Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Мопед тізгіндеудің де өз мәдениеті бар

Мопед тізгіндеудің  де өз мәдениеті бар
Ашық дереккөз
Қазір қала көшелерінде мотоциклдер мен скутерлердің, мопедтердің көбейгені соншалық, аяқ алып жүре алмайтын жағдайға жеттік. Ол аз десеңіз, жаяу жүргіншілер жолының өзі бұрынғыдай қауіпсіз емес. Себебі самокат, мопед тізгіндеген жастар жол ережесіне пысқырып та қарамайды.

ТҰРҒЫНДАРДЫҢ УӘЖІ ҚАНДАЙ?

Уақыт өткен сайын мопед, скутерлердің жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай көбеюіне тұрғындар да наразылықтарын білдіруде. Өйткені кешкі салқында серуендеуге шыққан ел сергіп емес, сергек жүретін жағдайға жеткен. Тараз қаласының тұрғыны Лаура Аймаханова мопед пен самокат айдайтындардың қатарынан жасөспірімдерді жиі байқайтынын айтып, алаңдаушылығын білдірді. 

– Қала көшелерінен жастардың мопед, скутермен қағып өтердей жүйткіп жүргенін жиі байқаймын. Соңғы уақытта жаңалықтардан да аталған шағын көлік жүргізушілерінің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының да көбейіп бара жатқанын жиі көретін болдық. Жаға ұстатарлық жағдайларды естіп, көріп жүрген соң жастардың өміріне алаңдаймын. Кейде өздеріне «ақырын жүріңдер» деп ескертемін. Оны түсінетіндер бар, ақылыңды қабылдағысы келмейтіндер де аз емес, – дейді Лаура.

Жақында әлеуметтік желіні ақтарып отырып осы мәселеге қатысты бір жазбаға назарымыз ауды. Авторы – белгілі журналист Айжан Әуелбекова. 


– Кешке балалармен серуендейін десең, мотоцикл, скутер, трицикл, квадроцикл сияқты шағын көліктерді айдап жүрген жастар мазаңды алады. Байқамасаң, қағып-соғып өтуден тайынбайды. Жол бермей көр, жеті атаңды түгендеп береді. Одан қала берді, таза ауада демалайын деп саябақтарға барсаң, онда да тыныштық жоқ. Кішкентай балаларды қызықтыратын неше түрлі ұсақ-түйектерді сатып тұрған саудагерлерден көз сүрінеді. Мысалы Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағына барып көріңізші, демалған былай тұрсын миың ашып, кетуге асығасың. Жағажайдың маңындағы балалардың ойнайтын жері реттелмеген, бірінің үстінде бірі отыр. Саябақ кімдікі екенін білмеймін, бірақ саудагерлердің барлығының айтуынша, жалға алып отырған орнының қаражатын «Жасыл ел – Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне төлейді екен. Яғни түптеп келгенде қалалық әкімдікке қарайды деген сөз. Ақыры ақшаға саябақтан орын береді, жағдайларын жасап, тұратын орындарын реттеп қойса болмай ма? Саудагерлер төлеп отырған ақша қайда кетіп жатқаны да белгісіз, – дейді журналист өз жазбасында. 

ЗАҢДАҒЫ ӨЗГЕРІСТЕР НЕ БЕРМЕК?

Таяуда ғана Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев жыл басынан бері шағын көлік тізгіндеген жасөспірімдер неше рет жол апатына түскенін айтты. ІІМ өкілінің айтуынша, елімізде 10 баланың өлімі шағын көліктердің апатынан болған.

– Жалпы шағын көлік түрлерінің көбеюі жол-көлік қозғалысына едәуір әсерін тигізуде. Себебі мұндай көлікті пайдаланушылардың басым бөлігі жол ережесін сақтамайды және соңы өкінішке қарай, қайғылы жайттармен аяқталады. Мысалы, мопед пен скутер тізгіндеген жасөспірімдердің қатысуымен 154 жол-көлік оқиғасы орын алған. Салдарынан кәмелетке толмаған 180 бала жарақат алып, 10-ы қаза тапты. Айтарымыз, жол қателіктерді кешірмейді. Ата-аналар балалардың әрбір әрекетін қадағалап, заң бұзуына жол бермеуі қажет. Еске саламын, скутер, электр самокат, мопед дегендер ойыншық емес, жол қозғалысының толыққанды қатысушылары. Яғни, көлік болып есептеледі. Сондықтан ата-аналардан осы мәселеге мұқият қарап, қатаң бақылауларыңызды сұраймыз, – деді Шыңғыс Әлекешев.


Өткен жылғы көрсеткіш те көңіл көншітпейді. Міне, осы себептен мопед қозғалысын реттеу күн тәртібіне шығарылып, заң шеңберінде шешу міндеті туындап отыр.Жалпы Қазақстанда «Жол жүрісі туралы» Заң бар. Негізгі жол қозғалысы аталған құжат аясында реттеледі. Жыл сайын жаңа талап қосылып, қоғам сұранысына сай қағида қосу әдетке айналғандай. Мысалы, өткен жылы ғана электр скутерлерді міну ережелерін қарастыратын түзету күшіне енген болатын. Атап айтқанда, құжатта электр скутерлердің жол бойындағы жылдамдығы сағатына 25 шақырымнан, жаяу жүргіншілер жолында сағатына 6 шақырымнан аспауы керек.

Биыл аталған бағытта құқықтық үстемдік артты десек болады. Себебі мамыр айының 15-інен бастап елімізде мопед жүргізушілеріне аталған қозғалыс құралдарын заңдастыруға жарты жыл уақыт берілді. Көлікке ие болған 6 айдың ішінде мопед иелері оны есепке қойып, А1 санаты бар жүргізуші куәлігін алуы тиіс. Сәуір айында Мәжіліс депутаттары «Жол жүрісі туралы» Заңға түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдаған болатын. Заң жобасында көліктердің жекелеген түрлерінің қозғалысын бақылау ұсынылды. Бұл мопедтерді пайдалануға және қозғалыс ережелерін реттеуге мүмкіндік береді.

Осылайша, мопед мінгендерге енді «жол қозғалысының толық қатысушысы» деген айқындама берілді. Ол үшін мопед иелері көліктерін уәкілетті органдарда тіркетіп, жыл сайын техникалық байқаудан өткізуге міндетті. Сондай-ақ жүргізуші міндетті сақтандыруды рәсімдеуге тиіс. Бұл жауапкершілікті арттыруға әрі жол-көлік оқиғасын азайтуға сеп болмақ.«Заңға сәйкес, мотоцикл, скутер, трицикл, квадроцикл және мопед иелеріне «А1» және «А» жүргізуші куәлігін алуы міндеттеледі. Заң бойынша «А1» деңгейін 16 жасқа толғандар, ал «А» деңгейін 18 жасқа толғандар ала алады. Жүргізуші куәлігі бар жүргізушілер де жүргізушілер дайындайтын бөлімшелерден сабақ алуы тиіс. Сондай-ақ полиция әкімшілік бөлімшелеріне сәйкес келетін теориялық және практикалық емтихан тапсыруы керек», делінген ҚР Ішкі істер министрлігінің хабарламасында.

Айта кетейік, жүргізушіде A, B, C санатындағы жүргізуші куәлігі болған жағдайда мопедтерді басқаруға «A1» санаты автоматты түрде беріледі. Сонымен қатар қозғалтқышы бар велосипедті жаяу жүруге арналған жолда айдауға тыйым салынады.Талаптың жалғасы тағы бар. Енді мопедтер тіркеуге алынып, иесі көлікке мемлекеттік нөмір тағуға міндеттелмек. Мұның жол-көлік оқиғасы кезінде кінәліні анықтауға, ереже бұзғандарға айыппұл салуға көмегі зор.Сонымен қатар мопед жүргізушілерінен зардап шеккен азаматтардың құқығы да қаралған. Жаңадан қабылданатын заң бойынша мопед жүргізушілері механикалық көлік құралдарының жүргізушілеріне ұқсас жауапкершілікке тартылады.

Яғни Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске сәйкес «толыққанды» жүргізуші ретінде айыппұл салынады. Егер бұрын жол ережесін бұзғаны үшін мопед жүргізушілері жол қозғалысының өзге қатысушылары сияқты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 615-бабы бойынша жауапкершілікке тартылса, осы нормалар қабылданғаннан кейін мопед жүргізушісі жауаптылықтың барлық спектрін көтереді. Сондай-ақ механикалық көлік құралдарының жүргізушілеріне теңестіріледі.

Мысалы, бағдаршамның тыйым салынған түсіне өткені үшін мопед жүргізушісіне 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Мас күйiндегi жүргiзушiлердiң мопедтердi жүргiзгенi үшiн жауапкершілік күшейедi. Яғни мопедті мас күйінде басқару Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 440-бабы бойынша жауапкершілікке тартылады.Сол сияқты егер жаяу жүргіншіні мопедпен қағып кетсе және ол зиянды өтеуден бас тартса, азамат сотқа жүгінуге құқылы. ҚР Азаматтық кодексінің 931-бабына сәйкес жол ережесін бұзған тұлға келтірілген зиянды өтеуге міндетті.

ЖАСТАРДЫҢ ОЙЫ

Қалай десек те мопед жастардың сүйікті көлік құралы болып отыр. Оның бір себебі – қолайлылық пен бағаның қолжетімділігі. Сондай-ақ кептелісте тұрып, көп уақытын жоғалтпайды. Сондықтан да болар, көліктің осы түріне сұраныс артқан. Осы орайда жастардың да айтарына құлақ аспақ ниетте «Парасат» колледжінде «Құқықтану» мамандығы бойынша білім алатын Бекзат Мейрамбекті сөзге тарттық.

– «Құқықтану» мамандығында оқитын болған соң мәселенің қаншалықты ушығып тұрғанын жақсы түсінемін. Колледжден тәжірибеге жібергенде құқық қорғау қызметкерлерімен бірге рейдке шығып жүрдім. Сонда ережеге бағынбаған қатарластарымды жиі кездестіргенмін. Көп жастардың бір-бірімен жарысып жүретіні жасырын емес. Әсіресе түнгі уақытта көшені иемденіп алады. Өзім мопед, скутер айдамасам да, осы көліктерді тізгіндейтін достарым көп. Алайда олардың жол ережесін бұзғанын байқамаппын. Сондықтан бәрін бірдей кінәлауға болмайды. Себебі жөнімен айдай білсе мопед расында да ыңғайлы көлік, – дейді Б.Мейрамбек.

Ресми деректерге сүйенсек еліміздегі мопед айдайтындардың 90 пайызы – курьер. Жеткізу қызметінде жұмыс істеп, отбасын асырап жүрген жастар да баршылық. Солардың бірі – Бағжан Мырзан.

– Қазір «Wolt» жеткізу қызметінде жұмыс істеймін. Алматыдағыдай болмаса да қалада кептеліс көп, сондықтан мопедпен жұмыс істеген тиімді. Мен басында көлікпен жеткізу қызметінде істеп көрдім. Кептелісте тұрып, көп уақытымды жоғалтып, тапсырысты да кешіктіріп жеткізетін едім. Сол үшін мопедке ауыстым. Жасыратыны жоқ, заңбұзушылық көп болады. Мопед мінгендер көбінесе жылдамдықты арттырады. Бағдаршамға бағынбайды. Жолдың қарсы бағытына шығып кетеді. Салдарынан түрлі жол апаттары орын алады. Мұның барлығы тапсырысты тез жеткізу үшін болады, – деді Б.Мырзан.

ЖОЛ ЕРЕЖЕСІН БҰЗЫП ЖАУАПҚА ТАРТЫЛҒАНДАР

Облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Құрмет Мәжікенов те мопед жүргізушілерінің жиі жол ережесін бұзатынын растап отыр. Айтуынша, соңғы жылдары скутер, мопед иелеріне қатысты іс-шаралар, рейдтер өткізу күшейтілген. Ал құқықбұзушылықтардың негізгілері – арнайы бас киімсіз жүру, жолаушылар мен жүктерді тасымалдау ережелерін бұзу, кәмелетке толмағандардың мопедті пайдалануы, маневр жасау ережелерін бұзу және апаттық жағдай тудыру. Көп жағдайда жол ережесін бұзушылар – жасөспірімдер.

– Соңғы екі-үш жылда мопедтерді, скутерлерді және электрлі самокаттарды басқаратын адамдардың көбеюінің салдарынан жол қозғалысы ережелерін бұзу, сондай-ақ олардың қатысуымен орын алатын жол-көлік оқиғаларының саны артуы жиіледі. Сондықтан полиция қызметкерлері мопедтер мен скутерлердің қатысуымен жол-көлік оқиғалары жиі болатын облыс орталығының көшелері мен қала сыртындағы жолдарды қарқынды түрде патрульдеуде. Жолдарда шағын көлік жүргізушілерінің тәртібіне күшейтілген бақылау енгізілді.Қабылданған шараларға қарамастан апатты жағдайлар жиі орын алуда. Мәселен былтыр облыс жолдарында мопедтердің қатысуымен тіркелген жол-көлік оқиғаларының арасында адам өліміне әкеліп соққан бір жағдай орын алды. Нақтырақ айтсақ, былтыр 20 қазан күні кәмелетке толмаған скутер жүргізушісі қарсы бағыттағы қозғалыс жолағына шығып, «Range Rover» маркалы автокөлікпен соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасы салдарынан скутердің жүргізушісі оқиға орнында алған дене жарақатынан қайтыс болды. 

Ал биыл облыста жыл басынан бері 691 мопед жүргізушісі және 263 скутер жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Айып тұрағына 200-ден астам скутер қойылды.Көбінесе жасөспірімдер жол ережесін мүлдем білмей көлік тізгініне отырады. Ата-аналар баласына қымбат сыйлық бере отырып, оның салдары туралы ойламайды. Олар өз балаларының денсаулығы мен өміріне қауіп төндіреді. Скутер, мопед және тіпті велосипед – бұл нақты көлік құралдары және олардың қатысуымен болған апаттардың салдары қайғылы жағдайға әкеледі.Осы орайда облыстық полиция департаменті осы көлік құралдарын пайдаланушыларға ұқыпсыз көлік жүргізудің қауіптілігі туралы ескертеді, – дейді Қ.Мәжікенов.

Жалпы мопед жыл бойы жүруге жарайтын көлік емес. Жаз мезгілінде ғана қозғалысқа қолайлы. Алайда маусым сайын түрлі жол апатына себепкер болатын шағын көліктерді бақылау, жүргізуші жауапкершілігін арттыру аса маңызды. Бұл адам өмірінің қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіптің үстемдік құруы үшін керек-ақ. Жаңа заңның негізгі міндеті де осы. Бірақ, заң қабылдана салып барлық мәселе шешіле қоймайтыны тағы белгілі. Бұл жерде көп мәселе азаматтардың көлік жүргізу мәдениетіне келіп тіреледі. Жүргізушілер жол ережесін өрескел бұзып алып, полицияға ұсталмай кетуді ерлік деп санайтын ескірген санадан арылса дейміз. 

Ақтоты Жаңабай 

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар