Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Антына адал азамат

Антына адал азамат
Ашық дереккөз
Патриотизм – адам баласының Отанына, туған тіліне, дініне және салт-дәстүріне деген махаббатының еліне деген құрметімен бітіскен жері. «Патриотизм – Отанға, елге деген махаббат!», «Адам болу – қасиет, азамат болу – міндет, патриот болу – парыз» деген қазақтың біртуар ұлы Бауыржан Момышұлының өсиет сөздері ешқашан маңызын жоймайтыны анық. Даңқты қолбасшының ұрпақтары да Бауыржан аталарының қасиетін бойына сіңіріп, айтқан өсиетін жадында мықтап ұстап, бүгінгі күні елі үшін аянбай қызмет етуде.

Руслан Оразбақов – Бауыржан Момышұлының ұрпағы. 46 жасар полиция майоры облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметібасқармасы бастығының орынбасары қызметін атқарады.

– Осы саланы таңдауымның негізгі себебі – Бауыржан Момышұлының ұрпағы болуым. Менің атам оның екінші немере ағасы. Бауыржан атамызды кішкентайымыздан біліп өстік, оның ерлігі, батырлығы бізді әрқашан таңғалдыратын. Менің атам мен Б.Момышұлы бір уақытта соғысқа аттанды, тек әртүрлі жерде азаматтық борыштарын өтеді. Мен де аталарыма ұқсап, еліме-жұртыма қызмет етуді кішкентайымнан армандадым. Әскери қызметкер болып, бала кезімнен әртүрлі медаль алуды мақсат еттім. Бірақ өсе келе батыр атану үшін тек медаль алудың жеткіліксіз екенін түсіндім. Өйткені әскери адам болу үшін көзі ашық, көкірегі ояу азамат болу керек. Кейіннен қазіргі М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде «Технолог», «Экономист» және «Заңгер» мамандықтарын алып шықтым. 2011 жылы Павлодар заң колледжінде лейтенант шенін алып, Қордай ауданында үш жыл қызмет еттім. 2013 жылы Тараз қаласына взвод командирі қызметіне ауыстым. Көп ұзамай рота командирі болып, кейіннен облыстық батальонға шақырылдым. Бір жылдан кейін Тараз қалалық полиция басқармасы батальонының командирі болып тағайындалдым. Бұл лауазымда 2019 жылдан бері қызмет етіп келемін, – дейді Руслан Оразбақов.

Батальон командирі болып қызмет ету тәртіпті, жауапкершілікті, қоғаммен байланысты талап етеді. Халықпен тілдесуде ашықтықты, енжар болмауды үйретеді. Әрдайым заңды шешім қабылдау арқылы әділеттікке қол жеткізеді. Өзінің жұмысын дәл осылай сипаттаған Руслан Оразбақов өзіне жүктелген міндеттің оңай емес екендігін аңғартты. 

– Мамандықтың оңайы болмайды. Жаның қалап, бар ыңтаңмен жасаған қызметің – сен үшін ең оңай қызметтердің бірі болмақ. Дәл солай батальон командиріне жүктелген міндет те, артылған сенім де мол. Мұнда профилактика жұмыстарын жүргізіп, халықпен әрдайым тығыз байланыста болу керек. Қылмыстың алдын алу үшін түсіндіру жұмыстарымен де айналысу қажет. Батальон қомандирі жол қызметіне жауапты, біздің топта 270 адам қызмет етеді. Олардың көпшілігі жастар. Менің ең бірінші мақсатым – олардың әрқайсысын өз ісін сүйетін офицер етіп дайындау. Оларға екінші әке ретінде қамқор болып, білмейтін жерлерін үйретіп, ал қорғайтын кезде қорғауға тырысамын. Сол үшін де тәрбие мен тәртіп бірінші орында.

Саяси қызметкерлерде де біздің қызметкерлермен тұрақты түрде жұмыс істейді.Халықпен қалай жұмыс істеу керек екендігін, түсіндіру жұмыстары қалай жүргізілетінін үйретіп отырады. Қызметкерлерге әкімшілік хаттамаларды толтыруды, азаматтарға сыпайылықпен қарауды үйрететін әкімшілік тәжірибе де қарастырылған. Біз көлік жүргізушілерінің заңды бұзбауын үнемі бақылауда ұстаймыз. Кейде таңғы төртте жұмысқа аттанып, жол апатын болдырмау үшін көлік жүргізушілерімен тілдесеміз. Кейде жүргізушілердің алыс жолға шығар алдында дұрыс дем алмайтын кездері болады. Мұндай жағдайда жүргізуші жол үстінде ұйықтап кетуі де мүмкін. Сәйкесінше жол-көлік оқиғалары орын алады. Мысалы республикалық маңызы бар «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тас жолында жарты жыл ішінде 126 жол-көлік оқиғасы болған. Онда 38 адам қаза болса, 270 жолаушы әртүрлі жарақат алды. Көлік апаттарының басты себебі –  жылдамдықты шектен тыс асыру. Сол себепті біз таңда да, кешке де жолды патрульдеп, оқыс оқиғалардың алдын алуға тырысамыз, – деді полиция майоры.


Отбасы мүшелері де Руслан Оразбақовтың жұмысына түсіністікпен қарап, әрдайым қолдау білдіреді екен. 

