Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жат ағымның жетегінде кетпейік

Жат ағымның жетегінде кетпейік
Ашық дереккөз
Жастар – қай заманда, қай елде болсын асқақ арман мен үміттің, биік ар мен өр намыстың символы. Еліміздегі жас буын өкілдері мемлекеттің жаңа келбетін қалыптастырады. Жастар – қашанда белсенді буын өкілдері. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» дегендей болашағын ойлаған мемлекет жастарының жағдайын тасада қалдырмаса керек.

Түрлі жаңа технологияларды тез меңгеретін, жаңашылдыққа дайын болатын, жаңалықтар мен тың идеяларға серпін беретін қоғамның ең өзекті бөлігі жастар екендігі даусыз және де қоғамның ең иілгіш және сенгіш тобы деп айтсақ та артық болмас.Жастардың діни сауаттылығы – қазіргі қоғамда күрделі әрі өзекті мәселелердің бірі. Жастардың рухани санасын оятуда діннің алатын орны ерекше.

Адам діни сауаттылығын арттыру арқылы қоғамға, қоршаған ортаға деген көзқарасын қалыптастырады. Жастардың рухани және діни сауатты болуы – кезек күттірмес мәселелердің бірі. Көп нәрсе білімсіздіктен туады.Теріс діни ағымның жетегінде кеткен жастарымыздың саны бір кездері күрт артты. Жаһандану дәуірінде түрлі-түрлі рухани қауіп-қатерлердің бар екендігі және жастарды «бұқаралық мәдениеттің» зиянды әсерінен қорғау маңызды рөл атқаруда.

Өскелең ұрпақ арасында салауатты өмір салтын насихаттау, жастардың санасын бөтен идеялардың ықпалынан қорғау, ақпараттық шабуылдарға қарсы идеологиялық иммунитетті қалыптастыру, қылмыстың, құқықбұзушылықтың, нашақорлықтың, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға көмектесу, жастарда патриотизм сезімін арттыру қажет.

Өскелең жас ұрпақтың рухани-адамгершілік білімін дұрыс қалыптастыру, оны түрлі қауіп-қатерлерден қорғау, сананы көтеру – рухани-ағарту саласындағы басты мақсаттардың бірі.Жастарымыздың жат діни ағымдардың жетегінде кетуінің ең алғашқы, басты себебі – діни білімсіздік. Дінге толық таныммен, біліммен келмей шала сауатпен, эмоционалды сезіммен келіп, өзінің қалай адасқанын аңғармай жатады.

Келесі бір жастарымыздың адасуына себепкер – ғаламтор мен әлеуметтік желілер. Өкінішке қарай, әлеуметтік желілер мен ғаламтор беттерінде тыйым салынған уағызшылардың уағыздары, экстремистік сипаттағы топтардың әлеуметтік желілерде, адамды қызықтыратын түрлі материалдармен бөлісуі, жастардың ақпараттарды дұрыс сүзгіден өткізе алмауы адасуға әкеліп соғуда. Әлеуметтік желілерде ақпараттардың ашық болуы, әр алуан мағлұматтардың көптігі жастарымыздың санасының улануына себепкер болуда.

Тағы бір себебі – тәрбиенің мардымсыздығы мен ата-анасының қарауынсыз қалуы. Толық отбасынан шықпаған, мейірімге, тәрбиеге мұқтаж бала жылулықты көшеден іздейтіні айтпаса да түсінікті. Ата-анасынан ала алмаған діни ақпаратты көшеден іздеген жастардың тағдыры орны толмас өкініштерге соқтырып жатады.

Ата-аналардың көпшілігі күнкөрістің қамымен таңнан қара кешке дейін жұмыста болғандықтан, баласының тәрбиесіне көңіл бөлуге уақыттары тапшы болып жатады. Ең бастысы бала-шағамыз қатарынан кем болмай, киімі бүтін, тамағы тоқ болса, қалтасында қымбат телефоны болса болды деп, материалдық құндылықпен шектелуде. Сондай-ақ көптеген ата-аналар бала тәрбиесіне көңіл бөлмей, немқұрайды қарап, барлық міндетті мектепке итере салады.

Бір әке-шешенің берген тәрбиесін жүз мектеп бере алмайтыны айдан анық. Отбасында адал мен арамды білмей өскен бала, өскенде дінге қатысты көкейінде жүрген сұрақтың жауабын ата-анасынан ала алмағандықтан, көшедегі жат ағымның өкілінен сұрап, тұзағына оп-оңай түсіп кете барады.

Адамның қоғам ортасында өзінің орнын таба алуына себепкер болатын тағы бір фактор – өскен ортасы, құрбы-құрдасы, достары және жұмыс орны. «Достарыңды көрсет, мен сенің кім екеніңді айтайын» деген сөз босқа айтылмаса керек. Балалық шақтан бірге өскен ортасы қандай болса, бала сол жаққа бүйрегі бұрып тұратыны анық. Байқасаңыз, иманды, діни ортада өскен бала барынша діни азамат болып өседі, спортқа әуес болған балалар белгілі бір деңгейде спортқа ден қойған, физикалық мығым болып келеді.

Өкінішке қарай, зиянды іс-әрекеттер жиі орын алатын орталарда жамандыққа бір табан жақын болып өсетіні анық. Адам баласы толықсыған шағында жұмыс орнындағы адамдардың ой-пікірі діни ағым жетегінде кетуге себепкер болуы әбден мүмкін.

Вахталық әдіспен жұмыс жасайтын адамдар арасында, құрылыс материалдарын сататын сауда орталықтарында, базарларда, сауда үйлерінде кейбір азаматтардың дәстүрлі емес ағым жетегіне еріп, жаңа бір бауырларымен өзін жайлы сезінетіндігін құлағымыз естіп, көзіміз көріп жүр.Дәстүрлі емес діни ағымдардың шоғырланған келесі бір орны – күмәнді діни оқу орындары.

Қазақстанда жат ағымның кең таралуының себебі – шетелден теріс діни білім алу. Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бастап шетелге діни білім алушылар көбейді. Ол жылдары елімізде сауатты діни білім беретін оқу орындары болмады. Ал қазіргі таңда діни бағыттағы оқу орындары жеткілікті. Шетелдің діни білім беретін оқу орындарына мұқтаждық азайды, тіпті жоқ десек те болады.

Дегенмен де «суды бұлақтың басынан ішейік, шетелдің оқу орындарында, ғалымдардың алдында отырып, білім нәрімен сусындайық» дейтіндер де табылады. Сол мақсатпен шетелге барған діни сауаты аз жастар заңсыз хужраларда, тіл курстарында сабақ беретін шейхтардың улы уағызын бойына сіңіріп, елге қайтады. Елге келіп өз уағыздарымен лаң салып жүргендері де баршылық.Сонымен қатар шетелде діни білім алып, елге оралып, абыройлы қызмет жасап жүргендерді де жоққа шығара алмаймыз.

Қорыта келе қазіргі таңда елімізде халықтың әсіресе, жастардың рухани-танымдық тәрбиесін, діни сауаттылығын арттыру маңыздылығы көпшіліктің аузында жүр. Қоғамның діни өмірінің тенденцияларын, діни ахуалды ескере отырып, оны жастарға дұрыс жеткізе білу қажет. Кез келген мемлекеттің жарқын болашағы мен кемелденуі осы жастардың болмысы мен санасына, мәдени дамуына, білім мен тәжірибе деңгейіне байланысты болады. Сондықтан жастардың заманға сай діни білім деңгейлерін арттырып, дәстүрлі құндылықтарды сақтау бүгінгі күннің басты мәселесі.

Мұхтар Саидов, 
облыс әкімдігі дін проблемаларын зерттеу

орталығының Қордай ауданы бойынша бөлім

инспекторы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар