Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Оқушылар қауіпсіздігі ойландырады

Оқушылар қауіпсіздігі ойландырады
Ашық дереккөз
Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында облыстағы барлық 525 мектепте, 461 балабақшада, 46 колледжде, білім басқармасына қарасты 10 білім мекемесінде (арнаулы мектеп, түзету мектеп-интернаттары, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдар) және 11 қала сыртындағы лагерьде өртке қарсы дабылқаққыштар орнатылған. Сонымен қатар білім мекемелерінде 15 450 өрт сөндіру құралдары дайындалып, 854 нысан шатыр асты құрылымдары өртке қарсы қоспамен өңделген. Мұнан бөлек 2 154 өрт сөндіру қалқанымен жабдықталған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының міндетін уақытша атқарушы, азаматтық қорғау подполковнигі Дархан Қалдарбек мәлім етті.

Дархан Өскенбайұлының айтуынша, оқушылардың қауіпсіздігі үшін білім беру нысандарында барлық жағдай жасалған. Ең бастысы ахуал бақылауға алынып, жоспарға сәйкес тұрақты түрде түрлі бағытта іс-шаралар өткізіліп тұрады. 

– Білім беру нысандарында 54 062 адамды қамти отырып төтенше жағдайлар туындаған жағдайда оқу орындарының ғимараттарынан қауіпсіз эвакуациялау бойынша 928 түрлі оқу-жаттығу өтті. Сонымен қатар 107 141 оқушы қатысқан 818 интерактивті сабақ, 16 933 оқушыны қамтыған 505 ашық сабақ ұйымдастырылды. Осы секілді іс-шаралар қатарында мектепке дейінгі мекемелердегі 3 273 баланың қатысуымен өткен 169 конкурс, өрт сөндіру бөлімдеріне жасалған 82 экскурсия бар. Сондай-ақ өрт сөндіру бөлімдерінде «Ашық есік күні» тақырыбында 39 іс-шара өтсе, оған 677 оқушы қатысты. Барлық мектептерде онлайн режимде 42 мыңнан астам ата-ананы қамти отырып, өрт қауіпсіздігі және судағы қауіпсіздік талаптарын сақтау бойынша бейнероликтер көрсетілді, – дейді Д.Өскенбайұлы.


Облысымызда 12 жазғы сауықтыру лагері болса, 7 демалыс орнында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапты адамдарға нұсқау бере отырып, өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуына тексеру жүргізілген. Профилактикалық жұмыстарды жүргізу бойынша көрсеткіштер алдыңғы жылға қарағанда 3 есеге ұлғайған. Өндірістік және тұрмыстық өрттердің саны 11,4 пайызға, қаза тапқан және зардап шеккен азаматтардың саны 1,8 есеге төмендепті.

«AR-AI»-ақпарат

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар