ІІМ: Қазақстанда жылдамдықты асыратын жүргізушілерге жаза күшейтіледі
- author AR-AY
- 31 шілде, 2024
- 185
Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Елімізде жол-көлік оқиғаларынан жыл сайын 2 мыңнан астам адам қаза тауып, 19 мыңнан астам адам жарақат алады.
«Апаттардың өсуіне себептер: бірінші, тіркеу тәсілдерінің өзгеруі. Екінші – автокөліктер санының артуы. Былтырдан бері 608 мыңға дейін көбейді. Үшінші – инфрақұрылымның жағдайы. Төртінші – жүргізушілер тәртібінің сапасы», — деді министр.
Аталған мәселелерді шешу жолдары 2024-2028 жылдарға арналған Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұжырымдамасында көзделген. Оның тиімділігі көбіне әкімдіктер мен уәкілетті органдардың белсенділігіне байланысты.
«Қазір ол тиімділік байқалмайды. Қаржыландыру қалдық принципімен бөлінеді. Мысалы, «Vision Zero» бағдарламасы тек Алматы мен Павлодарда жүзеге асырылуда. Қалған әкімдер жарақат алуды азайту бағдарламасында, жағдайды жақсарту бойынша нақты шаралар көрсетпеген. Әрине, біз түсінеміз, мұның барлығы жергілікті бюджетке байланысты. Дегенмен де осы шаралардың барлығын қабылдап жұмыс істеу керек. Осының бәрі адам өмірі мен денсаулығына тікелей әсер етеді», — деп мәлімдеді Ішкі істер министрі.
Басты шешім – қауіпсіз жол инфрақұрылымын құру. Халықаралық тәжірибе оның апатқа тікелей әсері бар екенін дәлелдеді. Қазір республикалық жолдардың тек 3%-ы ғана қауіпсіздік талаптарына сәйкес келеді. Осындай жолдарды жөндеген соң адам шығыны бірнешеге азайды.
«Мысалы, 2006 жылдан бастап қарасақ, “Астана-Щучинск” жолында адам шығыны 75-тен 12-ге азайған. “Астана-Теміртау» 30-дан 18-ге азайды. Басқа да мысалдар жетерлік», — деді Е. Сәденов.
Қала сыртындағы жолдар үлкен қауіп төндіруде. Олардың қазіргі жағдайы ауыр апаттарға әкеп соғуда. Бұл жүйелі проблема жол қауіпсіздігі аудитін жүргізу кезінде анықталған.
«Биыл әкімдер мен жол жөндеуге жауапты мекемелерге 24 мыңнан астам нұсқама жолданды. 3,5 мың лауазымды тұлға жазаланды. Міндеттерін орындамағаны үшін жыл сайын 15-ке жуық қылмыстық іс тергеледі. Осы шараларға қарамастан апаттар саны азаймай тұр», — деп мәлімдеді министр.
Өңірлер арасында Ұлытау, Жетісу, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Алматы облыстарының трассаларында өлім-жітім деңгейі жоғары. Мысалға, шілде айында Қарағанды облысы «Алматы-Екатеринбург» трассасының, жөнделіп жатқан учаскесінде 2 апта ішінде 3 жол көлік оқиғасы болды. Онда 9 адам қаза тауып, 14 жарақат алды.
«Ақтөбе облысында бір шұңқырдың кесірінен 2 жол апаты болды, 4 адам зардап шегіп, 1-і қаза тапты. Мұндай фактілер әр аймақта бар», — деді министр.
Шұғыл түрде 4 және одан да көп жолағы бар 6 мың шақырымнан астам жол салу қажет. Олардың ішінде облыс орталықтарының арасындағы келесідей трассалар бар:
– Атырау, Ақтөбе және Орал;
– Өскемен, Семей;
– Қарағанды, Жезқазған, Қызылорда;
– Қарағанды, Павлодар және т.б.
Мұнда ені 7 метр болатын екі жолақты жолдар орналасқан. Сондықтан бұл жерлерде бетпе-бет соғысу және аударылу жиі болады.
Сонымен қатар елді мекендердегі инфрақұрылым мәселесі маңызды болып тұр. Жол апатының 85%-ы сол жерлерде болады.
Министр келтірген дерекке сүйенсек, өлім-жітімнің төрттен бірі – жаяу жүргіншілерді қағып кетуге байланысты.
Олардың ең үлкен үлесі:
– Маңғыстау
– Алматы
– Қызылорда облыстарына тиесілі.
Себеп – жаяу жүргіншілер өтетін жолдардың болмауы, жарықтар қойылмаған, тротуарлар жоқ.
Жалпы ел бойынша:
– шамамен 600 бағдаршам өткелдерімен;
– 100 мың метрден астам жаяу жүргіншілер қоршаулары;
– 15 мың км жарықтандыру және 60 мың км тротуарлар жабдықтау қажет.
Жол көлік оқиғаларының тағы бір факторы көлік тәртібінің төмендігі, жүргізушілердің кінәсінен 90% апат орын алған.
«Министрлікпен жолдарда тәртіп орнату бойынша үлкен жұмыс жүргізуде. Басты назар – профилактика. Биыл жол ережесін бұзу 58%-ға, қарсы жолаққа шығу деректері 70%-ға көп анықталды. Ұсталған «мас» жүргізушілердің саны 18%-ға өсті, барлығы әкімшілік қамауға алынды», — Е. Сәденов.
Мас күйінде қайта басқару фактілері бойынша қылмыстық істердің саны 20%-ға көбейді. Өрескел бұзушыларды құқығынан айыру 2 есеге өсті. Осылайша, ауыр зардаптардың жолын кесудеміз, деп мәлімдеді министр Үкімет отырысында.
Жолдарда бақылауды күшейту үшін цифрлық шешімдер енгізілуде. Қалаларда жол ережелерін бұзуды тіркейтін 24 мыңнан астам автоматты камера орнатылды.
«Патрульдік автокөліктерді жол ережесін бұзғандарды тіркейтін жүйелерімен жабдықтаудамыз. Бүгін осындай жүйелерді маршруттық автобустар, жедел жәрдем және мемлекеттік автокөліктерге орнату мәселелері пысықталуда», — деп мәлімдеді ведомство басшысы.
Елімізде осындай құрылғылар өндіретін кәсіпорын ашылды. Сондықтан әкімдіктер тез арада осы құрылғыларды алуы қажет. Министрлік мәліметінше, аталған жұмыс:
Біріншіден – жүргізу мәдениетін арттыруға;
Екіншіден – жазаның бұлтартпаушылық принципін қамтамасыз етуге;
Үшіншіден – жолда бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді.
«Біз “жылдамдықты жақсы көретіндерге” жазаны күшейтеміз. Тиісті заң жобасы Сенатқа енгізілді. Сондай-ақ мас күйінде, автокөлікті куәліксіз басқарса 7 жылға дейін куәлік алуға тыйым салынады», — деді министр.
Халықаралық тәжірибеге сәйкес, жүргізушілерді дайындау талаптар қайта қаралады. Өзін-өзі дайындау тоқтатылды. Автомектептер есепке алынады. Түлектердің қатысуымен болған апаттар рейтингі енгізіледі. Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің айтуынша, оқу курстарын өту туралы куәліктер, медициналық анықтамалар электронды нысанға көшірілген.
«Бірақ, жүргізушілерді оқыту сапасына қатысты мәселелер бар. Кейбір автомектептерде қажетті жағдай жоқ. Себебі – бұл саланы қазір мемлекет бақыламайды. Бұл функцияларды Ішкі істер министрлігіне қайтаруды сұраймыз. Оған қоса, автомектеп ашу үшін рұқсат беру тәртібін ауыстыру қажет», — деп атап өтті ол.
Жолаушыларды тасымалдау саласы да қауіпті деңгейде. Бар нормалар сақталмайды. Интернет-такси жүргізушілері пайда табу үшін, ұйықтамай әрі демалыссыз көлік басқарады. Медициналық тексеруден өтпейді, көліктің техникалық жағдайы да тексерілмейді. Осылайша, адамдардың өміріне қауіп төндіреді.
«Демалыс, мереке күндері поездар мен автобустарға билеттердің жоқтығынан, такси жоғары сұранысқа ие болады. “Қауіпті” такси жүргізушілерін анықтау және жауапқа тарту қиын. Интернет-агрегаторлардың рөлі тек тапсырыстарды бөлумен шектеледі. Сондықтан келесі жылдан бастап оларға тасымалдау талаптарын бақылау жүктеледі», — Е. Сәденов.
Бұған, цифрлық даму, еңбек, көлік Министрліктері және әкімдіктер қатысуы қажет. Оған қоса, Көлік министрлігі мен әкімдіктерге келесідей жұмыстарды ұйымдастыруды жүктеген дұрыс:
Біріншіден – қалааралық жолаушылар көлігін дамыту;
Екіншіден – демалыс, мереке күндерін ескеріп, сұранысқа ие бағыттар бойынша рейстер санын көбейту;
Үшіншіден – субсидиялау бойынша жолақыны арзандату;
Төртіншіден – еңбек және демалыс режимін бақылау құралдарын орнату.
«Мен жол қауіпсіздігінің басты проблемаларына тоқтадым. Олардың шешімі апатты азайтуды, жол жүрісіне қатысушыларға қолайлы жағдайды қамтамасыз етеді», — деп түйіндеді баяндамасын министр.
Мемлекеттік қызметшілер өзгеге үлгі болуы керек
Ұқсас жаңалықтар
Заң және тәртіп: ІІМ сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес шараларын күшейтуде
- авторAR-AY
- 28 қараша, 2024