Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

БІЗ ЖАНБАСАҚ ЛАПЫЛДАП, АСПАН ҚАЛАЙ АШЫЛМАҚ?

БІЗ ЖАНБАСАҚ ЛАПЫЛДАП, АСПАН ҚАЛАЙ АШЫЛМАҚ?
ашық дереккөз
БІЗ ЖАНБАСАҚ ЛАПЫЛДАП, АСПАН ҚАЛАЙ АШЫЛМАҚ?
Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ: Құрметті оқырман! Газет пен гаджет бәсекеге түскен уақытта қазақ баспасөзінен қол үзбеген, оның ішінде «AR-AI»-ды асыға күтетін өздеріңізді шынайы жанашырларымыз деп білеміз. Сөз жоқ, 2005 жылы Жамбыл жерінде жастар басылымының жарық көруі ел-жұртты елең еткізген елеулі оқиға болды. Түрік ақыны Назым Хикметтің жоғарыдағы жыр жолдарын ұран еткен «AR-AI» ақпарат айдынына асқақ рухпен келді. Міне, содан бері басылым бастапқы бағытынан айнымай, оқырманға олжа боларлық ойлы дүниелермен қуантып келеді. Бұл тұрғыда редакцияны әр жылдары басқарған Болат Бекжан, Оралхан Дәуіт, Гүлнұр Ембердиева, Масат Берік, Дәулет Төлендіұлы, Біржан Сөктай сынды азаматтардың еңбегі зор. Ендігі кезекте бұл жауапты міндет облыс басшылығының ұйғарымымен бізге жүктеліп отыр. «Балапанды күзде санайды» демекші, жылдың осы мезгілінде бір өзгеріс күтетініміз бар. Ала жаздай тыныққан балалар алтын ұя мектебімен қауышып, мәре-сәре болып жатады. Студенттік өмірдің де қызығы мен шыжығы қатар жүреді. Саясатпен сабақтастыра сөйлесек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дәл 1 қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауын арнап, алдағы мақсаттарды айқындап берді. Осы орайда бірлігі жарасқан біздің ұжым да жақсы ниетпен жаңа маусымды бастап кетті. Өздеріңіз байқап отырғандай, газетіміздің бүгінгі нөмірі жаңа үлгімен жарық көрді. Басылымның дизайны ғана емес, мазмұны да өзгеретін болады. Ол үшін арнаулы беттер мен айдарлар әзірледік. Жоғары және арнаулы оқу орындарымен байланысты нығайта отырып, студенттерге арналған «Гүлдәурен» беті тұрақты түрде жарияланады. Оқырмандардың сұрауы бойынша «Біз де студент болғанбыз» айдарын қайта қолға алдық. Арнаулы бетте бұдан өзге де қызықты дүниелер, білім ордаларының тыныс-тіршілігі кеңінен қамтылады. Жас авторларды ынталандыру, олардың шығармашылығын насихаттау мақсатында «Жас қалам» бетін беріп отырмыз. Бұдан бөлек әртүрлі салаларды қамтитын «Жаңа Қазақстан», «Сын-семсер», «Сыр-сұхбат», «Береке бастауы», «Шаңырақ», «Шамшырақ», «Әлемжелідегі әлеумет», «Көңілашар», «Топжарған» сияқты арнаулы беттердің берері мол болмақ. Сондай-ақ «Тұлғалар тұғыры», «Жер тарихы-ел тарихы», «Керек дерек», «Естен кетпес есімдер», «Өзіңе сен...», «Стартап сыры», «Көшбасшы көзімен», «Сұраңыз, жауап береміз», «Жамбылда жасалған», «Сөз төркіні», «Танымал туындының тарихы», «Ауыл ажары», «Менің мектебім», «Trend-тамызық», «Лайфхак – лайық гәп», «Білім белестері», «Табиғат таңғажайыптары» және тағы да басқа көптеген айдарлар ұсынылмақ. Басылымның алғашқы күнінен бері осы ұжымда еңбек етіп келе жатқан әріптесіміз, елімізге танымал фототілші Алтынбек Қартабай «Фоторепортаж» айдарын жүргізбек. Сонымен қатар Тараз қаласы мен аудандарда газет күнін өткізу жоспарда бар. Бұл әрине, алда атқарылатын ауқымды жұмыстардың бір парасы ғана. Қаламы қарымды «арайлықтардың» ұсынатын дүниелері аз болмақ емес. Негізінен салмақты сұхбаттарға, сараптамалық, танымдық-тарихи, әдеби-мәдени дүниелерге басымдық беріледі. Өзекті мәселелердің шешімін табуға өз үлесімізді қосамыз. Жастардың жайы басты назарымызда болады. Тұрақты авторларымызға газет бетінен орын беруге әрқашан дайынбыз. Уақыт талабын ескере отырып, басылымның әлеуметтік желілердегі парақшалары мен ресми сайтымызды жаңғыртып, жаңалықтарды үзбей жариялауға күш салып отырмыз. Мұның кері байланысты қамтамасыз етуге тигізер септігі де мол. Сондай-ақ хат-хабар алмасу үшін электронды поштадан бөлек «WhatsApp» нөмірін іске қостық. Біз сіздермен біргеміз!
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар