Көпшіліктен сұрау салсаңыз, Пеле, Марадонна, Рональдо, Мессидің өмір деректерін жаңылмастан айтып береді. Басым бөлігі олардың нағыз жанкүйеріне де айналған. Ал әлем тәнті болған футболды жанына серік етіп, жасыл алаңда жарқырап жүрген отандастарымыз да аз емес. Қазақ футболы көптеген талантты ойыншыларды түлетті. Сондай талантты ойыншылардың ізін жалғастырып, ел мерейін асқақтатып жүрген спортшының бірі – Әбдірәсіл Әбдіманапұлы.Спорт саңлағы аудан орталығы Бауыржан Момышұлы ауылында дүниеге келген. Аудан орталығындағы іргелі білім ошағы саналатын №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияда 9-сыныпқа дейін білім алады.
Кейін Тараз қаласындағы Тараз политехникалық колледжіне оқуға түсіп, «Бағдарламашы» мамандығын игеріп шығады. «Болашақта атақты Пеле, Месси, Рональдо сияқты футболшы боламын» деген бала арманының жетегіне еріп, студенттер лигасында ойнап, үздік шабуылшы атанады.Ала допқа икемі бар жас футболшы көпшіліктің көзіне түсіп, «Монтажник» әуесқой футзал клубына, 2018 жылы желтоқсан айында «Қайрат» футзал клубының академиясына шақырту алады. Сол жылдары «Қайрат» клубының жастар академиясында өнер көрсетеді. Футбол ойнай жүріп, білімін одан әрі шыңдау мақсатында Алматы қаласындағы Каспий қоғамдық университетіне өзі таңдаған мамандығымен грантқа түседі.
– 2020 жылы «Жетісу» футзал клубы құрамында ойнадым. 2021 жылы Рудный қаласының «Аят» командасына шақырту алып, бүгінгі таңда сол команданың үздік ойыншысымын. Әлем мойындап, қызықтап қарайтын бұл спорт түріне бала кездегі арманым мен ата-анамның қолдауы алып келді, – деп ағынан жарылды жас футболшы.Иә, расында ата-ананың үкілеген үмітін арқалап, футбол алаңында жасындай жарқылдау қайтпас қайрат, мұқалмас жігерді қажет етеді. Мемлекеттің мерейін асырып, ел абыройын қорғап қана қоймай, адамзат тарихы мен жанкүйерлер жүрегінде есіміңді қалдыру оңайға соқпайтыны айдан анық. Ауылдағы доп теуіп жүрген қара домалақтарды футбол үйірмесіне тартып, жастайынан кәсіби тұрғыда дайындаса, талантты ойыншылар шығатыны сөзсіз.Бұған мақала кейіпкері дәлел болмақ.
Ол 2022 жылдан бастап туған жерінде жасөспірімдер арасында аудандық ашық турнир өткізіп, жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыруға өзіндік үлесін қосып келеді. Мұнымен тоқталып қана қоймай, кәсіби футболшы ретінде ауыз толтырып айтарлық жетістіктері де бар. Атап айтар болсақ, 2022 жылы Golden boy «Үздік жас ойыншы» жүлдесінің иегері, 2021-2022 жылдары «Аят» футзал клубында Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері атанады.
Ал, 2023-2024 жылдары Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері болады. Сонымен қатар, 2022 жылы күз айында футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасының Черногорияға қарсы өткізген ойынында дебюттік гол иегері атанды.Қазақта «Үлгі болар ағаның ізін бас та, жолын қу, болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» демекші, жас спортшының жеңісті де жемісі жолы алда деп білеміз.Спортқа жаны құмар Әбдірәсілдің арманы – әлем чемпионатында доп тебу. Асқақтаған арманының шыңына жетіп, қазақ футболының көсегесін көгертіп, еліне толассыз жеңіс сыйлап, жанкүйерлерін қуанта беруіне біз де тілекшіміз.
Анар Тіленшиева,
журналист,
Жуалы ауданы