Нұрлан Январбекұлы сыңары Ерлан екеуі «Парасат» колледжінде ақпараттандыру мамандығы бойынша білім алыпты. Егіздер оқу орнында уақыттарын бос өткізбей, ноутбук, компьютерлерді жөндеп алғашқы нәпақаларын таба бастайды. Мұнымен шектелмей, бейнекамера сатып алып, той түсіруге кіріседі. Сөйтіп, «Ернұр» атты той орталығын ашады. Ата-аналары ұлдарының талаптарын қолдап, тағы да 4-5 бейнекамера сатып әпереді. Кәсіптері жолға қойылып, табыстары артқан Нұрлан мен Ерлан ендігі кезекте тіл үйреніп, шетел көруді мақсат тұтады. Әйтсе де алғашқы сапарларын АҚШ-тан бастағысы келген оларға рұқсат берілмепті. «Шешінген судан тайынбас» демекші, қос бауыр көп ойланбастан Оңтүстік Кореяға жол тартады. Оларды Оңтүстік Корея мемлекеті әсем табиғатымен, халқының мейірімділігімен бірден баурап алады.
– Біз Оңтүстік Корея мемлекетінің Сеул қаласынан түстік. Кәрістің дорамаларынан көрген тауларға тамсанып, ерекше сезімге бөлендік. Технологиясы автоматтандырылған зауытқа қара жұмысшы болып баруға келіскен бізді айдалаға пияз егуге апарып тастады. Мұны көргенде көңіліміз су сепкендей басылды. «Таразда әжептәуір кәсібіміз бар еді. Оны тастап, егістікте күнге күйіп жүрісіміз мынау» деп ашуланған кездеріміз болды. Дейтұрғанмен оған да көндіктік. Сөйтіп жүріп кәріс тілін үйрене бастадым. Себебі сыңарым Ерлан екеуміздің түріміз бір қарағанда кәріс ұлтына ұқсайды. Сондықтан болар, жергілікті тұрғындар бауырым екеумізді кәріс екен деп өз тілдерінде сөйлейді. «Қазақтар да бізге ұқсайды екен-ау» деп таңғалатын. Кәрісше үйренсек деген талабымызға риза болған олар бізге кітап сыйлады. Күніне 100 сөз жаттаймыз деп меже қойдық. Сөйтіп, алты айда мен толық кәріс тілін үйрендім. Олардың сөз саптауы, сөйлемдердің орналасуы, құрылысы біздікіндей екен. Сондықтан тіл үйрену қиын болған жоқ.
Біз ол жақта әртүрлі жұмыс істедік. Тіл білгеніміздің арқасында қара жұмысты қойып, қонақ үй қызметкері, сату менеджері сияқты жұмыстарға шақырыла бастадық. Тәжірибе жинақтай келе, біртіндеп көлік сату бизнесіне ауыстық. Алып мегаполисте алғаш рет көлік басқаруды үйрендім. «Youtube» арнасына бейнероликтер жүктеп, көліктер сата бастадым. Айта кетейін, кәсіп жүргізуде Мистер Пак есімді жанның жақсылығы көп болды. Ол маған кеңсе сыйлап, астыма көлік берді. Өз ісін сеніп тапсырды. Аталған мемлекеттен Қазақстанға, Қырғызстанға көлік жіберуді үйреніп, кәсібімді дөңгелеттім. Сөйтіп жүргенде Оңтүстік Кореяда пандемия басталып, ауру ушыға бастады. Алыстағы ата-анам «елге қайтыңдар, көз алдымызда жүріңдер» деп күнде айта бастады. Сол уақытта анам сырқаттанып, мен елімізге Оңтүстік Кореядан 100 шақты ИВЛ аппаратын жібердім. Әлеуметтік желідегі парақшаларда, «Youtube» хостингінде үндеу жасап, ақша жинадым. Көп ұзамай елге қайтып, осында өз кәсібімді аштым, – дейді Нұрлан Әлім.
Табыс, ақша, нығмет – адамның өмірдегі бір мақсаты. Адам баласы туғаннан бастап өмірінің соңына дейін әрекеті мен қамы, ойы мен ізденісінің арқасында сан алуан ризық табады. Нұрлан да ризығын әртүрлі саладан іздеп көрді. Бос қарап жатпады. Талпынды. Жетті. Бүгінде Нұрланның «Идеал Авто Корея» атты Оңтүстік Кореядан көлік әкеліп сататын логистикалық компаниясы бар. 2020 жылы негізі қаланған компания тек Оңтүстік Корея мемлекетінен ғана емес, Біріккен Араб Әмірлігі, АҚШ, тағы да басқа мемлекеттерден қалаған көлікті жеткізіп берумен айналысады. Ол ІТ саласын да еркін меңгерген. Жақында кейіпкеріміз Тараздағы «Zhambyl Hub» орталығына барып, өзінің идеяларымен бөлісіпті. Алайда бұл ойлар ондағы мамандарға күлкілі көрінген. Дегенмен оның алға қойған мақсаты айқын. Бір кездері сымсыз телефон болады, зәулім ғимараттар салынады дегенге киіз үйде тұрған ата-бабаларымыз сенді ме екен? Ұрпақтарының төрт доңғалағы бар көлікпен зымырап жүретіні олардың ойына да кіріп-шықпаған болар. Ал бүгінде тіпті ұшатын көлік, зымыран секілді жүрдек пойыз ешкімді таңғалдырмайды.
– Өміріңді нұрлы ету – өз қолыңда! Адам қолымен жасалып, бүгінде көпшіліктің игілігіне айналып отырған дүниенің барлығы да бір кездері арманнан туған. Ыбырай Алтынсариннің «Өнер-білім бар жұрттар» деген жолдармен өрілетін өлеңі естеріңізде ме? Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызуға, аты жоқ құр арбаны мың шақырым жерлерге барғызуға болатынын болжаған жоқ па еді. Бүгінде өздігінен шешім қабылдайтын жүргізушісіз көлік енді қиял емес.
10-15 жылда Қазақстанды үлкен өзгеріс күтіп тұр. Өздігінен басқарылатын көліктер, мобильді қосымшалар, 5G интернеті – бүгінгі күннің жаңа талабы. Қазіргі таңда әлемнің белді сарапшылары адамдардың жұмысқа барып-келетін кеңсе болмайтындығын, қызмет көрсету процестерінің алыстан басқарылатынын болжап отыр. Өйткені ақпараттық технологиялар заманында өмір сүріп жатырмыз. Біз қаласақ та, қаламасақ та түбі осыған жетеміз. Бір сөзбен айтқанда, кинода көргендеріміз бүгінде шындыққа айналды.Естеріңізде болса, 10 жыл бұрын ауылдағы ата-анамызға хабарласу үшін «Қазақтелекомға» барып қоңырау шалатынбыз. Міне, технология бізбен санаспаса да, біз технологиямен санасатын болдық. Технологияның қарыштап дамып келе жатқаны соншалық, адамзат сатып алып үлгере алмай жатыр. Сатып алсақ, ертеңіне жаңа дүние шығады. Осы жаңа технологияның арқасында әлеуметтік желі пайда болды.
Бүгінгі таңда әлеуметтік желінің ықпалы зор. Яғни ол өміріміздің бір бөлшегіне айналды. Соның арқасында ашық алаңда пікір білдіруге мүмкіндік бар. Қазір әлеуметтік желінің арқасында қалаған адамымызға хат жазып, пікір білдіре аламыз. Мынадай нәрсе ашсақ деп ұсыныс айтсам, кейбір адамдар сенімсіздікпен қарайды.Мен болашақта бір IT алаң құрғым келеді. Қазақстандағы көлік сату жүйесінің эволюциясын жасаймын. «Zhambyl Hub»-қа барғанда бес сағатта 2000 көліктің 500-ін сатамын дедім. Яғни сатудың өз техникасы бар. Болашақта отандық көлік жасап шығару ойымда жүр. OLX-тің жеңіл түрін жасап шығару үшін жан-жақты ізденудемін, – дейді кәсіпкер.
Нұрланның идеялары болашақтың еншісінде. Ең ақымақ идея саналған Илон Масктің де армандары орындалды ғой. Әрекет жасаса, берекеті болар. Алдағы күндері кәсіпкерден үлкен үміт күтеміз.
Кейіпкеріміздің айтуынша, өзі жасаған жобалары 2030-2040 жылдарға арналған. Жаңа бағдарлама орнатып, жаңашыл дүниені паш етпекші. Тек оған сәл ғана уақыт керек. Және өкілетті орындардың, басшылардың қолдауы қажет.
Эльмира Байназарова