Қордай ауданында сел салдарынан ауыл шаруалары зардап шекті
- author AR-AY
- 18 шілде, 2024
- 307
Жақын маңдағы елді мекендерге қауіп жоқ. Соңғы мәліметтер бойынша, жеке аула аумақтарын, сондай-ақ тұрғын үйлерді су басу фактілері тіркелмеді.
Алдын ала мәліметтер бойынша, шаруалардың айтуынша, "Береке" ШҚ аумағынан 671 бас ұсақ мал мен 10 бас жылқы су ағып кеткен. Таңертең бұл мәселе арнайы комиссиямен нақтыланатын болады.
Оқиға орнына жергілікті атқарушы органдар мен өңірлік төтенше жағдайлар департаментінің 18 қызметкері мен 6 бірлік техникасы шығып, төтенше жағдай салдарын жою бойынша жұмыстар атқаруда.
Ағын су салдарынан "Соғанды-Бетқайнар" автожолындағы көпір бүлінген. Жергілікті атқарушы органдар мен полиция қызметінің күшімен (5 адам және 2 бірлік техника) бекеттер қойылып, жол жүру қамтамасыз етілді.
Сондай-ақ, Қордай ауданының бірқатар елді мекендерінде осы күні сағат 18:00-ден бастап қатты жел тұрған. Желдің жылдамдығы - 18-20 м/с, екпіні 25 м/с дейін жеткен.
Ауа-райының қолайсыздығына байланысты бірқатар елді мекендерде уақытша электр желілерінің үзілуі орын алды. Авариялық қызметтер барлық шақыруларға жедел шығып, электр желілерін қосу шараларын атқарды. Қазіргі уақытта Соғанды ауылында (65 үй) ғана электрмен жабдықтау жұмыстары жалғасуда.
219 үй мен 2 әлеуметтік нысан газдан ажыраған. "ҚазТрансГазАймақ" АҚ ЖОФ (5 адам және 1 бірлік техника) қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде. Ауа-райына байланысты газға қайта қосу шаралары 18 шілдеге жоспарлануда.
Беріктас ауылында екпіні 43,5 м/с дейінгі қатты жел тіркелді. Қатты жел салдарынан 18 жастағы тұрғынға ескі сарайдың қабырғасы құлағаны анықталды. Ол аудандық ауруханаға жатқызылды.
Қордай ауданындағы жағдай Жамбыл облысы әкімінің жеке бақылауында.