АШЫЛУ САЛТАНАТЫ
АЙРЫҚША ӨТЕДІ
Жалпы биылғы Олимпиада ойындарында 32 спорт түрінен 329 медаль (48 сайыс) сарапқа салынса, Қазақстанның 80 спортшысы 25 спорт түрінен жарыс жолына шығады. Ашылу салтанатында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын Ұлттық құраманың капитаны, боксшы Асланбек Шымбергенов пен жеңіл атлетикадан Азия ойындарының жеңімпазы Ольга Сафронова ұстап шығады.Париж Олимпиадасының ұйымдастыру комитетінің жариялаған мәліметтеріне сүйенсек, үздіктердің үздігі қатысатын Олимпия ойындары Сена өзенінде бұрын-соңды болмаған ашылу салтанатымен басталады.
Жүздеген қайық мыңдаған спортшы мен өнерпазды Сена өзені бойымен тасымалдайды. Аустерлиц көпірінен басталатын шеру Нотр-Дам де Пари соборы арқылы өтіп, Эйфель мұнарасына жақын жерден, көпірлер мен шлюздерден және Франция астанасының көптеген көрнекті орнының жанынан өтеді. Шоу 12 бөлімнен тұрады. Шеруге спортшылармен бірге өнер адамдары да қатысады. Салтанатты іс-шара жергілікті уақытпен 19:30-да басталып, шамамен төрт сағатқа созылады.
Қауіпсіздікті қамтамасыз етуге 45 мыңға жуық полиция жұмылдырылады.Ашылу салтанатына 100-ден аса мемлекет пен үкімет басшылары қатысады және 300 мыңнан аса көрермен өзен жағасынан тамашалайды деп күтілуде. Сонымен қатар жол бойында 80-ге жуық үлкен экран орнатылады. Ал елімізде Олимпиада ойындарын көрсету құқығын отандық 5 телеарна иеленген. Спортсүйер көрермен ойындарды «Qazaqstan», «Хабар», «Qazsport», «Ел арна» және «Jibek Joly» телеарналарынан тікелей эфирде тамашалай алады. Ойындардың ашылу салтанаты аталған арналарда 26 шілде күні сағат 22:25-те тікелей эфирде көрсетіледі.
СПОРТШЫЛАРҒА ҚАНДАЙ ЖАҒДАЙ ЖАСАЛҒАН?
Олимпиада ауылы Париждің солтүстік жағында орналасқан. Аумағы 52 гектарды құрайды. Қажетті инфрақұрылыммен толық жабдықталған: 40 тұрғын үй, жаттығу корпустары, емхана, асхана, фитнес-орталықтар, құлшылық жасайтын орындар, сұлулық салоны, монша, тіпті көңіл көтеруге арналған клубтармен де қамтылған.«Токио Олимпиадасымен салыстырғанда, Париждегі олимпиадалық ауыл ашық, қозғалысқа шектеу жоқ. Атлеттердің мәзірге де алаңдауына еш негіз жоқ. Халықаралық Олимпиада комитеті мәзірді жергілікті диетолог аспаздармен бірлесе отырып дайындады.
Тамақтану кезіндегі әрбір ерекшеліктер назарға алынды. Спортшылар көбірек жайғасқан сайын, секторлар да ашыла түседі. Азиялық, еуропалық, италиялық және халал секторлар ашық. Салмаққа байланысты мәселе болмауы үшін мәзірде калорияға дейін жазылған. Бәрі ескерілген», дейді Ұлттық Олимпиада комитеті спорт департаментінің басшысы Бектұр Қиятбай.Бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжановтың айтуынша, команда мүшелері мұндағы күн райына бейімделіп жатыр.«Олимпиада ойындарына қатысу үшін Парижге аман-есен жеттік. Олимпиадалық ауылға орналасып, ауа райына, уақыт айырмашылығына бейімделіп жатырмыз.Айналамызды бақылап, орналасып, фитнес-залдарды көріп, бәрін бір байқап алдық. Олимпиадалық ауылға түнеп те үлгердік. Ауа райы салқындау. 27 шілде күні жарыс басталады», дейді бас бапкер.
ЖЕҢІМПАЗДАР МЕН ЖҮЛДЕГЕРЛЕРДІ ҚАНДАЙ ҚҰРМЕТ КҮТІП ТҰР?
ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаевтың айтуынша, Олимпиада жүлдегерлеріне мемлекет тарапынан арнайы сыйақылар қарастырылған. Биыл жүлде көлемі өзгермеген. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, чемпионға 250 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы табысталмақ. Күміс жүлде иегеріне 150 мың АҚШ доллары, қола еншілеген спортшыға 75 мың АҚШ доллары беріледі.«Алтыншы орынға дейін иеленген спортшыларға тиісінше 30, 10 және 5 мың доллардан төленеді. Сонымен қатар, чемпиондар мен жүлдегерлерді дайындауға қатысқан бірінші, жеке және бас бапкерлерді ақшалай ынталандыру қарастырылған. Командалық спорт түрлері бойынша чемпиондар мен жүлдегерлерге ақшалай ынталандыру төлемдері әрбір спортшыға алған әрбір орын үшін ақшалай ынталандырудың 100 пайызы мөлшерінде төленетінін атап өткен жөн. Олимпиадалық спорт түрлерінен әлемдік рекорд орнатқан жағдайда спортшы тағы 5 000 доллар, ал жаттықтырушы 3000 доллар алады», деді Ермек Маржықпаев.
Бұдан бөлек спортшыларға жергілікті атқарушы органдар тарапынан берілетін сыйлықтар да бар.«Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдар чемпиондар мен жүлдегерлерге коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйді тегін пайдалануға беретінін айта кетейін. Бұл ретте мемлекет чемпиондарға немесе жүлдегерлерге, сондай-ақ оларды дайындаған жаттықтырушыларға, еңбек өтілі кемінде 20 жыл болған олимпиадалық спорт түрлері бойынша әлем чемпиондарына өмір бойы ай сайынғы материалдық қолдау көрсетеді», деді министр.
АРТАЕВТЫҢ ЖЕҢІСТІ ЖОЛЫН КІМ ЖАЛҒАЙДЫ?
Тәуелсіздік жылдарындағы Олимпиада ойындарының тарихына көз жүгіртсек, Жамбыл спортшыларының жанкүйерлерін жерге қаратқан кезі жоқ. Халқымыздың даңқты перзенттері Жақсылық Үшкемпіровтің, Серік Қонақбаевтың жеңісті жолын кейінгі ізбасарлары сәтті жалғастыра білді. Дегенмен 2004 жылдан бері спортшыларымызға Олимп шыңын бағындыру бақыты бұйырмай тұрғанын айтпай кетуге болмайды.Мүмкін олқылықтың орны биыл толатын шығар.
Парижге аттанған жерлестеріміз, Ұлттық құрама спортшылары – бокстан әлем чемпионы Асланбек Шымбергенов, дзюдодан екі дүркін Олимпиада ойындарының жүлдегері, әлем чемпионы Елдос Сметов, еркін күрестен U23 Азия чемпионы Әлішер Ерғали, дзюдодан Азия чемпионы Данияр Шамшаев, қазіргі бессайыстан Георгий Борода дүбірлі додада жасындай жарқылдап, еліміздің, облысымыздың мәртебесін биіктетіп, мерейін өсіреді деген сенімдеміз. Сонымен қатар Парижде алауы тұтанатын XVIІ жазғы Паралимпиада ойындарына да 3 жамбылдық атлет қатысатынын еске сала кетейік.
Ел тарихындағы Паралимпиада ойындарының тұңғыш чемпионы, даңқты спортшы Зульфия Габидуллина, пара жүзуден Паралимпиада ойындарының қола жүлдегері Нұрдаулет Жұмағали, пара таеквондодан екі дүркін әлем чемпионы Нышан Өмірәлі Парижде еліміздің атынан сынға түседі.Қостанай, Ұлытау, Маңғыстау облыстарынан бірде-бір спортшы Олимпиадада бақ сынамайтынын ескерсек, жерлестеріміздің барлығы 8 лицензия иеленуі – жақсы көрсеткіш. Әрине, мұның барлығы мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаудың, облыс әкімінің спорт саласына ерекше назар аударғанының, сала мамандарының жанкешті еңбегінің жемісі. Осы орайда облыс әкімдігі денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ернар Ибраимовты сөзге тартып, жыл басынан бері салада атқарылған жұмыстарға қаныққан едік.
– 2024 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша облыста денешынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар қатары 496 мың адамға немесе өңір тұрғындарының 40,6 пайызына жетті. Облысымызда бұқаралық спорттың дамуына тың серпін беру, тұрғындарды денешынықтыру және спортпен жүйелі айналысуға тарту мақсатында 303 спорт нұсқаушы жұмыс істейді. Өткен жылмен салыстырғанда спорт нұсқаушыларының саны 23 адамға өсті. 153 ауылдық округ толықтай спорт нұсқаушыларымен қамтылған.Тараз қаласында және барлық аудандарда бұқаралық-спорттық шараларды өткізу орталықтары ашылған. Нәтижесінде шалғай елді мекендерде ұйымдастырылған спорттық іс-шаралардың саны ұлғайып, сапасы артты және қатысушылары көбейді. Бұл өз кезегінде бұқаралық спорттың дамуына ықпалын тигізіп отыр.
Тараз қаласында, Т.Рысқұлов, Қордай, Байзақ аудандарында балалар-жасөспірімдер денешынықтыру даярлығы клубы ашылған. 2024 жылы жоспарға сәйкес аталған мекемені Жамбыл, Жуалы және Меркі аудандарында ашу жоспарланып отыр.Әрине, спорттың жағдайы мен дамуы қажетті спорттық инфрақұрылымның болуына тікелей байланысты. Облысымызда спорт саласын дамыту мақсатында жаңа спорт нысандары бой көтеріп, халық игілігіне берілуде.
Бүгінде 15 спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. 13 нысан 2023 жылдан өтпелі болса, жаңадан 2 спорт кешенінің құрылысы басталды. 4 спорт кешені қолданысқа берілді. Жыл соңына дейін 10 спорт кешенін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Қалған 1 нысан 2025 жылға өтпелі. Сонымен қатар 2024 жылы жоспарға сәйкес 34 спорт алаңшасының құрылысы жоспарланған. Қазіргі таңда 7 спорт алаңшасы қолданысқа берілді.Осы секілді игі істердің арқасында облыста халықтың спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу деңгейі 64,9 пайызды құрады. Жыл қорытындысымен көрсеткішті 66 пайызға жеткізу жоспарланып отыр, дейді Ернар Таласбекұлы.
Басқарма басшысының айтуынша, облыс споршылары 2023 жылы түрлі республикалық және халықаралық ресми жарыстарда 1 655 медальға ие болыпты. Ал биыл 683 медальға қол жеткізген.Алдағы күндері жүлде саны Олимпиаданың алтындарымен толығады деген ойдамыз. Лайым, сүйіншілейтін жағымды жаңалығымыз көп болсын!
Талғат Нұрханов
Ала допты аяғында ойнатқан Әбдірәсіл
Ұқсас жаңалықтар
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- авторAR-AY
- 6 желтоқсан, 2024