– Өмірде екі нәрседен қателесуге болмайды. Бірі мамандық таңдаудан, екіншісі жар таңдаудан. Мен екеуінен де қателеспедім деп ойлаймын. Өйткені өзімнің жұмысымды ерекше жақсы көремін, отбасым да мені әрдайым қолдап отырады. Отбасымызда екі ұл тәрбиелеп отырмыз. Үлкен ұлыма ата-бабасының жолын таңдап, әскери қызметті жалғастыруды ұсындым. Өзі де спортқа бейім, бойы ұзын, шымыр болып өсіп келе жатыр. Бірақ жүрегі қаламаған соң, қинаған жоқпын. Өзі қалаған архитектор мамандығына түсті. Бастысы еліне адал қызмет етсе болды, – дейді Р. Оразбақов.

Қабілеті бар маман әрдайым өз ісінің нәтижесімен көзге түсетіні белгілі. Руслан Оразбақов әу бастан өзінің осы салаға ептілігі барын аңғартып, батальон командирі қызметін тез меңгеріп, ұжымдастарының ықыласына бөленген білікті маман. Ортасында қызметіне жауапкершілікпен, адалдықпен танылған Руслан туралы әріптестерінен де сұрап көрдік.

– Әрбір адам өзіне жүктелген міндетпен айналысу керек деп ойлаймын. Батальон командирінің кәсіби және тұлғалық қызметіне тоқталып өтсем, ол өте білікті қызметкер екенін ерекше атап өтуге болады. Ұйымдастырушылық қабілеті мен орындаушылық тәртібі өте жақсы деңгейде, ал жұмысқа деген адалдығына шүбә келтіре алмайсың. Бұл біздің жұмысқа өте қажетті қасиеттер. Адамдармен де тез тіл табысады, түсіндіру жұмыстарын да оңай жүргізеді, тапсырмаларды беру кезінде де әрбір қызметкердің психологиясына қарай біледі. Қызметкерлердің жан-жақты дамуына әрдайым жағдай жасайды, – дейді облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Ержан Мананбаев. 

Әріптесінің пікірін облыстық полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы, майор Татьяна Буюкиди де қолдай жөнелді.

– Руслан Оразбақовты ұзақ жылдан бері, жақсы жағынан ғана танимын. Ұжымда шынайы, шыншыл және әрдайым әрбір қызметкерге қолдау мен көмек көрсетуге әзір тұрады. Ол өзінің кәсіби жолын абыроймен жалғастыруда. Оны әділ, жанашыр, еліміздің нағыз офицері деп айта аламын, – дейді ол.


Өз ісінің нағыз маманына айналған командирдің алға қойған мақсаты айқын, болашаққа басқан қадамы нық, сенімі мол. Ол ел тыныштығын қорғап, халыққа қамқоршы болу үшін ерінбей еңбек етуді басты міндетім деп санайды.

– Патриотизмге қоғам өмірінің барлық саласында ерекше орын беру керек. Бауыржан Момышұлының «Ар, намыс, адамгершілік, ақ ниет, адалдық – алдымызда темір қазықтай жарқырап, шөлдегенде сусын, қалжырағанда қайрат, шаршағанда шабыт, ашыққанда арымызға ақ малтадай азық, белімізге тірек, көңілімізге қорек, болдырғанда ұстап мінген төл атымыздай болды» деп айтқан өсиетін жадымызда мәңгі сақтау керекпіз. Отанға деген адалдық әркімнің бойында болуы міндетті. Олай дейтініміз, кез келген адам өз елінің патриоты болып, Отанның өсіп-өркендеуіне, дамуына елеулі үлес қоса білуі тиіс. Бұл ретте адал еңбек ету, парасаттылық таныту – басты қағида болмақ.

Қызметте де біз барынша адал болуға тырысамыз. Әсіресе блогерлер жол-патрульдік полиция қызметкерлері пара алады деп айыптап жатады. Бірақ менің жұмыс жолымда ешбір әріптесім пара алды деген айыппен құрықталмапты. Өзім де пара алуға мүлдем қарсымын. Жанымдағы жастарға да бұл жолмен жүрудің қате екендігін үнемі ескертіп отырамын. Өйткені адам барынша адал жолмен нәпақасын табады, сосын сол ақшаны өз жақындарына жұмсаудың орнына саған ұсынады. Бұл дұрыс емес деп ойлаймын. Шынымды айтайын өзіме ешқашан пара ұсынып көрмепті, өйткені мен барынша мұндай әңгіме өрбітуден қашамын. Жүргізушілер жол ережесін бұзып жатса, тек заң бойынша хаттама толтырамыз. Реті келсе, мұндай іс-әрекеттердің қайталанбауын сұрап, түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Сонда ғана пара туралы әңгіме қозғалмайды. Еліңе адал қызмет етіп, халықпен жақсы жұмыс істегенге не жетсін, – дейді Р.Оразбақов.

Расында, еліміздің өркениетті мемлекеттерден қалыспай, тең қадам басуы үшін болашақтың тұтқасын ұстар адал әрі патриот ұрпақ тәрбиелеу – басты міндет. Осы жолда абыроймен атқарып жүрген Руслан Оразбақовқа тек сәттілік тілейміз!

Аяулым Жаманқара
 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар