Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Кәсіптік оқытудың қайыры көп

Кәсіптік оқытудың қайыры көп
Ашық дереккөз
Халықтың әлеуметтік ахуалы тұрақты жұмыспен және табыстың артуымен өлшенеді. Дегенмен мұндай өлшемді бағамдайтын статистикалық мәліметтің нақты деректен алшақтығы жер мен көктей. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жайында «цифрлармен ойнауды қойып, нақты істерге көшетін кез келді» деп атап өткен де еді. Ендеше, Үкіметтің қолдауымен жүзеге асатын қысқамерзімді кәсіптік оқыту, түрлі әлеуметтік бағдарламалардың қалай орындалып жатқанын білу мақсатында облыстық қоғамдық кеңес өкілдерімен бірге біз де мониторинг жасаған едік...

«Аш бала тоқ баламен ойнамайды, тоқ бала аш болам деп ойламайды» дейді дана халқымыз. Шын мәнінде еліміздің әлеуметтік жағдайы сын көтермейді. Азық-түлік бағасының күн санап өсуі, ал жалақының бір орында тұрақтап қалуы, сондай-ақ қоғам арасында жұмыссыздықтың артуы – мемлекеттің алдында тұрған өзекті мәселе. Тұрақты жұмыстың жоқтығы әлеуметтік ахуалдың төмен деңгейін көрсетеді. Ал біркүндік күнкөрістің қамымен жүрген отбасылардың саны қаншама? Несиесі де басынан асып, тығырыққа тіреліп, екі қолға бір күрек таппай жүрген азаматтардың саны да азаяр емес.

Бұл тұрғыда табысты қоғам құрудың алғашқы қадамы – кедейшілік пен жұмыссыздықты жоюдан басталады.«Мемлекеттік аппарат көп жағдайда «өзін-өзі тиімді жұмыспен қамтушылар», «ресми емес жұмыспен қамту» секілді терминдерді қолданып, жағдайды жасыруды жақсы көреді. Соның салдарынан көптеген адам жұмыссыздықпен бетпе-бет келіп, əлеуметтік қорғаусыз қалып жатыр.Бұл – əлеуметтік-еңбек саласын сапалы жаңартуды қажет етеді. Осы мақсатпен мынадай шараларды қабылдаған жөн. Халықтың табысын арттыру бағдарламасын əзірлеу қажет. Жұмыс нақты əрі əрбір азаматқа бағдарланған болуы керек.

Басқарудың əр деңгейінде кедейлікті төмендетудің нақты көрсеткіштерін бекіту қажет» деген болатын Мемлекет басшысы.Үкіметке берілген тапсырма әлеуметтік саланы қайта жаңғыртуды талап етеді.Бұл мәселе біздің аймаққа да қатысты. Жалпы жұмыссыздық мәселесін шешу үшін бос сөз бен статистикалық мәліметтің аздық ететініне көпшіліктің көзі әбден жетті. Елімізде жұмыссыздық деңгейі бүгінде 4,7 пайызды құрайды. Ал облыс орталығы Тараз қаласының өзінде 6 797 адам жұмыссыз ретінде тіркелген. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, биыл жұмыспен қамтудың өңірлік картасы аясында 67 373 жұмыс орнын құру жоспарланған. 


– Есепті кезеңде 24 940 жұмыс орны құрылып, жоспар 37 пайызға орындалды. Жыл соңына дейін көзделген меже орындалады. Өңірлік карта бойынша тұрақты жұмыспен 31 746 адам қамтылады. Субсидияланатын жұмыс орындарына 15 197 адамды қамту жоспарланып, бүгінгі күнге жоспар 78,2 пайызға орындалды. Нәтижесінде 11 889 адам қоғамдық жұмысқа, «Жастар практикасы», әлеуметтік жұмыс орындары, «Алғашқы жұмыс орны», «Күміс жас», «Ұрпақтар келісімшарты» жобалары бойынша жұмысқа орналасқан. Қысқамерзімді 3 айлық кәсіптік оқыту курстарына 1291 адамды қамту жоспарланған. Онлайн оқыту курстарында 2 610 жұмыссыз азамат оқытылып, оның 2 421-і сертификат алды. Ел Президентінің 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауына сәйкес, былтырғы жылдан бастап 21-35 жас аралығындағы жастарға 2,5 пайызбен микрокредит берілуде. Осы жылға облыс бойынша 362 адамға 1810,0 миллион теңге көлемінде микрокредит қарастырылған, – дейді басқарма басшысы Еркін Келесов. 

Қазақстан Республикасының еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында атап көрсетілгендей, еңбек нарығының негізгі міндеті – басымдығы жаңа сапалы жұмыс орындарын құру болып табылатын бәсекеге қабілетті, болжамды және бейімделгіш нарық қалыптастыру.Еңбек нарығын сапалы жұмыспен қамтуға бағдарлау өнеркәсіптік кәсіпорындарды автоматтандыру мен цифрландыру жөніндегі шараларды, шағын және орта бизнесті әділ қолдаумен және білім беру жүйесінің парадигмасын қайта қараумен бірге еңбек өнімділігін арттыруды, азаматтарды әлеуметтік қорғауды, сондай-ақ теңгерімді аумақтық дамуды қамтамасыз етеді.

Бұл ретте «сапалы жұмыс орны» ұғымы тұрақты жұмыспен қамтумен, яғни жұмыскер еңбек қызметін 6 айдан және одан көп мерзімде жүзеге асыруымен сипатталады. Сондай-ақ, еңбекақы төлеу деңгейі өңірдегі медиандық жалақыға тең немесе одан артық болуы керек. Экономикада туындаған күйзелістерді сіңіру үшін өңірлердегі медиандық жалақы әр 6 ай сайын қайта қаралуға тиіс.Сапалы жұмыс орнын құру үшін жұмыскерді әлеуметтік қорғау пакетімен қамтамасыз ету де маңызды.

Атап айтқанда, ай сайынғы міндетті зейнетақы жарналары, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына және мемлекеттік медициналық сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдардың болуы, ақылы демалыстың төленуі де есепке алынады.Жұмыс ортасының да қауіпсіз болуы үлкен рөл атқарады. Яғни кәсіпорындағы жұмыс ортасының қауіпсіздігін бағалау үшін осы саладағы жұмыс орындарына қатысты өндірістік жарақаттар мен өлім-жітім санын салыстыру әдістемесі қолданылады.

Облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы халықты жұмыспен қамту, аз қамтылған отбасыларға жәрдемақылар төлеу, мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету қызмет бағыттары бойынша жұмыс атқарады. Облыстық қоғамдық кеңестің жұмыс жоспарына сәйкес шілде-тамыз айларында аталған басқарманың мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сапасына, халықты жұмыспен қамту саласына қатысты жұмыстарына қоғамдық мониторинг жүргізілді.

Басқарманың мәліметіне сәйкес, биыл Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында 60 672 адамды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту жоспарланған. Жыл басынан бері 33 963 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылған. Бұл жылдық жоспардың 56 пайызын құрайды.Осы жылы жұмысқа орналастырудың жоспары 46 943 орын болып белгіленіп, биыл 1 шілдедегі көрсеткіш бойынша 26 867 адам жұмысқа тұрған. Ал жоспардың орындалуы 57,2 пайызды құрайды.Тұрақты жұмыс орындарының жоспары 31 746 орын болса, орналасқаны 13 507 адам немесе жоспардың 42,5 пайызы орындалды. 

Жалпы бұл бағыттарда қала мен аудандардағы көрсеткіштер межеленген жоспарға сәйкес орындалуда. Жыл соңына дейін межелерге қол жеткізіледі.Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашу» мақсатында 14 331 жұмыс орнын ашу жоспарланып, есепті кезеңге 4 947 жұмыс орны құрылып, жалпы жоспар 34,5 пайызға орындалды. Алайда облыста төмен көрсеткіштер көрсеткен аудандар да бар.

Талас ауданында жоспар – 17,6 пайыз, Т.Рысқұлов ауданында – 30,7 пайыз, Тараз қаласында – 31,7 пайыз.Биыл облыстық бюджеттен 401,2 миллион теңге қаралып, 1 291 жұмыссызды кәсіптік оқытумен қамту жоспарланған. Жұмыс берушінің сұранысымен 841 адам, жұмыс берушінің жұмыс орнында 268, ал онлайн 2 813 адам білім алуда.Өңірлік комиссия отырысының шешімімен кәсіптік оқытумен қамтамасыз ету үшін бір адамға курс құны 39 518 теңгені құрайды. Есепті кезеңде оқудан 1 109 тұрғын өткен. Оқыту курстары жыл соңына дейін көзделген. Ал облыстың даму жоспары аясында тұрақты жұмысқа орналасу көрсеткіші жыл қорытындысымен 63 пайыздан төмен болмауы қажет. 


– Біз төртжақты келісімшартпен жұмыс істейміз. Бұл тұрғыда Тараз қаласындағы мансап орталығының филиалы жұмыссыз азаматтарды оқу орталығына жолдайды. Қазіргі таңда бекітілген 225 азаматты 5 оқу орталықтары 15 мамандық бойынша оқытуда. Тәлімгерлер оқуын аяқтағаннан кейін оқуын аяқтағаны туралы куәлік алады. Кейін жұмыс берушілер оларды 100 пайыз тұрақты жұмыспен қамтамасыз етеді. Сәйкесінше жұмыс іздеуші 4 жақты келісімге отырады, – дейді Тараз қаласы бойынша мансап орталығы филиалының кәсіптік оқыту жіне кәсіпкерлікті қолдау бөлімінің басшысы Динара Баянова.


Биыл кәсіптік оқыту сәуір-мамыр айында басталған. Оқу курсының мерзімі 1-3 айды құрайды. Оқуды аяқтаған азаматтар 1 айда жұмысқа орналасқаннан кейін 3 айдан соң олардың жұмысқа орналасқаны жайлы зейнетақы жарналары арқылы жұмысқа орналасқандығы бақыланады.Оқытудан өткен тыңдаушылардың жұмысқа орналасу деңгейі тамыз-қыркүйек айынан бастап қаралатын болады. Өткен жылы осы бағытта 362 миллион теңге қаралып, 1 165 адам оқытылды. Оның 1 065-і тұрақты жұмысқа орналасқан. Ал тұрақты жұмысқа орналаспаған 100 азаматпен жұмыс жүргізілуде.

– Кәсіптік оқытуды ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларына сәйкес кәсіптік оқыту жөніндегі қызметтер мемлекеттік білім беру тапсырысы болып табылады және білім беру ұйымдарында, қолданыстағы заңнамаға сәйкес білім беру қызметіне құқығы бар жұмыс берушілер жанындағы оқу орталықтарында жүргізіледі. Осы мақсатта 1 291 жұмыссызды кәсіптік оқытумен қамтуға облыстық бюджеттен 401,2 миллион теңге қарастырылса, ал жұмыс берушілердің сұратуы бойынша аудандар мен Тараз қаласынан кәсіптік оқытуға жылдық жоспар 903 адамды құрайды. Оқытуға жолданғандар саны – 800. Тараз қаласы бойынша 3 айлық кәсіптік оқытуға 225 адам, ал 2 айлық жұмыс орнында оқытуға 65 жұмыссыз жолданған.

Арнайы топ мүшелері «Бағыт Тараз» ЖШС, «Центр Даму KZ» АҚ, «Эльба» ЖШС жанындағы оқу орталықтарында маусым айынан басталған кәсіптік оқыту қызметтеріне қоғамдық мониторинг жүргізді.Аталған оқу орталықтарында тракторшы-машинист, электргазбен дәнекерлеуші, слесарь-сантехник, бухгалтер, тігінші, массажист, визажист, аспазшы, кондитер мамандықтары бойынша барлығы 225 адам оқытылуда.Мониторинг барысы көрсеткендей, қағидаларға сәйкес кәсіптік оқыту жөніндегі қызметтердің талаптарын орындау, білім беру қызметіне құқығы бар жұмыс берушілер жанындағы оқу орталықтарының материалдық-техникалық базасын жарақтандыру, құрылыс саласы бойынша кәсіптік оқытуды ұйымдастыру туралы туындаған сұрақтар жөнінде ұсынымдар дайындалып, тиісті мемлекеттік органдарға жолданатын болады, – дейді облыстық қоғамдық кеңестің хатшысы Жанар Орынбаева. 


Кәсіптік оқуларға жолданған жалпы 290 азамат 3 айлық оқу курсын 30 қыркүйекте, ал 2 айлық курс бойынша білім алған білімгерлер оқуын 29 тамызда аяқтайды. Мамандардың айтуынша, барлық білімгерлер тұрақты жұмыспен 100 пайыз қамтылады.Кәсіптік оқытудың игілігін көрген білімгерлер де курстың жұмыссыз азаматтар үшін тиімді екенін жеткізді.

– 10 жылдан бері жұмысқа орналаса алмай келемін. Осы жылы бағымды сынап көрейін деп мансап орталығына бардым. Тігінші мамандығына оқу үшін оқу орнына жолдама алдым. 1,5 айға созылатын курста жол ақысы да, шәкіртақы да төленеді. Сондай-ақ, курстың өзі тегін оқытылады. Мен үшін бұл керемет мүмкіндік деп ойлаймын. Өзім кішкентай кезімнен тігінге қызығатынмын. Оңай киімдерді өзім пішіп, тігіп те жүретінмін. Ендігі кезекте тәжірибелі тігінші ретінде өзім тігін тігетін боламын. Бұл маған да, отбасыма да жақсы болды. Үйдегілерге де кішігірім киім тігіп беремін. Сондай-ақ өзгелерге де көмек көрсеткенім үшін табыс табатын боламын, – дейді білімгер Ақерке Санатқызы.

Кәсіптік оқудың тағы бір ерекшелігі – кез келген мамандық иесі атана аласыз. Егер массаж маманы болғыңыз келсе массажды оқуға болады, сән салонында жұмыс істегіңіз келсе, сәнге қатысты мамандықты таңдай аласыз. Сондай-ақ, ауылшаруашылығына қатысты мамандықтарды да игеруге болады. 

– Маман тапшы болғандықтан тракторшы мамандығын оқуға бекіндім. Курс ұзақтығы 3 айға созылады. Әр айға шәкіртақы төленеді. Айта кетер ерекшелік, біз бірінші кезекте көлік айдауды үйрендік. Жол ережелерін жаттап, көлікті қалай басқару керек екендігін практикада таныстық. Қазір бұл мамандықты оқып жатқаныма 1 айдан асты. Өзіме ұнап жатыр. Алғашқы шәкіртақымды алып та үлгердім. Үйдегілер, шыны керек, бұл мамандықты таңдағаныма қарсы болмады. Кезінде әжелеріміз де трактор айдап, жан баққан. Қазіргі бейбіт заманда да тракторшы болып та табыс табуға болады, – дейді Тараз қаласының тұрғыны Гүлназия Тұрғымбаева. 


Айта кету керек, кәсіптік оқытудың барлығында әрбір білімгерге шәкіртақы қарастырылған. Қысқамерзімді 3 айлық оқу курсынан өтетін жұмыссыздарға 32 681 теңге шәкіртақы төленеді. 2 айлық оқу курсы үшін жұмыссыздарға төленетін шәкіртақы көлемі 73840 теңгені құрайды.Жас болсын, жасамыс болсын тіршілік үшін тырмысады. Жан бақсам, отбасы, бала-шаға асырасам дейді. Ендігі кезекте, жұмыссыздық мәселесі келелі бағдарлама арқылы шешілсе екен деген тілегіміз бар. Әр қазақстандық лайықты жұмыс орнында істеуге, тұрақты табыспен қамтылуға, жақсы тұрмыста өмір сүруге лайықты!

Аяулым Жаманқара

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар