Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Фосфогипс қалдығынан қалай құтыламыз?

Фосфогипс қалдығынан қалай құтыламыз?
Ашық дереккөз
«Тараз-Аса» бағытындағы тас жолдың бойында тау-тау болып үйілген фосфогипс қалдықтарына жамбылдық жұртшылықтың көзі әлдеқашан үйреніп кеткен. Тараз қаласымен іргелес жатқан экологиялық қауіпті аумақта Жамбыл ауданына қарайтын бірнеше ауыл орналасқан. Осы аумақта «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты «Минералды тыңайтқыштар» зауыты жұмыс істейді.

ТОЗАҢҒА УЛАНҒАН ТҰРҒЫНДАР

Жалпы, өңірдегі ірі өндіріс орны елімізге ғана емес, бірқатар шет мемлекетке де танымал. Күніне мыңдаған тонна өнім өндіретін кәсіпорын ел экономикасының дамуына айтарлықтай үлес қосуда. Алайда Жамбыл ауданы, Шайқорық ауылы тұрғындарының аталған фосфогипс төгінділеріне байланысты шағымданып жүргеніне талай жылдың жүзі болды. Жел тұрған күндері зауыттан шыққан әлгі қалдықтар ұшып, ауылды шаң басып қалады екен. Сондай-ақ жергілікті жұрт мұның адам денсаулығына зияны бола ма деп те алаңдаулы.Қазіргі кезде бұл жерде шамамен 17 миллион тоннадан астам фосфор өнімінің қалдығы бар. Минералды тыңайтқыштар зауыты мен одан әрі орналасқан «Жаңа Жамбыл фосфор зауытынан» шығатын қалдықтар талай жылдан бері осы жерге үйіліп келеді. Ал енді аталған кәсіпорындарда жыл сайын өнім көлемі артып келе жатқандықтан, одан шығатын фосфогипс те көбейіп отыр. Тұрғындардың шағымы негізінде депутаттар, журналистер талай рет дабыл қағып, мәселе көтергенімен, оның шешілетін түрі көрінбейді.Тұрғындар біраз уақыттан бері зауыт әкімшілігіне шағымдарын айтып, наразылықтарын білдіргенімен ешкім мардымды жауап бермеген.

– Барлық ауылдың тұрғындары болып өтініш те, хат та жаздық. Бұл мәселені бәрі біледі. Жел болған кезде жиналған фосфор қалдығы ұшып, ауылдарды тұман басып қалады. Тіпті, көліктердің үстіне желмен ұшып келген фосфогипс қатып қалғанда тазалау мүмкін болмай қалады. Бұған дейінгі зауыт әкімшілігіне кіріп, жүздеген, мыңдаған халықтың талап-тілегін жеткізген болатынбыз. Бірақ әрекетімізден нәтиже шықпады. Шынын айтқанда ауылдарда соңғы жылдары 50 жасқа жетпей өмірден өтіп жатқан адамдардың саны күрт өсті. Жеміс-жидек, көкөністердің өсуіне де орасан зиян келтіріп жатыр, – дейді Шайқорық ауылының тұрғыны Жанат Иманәлиев.


Ал Танты ауылының тұрғыны Серік Лесбаев та қарапайым халық фосфогипс қалдығынан әсіресе қатты дауыл тұрған күндері зардап шегетіндерін айтады. 

– Дауыл тұрса болды фосфогипс қалдығының шаңы ауылды басып қалады. Тіпті тозаң үйдің ішіне дейін кіріп кетеді. Әрі мұның адам денсаулығына зияны бар ма деп қорқамыз. Себебі осы уақытта малдың біразы іш тастайды. Жаңа салынған алма бақ қурап қалды. Жергілікті басшылар осы мәселені шешіп берсе екен дейміз.Жыл өткен сайын қалдықтардың көлемі де артып келеді. Осыдан бірнеше жыл бұрын ауылда сиырлардың тісі өсіп, талдардың жапырақтары өздігінен қарайып кеткен жағдайлар болған. Мұның бәрі фосфогипс қалдықтарының шаңынан емес пе екен деп ойлаймыз. Зауыттың басшылығы оны көшіруге шамасының келмейтінін айтуда. Мәселені қазір шешу де қиындық тудыруда. Екі ортада қарапайым халық қиналып отыр. Тым құрыса жан-жағына тал егіп, үстін жауып бір әрекет жасаса деген ойымыз бар. Одан кейін ауыл сазды жерде орналасқан. Әлгі қалдықтардың зияны ауызсу арқылы келе ме деп те қорқамыз, – дейді ауыл тұрғыны Бақыт Иманалиев.


Ауыл тұрғындары өздерін алаңдатқан мәселе бойынша сауалдарын Жамбыл ауданының әкімдігіне жолдап та көрген. Алайда берілген жауапта аудандық әкімдік Танты, Шайқорық, Көлқайнар ауылдарының ластануына байланысты ешқандай мәселе қамтылмаған. 

– «Облыс әкімдігінің ауылшаруашылығы басқармасы егістік алқаптарына фосфогипс қалдықтарын енгізу бойынша жоспар әзірлеген. Қазіргі таңда фосфогипс қалдықтарының үшінші үйіндісінің құрылысы облыстық экология департаментінің шешімі бойынша қаладан 20 шақырым қашықтықта «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Жамбыл филиалы аумағында жүргізілуде. Аудан әкімдігі мен аймақтағы шаруа қожалықтар «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және Қазақстан сушаруашылығы ғылыми зерттеу институтымен үшжақты келісімшарт жасасып, 15 560 тоннасы егістік алқаптарға тыңайтқыш ретінде төгілді, – делінген жауапта.Ауылдықтар фосфогипстің желді күні көз аштырмайтын шаңы өз алдына, қауіпсіздік мәселесіне де алаңдап отыр. Бұл мәселе – тұрғындардың бәріне ортақ. Ауылдықтар қалдықтарды көшірмесе де, халыққа бір зияны тимейтін әрекет жасалса дейді.

КҮН ТӘРТІБІНЕН ТҮСЕР ЕМЕС

Тұрғындардың алаңдауы бекер емес. Себебі фосфогипстің үйінділері ерекше экологиялық мәселеге айналған. Өзекті мәселе Мәжіліс және Сенаттың жалпы отырысында да жиі көтерілген. Мәселен бірнеше жыл бұрын Сенатор Бекболат Орынбеков бұрынғы Үкімет басшысы Әлихан Смайловтың атына жолдаған өзінің депутаттық сауалында ауыл тұрғындарының проблемаларын талқыға салды. Депутаттың өңірге сапары барысында жергілікті тұрғындар қоршаған ортаның ластанып жатқанын, атап айтқанда, өңірдегі химия өнеркәсібінің өндіріс қалдығы туралы, құрамында көп мөлшерде фосфогипс бар қоқысты тастайтын жерге қатысты проблеманы көтерген.

– Бұл үйінділер Тараз қаласы мен Шайқорық, Танты елді мекендерінің маңына жақын орналасуына байланысты адам өміріне және қоршаған ортаға үлкен қауіп төндіруде. Мәселен, жел көтерілген кезде үйінділерден елді мекендерге қарай шаңды заттардың ұшуы байқалады. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, фосфогипс салдары ауылшаруашылығы мен бақша шаруашылығына үлкен зиян келтіруде, – деді сенатор.


Бекболат Орынбеков осыған байланысты фосфогипс қалдықтарының көлемін азайту жөнінде шаралар қабылдауды және ауылшаруашылығы саласында пайдалануды ұсынды.

– Сонымен қатар, фосфогипсті жол төсемдерінің негіздерін орнату үшін пайдалану зерттелуде. Осы бағытта «Павлодар – Успенка – РФ шекарасы» автомобиль жолдарының топырақтарын тұрақтандыру үшін фосфогипс материалын сынау мақсатында тәжірибелік-эксперименттік участке бөлініп, бүгінгі күні зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деді Сенат депутаты.


Кейіннен дәл осы мәселені экс-мәжілісмен Мейрамбек Төлепберген де көтерді. Ал, былтыр облысқа жұмыс сапарымен келген ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев та фосфогипс қалдығын ауылшаруашылығында тыңайтқыш ретінде, сондай-ақ автомобиль жолдарын салу үшін пайдалануға болатынын айтқан. Алайда статистика жыл сайын фосфор қалдықтарының тек 140 мың тоннасы ғана тыңайтқыш ретінде пайдаланылатынын көрсетіп отыр. Ал фосфогипс көлемі жылдан-жылға көбейіп келеді.«Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас экологі Арман Қарағалиев фосфогипс қауіпсіз қалдық болып саналатыны жөнінде санитарлық-эпидемиологиялық стансасының қорытындысы бар екенін алға тартады.


– Минералды тыңайтқыштар зауыты жетпіс жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ол кезде қазіргі фосфогипс қалдықтары орналасқан аумақ Тараз қаласынан да, ауылдардан да алыс болатын. Қазір бұл жерде 17 миллион тонна қалдық бар.Өндірістің қуаты артқан сайын қалдық көлемі де ұлғайып келеді. Әрине, мұнша көлемдегі төгінділерді көшіру мүмкін емес. Бір кездері біз қалдықтардың бір тоннасын 1 мың теңгеден сатамыз деп шештік.

Алайда оны да ешкім алмайды. Елге көрсетіп берейік деп өзіміз 5 мың тонна қалдықты Жамбыл ауданының бірқатар ауылдарына тегін апарып бергенбіз де. Фосфогипс негізінен жерді тыңайтуға көп әсер етеді. Ел соның өзін алмай отыр ғой. Бұл қалдықтарды облыс аумағында сақтағаны үшін зауыт облыс бюджетіне ақша төлейді. Қазіргі таңда біз төлеп отырған салықтың облыстық мәслихатпен келісілген бағасы 1,06 айлық есептік көрсеткіш көлемінде. Салық көлемі келесі жылдан бастап тағы өседі. Бұл жағдай бізге өте тиімсіз болғалы тұр. Салық құнын түсіру мәселесімен айналысып жатырмыз. Салықтан 10 жыл босатылатындай жол бар. Бірақ ол уақытта зауыт фосфогипсті жоюға арналған заманауи технология енгізу керек. Ол да бізге үлкен жауапкершілік. Фильтрлерді жаңартып, аспанға көтеріліп жатқан түтін көлемін азайту үшін тиісті жұмыстар атқарылуы қажет. Былайша айтқанда, бұл өзімізге үлкен жүктеме болады.

 

Облыстық экология департаменті «жылына 1 миллион тонна фосфогипсті утилизация жасаңдар» деп талап қоюда. Бұл қиынға соғатын іс. Себебі ондай қаражатты жағдайымыз көтермейді. Қалдықтан құтылудың бірден-бір жолы – Қызылорда облысының Арал ауданындағы сортаң жерлерге тыңайтқыш ретінде шашу. Алайда қаражат, көлік мәселесі оған мүмкіндік бермейді. Біз жылына 200-300 мың тонна фосфогипсті ғана жоюға қауқарлымыз. Сондықтан мәселені шешудің басқа жолы болмағандықтан зауытқа тиесілі 28 гектар аумақты пайдалансақ деп едік. Алайда департамент заңда ол жерге тек зауыттың қосымша қоймаларын, мекемелерін, жабдықтарын орналастыруға болатыны ғана көрсетілгенін алға тартып, қалдықты төгуге тыйым салып отыр, – дейді А.Қарағалиев.

 

Ал облыстық экология департаментінің мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің басшысы Ермек Құралбаевтың айтуынша, өндіріс орнына 2022-2024 жылдар аралығында бірқатар тексеру жүргізіліп, тиісті айыппұл салынғанын айтады. 

– ҚР Экологиялық кодексiнің 329-бабының Сатылық қағидатында зауыттың қалдықтарына қатысты егжей-тегжейлі айтылған. Осы заң негізінде департамент зауытқа 2022 жылы профилактикалық қадағалау және бақылау нәтижелері бойынша 2868,356 мың теңге сомасында 5 әкімшілік айыппұл салынды. Бүгінгі күні айыппұлдар мемлекетке толығымен төленді.Өткен жылы Б.Ахметов есімді азамат департаментке өтініш жолдап, кәсіпорынның Жамбыл ауданы, «Бірлесу-Еңбек» ауылының маңында жаңа фосфогипс үйіндісін салудың заңдылығын тексеруді сұрады. Түскен өтініш негізінде департамент жоспардан тыс тексеру тағайындады. Аудит кезінде «Қазфосфат» серіктестігі 2020 жылдың наурызы-2022 жылдың сәуір айларына белгіленген жоспарлы іс-шараларды орындамай, объектінің санатын қайта анықтау міндетін елемей, жобалық материалдарды жоспарлы іс-шаралар ретінде нысан құрылысына жібергені анықталды. 

Сондай-ақ облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы міндетті бағалауды жүргізу қажеттілігіне қатысты экологиялық заңнаманың талаптарын елемей, объектіге III санатын және 13.03.2023 жылғы №kz72vdc00094902 мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысын негізсіз берген.Жүргізілген тексеру нәтижелері бойынша департамент фосфогипс қалдықтарының үйіндісін салуға облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының өндіріс ошағына берген III санаттағы объектілер үшін мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындыларынан айыру және қоршаған ортаға әсерді алдын ала бағалау жүргізілгенге дейін және департаменттен әсерге экологиялық рұқсат алғанға дейін фосфогипс қалдықтарының жаңа үйіндісін салу бөлігінде қызметті тоқтата тұру туралы талап-арызбен жүгінді, – деген Ермек Алтайбекұлы соттың ұйғарымымен департаменттің өтініші қанағаттандырылғанын жеткізді.

Облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен департаменттің талап-арызы толық көлемде қанағаттандырылса да серіктестік шешімге қарсы апелляциялық шағым берген. Облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасы 2023 жылғы 26 қазандағы қаулы бойынша «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің шағымын қанағаттандырудан бас тартып, апелляциялық шағым қанағаттандырусыз қалады.Сонымен қатар, серіктестік Әкімшілік рәсімдік-процестік тәртібінде департаменттің 2023 жылғы 23 мамырдағы №7 ұйғарымына шағым береді. Бұл жолы да мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сот «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің экология департаментіне 2023 жылғы 23 мамырдағы №7 нұсқаманы заңсыз деп тану және күшін жою туралы әкімшілік талабын қанағаттандырудан бас тартады. 

КӘДЕГЕ ЖАРАТУ АЯСЫ КЕҢ

Қазақстанда тұзды жерлер аумағы 798,4 мың гектарды құрайды. Оның ішінде 133,6 мың гектары қатты сортаңданған. Мұндай жерлердің негізгі аумағы Қызылорда, Түркістан, Алматы, Жамбыл, Жетісу облыстарында. Осы сортаң жерлерді фосфогипс күлімен тыңайтуға болады. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің доценті, ғалым Қамбар Тұрсынбаев Кеңес дәуірінде-ақ фосфогипсті ауылшаруашылығында тыңайтқыш ретінде қолдануға әрекет жасалғанын айтады.

– Бірақ фермерлер оны қате технологиямен қолданған. Фосфогипсті жер бетіне трактор арқылы румспен шашқан. Ол ылғалды өзіне тартып алып, кесекке айналып, жер бетіне қатпаршақ болып қалады. Топырақпен реакцияға кірмейді. Салдарынан топырақта ешқандай өзгеріс болмаған. Қазіргі таңда фермерлер тағы да әрекет етіп жатыр, бірақ нәтиже жоққа тән.Аймақта «Қазфосфаттан» шығатын өндіріс қалдығы 17 миллион тоннадан асып кетті. 2016 жылы елімізде «Органикалық өнім өндіру туралы» Заң қабылдады. Сонда маған бұл тыңайтқышқа сұраныс көп, арзан және қолдану да оңай ғой деген ой келді. Топырақтың құнарлылығын арттырады. Тұзды жерлердің тұз мөлшерін төмендетеді.

Өнімділігін 30-40 пайызға өсіреді. Ылғалды сақтауға ықпал етеді. Көңмен бірге қосылғанда құрамындағы зиянды заттар жоғалады.2022 жылдан бастап тәжірибе жасап көрдім. Саяжайда қызанақ және тәтті бұрыш егілген топыраққа фосфогипс пен көңді араластырып қолданып байқадым. Қызғылт қызанақтың салмағы 300-500 грамм, ал тәтті бұрыш салмағы 240-350 грамм болды. Бұл жаңалықтан хабардар болған бір шаруашылық келісімшарт жасап үлгерді, – дейді Қ.Тұрсынбаев.


Отандық ғалымдардың айтуынша, фосфогипс жол құрылысына да таптырмас материал. Техника ғылымдарының докторы Борис Асматулаевтың сөзіне сүйенсек, өнеркәсіптік металлургия және фосфор кәсіпорындарының техногендік қалдықтары домна пеші мен фосфор шлактары, фосфогипс пен боксит шламы, сондай-ақ жылу-электр стансаларының күлі өздігінен цементтелетін қасиетке ие. Ал серіктестіктің бас экологі Арман Қарағалиев кәсіпорын басшылығы фосфогипсті қайта өңдеудің оңтайлы әдісін іздеумен айналысып келе жатқанын және алғашқы тәжірибе жасалғанын айтады.

– Былтыр тәжірибе ретінде фосфогипсті жолдың 100 метр бөлігін салуға пайдаландық. Бұл жұмысты «Қазжолинновация» ғылыми-зерттеу және өндірістік компаниясымен бірлесіп атқардық. Негізгі цемент-қиыршық тас қоспасына басқа материалдарға 22 пайыз қатынасында фосфогипс қосылады. Сонда 100 метр жолға 60 тонна фосфогипс жұмсадық. Салынып жатқан «Қазақстан – Успен» автожолының тәжірибелік телімінің сапасына қорытынды мониторинг жүргізілді. Нәтижесі жол сапасына қойылатын стандарттар мен талаптарға сәйкес келеді. Фосфогипс ҚР Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің және «ҚазАвтоЖол» акционерлік қоғамының инновациялық технологиялар тізіміне енгізілген. Сондықтан зауыт шығарған фосфогипс қалдықтарын қайта өңдеуге пайдалану автожол салу мақсатында пайдалы қазбаларды пайдалануды азайтып, ландшафт пен экоортаның тұтастығын сақтау проблемасын шешеді, – дейді Арман Қарағалиев.


Дүниежүзі елдеріндегі тәжірибе фосфогипсті ауылшаруашылығынан бастап жол құрылысы мен цемент өнеркәсібіне дейін көптеген салада қолдануға болатынын көрсетіп отыр.Осы ретте М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ғалымдары фосфогипс қалдықтары бойынша бірнеше жыл бойы түрлі зерттеу жүргізіп, маңызды жоба жасай алды. Олар фосфогипстен құрылыс гипсі мен жоғары сапалы цемент шығаруды ұсынып отыр. Ол үшін фосфогипс қалдығы күйдірудің екі кезеңінен өтуі керек.Өңірлік университеттің «Химия және химиялық технологиялар» кафедрасының аға оқытушысы Дильбар Күлбаева өз эксперименттеріне сутегі турбиналы генератор қондырғысын қолданатынын жеткізді.

– Онда метан сумен әрекеттеседі. 60 пайызы – су, 40 пайызы – көмірсутек. Бұл заттар жанған кезде сутегі бөлінеді. Бұл сутекті пешке береміз, клинкер фосфогипспен әрекеттеседі және 2 000 градус цельсийде цемент алынады. Цементтің өзінде гипс мөлшері 77 пайыз немесе одан да көп болуы керек, ал бізде – 98,1 пайыз. Бұл М-400 және М-600 маркалы цемент шығара алатынымызды дәлелдейді. Материал сапасы жоғары болады. Себебі басқа цементтердегі гипс үлесі 77 пайыз болса, фосфогипстен алатын цемент 98 пайыздан гипстен тұрады, яғни берік болады, – дейді ғалым.


Ал университеттің ғылым және коммерцияландыру департаментінің директоры Сейітжан Орынбаев та бұл екі жақ үшін де пайдалы іс екенін айтады.

– Бір зауыт жылына 300 мың тоннаға жуық фосфогипс қалдығын қайта өңдейтін болады. Бұл ретте шамамен 124 мың тонна цемент аламыз. 60 пайыз цемент өндірісіне, қалған 40 пайызы күкірт қышқылы болып бөлінеді. Ондағы зиянды қалдықтар жоғарғы градуста ұшып кетеді. Оны арнайы зауыт сүзгісі арқылы ұстап қаламыз, қалған зиянды қалдықтар құм секілді қалыпқа енеді де зиянсыз цемент құрамына кіреді. Бұл жобаның өтелу мерзімі шамамен 2,5 жылды құрайды. Сәйкесінше бюджетке салық түседі. Компанияның өзі жылына шамамен 1,7 миллиард теңге табыс табады. Егер жақсы жұмыс істесе 2-3 жыл ішінде кеткен шығынды ақтайды. Жылына 2 миллион тонна қалдық пайдаға асып отырса, екі үйіндіден 7-8 жыл ішінде құтылуға болады, – дейді С.Орынбаев.

Жыл өткен сайын көбейіп бара жатқан қалдықтардың зиянды әсері жергілікті жұртшылықтың арқасына аяздай батып отыр. Сондықтан да ауыл тұрғындары жергілікті биліктен мәселені шешіп беруді сұрайды. Егер зауыт қалдығынан жұрт зардап шекпесін десек, күрделі мәселенің күрмеуін шешетін бір жолдың қарастырылғаны дұрыс. Ал, бұл мәселенің шешімі – мамандар айтқандай фосфогипс қалдығын ауылшаруашылығы саласында тыңайтқыш, жол салуда – құрылыс материалы, сонымен бірге жоғары сапалы цемент жасауға шикізат ретінде пайдалану. 

Ақтоты Жаңабай

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар