабеті, өттас, бүйрек тас, гастриттер, альцгеймер аурулары, остепароз, тістердің шіруі (кариес) кездеседі. 

«Тұрғындар арасында семіздіктің кең таралуы өте ауқымды, шешуі қиын мәселеге айналып бара жатқанына қатты алаңдап отырмыз. Әсіресе, балалардың арасында артық салмақ пен семіздіктің таралуы өте қауіпті. Осыдан бес жыл бұрын АҚШ сенаторлары Парламенттің алдына «семіздік тек халық денсаулығына кері әсерін тигізіп қоймай, ұлтттық қауіпсіздікке қатер төндіріп тұр» деген мәселені қойды. Неге? Өйткені сол кезде АҚШ халқының 62 пайызы семіздікке шалдыққан еді. Содан бері олар семіздікпен күресіп келеді.Ал бізде енді ғана қолға алынып, былтыр кешенді зерттеу жүргіздік.АҚШ сенаторлары семіздік мәселесін неге жоғары деңгейде көтеріп, ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді деп отыр? Өйткені, ғалымдардың зерттеулеріне сүйенсек, семіздік түрлі аурулар тудырумен қатар, адамның ақыл-ой мүмкіндігіне кері әсерін тигізіп, балалардың интеллектуалдық тұрғыда қатарластарынан қалуына себеп болады. Сенаторлардың мектеп жасындағылар арасында семіздіктің кең таралуына алаңдап отырған себебі – осы. Қазақстан балаларының 11 пайызы толықтық, яғни семіздік дертіне шалдығуы өте үлкен сан. Оның көрсеткіші жылдан-жылға артпаса, кемімей жатқанын баса атап кеткеніміз жөн», деген еді бірде академик Төрегелді Шарманов.

Кейінгі уақытта қала орталығындағы саябақтардан таңғы уақытта денешынықтырумен айналысатындардың саны жыл сайын өсіп келе жатқанын байқаймыз. Бұл өте құптарлық үрдіс. Таңертең 1-1,5 сағат саябақта жаяу жүріп (5 шақырымнан кем болмасын), таза ауамен тыныстап, дене қозғалысына мән беру адамды күні бойы сергек жүруге машықтандырады. Олай болмаса келе-келе аяқ буындары ауырып, артроз, артрит, гипертония сияқты аурулар пайда болып, жүріп-тұру қиынға соғады. «Қарттық аяқтан басталады» деп халық дұрыс айтады. Сондықтан күнделікті өмірде жаяу жүруді әдетке айналдырып, екі аяққа күніге қажетті салмақ салып, өмірімізді ауру-сырқаусыз, мәнді өткізуге өз үлесімізді қосқанымыз абзал. Денсаулықты сатып та, тартып та ала алмайтынымыз есте болғаны жөн.Қазір кімнен сұрамаңыз, уақыт жетпейтініне және жұмыстан шаршап, жүйкесінің жұқарып жүргеніне шағым жасайды. Кейде «неге бітпейтін тірлік?!» деп өзімізге өзіміз сұрақ қоятынымыз да бар. Ой таразысына салсақ, кейде негізсіз ашуланып, өзіміздің жанымызды аямай, күйгелектікке салынып, орынсыз шыр-пыр болып, күйіп-пісіп, жүйкемізді жұқартып, өзімізді өзіміз шаршатады екенбіз.

Ол міндетті түрде денсаулығымызға әсер етіп, жүдетіп, өмірімізді қысқарта түседі. Адамзат осы проблеманың шешімін таппай, жан-жақты ізденістер жүргізуде.Ағылшын психологі Клер Рейнер психопрофилактиканың проблемаларымен көп айналысып, оны терең талдап, келесі он қағиданы ұсынған болатын. Олар мыналар: Бірінші қағида. Таңертең бар қуатыңызды үйден жап-жақсы күйіңізде шығуға жұмсаңыз. Түс кезінде айнаға қараңыз. Барлығы қалпында ма? Соңғы рет ұйықтайтын кезде тағы солай істеңіз. Күніге «осы менің жағдайым қандай күйде екен?!» деген ой сізді мазаламауы керек.Екінші қағида. Өз бойыңыздағы кемшілікке орала бермеңіз.Кемшілік кез келген адамда бар. Егер сіз ол мәселеге көп көңіл аудара бермесеңіз, басқалар оны байқамайды.Үшінші қағида. Басқаларды артық сынға алмаңыз, әйтпесе ертелі-кеш сіздің сырт қалпыңыз және мінезіңіз де сынға іліне ме деп ойлай беретін боласыз. «Ешкімді сөкпе, сонда сен де сөгілуші болмайсың» деп бекер айтылмаған.Төртінші қағида. Басқаларды көңіл қойып тыңдаңыз. Сонда олардың да сіз десе көңілі ерекше болып тұрады.Жұрт көбіне тыңдаушыларды жақсы көреді. 

Бесінші қағида. Ағыңыздан жарылып тұрыңыз. Пейіліңіз ақ болсын. Білмегеніңізді білемін деп әлек болып өтірік көлгірсіп, қулыққа салынбаңыз. Алтыншы қағида. Өз төңірегіңізден сізді түсінетін жақсы адамды тауып алыңыз, сонда сіз жалғызсырамайсыз.Жетінші қағида. Жасқаншақтығыңызды арақпен, есірткімен кетірем деп ойламаңыз. Егер ашық та ақжарқын болсаңыз арақ-шарапсыз-ақ өзіңізді қоршаған адамдар арасында мерейлі боласыз.Сегізінші қағида. Орынсыз именшектіктің кейбір адамдарды жалықтырып жіберетінін де есте сақтаған жөн. Егер сізбен біреу дауысын көтеріп, өктем сөйлеп тұрса, оған өзіңізді кінәлімін деп есептемеңіз. Кім біледі, бәлкім ол адам үшін өз жігерсіздігін жеңудің бір амалы осындай болар деген ойда жүрген болар. Бірақ бұл амалды сіз басқаға пайдалана көрмеңіз.Өктем сөзбен, айқаймен ешкім өзінің мәртебесін көтеріп, қоғамдағы орнын бекіте алмайды.Тоғызыншы қағида. Өзіңіз күтпеген бір ыңғайсыз іс-жағдайға кезіксеңіз елдің көзінше кісіге кейіп, налымаңыз. Сонда жұрт сізге ерекше ықыласпен қарайтын болады. Өйткені сіз оларға басқалардан артықшылығын сезінуге үлкен мүмкіншілік бердіңіз.Оныншы қағида. Не болса содан қысылып, ыңғайсызданып, жалтақтап қызармаңыз. Сонда жұрт сізге көңіл аудармайды.Міне, қарап отырсаңыз, осы келтірілген қағидалар тым қарапайым әрі орындау да ерекше қиын емес. Егер сіз бұл ұстанымдарды өмірде қолдана білсеңіз сіздің сеніміңізді арттырып, оны нықтауға көмектеседі. Онда сіздің көп нәрсеге қол жеткізетініңізге күмән жоқ.

 «Қайтадан қайырылып қауымға келмейсің,
Барыңды, нəріңді тірлікте бергейсің. 
Ғибрат алар артыңа із қалдырсаң, 
Шын бақыт осыны ұқ, мəңгілік өлмейсің»

деп, соңына ғибратты ізін, мəңгілік өлмейтін ойлы жырын қалдырған ақын, философ Шəкəрім Құдайбердіұлы жырлағандай, әр жұмырбасты пенде артында жақсы ат, игілікті із қалса деп армандайды. Оған жету әрине жеңіл емес.Қытайдың қазіргі ең бақуатты олигархтарының бірі Джек Ма ұлына жазған хатында: «Өмір өте қысқа, дәл қазір уақытыңды босқа өткізіп жүргеніңді дәм-тұзың таусыла бастағанда білесің, өмірді қаншалықты ертерек қастерлей бастасаң өмірден алатын ләззатың да соншалық көп болады.Ұзақ өмір сүруді армандағаннан гөрі уақытты үнемдей білген дұрыс» деп жазыпты.Орынды айтылған ой. Уақытты бос, мақсатсыз, қалтаң-селтеңмен өткізу кешірілмес күнә, оралмайтын өкініш. Қамшының сабындай қысқа өмірдің әр сағатын, әр күнін тиімді пайдалануды әдетке айналдырғанымыз әбден жөн.Лайым өз ортаңызда сыйлы, абыройлы болып, алға қойған арман-мақсаттарыңыз орындалып, баянды да ұзақ өмір сүргейсіз!

Сағындық Ордабеков,
медицина ғылымдарының

докторы, профессор, 
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар